Емен өсірген журналист

Біз әдеттегідей редакциямыздағы үлкен терезеге оқтын-оқтын көз салып қоятынбыз. Терезе алдында он бес шақты топырақ толы құтылар тұр. Бұлардың тұрғанына төрт-бес ай болса да «Неғып тұр?», «Не нәрсе екен?» деген қарапайым сұрақ туындамапты да. Арада уақыт өте келе әлгі ыдыстардан көктеп, әлдебір өсімдік шыға бастады. Кейін білдік, мұның бәрі біздің әріптесіміз Нұрланның істеп жүрген шаруасы екен. Осыны біле салысымен Нұрекеңнен бұл жөнінде сұрамаққа бел будық. Оған беттей бергеніміз сол еді, қолына бос бөтелке алып, бөлмеден шықты да кетті. «Қап» деп қалдық.

Нұрекең деп отырғанымыз біздің Нұрлан Құмар ғой. Жұртшылық оны журналист ретінде жақсы біледі. Бірнеше жылдан бері «Ана тілі» газетінің бір пұшпағын илеп, оқырманды ақпаратпен қанықтырып жүрген азамат. Бүкіл әріптестерінің арасында қол күрестен бірінші орында тұр. Шахматты жақсы ойнап қана қоймай, өз тәжірибесін газетіміздің «Шахмат мектебі» деген айдары арқылы оқырмандармен бөліседі. Өзі шахматтан спорт шеберлігіне үміткер. Одан басқа ол балаларға арнап қызықты әңгіме мен ертегілер жазады. Оның жүзден астам әңгімелері әртүрлі басылымдарда, атап айтсақ, «Ұлан», «Ақ желкен», «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Жыл – он екі ай» журналында жарияланған.
Енді топырақ толтырылған ыдыстар Нұрекеңнің тағы бір қырын ашып бергелі тұр. Дүдамал ойға қамалып отырғанда Нұрлан су толы бөтелкесін қолтықтап, редакцияға қайта кірді. Бізге қызық керек, жапа-тармағай бәріміз маңына жиналдық. «Бір нәрсе айтар ма екен, айтпас па екен?» деген ойымыз да жоқ емес.
– Бұл емен ағашы – деп байыппен әңгіме бастады, өскіндерге су құйып жүрген Нұрлан. – Қазір енді өсіп-жетіліп келеді. Уақытымен су құйып, ерекше қамқорлыққа алу керек. Сөз арасында бұлар өскеннен кейін далаға апарып отырғызатынын да айтты.
Нұрланның ағаш отырғызу туралы арманы сонау бала кезде пайда болыпты. Бірақ әлдеқандай себептермен бұл ойын іске асырудың орайы келмей жүреді. Көшет отырғызуды осыдан бес-алты жыл бұрын ғана қолға ала бастаған. Ағашты немкетті көңіл-күймен отырғыза салуға да болмайды екен. Алдымен бұл туралы зерттеп, егудің қыр-сырына әбден қанығып алу керек. Ал бұдан кейінгі шаруа тіпті де қиын емес. Мәселен, қалада емен ағашы көп. Күз мезгілінде оның дәнін теріп алуға болады. Сосын оларды арнайы ыдыстардағы топыраққа егіп, бөлмеге қояды. Салынған топырақтың құнарлы болуы да маңызды. Бұл істі шамамен қазан айында қолға алу керек. Уақытымен су құйып тұрса, үш-төрт айдан соң ағаш көктеп шыға бастайды, тез жетіледі.
Нұрланның айтуынша, сәуір айының соңы мен мамыр айының басында ағашты табиғат аясына табыстайтын қолайлы кезең. Бұл кезде оның бойы 15-20 сантиметрдей болып қалады. Ең дұрысы дәнін далаға отырғызу керек. Ол үшін дәнді қолайлы жер тауып, күз кезінде топыраққа көміп кету керек. Ол енді шыға бастағанда қыс түсіп, қалың қар басып қалады. Қардың асты жылы болғандықтан, ол үсімейді. Қайта табиғатқа бейімделе түседі.
Аз-кем әңгімеден соң Нұрланнан «Қаладағы саябақтарға отырғызған ағаштарыңның жерсініп кеткендері бар ма?» деп сұрадық. Сөйтсек, бар екен. Алматыдағы Әуезов пен Сәтбаев көшесінің қиылысында Нұрланның еккен емен ағаштарын тамашаладық. Оның саны небәрі үшеу-ақ екен.
– Бұл жерде мен еменнің өскіндерін 2008 жылдың мамыр айының басында еккен болатынмын. Көбінесе өскіндерді түнгі сағат 11-де суаратынмын. Одан басқа жексенбі күндері топырақты өңдеп, қопсытуды дағдыға айналдырдым. Ағаш егу ісін мүмкіндік болса жексенбі күнге орайластырған жөн.
Кейбір себептерге байланысты қаладағы бақтарға, соған ұқсас басқа да жерлерге отырғызылған ағаштар өсіп кетпейді екен. Бұл қала мәдениетіне де байланысты болса керек. Еккен ағаштың астын бірде ит қазып кетсе, бірде адамдар таптап кетеді. Одан басқа өсіп тұрған ағашты адамдардың сындырып кететінін қайтерсіз? Нұрланның Сәтбаев көшесінің бойында өсіп тұрған үш емен ағашының екеуін адамдар сындырғанын білдік.
Осы кезде біз Нұрланнан не себептен ағаш отырғызатынын, алдағы уақытта қойған жоспарларын сұрағанда қызықты мәліметке қанық болдық. Сөйтсек, Нұрланның ұнататын түсі жасыл екен. Жасыл түс тіршіліктің, өмірдің, мәңгіліктің, жастықтың нышаны екені белгілі. Оның басты жоспары Қазақстанды жасыл желекке айналдыруға үлес қосу екен. Ол тек Алматыда ғана емес, басқа өңірлерде де емен ағаштарын еккенін білдік. Мәселен, ол Алматыдан 30 шақырым шалғай жатқан өзен-көлдердің бойына да емен ағашын еккен көрінеді. Болашақта ол Қазақстанның әр аймағына емен ағашын егуді жоспарлап отыр. Нұрланның айтуынша, ағаш егу қашан да игі істің бірі саналады. Себебі елімізде шөл мен шөлейт жерлер өте көп. Ал оны жасыл мекенге айналдыруға болатын көрінеді. Нұрлан сияқты табиғатқа жаны ашитын азаматтар елімізде көп болса нұр үстіне нұр болар еді.

Исатай ҚОРҒАНБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Дархан

    Жарайсын Нұрлан! Бұл бастамаң оте жаксы екен, қолдауға тұрарлық. Бірак сенімен қол курестіріп коруге бармын )))))

  2. Әсел

    «Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.