Дарынды балаларға қолдау көрсетіледі

Абай атындағы республикалық мектеп-интернат әлдеқашан мектеп дейтін қатардағы мемлекеттік мекемеден – тұтас бір ұлттың қаймағын дайындап шығаратын қасиетті қара шаңыраққа айналған. Сол себепті де біз осы мектепте оқып шыққан айтулы азаматтар мен тұғырлы тұлғаларды есімізге түсіріп, санамалай бастағанда-ақ қара шаңырақтың қаншалықты мерейлі, қаншалықты киелі екенін сезіне түсеміз. Абай атындағы мектеп-интернат тек қана білім ошағы емес, ол сондай-ақ аты мәшһүр қаншама мұғалімдердің қайнап шыққан шеберханасы. Бұл жерде жас мұғалім деп аталатын кезеңнен, ұлағатты ұстаз деген атқа ие болғанша өткен өмір мен төгілген маңдай тер қаншама десеңізші! Алмасып жатқан қандай қоғамдық кезең болмасын, бұл мектеп-интернат әрқашан өз бағасын сақтап келе жатыр.

Абай атындағы республикалық мек­теп-интернаттағы оқу-тәрбие үрдісінің мақсаты – қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыту арқылы сөз өнеріне бейім дарынды оқушылардың әлеуетті мүмкіндіктерін неғұрлым толық дамыту үшін мамандандырылған жалпы білім беретін элиталық білім беруге қол жеткізу.
ХХІ ғасырда жас ұрпақ жаһандану үрдісінен шет қала алмайды. Күн сайын ғылыми жаңалықтармен толығып жатқан ақпараттық-білімдік кеңістіктен керегін тауып ала білу, оны күнделікті тұрмыста, өмірде жарата білу қажеттілігі бүгінгі шәкірттер бойында білім мен біліктіліктің жаңа сапасын қалыптастыруды талап етеді.
Мектеп-интернат «Дарын» республи­калық ғылыми-практикалық орталығымен, жоғары оқу орындарымен, Қазақстан Рес­публикасы Жазушылар одағымен, түрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен және республикалық Оқушылар сарайы­мен байланыс жасап отырады. Биылғы оқу жылында мектеп-интернатымызда 380 оқушы білім алуда. Бүгінгі күні қызмет етіп жатқан жоғары білімді педагогтардың жалпы саны – 62, оның 45-cі мұғалімдер, 17-сі тәрбиешілер. Мектеп-интернаттың оқу процесінде «Дамыта оқыту», «Модульдік оқыту», «Сын тұрғысынан ойлау» және Қ.Бітібаеваның, Ж.Қараевтың, Н.Оразақынованың авторлық әдістемелері мен Е.О.Арынның «Сөз сапасын меңгертудің әдістемесі», тағы басқа жаңа педагогикалық технологияларды, әдіс-тәсілдерді пайдаланатын білікті мұғалімдер табысты еңбек етуде. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Үздік авторлық бағдарлама» республи­калық конкурсына және «Инновациялық-педагогикалық идеялар жобалары» республикалық фестиваліне, «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасына біздің ұстаздарымыз да қатысып, I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Қазіргі заман талабына сай жаб­дық­талған оқу кабинеттері, компьютер сыныптары, ғылыми-танымдық және көркем әдебиеттің мол қоры жинақ­тал­ған кітапхана, ғылыми-тәжірибе жүргізуге лайықты оқу зертханалары, спорт­тық, шығармашылық бағыттағы үйір­мелер, оқушыларға педагогикалық-психологиялық қызмет көрсету шәкірт­теріміздің жаңа танымдық биіктерге көтерілуіне негіз болып отыр.
Мектеп-интернат оқушылары респуб­лика көлемінде жүргізіліп жатқан Абай-Шәкәрім, Махамбет, Жамбыл, Ілияс, Мұқағали, тағы басқа оқуларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Мектеп-интернатымызда оқушы­лардың «Көкмұнар» ғылыми қоғамы жұмыс істейді. Осы «Көкмұнар» ғы­лыми қо­ғамының жұмыстарының нәтижесінде 2011-2012 оқу жылында 39 оқушы халықаралық жарыстардың жеңім­паздары мен жүлдегерлері атанды. Респуб­ликалық ғылыми жобалар жарысы мен республикалық олимпидаларда да оқушыларымыз қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен жүлделі орындар алып, оқу гранттарын иеленуде.
Мектеп ұстаздары оқушыларды ғы­лымға баулу, ғылым арқылы жас ұрпақты дарындылыққа баулу басты міндеті деп біледі. Сабақтан тыс кезде ғалымдар­мен, ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырылып, тәрбиелік іс-шаралар да үздіксіз жүргізіліп отырады.
Мектеп-интернатымыздың жанынан жас ақындардың «Арда» газеті мен «Қауырсын қалам» тәлім-тәрбиелік, мәдени-танымдық журналы шығады. Жазушылар одағымен байланысымыздың нәтижесінде мектеп оқушыларының: «Барқытбел», «Жыл құстарын көрдің бе?», «Менің жырларым» атты жыр жинақтары жарық көрді.
Сапалы білім беру педагогтардың шеберлігі мен іскерлігіне байланысты. Ал педагогикалық шеберлік пен іскерлікті дамытуда жаңа технологияны қолданудың маңызы зор. Мектебімізде мұғалімнің шеберлігін шыңдау және тәжірибесін тарату мақсатында республикалық семинарлар өткізіліп тұрады. Атап айтсақ, былтыр Халықаралық бизнес академиясымен бірігіп «Қазақ тілінің жаңа технологиялары» және бірнеше рет Қазақстан Республикасы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын Республикалық институтымен бірлесіп Республикалық семинарлар өткіздік. 2013 жылдың 24-29 наурыз аралығында Қазақстан Респуликасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп өткізетін «Педагогтардың кәсіби құзыреттілігі мен инновациялық тұрғыдан ойлауын қалыптастыру» тақырыбында өтетін республикалық оқу-әдістемелік семинарға және 2013 жылдың сәуір айында өтетін филологтар съезіне «Туған тілім – тұғырым» және «Ашық сабақтар», «Шығармалар жинағы» кітаптарын шығаруға қызу дайындық үстіндеміз.

Роза СЕКСЕНОВА,
Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған
қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты директорының
ғылыми істер жөніндегі орынбасары

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.