Сағыныш хаттары сыр шертеді…

Сұлтанғали аға редакциямызға келген сайын қуанып қаламыз. Спорт туралы небір қызықты әңгіменің тиегін ағытқанда аузымыздың суы құрып тыңдаймыз. Ағамыз қазақтың арғы-бергі спортшыларын, олимпиада, әлем чемпиондарын, олардың жеңіске жету жолындағы кешкен қиындықтарын, жалпы ел спортының шежіресі туралы сыр шерткенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернеп: «Апырым-ай, белгілі бір спорт түрлерінен қазақтан шыққан чемпиондар жоқ екен деп жүрсек, бар екен ғой, тек насихаты кем соғып тұр екен-ау» деп таңданасың. Таңдана отырып, Сұлтанғали ағаның сөздеріне әрмен қарай елти түсесің. Тыңдауға құмарта бересің. Өзі де әңгімешіл. Мінезі ашық-жарқын. Кісіні жатырқамайды. Алдымен жөніңді біліп алып, бұрыннан таныс-біліс адамдай жақын тарта сырласады. Көкейіндегісін бүкпесіз ақтарады. Білетінін іркіп қалмайды… 

Бұл айтып отырған кейіпкеріміз – белгілі тележурналист, спорт комментаторы, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері Сұлтанғали Қара­тайұлы.
Ол кісі кейде редакцияға келіп қалғанда жұмыстан қол босамай жататын кездеріміз болады. Ондайда ағаның әңгімесін кеңінен тыңдап отыруға мүмкіндік болмай, ұзақ сөйлесе де алмаймыз. Журналистиканың қыр-сырын жетік білетін Сұлтанғали аға мұндайда келген шаруасын қысқа ғана қайырып, алдағы уақытта жазатын дүниелерінен хабардар етеді де көп бөгеле қоймайды.
Бір өзі – бір мектеп.
Тұнып тұрған шежіре.
Жақында ағамыздың үйінде болып, отбасымен танысып, сүйікті жары Мәриаш жеңгеміздің қолынан дәм татып, дастарқан басында олардың жастық шағы туралы сырласудың сәті туды.
Тағдыр адамды кейде өзінің нақсүйеріне жолықтырып, үлкен сыйлық жасап жатады ғой. Бұл жағынан алғанда Сұлтанғали Қаратайұлының айы оңынан туғандай көрінеді. Өйткені ол кісінің аяу­лы жары, Мәриаш жеңгеміз, Мәриаш Рамазанқызы бізді қазақы болмысымен, ерекше қонақжайлылығымен, көңіл кеңдігімен, мінезінің дарқандығымен тәнті етті. Босағаны аттап кіргеннен бастап қазақы дәстүрді сақтаған отбасының зор ілтипатын сезіндік.
Сағыныш хаттары сыр шертеді...Мәриаш Рамазанқызы Самарқанд­тың сауда институтын бітіріп, Алматы қалалық сауда басқармасында, кейіннен сауда техникумында 40 жылға жуық ұстаздық еткен. Қазақ КСР Сауда министрлігі мен Оқу министрлігінің медальдарымен және бірнеше диплом, грамоталармен марапатталған. «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Еңбек ардагері» деген құрметті атақтың иегері. «Қоғамдық тамақтандыру орындарының жабдықтары» деген атаумен екі оқулығы жарық көрген білікті де білімді маман иесі.
Әңгімеміз басталарда Мәриаш жеңгеміз: «Мен туралы жазып қайте­сіңдер, ағаларың туралы жаза берсеңдерші» деп қазақы болмысына тән ибалылық көрсете бастады. «Біз сіздердің өнегелі отбасыларыңызбен танысуға келіп отырмыз» дегенімде «Жарайды» дегендей ишара жасады.
Байқағаным, Сұлтанғали аға аяу­лы жары Мәриашты сонау жастық кезіндегідей жақсы көреді екен. Мәриаш жеңгеміз сөйлеген кезде Сұлтанғали аға өзі де сүйсіне тыңдап, жеңгеміздің сөздерін қостап, кейбір тұстарын толықтырып, әсерлі етуге тырысып отырды. Бізге қызығы – олардың қалай танысып, қалай ғашық болғандықтары, алғашқы сезім сәттері, үнсіз тілдескен кездері ғой.
Мәриаш Рамазанқызының кіндік қаны тамған жер – Павлодар облысының Баян­ауыл өлкесі. Атақты Жасыбай көліне шомылып өскен, Баянауылдың жұпар ауасынан, жерінен нәр алған, әсем табиғатымен үйлесе бойжеткен Мәриаш жеңгеміз тектіліктің, ұстамдылықтың үлгісі іспеттес. Сөздерінде әр нәрсеге байыппен зер салатыны байқалады.
Жеңгеміз аспай-саспай әңгіме қылын шертіп отырғанда олардың отбасылық өмірлеріне бойлай, жақыннан тани түскендей әсерге бөленесіз. Менің Кереку өңірінен екенімді білетін Сұлтанғали аға әсем салтанатымен кең жайылған дастарқанға қарап жұбайына: «Бауырың келіп, осыншама бәйек болып, ағыңнан ақтарылып жатырсың-ау» деді әзіл-шыны аралас. Жеңгеміз не дер екен деп өзім де қысылдым. «Біз қай қонақ келсе де қазан көтереміз ғой. Өмір бойы ұстанып келе жатқан салтымыз осы» деді сыпайы ғана.
Құтты шаңырақ иелері өзара қалжыңдасып, көңілдерін көтеріп отыруды ұнатады екен. Бұл да қазақ халқының табиғатында бар ұлттық мінезімізбен байланысты шығар. Егделіктің өзінен ғибрат алып, айналасына өнеге шашатын қайран қазақтың аталары мен әжелер-ай дейсің осындайда.
Сұлтанғали ағамыз бен Мәриаш жеңгеміз ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, бүгінде немерелерін ортаға алып, шөбересінің маңдайынан еміріне иіскеп отырған шаңырақтың отағасы мен отанасы. Қаланың шуынан бір сәт алыстап, өздерінің саяжайларына барып, табиғат аясында демалып қайтқанды жөн санайды екен. Саяжайларының алдындағы кішкене алаңқайда жыл ­сайын отырғызатын көкөністері, жеміс-жидектері тағы бар. Оларды баптап, күтуге Сұлтанғали ағамыз ерекше ыждаһатты көрінеді. Мен алғашында мұның бәрі Мәриаш жеңгеміздің еңбегі шығар десем, ол: «Осының бәрін ағаң жасап, негізін құрады» дегенді айтты. Жеңгеміз тамақ өнеркәсібінің білікті маманы болған соң, өзі де бұл жағынан құралақан емес, әрине. Жасаған тағамдары тіл үйіреді. Асқан еті, құрт қосылған сорпасы қандай керемет! Осындай реті келіп тұрғанда: «Сұлтанғали ағамыздың сүйікті тағамдары қандай?» деп сұрадым жеңгемізден. Сөйтсек, Сұлтанғали аға тамақ талғамайды екен. Бұл туралы өзі: «Жеңгелерің қандай тамақ пісірсе, соның бәрін жей беремін» деп әзілдейді.
Өмірлік жары, екі баланың анасы Мәриаш жеңгеміз Сұлтанғали ағаны да ерекше сыйлап, жақсы көретіні байқалып тұр. Жас кездерінде бір-біріне жазысқан сағыныш хаттары күні бүгінге дейін сақтаулы. Әрине, жазулары бұрынғыдай емес, көмескі тартқан. Кейбір жерлері онша көріне де қоймайды. Бірақ сол сырға толы хаттарда қаншама арман-қиял, аңсау мен күту, тәтті тілектер жатыр десеңіз-ші! «Хаттарыңызды бір қарап шықсам…» деген тілегіме Сұлтанғали аға «Құпияларымызды біліп қоясың. Оның ішінде небір сырлар жатыр» дегенді айтты ақырын ғана жымиып. Әйтсе де хаттарды қолыма ұстап, жылылық сезінгендей болдым. Олардың жалпы саны жүз шақты екен. Бәрі де сары майдай сақталып, ұқыпты етіп үлкен конверттің ішіне салынған.
Десек те, хаттарды қолыма ұстай отырып, көзімнің қиығымен ішіндегі жалындай лапылдаған отты сөздерге зер салмай қала алмадым. Дастарқан басында Мәриаш жеңгеміз Сұлтанғали ағаға «реалист» деп мінездеме берген еді. Онысы ағаның нақтылықты ұнататыны, болмайтын дүниелерді бос қиялдамайтынын айтқаны ғой. Десе дегендей, көзіме түскен әлгі хаттардың бірінде Сұлтанғали аға нақты жайттарды жазыпты. Сағынып жүргенін, тезірек бірге болғысы келетінін де әдемі жеткізе отырып, өз басынан өтіп жатқан оқиғаларға да тоқталып, маңайында болып жатқан өзгерістерді тізіпті. «Біз хатты көп жазыстық. Арамыздағы шынайы сезім сырлы сөзбен айшықталып жатты. Әрбір хатты асыға күтеміз, тезірек ашып оқуға тырысамыз» дейді Сұлтекең.
Сұлтанғали аға мен Мәриаш жеңгеміздің хат жазысу себептері олар енді танысып, таныстықтары махаббатқа ұласқан шақ болатын. Екінші бір себеп – Мәриаш жеңгеміз жоғарыда айтқанымыздай Өзбекстанның Самарқанд қаласында оқуда болады. Ағамыз – Алматыда. Екеуі бір-бірінен алыс болғаннан кейін тек жазғы демалыста не болмаса практикада ғана табысуға мүмкіндіктері бар. Оған дейін сағыныштарын хат арқылы ғана жеткізеді.
Сағыныш хаттары сыр шертеді...Мәриаш жеңгеміз «Мен Сұлтанғали ағаларың сияқты емес, тілге шорқақ­таумын» десе де, ол кісінің жазғандары да небір асыл сөздерге тұнып жатқанын да байқап қалдым. Бұл деген махаббат сезімінің тіл ұшына келгенде байып сала бергенін байқатса керек. Қос ғашықтың танысуы да Самарқанд қаласында болған. Кеуделерін асқақ арман кернеген бір топ жас Алматыдан Самарқандқа конференцияға келіпті. Қаперлеріне ешнәрсе кіріп шықпайды. Мақсаттары ғылыми жиынға қатысып, ұстаздарын ұятқа қалдырмай дұрыстап баяндама жасау. Сұлтанғали аға ол кезде ҚазГУ-де оқиды. Жастардың ортасы болған соң әдемі әзіл де, қағытпа қалжың да бола береді ғой. Барлығы дуылдап, көңілді жүреді. Мәриаш жеңгеміз де өзі құралыптас қыздармен сол конференцияға қатынасады.
– Сұлтанғали жас кезінде өте сұлу, көрікті жігіт болды, – деп еске алады жеңгеміз арманға толы сол бір кездерді еске алып. – Ол кезде бәріміз жаспыз. Оқу оқып жүрген кезіміз. Бар ойы­мыз елге білікті маман болып оралу. Университетімізде бір ғылыми конференция өтетін болып, «Алматыдан бір топ жігіттер келіпті» дегенді естідік те бір топ қыздар қылтыңдап шықтық қой баяғы. «Қандай екен, көрейік» деп. Сол жігіттердің арасынан Сұлтанғали келіп менімен танысты. Ұзын бойлы, сұлу екен. Әңгімеміз бірден жарасып кетті. Өзі әзіл-қалжыңға жақын. Жүрген жерін күлкіге көмкеріп жүреді екен. Жасыратын несі бар, мен де оны бірден ұнаттым. Арамызда махаббат сезімі оянды. Сұлтанғали менің жүрегімді өзінің ашықтығымен, мінезінің жұмсақтығымен, көңілінің тазалығымен баурады. Содан біраз араласып сөйлестік. Олар аз күнге келгеннен кейін конференция аяқталысымен қайтып кетті. Көңілім елегізіп, оны іздейтін сияқтымын, сөйлескім келетін сияқты болды да тұрды, – дейді Мәриаш жеңгеміз.
– Бізді табыстырған Самарқанд қаласын ойласам, әлі күнге дейін жүрегімде жылылық пайда болады. Көп арудың арасынан көңілімнің Мәриашқа аууы, Мәриаштай қызды сүйіп қалуым естен кетпейтін шақтар еді ғой. Алматыдан аттанғанда ойымда ештеңе жоқ, махаббат отына шарпылатынымды қайдан білейін?! Бәрі Самарқандта басталды ғой. Мәриашты ұнатып, ғашық болғаннан кейін Алматыға келген соң сүйіктіме хат жазуды бастадым. Өзім тіл-әдебиетте оқитын болған соң сөзге жақынмын. Әдемі теңеулерді тауып, Мәриашыма барлық асыл сезімдерді хат арқылы жеткіздім. Әр жұма сайын хат жолдап тұрдым. Сәлемімді жіберіп болғаннан кейін одан жауап күтем. Содан не керек, көптен күткен хат та келіп жетеді. Байқаймын, Мәриаштың маған деген көзқарасы тәуір сияқты. Бұл менің үмітімді үкілей түсті. Кейін келе Мәриаштың сұлулығын өзгелерден қызғанатын болдым. Олар жазда Алматыға оқу тәжірибесінен өтуге келді. Менің қуанышымда шек жоқ. Мәриашпен кездесуге, тілдесуге асығамын. Нақ сүйіп қалғанымды сол кезде түсіндім ғой. Ол кезде олардың тобындағы студент қыздар тәжірибеден өту үшін мейрамханаларға бөлінді. Мен Мәриаш бөлінген мейрамханаға келіп жүрдім. Сөйтіп, таныстығымыз үлкен махаббатқа ұласты, – деп жалғады өз сөзін Сұлтанғали аға.
Сағыныш хаттары сыр шертеді...Сұлтанғали ағаның сөздерін тыңдай отырып, оның балалық шақтағы алғашқы махаббатының қалай болғанын білгім келіп, әңгімеге тарттым. «Алғашқы махаббат деген балалық шақта ғой. Ол кезде махаббаттың не екенін де түсінбейсің. Әйтеуір бір ұнату сезімі болады. Алғашқы махаббатым Айман деген қыз еді. Айманды жақсы көрдім. Айман үшін дос­тарыммен төбелестім де. Бірақ ол қыз маған қарамады. «Қарындасыңды қаратып бер» деп оның ағасымен де төбелестім» дейді Сұлтанғали аға. Әдемі әңгімемізге Мәриаш жеңгеміз қосылып отырды: «Орысша айтқанда ағаң «однолюб». Бір адамды жақсы көрді ме, басқаға көз қырын салып та қарамайды. Бәлкім, қағытпа қалжыңдарымен сөз айта беретін шығар, бірақ бір ғана адамды сүйіп, сонымен ғана болатын адамның бірі. Балаларымыз да сондай».
Мәриаш жеңгеміз Сұлтанғали аға­мыздың үй ішіндегі мінезі туралы біршама әңгімелеп берді. Ағамыздың ашуланған кезінде көңілі тез басылмайтынын білдік. Жеңгемізбен келіспей қалған жағдайда «Объявляю развод на три часа» деп басқа бөлмеге кетіп қалатынын білдік. Үш сағат өткеннен кейін қайта татуласады екен.
Сұлтанғали ағаның өзі бұған ра­қаттанып күліп алды да «Өткенде мынадай бір жағдай болған» деп бір оқиғаны есіне алды. Ағамыз қоғамдық жұмыстарға белсене араласатындықтан қала ішінде көп жүреді. Жазған мақалаларын басылымдарға апарады. Сұхбаттарға, кездесулерге шақырту алады. Одан қалса достары, таныстары бар, солармен кездеседі. Сырласады. Бір күні Сұлтанғали аға көлікте келе жатып жағалай отырған кемпірлерге қарап: «Үш рет үйлендім. Қазір бірінші әйеліммен тұрып жатырмын» депті. Олар аң-таң қалып, бұныңыз қалай демей ме?! «Әйеліме үш сағаттан үш рет «развод» жарияладым. Үш рет үйленгенім сол» депті Сұлтанғали аға. Әлгілер ішек-сілелері қатып күліп жатыр дейді. Тағы бірде қоғамдық көлікте келе жатқанында анасының алдында отырған бір кішкентай қызға «Әжең бар ма?» деп сұрапты. Бүлдіршін «Бар» деп жауап береді. «Әжеңді алып қалсам, бересің бе?» депті. «Екеуін де алып қаласыз ба?» депті бүлдіршін. «Әжең екеу ме? Онда екеуін де алып қашам» депті Сұлтанғали аға. Сөйтсе әлгі қыз: «Жоқ, біреуін ғана алып қашыңызшы. Ол маған еден жу, ыдыс-аяқ жу деп көп ұрсады» депті. Тағы бірде Сұлтанғали аға қоғамдық көлікте келе жатып, жанында отырған кемпірге: «Жас иістің сезілуі-ай. Сіздің лебіңіз келіп тұр маған?» деген екен. Әлгі апамыз да орнынан ыршып кетердей болып: «Не дейді? Не дейсіз?» депті абдырап қалып.
Жалпы Сұлтанғали аға әзіл-қалжыңның майын тамызады. Жай сөйлесіп отырғанның өзінде сөздеріне қалжың араластырып, тыңдаушының көңілін көтеріп отырғанды ұнатады. Мені бойым ұзын болғаннан шығар, «Баскетболшы жігіт» дейді. Оқушы кезімде баскетбол ойнап, жарыс алаңының шаңын шығарған кезіміз аз болмаған еді. Сұлтанғали ағаның бұл сөзін әйгілі комментатордың сөзі ретінде жылы қабылдап көңіл хошым көтеріле түскені де жасырын емес.
Ағаның сүйікті тақырыбы – спорт екені белгілі. Үйіндегі бір теледидары тек спорт бағдарламаларын көруге арнапты. Күнделікті спорт жаңалықтарын, спорт жарыстарын қалт жібермей, көзінен таса қылмай, қарап отырады екен. Спортшылар жөнінде сағаттап әңгімелеуге бар. «Жасың үлкейген сайын, көрген-білгеніңді айтқың кеп тұрады екен» дейді. «Айта беріңіз, аға, тыңдауға дайынбыз» деп қолдай түсем, айтқандарын дәптеріме түртіп алып отырамын. Бұл кісілер біле білсек, аңыз адамдар ғой. Білімі – ұшан-теңіз. Көл-көсір. Спорттың қазақ тілінде сөйлеуіне жанашырлық танытып, мүдделі болып жүрген ағамыздың бірегейі осы Сұлтанғали Қаратайұлы.
Сағыныш хаттары сыр шертеді...Сұлтанғали ағаны бір әңгімеден екінші бір әңгімеге көшірудің өзі қиын. Өйткені ол кісі бастаған бір әңгіме екі-үш сағатқа созылуы мүмкін. Уақыт шіркін мұндайда сынаптай сырғиды емес пе?! Айтқандарының бәрі маңызды, құнды. Ол кісіні қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы ретінде білетініміз рас. Бірақ ол атақтың өзі оңайлықпен келмегенін біреу білсе, біреу білмейді. Мәселен, КСРО кезінде қазақтың тілі қанатын кеңге жайып кете алмады. Барлық салада солай болды ғой. Қазақ тілі спорт саласына мүлдем ене алмады десе болады. Сұлтанғали аға қалыптасқан қағиданы бұзып-жарып, алғаш болып қазақ тілінде репортаж жүргізді. Қарсы адамдар көп болды. Кейбіреулердің «Репортажды қазақша жүргізіп не керегі бар? Қазақтардың барлығы орысшаға жетік емес пе?!» дегендеріне қарамастан, ағамыз өз дегенінен қайтпай, табанды түрде қазақ үнінің тікелей эфирден естілуіне күш салды. Оның микрофонын өшіріп, кедергі жасағандар болса да осылай істеді. Солайша ол өзінің мақсатына жетті. Егер бүгінде қазақ комментаторлары көбейіп, қатары толығып жатса, солардың бас­тауында Сұлтанғали Қаратайұлының есімі бірінші кезекте аталуы тиіс. Бұл солай екені де рас. Бір өзі бір мектеп деп жоғарыда айтқанымыздай, Сұлтанғали ағаны қазақтілді комментаторлардың мектебін қалыптастырған бірегей тұлға, қайраткер азамат деп айтуымызға толық негіз бар. Бұл шын мәнінде солай. Бүгінгі спорт тележурналистерінің Сұлтанғали ағадан ақыл-кеңес алмағандары саусақпен санарлықтай ғана. Бұл ұлы ұстаздың ұлағатты жеңісі. Еңбегінің жемісі.
Бала кезден жетімдіктің зардабын тартып өскен Сұлтанғали аға тағдырдың қатал сынына мойымай, күресе білді. Анадан бесінші сыныпта оқып жүрген кезінде айырылыпты. Әкесі жоқ. Тұл жетім баланы алыста тұратын ағайыны өз қолына алыпты. Өмірдегі қиындықтарға байланысты бала Сұлтанғали мектептегі оқуын тастап, жұмыс істеген. Алайда оқудың маңызды екенін түсінген ол арада біраз жыл үзіліс болғаннан кейін мектептегі оқуын жалғастырады. 6-7 сыныптарды оқымай, тек 8 сыныптан бастап оқуын жалғаған бала Сұлтанғалидың жасы сол кезде 18-де болған. Жастайынан спортқа әуестенгенін былай түсіндіреді: «Мен бала күнімде әлжуаздау болдым. Бұзақы балалар ұрып-соғып кете беретін. Содан намысқа тырысып, боксқа жазылдым. Шымырландым. Кейін ешкімге есе жібермейтін болдым» дейді.
Сұлтанғали ағаның өз ауылының қыздарына деген қамқорлығы жөнінде айтып берген әңгімесі де қызық. Тың игеру жылдары бұлардың ауылына Кеңес Одағына қарасты бір республикадан бір топ жас жігіттер келіпті. Олар жергілікті ауыл қыздарына көз салып, қырындай бастапты. Жатжерліктердің арам пиғылдарын сырттай бақылап жүрген ауылдың намысқой жігіттері бір күннің ішінде барлығы жиналып әлгілерді ауылдан қуып шығыпты. Солардың ішінде бас болып жүргені де Сұлтанғали аға екен. Міне, қазақ қыздарының ар-намысын қорғап қалған ағамыздың бір ерлігі осындай.
Ағамыздың Мәриаш жеңгемізбен қол ұстасып, шаңырақ көтергендеріне 51 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін өзара сыйластықтарын, махаббаттарын қалай ғана сақтап келгендерін білгім келіп, сыр суыртпақтадым. Сауалыма Мәриаш жеңгеміз жауап берді: «Менің ойымша, – деді ол, – махаббат деген алғашқы он жылда болар. Кейін ол сыйластыққа, артынша қимастыққа ұласады. Отбасылық өмірде ең маңыздысы – сыйластық. Сыйластық болмаған жерде ештеңе болмайды. Міне, біз жарты ғасырдан астам отасып келе жатсақ та, бір-біріміздің қас-қабағымызды бағып, онша-мұнша кемшіліктерімізді елемеуге тырысамыз. Әрбір нәрсеге шүйліге беретін болсаң, жарыңның алдындағы қадіріңді кетіріп аласың. Ашуды ақылға, сабырға жеңдіру керек. Сұлтанғалидың жақсы достары көп. Барлығымен жақын араласамыз. Үйімізден қонақ үзілген емес. Барлығы ағаларыңды құрметтейді, сыйлайды. Жалпы біз қарапайым ғана отбасымыз» деді.
Сағыныш хаттары сыр шертеді...Иә, Мәриаш жеңгеміз өздерін қара­пайым отбасыға жатқызып отыр. Айтып отырғанының бәрі жөн. Қарапайымдылық та адам бойындағы ұлылықтың белгісі ғой. Адам қанша жерден қарапайым болса, ол сонша жерден ұлы болып көрінетіні де сондықтан. Мәриаш жеңгеміздің айтып отырған «қарапайым отбасымыз» деген сөзі менің жүрегіме соншалықты жылы әсер қалдырды. Мұны айтып отырғаным кейбіреулер бастарына бақ-дәулет қонғаннан кейін астамсып, жақындарын есіктен де қаратпай қойып жатады. Бұл қазақы тәрбиеге мүлдем жат нәрсе. Бұл керек десеңіз қазақтың қазақтығына, халқымыздың дәстүріне, әдебіне қарсы нәрсе. Мұндай жағдайлар отбасы аумағынан ары шығып кетіп, тіпті тұтас мемлекетке қауіп төндірсе не дерсің. Қарапайымдылық ең ұлы қасиет деп отырғанымыздың осындай мәні бар.
Ағамыз бен жеңгеміздің жастық шақтары туралы әңгімесін тыңдай отырып, Сұлтанғали ағаның Мәриаш жеңгемізге жасаған сыйлықтарын білгім келіп, жауап ретінде «ананы сыйлаушы еді, мынаны сыйлаушы еді, гүл сыйлаушы еді» деген сөздер естимін деп отыр едім. Мен күткен жауап мүлдем басқаша болып шықты. Бұл туралы Мәриаш жеңгеміз өзі айтып берсін.
«Сұлтанғали аға гүлді солып қалады деп аса жақтырмайды. Сыйлық алып бергісі келсе, керегіңді ал деп қолыма ақша ұстатады» деп рақаттана күліп алды. Айтпақшы, Сұлтанғали аға Мәриаш жеңгеміздің әдемі болып жүруіне, сыртқы келбетіне ерекше назар аударып отырады екен. Бір күні олар бір тойға баратын болып, Мәриаш жеңгеміз шашын өз қалауы бойынша сары түске бояп келмей ме. Оны көрген ағамыз бұлқан-талқан ашуланыпты. «Сөйтіп, бір күнде екі рет шаш боятқан жайымыз бар» деп күлді жеңгеміз.
Сұлтанғали аға кейде шайды өзі құйып іше береді екен. Сондай кезінде Мәриаш жеңгемізге дауыстап: «Сенің денсаулығың үшін ішіп отырмын» дейді екен. Ағамыздың асыл жарына деген ықыласын мына бір сөздерінен анық байқауға болады. «Мәриашты көп ойлаймын. Менің жүрегім тоқтаса, не болады деп қайғырамын. Өзімнен-өзім толқып, көзіме жас келгендей болады. Жалғыз өзі қиналып қала ма деп қорқамын. Ол жоқ болса, менің де күнім қараң» деп шын көңілден тебіренді.
Шаңырақ иелері бала тәрбиесіне ерекше көңіл аударыпты. «Балаларымызға жақсы тәрбие беруге тырыстық. Ата-бабамыздың дәстүріне сай, үлкенді сыйлауға, кішіні құрметтеуге үйреттік. Абай атамыз айтпақшы, әдептен озбауға, біреудің ала жібін аттамауға тәрбиеледік. Өмірдегі барлық жетістік тек қана еңбекпен, маңдай термен келетінін ұқтыруға тырыстық. Адалдық, адамгершілік, сыйластық тәрізді асыл қасиеттерді ұғындыра білдік деп ойлаймын. Қазір сол тәрбиемізді немерелерімізге үйретіп жатқан жайымыз бар. Жалпы менің айтайын дегенім, отбасылық өмірде әйел адамға көп нәрсе байланысты. Бала тәрбиесі болсын, отбасы, ошақ қасы болсын, әйел адам бәріне төзімді болуы керек. Еркек түздің адамы. Ол көбінесе сыртта жүреді. Сондықтан әйел қандай болса, отбасының ішкі өмірі де сол қалыппен дами бермек» дейді Мәриаш жеңгеміз. Ұлдары Асхаттың, қыздары Айгүлдің өз алдына жеке отаулары бар. Осы жерде бір айта кетерлігі үлкені Асхаттың есімі қойылғанда А – Алматы, С – Самарқанд, Х – Хатқа орайластырыла қойылыпты. Ағамыз бен жеңгеміз бүгінде Айбек, Арсен, Олжас, Рамазан, Руслан атты немере, Илана атты шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Сұлтанғали «Мен кішкентай балаларды өте жақсы көремін. Балалармен сөйлескенді, оларға әңгіме айтып бергенді ұнатамын» десе, Мәриаш жеңгеміз: «Сұлтанғали өзі де бала сияқты таза, мінезі де сондай» деп жарының жеке басындағы қасиеттеріне ерекше тоқтала келіп былай деді:
«Сұлтанғали ағаларың өте еңбекқор адам. Бұл кісі бір істі қолына алса, орта жолдан тастап кету дегенді білмейді. Ойға алған ісін соңына дейін жеткізеді. Аяқтағанша тыным таппайды. Үнемі ізденісте жүреді. Көп басылымдарға барады. Білгенін айтады, жазады. Мәселе көтереді. Осы жасқа жеткенше солай келе жатыр. Әке-шешеден ерте қалды. Жетім өсті. Бүгін ел қадірлейтін дәрежеге жетіп отырса, соның бір көрінісі ретінде өзінің еңбекқорлығын, тиянақтылығын атап өтер едім» дейді.
Сұлтанғали ағаның туып-өскен жері – Ақтөбе облысының Әйтекеби ауданы. Ел азаматтары туған елінің перзентіне ерекше құрмет көрсетіп, 70 жасқа толған шағын дүркіретіп тойлапты. Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі, бокстан КСРО-ның спорт шебері Елеусін Сағындықов ағаның иығына шапан жауып, облыс атынан темір тұлпар сыйлапты. Ел азаматтары «Әйтекеби ауданының «Құрметті азаматы» деген атақ беріпті. Мұны Сұлтанғали аға ерекше ілтипатпен атап өтті. Мектепте ауыл халқымен, өскелең ұрпақпен кездесу ұйымдастырып, әйгілі спорт журналисінің өмірінен сыр шертетін бұрыш ашылған. Осы жерде бір атап өтерлігі, Әйтекеби аудандық «Жаңалық жаршысы» газетінің басшылығы Сұлтанғали ағамызға әр апта сайын аудандық газеттің нөмірін пошта арқылы жіберіп тұруды дәстүрге айналдырыпты. Міне, туған жердің туған перзентіне деген ыстық ықыласы осындай.
Ағамыз жетпіс жасқа толған шағында еліне барып, аунап-қунап қайтқанын жыр ғып айтып отырады. Бұл да өнегеліліктің белгісі деп ойладым. Айтпақшы, ағамыз өзінің бір тілегін жеткізді. Осы күнге дейін оның үйінде спортқа қатысты мыңнан аса кітаптар, әртүрлі сапарлардан алып келген төсбелгілер (оның өзі бір сандық), фото, т.б. шежіре материалдар жинақталып қалған екен. Қарап тұрсаң бір мұражайға татитын дүниелер ғой. Сұлтанғали аға солардың барлығы ертеңгі күні қараусыз қала ма деп уайым қылады екен. Мұны туған өңірінің басшылары ескерсе деген тілекпен жазып отырған жайымыз бар.
Сөзімізді қорытар болсақ, Сұлтанғали Қаратайұлының өмірі – өнегелі өмір. Қазақтың спорт саласына ерекше еңбек сіңірген ағамызды «Спорт профессоры» деп атасақ та жарасатындай. Жан жары, өмірлік серігі болып Мәриаш Рамазанқызы екеуі бүгінде ел-жұрты сыйлап, қадірлейтін, жастар үлгі тұтатын отбасы иелері. Қазақтың салтын сақтаған, дәстүрін ардақтаған өнегелі отбасы туралы айтар сөзіміз алдағы уақытта да жалғасын таба жатар. Өйткені бұл бір ғана кездесуде шертілген сыр болатын, әлі айтылмағандары қаншама…

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Гулия

    Жаксы екен

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.