Әдістемені жетілдіре түскен абзал

Менің байқағаным, кітап дүкендерінде қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктер, қазақ тілін үйретуге арналған кітапшалар, оқу құралдары жоқ емес, бар, бірақ соларды сатып алып, тілді үйренуге ниет білдіріп жатқандарды аз көресің. Сонда ол кітапшалар кім үшін, не үшін шығарылып жатыр?

Қазақ тілін үйрететін оқу құралдарына деген сұранысты арттыру үшін не істеуіміз керек? Ең алдымен тілге деген қажеттілікті арттыра түсу керек деп ойлаймын. Себебі тілге сұраныс болмаса, тілге арналған оқу құралдарына да сұраныс болмайды. Ағылшын тілін оқытуға арналған оқу құралдары үздіксіз сатылып жатады. Өйткені сұраныс бар, қажеттілік бар. Ал қазақ тіліне келгенде жағдай басқаша. Мемлекеттік тіл дәрежесінде болса да, жаппай қолданыс тіліне айнала қойған жоқ.
Бізге қазақ тілін насихаттау үшін үгіттің жаңа заманға сай бағыттарын таба білуіміз керек сияқты. Жаңа әдіс-тәсілдер ойлап тауып, қазақ тілін үйренудің әдістемесін жетілдіре түсу абзал. Мұнымен қатар кеңсе, мекемелерде қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға күш салуымыз керек.
Айтылып жатқан ұсыныс-пікірлер көп. Бірақ соларды жүзеге асыру айналып келгенде құзырлы мекемелердің қолында тұр. Былайша айтқанда, басқарушы құрылымдардың өздері тілдің өсіп-өркендеуіне мүдделі болуы тиіс.
Қазіргі таңда біздің міндетіміз ата-бабаларымыз аманат етіп кеткен қазақ тілінің мәртебесін көтерудің қамын ойлау. Тәуелсіздік алғанымызға 22 жылға аяқ басса да қазақ тілінің жағдайы мәз емес. Әлі күнге дейін қазақ мектептерінің оқушылары бір-бірімен орысша сөйлесіп бара жатқанын байқайсың. Екі қазақ кездессе бір-бірімен орысша шүйіркелеседі. Әсіресе қалалық жерде. Мұның бәрі үйреншікті жағдайға айналып кеткендей. Тіпті жоғарғы лауазымды қызметте отырғандардың өздері де: «Я не понимаю. Говорите по-русский» деулерін қояр емес. Мұндай түрімізбен тіліміздің мәртебесін қалай көтермекпіз? «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп түрлі шараларды өткізіп жатсақ та, «Әттеген-ай!» деп қынжылатын сәттерің аз емес.
Тілсіз Тәуелсіздікті сақтап тұру қиын екенін, тәуелсіздіктің тірегі – тіл екенін ұмытпайықшы.

Бақыт БҰЛАНБАЕВА
Ақсу қаласы
Павлодар облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.