«Дала дауысы» жаңғыра береді

«Дала дауысы» жаңғыра береді

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайын­да халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалінің гала-концерті өтті.
Қазақ радиосы ұлттық өнерімізді насихаттау мақсатында «Дала дауысы» атты халықаралық радиофестиваль ұйымдастырып келеді. Оған бүгінгі күнге дейін отандық және алыс-жақын шетелден барлығы 130 орындаушы қатысып, қазақтың дәстүрлі және эстрадалық әндерін жоғары деңгейде орындауда өзара сайысқа түсті. Радиотыңдаушылардың интернет арқылы берген дауыстары және кәсіби музыка мамандарының пікірлері негізінде үздіктер қатары анықталып, өткен жылы Астана қаласында гала-концерт өткен болатын. Қазақ радиосының ұжымы осы гала-концертті Алматы қаласында да өткізуді қолға алып, оны негізінен Қазақ радиосының ардагерлеріне арнады.
Қазақ радиосының директоры Мақат Садық сөз сөйлеп, бұл кештің «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының қолдауымен өткізіліп отырғандығын атап өтті. Жиналған жұртшылықты келе жатқан Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады.
Елімізге танымал өнер иелері Р.Стам­ға­зиев, Б.Нұрмышева, С.Майғазиев, Е.Сәдуақасов­тармен бірге, «Жаңа есім» аталымының иегерлері Г.Мырзахметова, Р.Халық, М.Биатан және басқа таланттардың өнеріне көрермен тәнті болды.
Сахна шымылдығы Ескендір және Біржан Хасанғалиевтердің орындауындағы «Атамекен» әнімен жабылды.
Қазақтың ән-жырын, термесін насихаттауда зор үлес қосып отырған халықаралық «Дала дауысы» фестивалі әлі талай жаңа есімдерді өмірге әкелері анық.

Бағдагүл Мұратқызы



Принтерден шығару Принтерден шығару