Қазаққа «Қыз Жібекті» сыйлаған

Режиссер Сұлтан Қожықов тума талант иесі болатын

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының көрме залында Ұлттық кітапхананың «Інжу-маржан» өнер клубының ұйымдастыруымен ірі талант иесі, әйгілі «Қыз Жібек» фильмінің қоюшы режиссері, қазақтың біртуар перзенттерінің бірі Сұлтан (Сұлтанахмет) Қожықовтың туғанына 90 жыл толуына арналған еске алу кеші болып өтті. 

Қазақ киносына күні бүгінге дейін үлкен-кіші тамсанып көретін «Қыз Жібек» туындысын қосқан режиссердің еңбегі орасан зор. Киноны түсіру барысында басынан өткен қаншама қиындыққа қарамастан осы туындысы арқылы-ақ қазақ халқының кино өнеріне өлшеусіз үлесін қосты. Ұлтын, жерін, әдебиеті мен мәдениетін жан-тәнімен сүйетіндігін ісімен дәлелдеп кетті.
«Қыз Жібек» киносы арқылы қазақтың ұлттық болмысын, ұлттық нақыштағы көріністерін, үй-тұрмыс жағдайларын, үлкен мен кішінің қарым-қатынасын көрсетті. Олардың арасындағы сыпайылық, кішіпейілділік, сыйластық, адамгершілік, мейірімділік қасиеттері осы кино арқылы көрініс алды. Қазақтың нағыз қыз-жігіті қандай болатынын, бір-біріне деген сүйіспеншілікті, махаббатты кино кейіпкерлері арқылы жеткізе білді.
Көрме залының кіреберіс оң қапталында Ұлттық кітапхана қорынан кеш иесінің өмірі мен қызметіне арналып ұйымдастырылған «Кемел суреткер» атты кітап көрмесі орын алыпты. Онда қойылған әр кітап тарих беттерінен сыр шертеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сұлтан Қожықовты еске алу шарасы кинорежиссер Болат Нүсіпбековтің Сұлтан Қожықов жайлы түсірілген деректі фильмінен бастау алды. Қазақ халқының ұлы тұлғасына арналған бұл деректі фильм жиналған қауымды тебірентпей қоймады.
Басты рөлдердің бірі Қыз Жібекті сом­даған танымал актер Меруерт Өтекешова: «Жастар біздің өнер адамдарын білсе екен. Бізде Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин сияқты мықты режиссерлер болды. Сұлтан ағаның қолына түскеніме мен өзімді өте бақытты санаймын. Ол кісінің бізбен қалай жұмыс істегені әлі күнге дейін көз алдымда. Сұлтан аға маған үлкен мектеп болды. Дайындық кезінде көп сөйлемейді, көзіне қарап-ақ не керек, қалай ойнау керектігін бірден түсінеміз. Ал өзімнің «Қыз Жібекке» қосқан үлесім – ескіріп, көрсетуге жарамай қалған киноны қаншама құжат жинап жүріп, демеуші тауып, Мәскеуге барып көшірмесін жасатып келдім. Соған өзім ризамын. Мұндай кинолар көп жасауы тиіс» десе, белгілі жазушы Дүйсенбек Нақыпов: «Кино әлемінде Сұлтан Қожықовтың орны ерекше. Рухы жоғары нағыз қазақ. «Қыз Жібек» фильмі арқылы өзінің терең ойларын көрсетіп, қазақты әлемге танытты. Жастар соны білуі керек, нағыз киноны көруі керек. Әдебиетте «Абай» эпопея болса, кинода тек осы «Қыз Жібек» эпопея. Сұлтан Қожықовтың 70, 80 жылдығы аталмады. Биыл, міне, туғанына 90 жыл толып отыр. Сұлтанның орны да, жөні де бөлек. Біз соны түсінуіміз керек» деді.
Соғыс ардагері, дербес зейнеткер Өмірзақ Жәлімбетов: «Сұлтан Қожықов өз ұлтына берілген, жерін, елін, халқын жанындай жақсы көретін азамат. Қазақ қазақ болғалы дәстүрін ауызша ғана біледі. Осының бәрін жолында кездескен кедергілерге қарамастан «Қыз Жібек» фильмі арқылы кейінгі ұрпаққа көрсетті, жеткізді. «Қазақты мүсәпір етіп, үстіне ала шапан, басына жаман тымақ кигізіп көрсеткісі келеді» деп күйіп-пісіп жүретін. Ойлап қарасаңыз, қазақтың бар игі қасиеттерін мына «Қыз Жібек» фильмі арқылы келешек ұрпаққа мұра ғып қалдырып кетті» деп толғанса, Сұлтан Қожықовтың ағасы Құлахметтің қызы Сәуле Құлахметқызы: «Сұлтан аға қанша атағы болса да, өмірде өте қарапайым еді. Өзінің үлкен жасына қарамастан өзінен кішіге қолын ұсынып, сәлемдесе беретін. Өте кішіпейіл еді. Жұмысына берілген адам болатын» деп есіне алады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сұлтан Қожықовтың «Ана мен бала» фильмі өз сценарийімен түсірілген алғашқы туындысы. «Біз Жетісуданбыз», «Егер біздің әрқайсысымыз…» фильмдерінің сценарийін жазуға қатысты, «Шыңдағы шынар», «Қыз Жібек», «Панфиловшылар», әйгілі балуан Қажымұқан туралы «Бізді біліп қойыңдар», т.б. көркем фильмдерді түсірді. 1972 жылы режиссер ұлттық кинематографияның мақтанышына айналған «Қыз Жібек» фильмі үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
«Қыз Жібек» киносының жүректен шығып, әлі күнге дейін бүкіл елді тамсандырып келе жатқаны бір жағынан Сұлтан Қожықовтың шеберлігі. Осындай ғажайып киноны өмірге әкелген, жеке өзінің де тағдыры сан қилы Сұлтан Қожықов туралы кино түсіріліп, ескерткіші қойылып жатса, оның еш артықтығы болмас еді. Бұл талантқа, азаматқа көрсетілген құрмет болары анық.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.