Дикторлардың дарабозы

Дикторлардың дарабозы

Жалпы Қазақ радиосының тарихына ой жүгіртсек, есімізге ең бірінші Әнуарбек Байжанбаевтың есімі оралатыны сөзсіз. Әнуарбек Байжанбаев өмір бойы Қазақ радиосында диктор болып қалың жұртшылыққа кеңінен танылған айтулы тұлға. Ресейде Юрий Левитанды білмейтіндер жоқ болар, сірә. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде майдан ақпараттарын радиодан оқу арқылы халықтың құрметіне бөленген. Оның қаһарлы дауысы адамның жан сезіміне терең әсер етіп, халықты жігерге, батырлыққа үндегені белгілі. Тіпті Гитлердің өзі Левитанды өлтіруге тапсырма да берген деген сөз бар. Ал Левитанның дауысына өте ұқсас Әнуарбек Байжанбаевтың дауысы арқылы да қазақ жұрты Қазақ радиосынан ресми хабарларды тыңдайтын болған. Егер Левитан тек ресми хабарларды оқумен шектелсе, Әнуарбек Байжанбаев барлық дерлік жанрларда – хабарлар мен туындыларды да шебер оқуымен ерекшеленген. Ол әдеби туындыларды, өлең-жырларды әуезді етіп оқығанда тыңдаған адам еріксіз құлақ түретін. Қазақ радиосының «Алтын қорында» Әнуарбек Байжанбаев оқыған жүздеген туындылар сақталған. Оның құны әлі де аса қымбат қазына болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, Әнуарбек Байжанбаев ел есінде мәңгі сақталатын бірегей асыл тұлға екені сөзсіз. 

Өз басым осындай әйгілі тұлға Әнуарбек Байжанбаевпен қызметтес болғанымды, тіпті оның шәкірті болғанымды мақтанышпен есіме алып отырамын. 1970 жылдары институт бітіріп келіп, ауылда мұғалім болдым. Сол кезде мектепте «Яуза» деген магнитофон болды. Магнитофон таспасына оқушылардың ән-жырларын, оларды таныстырған өзімнің сөздерімді жазып алып ата-аналар жиналысында, түрлі жиындарда тыңдататынмын. Көркемөнерпаздар байқауында өлең оқып жүлде алып жүрдім. Бірде Қазақ радиосынан дикторларға конкурс жарияланғанын естідім. Таныстарым арасында маған «сол конкурсқа қатыспайсың ба, сенің дауысың, мақамың Әнуарбек Байжанбаевқа ұқсайды» деп айтқандар да болды. Сөйтіп, мен Алматыға жол тарттым. Қазақ радиосынан өзіміздің ауданнан шыққан өнерпаз, сонда режиссер болып қызмет ететін Құмарбек Сыдықовты іздеп келген едім. Қазақ радиосы ғимаратының алдында онымен кездесіп, шаруамды айтып тұр едім, Құмарбек сыртқа беттеп, асығыс жүріп бара жатқан, орта бойлыдан жоғарылау, мығым денелі, көзілдірікті адамды меңзеп, «мынау Әнуарбек Байжанбаев қой, соған айтайыншы. Әнеке, тоқтай тұрыңызшы» деп еді, ол сәл бөгелді.
– Әнеке, мына бала дикторлардың конкурсына қатысуға келіпті. Сіз байқап көрмейсіз бе? – деп қолқалап еді, Әнуарбек Байжанбаев:
– Мен ештеңе шешпеймін ғой, Мәмбет бар емес пе? Сол ұнатса конкурсқа жібереді емес пе, – деді, құлағыма таныс әуезді қоңыр үнмен. Бұрыннан көз алдыма тұлғасын ойша елестет­кендіктен бе Әнуарбек Байжанбаев түсі аса суық, қаһарлы адам болып көрінді маған. Тіпті оған сәлем беруге де батылым бара қоймады.
Сөйтіп, Құмарбек мені Мәмбет Сержановқа алып келді. Ол кейін білгенімдей дикторлар тобының басшысы екен. Оның Құмарбекті сыйлайтынын бірден-ақ байқадым. Мені дереу дыбыс жазатын студияға апарып хабарларды оқытты. Мен хабарларды оқып шыққан соң, сірә, дауысым ұнап қалса керек, түсі жадырап қамқор көңілмен мән-жайды түсіндіре бастады. Конкурсқа түсу үшін тек хабар-ошарды ғана емес, әдеби туындылардың барлық жанрларын оқуға тиісті екенмін. Сонан кейін лента таспасына жазылған жазбаларды комиссия сараптап, екі адамды ғана таңдап алатын көрінеді. Мәмбет дереу іздестіріп, әдеби туындыларды тауып қолыма ұстатты да «бір жеті дайындалып кел, сосын комиссияға жіберемін» деп шығарып салды. Конкурсқа 32 адам түскен екен. Олардың дені театр актерлері екенін естідім. Солардың арасынан Павлодар жақтан келген Әмір Жұмабеков екеуіміз ғана диктор болып қабылдандық.
Ал Әнуарбек Байжанбаев шын мәнінде дикторлардың жұмысына араласа қоймайды екен. Әнекеңнің беделі халық арасында өте зор болғаны белгілі. Тыңдармандар талап-тілегін оның атына жолдап жататын. Алайда дикторлық қызмет газеттегі корректор секілді ғана деуге болады. Сәл жаңылыссаң режиссер де, редактор да, басшылар да ескертіп, ренжіп жатады. Мұндағы барлық шаруаның жауапкершілігі Мәмбет Сержановқа жүктеліпті. Ол осыған лайық білікті маман болғанына кейін көзім әбден жетті. Мәмбет тек қазақ тілін ғана емес, орыс тілін де терең білетін, білімі мол, өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоя білетін аса парасатты адам екен. Тіпті орыс дикторларының өзі әлемдегі кейбір жер-су аттарын, кісі есімдерін қалай айтуды, қай дыбысқа екпін беруді Мәмбеттен сұрайтын. Ол әр диктордың эфирден оқыған хабарын мұқият тыңдап, кемшілігі мен жетістігін көрсетіп отыратын. Ал біз үшін, жас дикторлар үшін ол нағыз ұстаз бола білді.
Әнуарбек Байжанбаев болса, тіпті шектен тыс қарапайым, ұсақ-түйек шаруаға араласпайтын. Сол кезде 50 жасқа тақап қалса да бала секілді елпілдеп тұратын. Оны жұрт Әнеке деп атайтын. Бірде мен хабар оқып болған соң, дикторлар бөлмесіне келіп тамағым құрғап қалғанын айтып тұр едім, сәлден кейін Әнекең стақанмен су әкеліп ұсынып, «Тамағың құрғаса іше ғой» деп тұрғаны есімде қалыпты. Кейде ол болмашы ғана 40-50 тиын ақша сұрайтын. Сұрағанда қарызға деп сұрайтын. Бірер күннен кейін сол ұсақ-түйек тиынды да қайтарып беретін. Кейде берген тиынымызды ұмытып кетсек те есімізге салатын. Сондай-ақ жастарға да елпілдеп қолынан келгенше көмектесуге әзір тұратын. Әнекеңді Алматының орталығындағы қонақүйлер мен дүкендердің басшылары да жақсы танып, құрметтейтін. Қазақ радиосында қызмет ететін кейбір жастар ауыл жақтан келген таныстарына қонақүйден орын алып беруді өтініп Әнекеңе келетін. Ал Әнекең болса елпілдеп олардың өтінішін дереу орындайтын. Сондықтан да жастардың көбі Әнекеңді жағалайтын. Оның екі пәтері болған еді. Бірі көп бөлмелі, онда отбасымен тұратын. Бұл үйге көшіп келуге жүктерін тасып, көмектестік. Соңынан көңілді отырыс болды. Сонда Әнекең де ән салғанда танымал әнші достары «бізден кем емессің» деп мақтағаны есімде. Кейін ол бұл үйді ақын Мұқағали Мақатаевпен ауыс­тырды. Мұқағали осы үйде қайтыс болған еді. Ал біз тұрған екінші үйі де Күләш Байсейітова көшесінде бір бөлмелі пәтер еді. Алғаш ауылдан келген кезде Әмір Жұмабеков екеуміз Әнекеңнің осы үйінде біраз уақыт тұрдық. Әрине, Әнекең де мұнда жиі келетін. Кейде мектеп жасындағы ұлы мен қызын, зайыбын ертіп келіп пәтерді реттеп, жөндеп кететін. Сондай-ақ, тіпті елге танымал адамдарды да ертіп келіп әңгімелесетін. Содан оның достары көп екенін біле бастадым. Ол еңбек жолын баспаханада хат тасушы болып бастағанын, жас кезінде көп қиындық көргенін, соғысқа қатысқанын әңгімелейтін. Кейде Әнекең тамақ жасайтын. Мұнысы да қызық. Әуелі тамаққа қажетті ет, көкөністерді грамына дейін жазып беріп, дүкенге жұмсайтын. «Мұнан бір грамм артық алма» деп ескертетін. Сонан соң тамақты баптап, аса дәмді етіп жасағанына таңданатынбыз. Ол бізге киімнің жыртығын жамауды, аяқкиімді жөндеуді, дүкеннен азық-түлік алуды, тамақ пісіре білуді әйелге ғана емес, еркекке де ортақ міндет екенін тәппіштеп ұғындыратын.
Ал қызметіне келгенде, яғни дикторлық жұ­мыста кемшілігіңді көрсете бермейтін. Қай-қашанда болсын «бәрі де жақсы, осылай оқи бер­сең төселіп кетерсің» дейтін. Қазақ радиосында әдеби туындыларды режиссерлер бірінші кезекте Әнекеңе оқытатын. Әрине, әдеби туын­ды­ларды оқу үшін алдын ала мән-мазмұнын біліп алу қажет қой. Ал Әнекең болса ешқандай дайындықсыз, режиссер қолына ұстата сала майын тамызып оқи беретін. Оның дауысы қашанда бір қалыпты, әуезді. Режиссерлер «Әнекең мұз шайнаса да дауысы қарлықпайды» дейтін.
Әнекең туралы, сондай-ақ осында бір кездері диктор болған әйгілі әнші Ермек ­Серкебаев пен ұлы ақын Мұқағали Мақатаев туралы қарт диктор Мина Сейітова, Қатира Әзімбаева қызғылықты әңгімелерді жиі айтатын. Сол кезеңде Қазақ радио­сында тұңғыш диктор Мина Сейітова зейнетке шықса да ара-тұра концерт жүргізетін. Сондай-ақ Қатира Әзімбаева, Жанел Асқарова, Мырзабек Қуатбеков, Марат Тоғатаев, Сауық Жақанова, Гүлжан Қайыржанова, Әмір Жұмабеков, Ұлжан Сағындықова секілді дикторлардың жарқын бейнелері, дикторлық өнерді қастерлеп, қасиет тұтқаны жөнінде кеңінен әңгімелеуге де болар еді. Әсіресе Қатира Әзімбаева жастардың анасы секілді болып, ақыл айтып, қамқор болып жүретін. «Бүкіл Құнанбай ұрпақтары арасында мен ғана атамның атын өзгертпей сақтап келемін» деп Абайдың туыстары жөнінде әңгімелеп отыратын. Дикторлық өнерде, әсіресе Мырзабек Қуатбековтың логикалық шеберлігі ерекше болатын. Ал Сауық Жақанова тек өзіне ғана емес, Мәмбет Сержанов секілді өзгелердің де дикторлық өнеріне сараптау жасауға бейім еді. Ол көбінесе әдеби туындыларды Әнуарбек Байжанбаевпен қосарланып оқитын. Сауық әсіресе Зәмзәгүл Шәріпованы (кейін Досанова деп аталды) көркем сөз оқудың ең шебері деп, соны өнеге тұтатын. Ал дикторлардың бәрі де Әне­кеңді ерекше құрметтейтін. Ол туралы кейіннен «Сөйле, диктор» деген өлең жаздым. Бұл өлеңнің тақырыбының астына «Қазақ КСР халық артисі, Қазақ радиосының дикторы Әнуарбек Байжанбаевқа» деп жазылып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Осы өлеңде дикторлық өнердің мән-маңызын, дикторлар қауымына деген құрметімді білдіруге тырысқан едім. Сол бес шумақ жырды толық келтіре кетейін.
Бастап істі Гимнмен таңсәріден,
Жаңалықты әйгілеп жар салумен,
Ақ тілеумен әр күнді қарсы алумен,
Асып түсіп аңсардың барша әнінен,
Сөйле, диктор, сезімнің бар сәнімен.

Сыбызғы саз сызылтып бақтар қосқан,
Алатау мен Алтайдан аққан дастан
Тарап жатсын эфирге тоқталмастан,
Хабарыңды жер күтіп, аспан тосқан,
Сөйле, диктор, ой толға жасқанбастан.

Әр қуаныш білгенге алтын нағыз,
Алтын нағыз арманды жарқын аңыз.
Қанығайық ерлердің даңқына біз,
Тағзым етсін дүние халқыңа жүз,
Сөйле, диктор, жігер боп жарқылдаңыз!

Балы тамған бақытты бұл күніңде,
Жолдай берсін әз халқың жыр, гүлін де.
Таңдай қақсын тыңдаса білгірің де,
Баптамаса бәйге алмас дүлдүлің де,
Сөйле, диктор, жол ашып бұлбұл үнге.

Түлеп ұшқан арманды ұлы еліңнен,
Төгілдіріп эфирге жүрегіңмен.
Сөйлеп тұрған Алматы – гүл өңірден,
Сөйлеп тұрған баршаның тілегімен,
Сөйле, диктор, сөйлей бер жыр өмірмен!
(«Қазақ әдебиеті» 10.05.1974 ж.)

Жалпы сол кезде дикторлардың қай-қайсысы болсын дауысы нашар, мақамы келісіңкіремейтін адамдардың дикторлық қызметке алынбауын барынша талап ететін. Өкінішке орай, соңғы кезеңде дикторлық қызмет әсіресе, радиода мүлде қысқарып қалған секілді. Хабар-ошарларды көркем сөз оқуға бейім емес, мақамы нашар журналистер оқитын болды. Ал мұның өзі өнерге қиянат жасау ғана емес, жалпы тыңдарман қауымның мүддесін ескермегендік екені анық.

Қуанбек БОҚАЕВ



Принтерден шығару Принтерден шығару