«Қазақтың жерін де, тілін де қимаймын»

Семей педагогикалық институтында тәрбие бөлімінің маманы болып қызмет атқаратын Лиза Готманның ұлты неміс болса да қазақ тіліне жетік. Лиза Арнольдовнаның қазақ тілін жақсы меңгеріп алуына қазақ ауылында дүние келіп, қазақ мектебінде білім алғаны септігін тигізіпті.

– Мен Абыралы ауданының Қайнар ауылында дүниеге келдім. Қазақтың қаймағы бұзылмаған Абыралы өңірі менің бойымда қазақ ұлтына деген, қазақ тіліне деген шексіз құрметті дарытты. Өзім бала жасымнан бірге ойнап өскен достарым да қазақтың балалары болған соң шығар, бұл тілде жастайымнан емін-еркін сөйлей бастадым, – дейді Лиза. Лизаның айтуынша, қазақ тілін меңгеру ол үшін айтарлықтай қиындық тудырмапты. Мектепке барғанда да қазақ тілін туған тіліндей көріп, оның қадірінің қандай жоғары екенін сезіне түскен. «Қазақ тілінде оқыған әдеби шығармаларым мені үлкен әсерге бөлейтін. Қазақ тілінің әуезділігінде, дыбысталуында адам бойына жылылық сыйлайтын ерекше тербеліс бар» дейді Лиза.
Қайнар ауылындағы С.Бегалин атындағы орта мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған Лиза Семей қаласындағы сол кездегі сүт және ет өнеркәсібі технологиясының институтына оқуға түседі. 1997 жылы қолына дипломын алып, маман иесі атанады. Алғашқыда өзі тәмамдаған оқу орынында оқытушы болып жұмыс істейді. Біраз жылдардан кейін Лиза мұғалімдер институтына аға оқытушы болып келеді. Лиза Арнольдовна өз қызметінде мемлекеттік тілге көңіл бөлуін естен шығарған емес. Өзінің оқытатын пәндерін көбінесе мемлекеттік тілде өткізеді. Ол бұған дейін мемлекеттік тілге байланысты ұйымдастырылатын сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденіп жүргенін айта кеткен орынды. Сайысқа ерекше ыждағаттылықпен дайындық жасап, қазақ тілін қаншалықты жетік меңгергендігін комиссия мүшелерінің алдында сан мәрте дәлелдей білді.
«Мәселе сайысқа қатысып, сыйлық алуда емес. Өзімнің ана тілім деп есептейтін қазақ тілін насихаттауға өзге ұлт өкілі бола тұра, үлес қосқанымды мәртебе санаймын» деген неміс қызының сөзі әлі де болса өз тілінде сөйлей алмай жүрген қандастарымызға үлгі болса, қанеки.
Лиза Арнольдовнаны Германиядағы туыстары «көшіп кел» деп шақырыпты. Бірақ ол кіндік қаны тамған қазақ жерінен артық жер, ана тілі деп есептейтін қазақ тілінен артық тіл жоқ деп есептейді.

Нариман ЖАНҒАСКИН
СЕМЕЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Бота

    Шала қазақ қандастарымызға үлгі болуға туратын адам екен.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.