Қалы кілем, алаша, қоржын…

Таяуда қолымызға «Қазақ кілемдері мен тоқыма бұйымдары. Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік орталық музейі коллекциясынан» атты кітап тиді.
Беттерін парақтадық. Оқыдық. Сүйсіндік.
Қазақ – ақылды халық. Мына сөз етіп отырған тақырыбымызға орай бұған енді тағы бір сөз тіркесін қосайық: қазақ – өнерлі халық.

Ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талатын осынау шалқар даланы мекен еткен қазақ жайдан-жай өмір кешпеген. Жабайылыққа, бей­адами қасиеттерге ұрынбаған. Өмірдің мән-маңызын түсінген. Бәрінен бұрын әсемдікке, әдемілікке, сұлулыққа құштар болған. Басқасын ауызға алмай-ақ қоялық, мәселен, күнделікті астына мініп жүрген атының жабуының көркем, көз тартарлық болуына да көңіл бөлген. Тіпті дорбаның да дараланып тұруына қатты мән берген. Біз сөз етіп отырған «Қазақ кілемдері мен тоқыма бұйымдары» атты еңбекті атына қарап жай, болмашы кітаптардың қатарына қосуға болмайды. Осындай еңбектер ұлтымыздың абыройын асқақтатады, мерейін асырады. Бұл қазақтың ежелден-ақ, тіпті үй мүліктерінің өзіне, олардың жасалуына, онда да қалай болса солай дайындалмай, көздің жауын алатындай әзірленуіне айрықша назар аударғанын бұлтартпастай айғақтайды. Мұның өзі даналықтың, өркениеттің белгісі. Дала өркениеті дегеніміз де осы.
Қалы кілем,  алаша, қоржын...Кітапта тоқсан ісмердің қолынан шыққан тоқсан қалы кілемнің (түкті кілем) суреттері берілген. Бұл кітапқа енгені ғана. Негізінде бұдан да көп қой. Сонда сол тоқсан қалы кілемнің бірде-бірінен ұқсастық таба алмайсыз. Әрқайсысы өзінше тоқылған. Ою-өрнектері әртүрлі. Тартымдылығы жағынан бірінен бірі өтеді. Қалы кілемнің өзі өрнегінің әр алуандығына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен: «шатыргүл кілем», «гүл күмбезді кілем», «самауыргүл кілем», «шаршы кілем» және т.б. Кілемге немесе киізге, алашаға салынған өрнектің өзінің қаншама түрі бар десеңізші! Олар: алабас, алақұрт, аламоншақ, аттабан, ашамай, қазмойын, қошқармүйіз, құмсағат, өрмекші, тұмарша… болып жалғаса береді. Оның үстіне бұл атаулар жайдан-жай қойыла салмаған. Себебі негізі бар.
Жалпы, кілем немесе алаша тоқу оп-оңай шаруа емес. Бұл шеберден асқан төзімділікті, ұқыптылықты, кәсіби біліктілікті қажет етеді. Сондықтан да ата-бабаларымыз он саусағынан өнер тамған ісмерлердің еңбегін лайықты бағалай білген. Кезінде «бесжақсы» деп бағаланған асыл дүниелер болғаны белгілі. Олардың құрамына сәйгүлік, түйе, алмас қылыш, қымбат аң терісінен тігілген ішік кірген. Әлгі «бесжақсының» бірі қалы кілем. Қалы кілем ат бәйгесінде бас жүлде ретінде де берілген.
Кітаптан сондай-ақ тұскілемнің, алашаның, тоқыма бұйымдарының керме, қаршын, дорба, қоржын, боғжама, жержастық тысы, атжабу секілді, өрнектің де толып жатқан түрлерімен танысуға болады.
Кітаптың безендірілуі де келісті. Бұл жағынан өзіміз күнделікті өмірде кездестіріп жүрген кітаптарға еш ұқсамайды. Мүлде бөлек. Осы ретте кітапты бастырып шығаруға ықпал еткен «Теңізшевройл» ЖШС-ның еңбегін бөле жара атай кеткен жөн болар. Бұл компания осының алдында ғана «Қазақтың киіз үйі» кітабын шығарып, көпшіліктің алғысына кенелген еді.
Қазақтың қол өнері – ғажайып өнер. Бұл өнердің бұйымдары қазіргі заманның шығарып жатқан дүниелерін он орап кетеді. Мұны қолдан тігілген кілем мен фабрикадан шыққан кілемдерді салыстыру арқылы анық көз жеткізе аласыз. Қалай дегенмен де, табиғи зат өз ерекшелігімен, қанық бояуларымен, қиюы келіскен нақыштарымен өзіне тартып тұрады.
Ата-бабамыз мұраға қалдырған қол өнер түрлерінен қол үзіп қалмай, қайта ілгері қарай дамыта түсу – асыл парыз.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.