Қарағанды облысы. Қарқаралы ауданы

Қорғанжар – жар. Ә.Қайдаровтың карастыруы бойынша, сөздің түбірі – қор. Осы түбір негізінде тілімізде қор-да, қор-ы, қор-ыл, қор-ап, қор-қақ, т.б. сөздер жасалған. Ал атау қоры түбіріне -ған жұрнағы жалғану арқылы қалыптасқан. Қорыған ықшамдалу барысында қорған формасына көшкен. Етістіктен есім сөз тудырушы ған/ген; қан/кен түркі тілдеріне кеңінен тараған жұрнақ. Қоянды өңіріндегі Қорық жайлауы да осы негізде жасалған, қоры-ық/қорық.
Матақ – Қарқаралы тауының солтүстік-баты­сындағы Қарасор көлі мен Нұра өзені араларындағы алқап, жер бедері тегіс, ортасын кақ жарып Матақ өзені ағады. Матақ ауылы Бұқар жырау ауданы аумағында орналасқан, алайда өзен мен алқап Қарқаралы аймағымен шектеседі. Тіліміздегі мата сөзі қазіргі тіл қолданымындағы байла, бөге сөздерімен синонимдес. Алайда байла, бөге формасымен салыстырғанда мата формасының тілімізде колданылу аясы тар. Атау кұрамындағы қ/к етістіктерден зат есім тудырушы жұрнақ /салыст. тара+қ, күре+к, төсе+к, құра+қ, т.б./ Ал көктем, күз айларында жазық далаға судың мол іркіліп, табиғи бөгет жасалынатынын бейнелейтін Матақ атауының күре+к, т.б. туынды сөздерге қарағанда көнелігін байқаймыз. Өйткені бұл топониммен мәндес бөге-к, байла-қ, ұста-қ тұлғасында ұшыраспайды. Дегенмен, облысымызда осы қ/к қосымшасы жалғану арқылы жасалған Пашық, Ұзақ, Жамақ, Қорық, Бодақ, т.б. топонимдер кездеседі.
Қырғыз – Ақтоғай және Қарқаралы аудан­дарындағы елді мекен. Қырғыздың қарасуы – Шет ауданындағы өзен. Бұл этнонимдердің қырғыз этнонимінен жасалғандығы дау туғызбайды. Аталған өңірдегі жергілікті тұрғындар, өлке танушылар осы ойды қостайды және Қырғыз есіміне байланысты қазақ текті ру басы, атақты адамдардың аталған өлкеде болмағанын да растайды. Яғни Қырғыз топонимінің тарихы тым көне дәуірлерге жетелейді. Қазақ халқының құрамында да ерте заманда Қазақ (арғын) болған қырғыздар аз емес. Олар XVIII ғасырдағы Абылайға еріп келген қырғыздардан бүтіндей басқа. Арғынға Қосылған қырғыздар шерік, төйт (дөйт), құсшы, жүнді қырғыз деп аталады. Олардың осы күнге дейін жасап келген жерлері – Карағанды облысы Ақтоғай ауданы Қызыларай, Беғазы таулары, Ақтау (Қарқап, Ақмая), Атасу (Дарат бойы), Нұра (Тайтөбе), Бұғылы. Осы күнге дейін сақталған ескі аңыз оларды ішкі Сібірден Арқаға ауып келген қырғыздар деп көрсетеді. Шежіренің айтуы бойынша ерте заманда Арқаға қырғыз Шерік келіп, қазақ (қыпшақ) ханының биі болады. Шеріктен Үбай, Ноғай, Орыс деген ағайынды үш жігіт тараған. Арқаға ауып келгені Орыс пен Үбай. Олар дариядан (Ертіс) атақты тұлпарға мінгесіп өтеді. Қазіргі кезеңде қаракесек руынан тарайтын бір атаны Орысбай деп атайды, ол Орыс пен Үбай атауларының біріккен формасы болуы мүмкін деген де пікірлер бар. Орыс + Үбай — орысубай — орысбай. Әрі аталған өлкелерде тұратын қырғыздар өздерін осы жерде тұратын негізгі ру қаракесекпен байланыстырып, қаракесек қырғыздарымыз деп те жатады.
Қақаралы этнотопонимдерін зерделей қарастыру барысында негізінен бұл өңірді отырықшылық дәуірден бергі кезеңдерде мекендемеген, рулық сипатта қоныс етпеген жоғарыда сөз болған этнонимдерден басқа да алшын, атығай, қарауыл, жалайыр, шегір, байыс ру-тайпа атауларына байланысты этнооронимдерді ұшыраттық: Алшын – тау, қыстақ, Жаныс руының бір атасы – шегір, Шегір – кезең, Қу тауында; Дулат тайпасынан тарайтын байыс руынан, Байыс – тау, Қарқаралы ауданында. Ұлы жүз руларының Орта жүз мекені болып саналатын Орталық Қазақстан жерінде этнотопоним ретінде ұшырасуы арғын тайпасының аталған өлкені (Арқа даласын) түпкілікті қоныс еткенге дейінгі қазақ көші-қон жолдарының тарихына байланысы бардай. Тарихи мәліметтер XVIII ғасырға дейін жалпы қазақтардың оңтүстік өңірдегі Шу, Қаратау, Сырдария бойларын қыстап, көктем, жаз айларында ғана Орталық, Шығыс, Солтүстік Қазақстан жерлері мен Сібір алқаптарына дейін көшетінін айтады.
Шаңыраққойған – Бүркітті тауындағы үңгір мен тау бөктері. Шаңырақтас – тау, биіктігі – 893,7 м. Шаңырақ апеллятивіне сәйкес атаулар ол топообъек­тінің киелі, биік ұғымында қолданылғанын білдірсе, түндік апеллятивіне қатысты атаулар ұқсату мен өзен бойына жаз айларында көп киіз үй тігілуіне байланысты аталған. Оны аталған жер көрінісі де растай түседі.
Айрық – ауыл, Қарқаралы ауданы, Мәди ауыл­дық округінің орталығы. Қарқаралы ауданының шығысында, Үшқара тауы іргесінде орналасқан. Іргесі Мәдидің ескі қыстағының орнына қаланған «Айрық» кеңшарының, ауылдың кеңестің орталығы болды. Жерінің жалпы ауданы – 147,9 мың га. Ауылға 1992 жылы ақын, композитор Мәди есімі берілді. Мектеп, кітапхана, пошта байланыс торабы жұмыс жасайды. Осы жердің Едірей елді мекенінде Мәди Бәпиұлы туған.
Ақтасты – ауыл, Қарқаралы ауданының Арқалық ауылдық округінің орталығы. Қарқаралы ауданының солтүстік-шығысында аудан орталығы Қарқаралы қаласынан 150 км жерде орналасқан. Іргесі 1934 жылы Жаңа негіз, Қызыл ту ұжымшарлары негізінде құрылған. 1959 жылы ұйымдастырылған «Ақтасты» кеңшарының орталығы болды.
Ащыөзек – өзен, Түндік өзенінің оң саласы, Қарқаралы ауданының жерімен ағып өтеді. Қайнар ауылының батысында 30 шақырым жердегі Үлкен Сырымбет тауының оңтүстік-батыс беткейіндегі бұлақтан басталады. Ұзындығы – 80 шақырым. Бастапқыда Тоқтысу, орта тұсы Шабасшиөзек, аяқ кезі Ащыөзек деп аталды. Қар суымен толысады. Қарашада бүкіл өн бойына және түбіне дейін қатады. Сәуірде мұзы түседі. Ащыөзек жайылмасы – шөбі шүйгін шабындықтар. Ащы және өзек сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Атау мағынасы: «ақшыл түсті тұз не сор басқан сортаңды өзек».
Бүркітті – ауыл, Қарқаралы ауданының Қырғыз ауылдық округінің орталығы. Қарқаралы ауданының орталық бөлігінде орналасқан. Қарқаралы ауданының Ленин және Егіндібұлақ ауданының Жаңа жол ұжымшарларының жерлері негізінде құрылған, іргесі 1954 жылы қаланған. «Қырғызия» кеңшарының орталық мекені болды. 1954 жылы осы өңірге жан-жақтан тың игерушілер келіп, көсіліп жатқан иен даланы қолға алды. Тың игеру жылдары бірнеге үй қырғыздар осы өңірге қоныстанып егін сеуіп, астық жинау науқанына белсене араласты. Көрші республикадан келген 200-ден астам комсомолдар жаңа шаруашылықтың экономикасын өркендетуге зор үлестерін қосты. Сондықтан жаңа құрылған кеңшар «Қырғызия» деп аталды.

«Қарқаралы ауданы топонимдері»
кітабы бойынша
дайындаған өлкетанушы
Молдияр Серікбайұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.