Дәстүрді жалғастырудағы жаңа қадам

Астанада «Interactiv Kazakhstan» компаниясы инновациялық «Даналық әліппесі» оқу-тәрбие кешенінің тұсауын кескен еді. Өскелең ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелеу, ұлттық бет-бейнемізді және ежелден келе жатқан дүниетанымымызды сақтап қалу, тәуелсіз еліміздің патриот азаматтарын тәрбиелеу, бала бойына халқымыздың даналығын дарыту құралы бір сөзбен айтқанда «электронды» ата, «электронды» әже. Өйткені бұрынғының көзін көрген ата әжелеріміз бала-шағаға өсиет етіп айтып отыратын баршаға ортақ рухани құндылықтар жиынтығы мен ақпараттық-насихат қоры осы «Даналық әліппесінде» қамтылған. Осылайша ұлттық сананы қалыптастыратын жаңа жоба бүгінде саусақпен санарлық ақсақалдар мен әжелердің орнын алмастырмақ. Айта кеткен абзал, бұл оқу құралына Елбасының өзі жоғары баға берген. Осы орайда біз аталмыш жобаның авторы Нұралы Құдайбергенұлын сөзге тартқан едік.

– Бұл оқу құралын жасаудың түпкі негізін айтсаңыз…
– Біз ұлттық ар-намыстан айырылып, әлеуметтік азғындыққа, экономикалық дағдарысқа, экологиялық апатқа ұшырап отырған кезде тәуелсіздікке қол жеткіздік. Содан өзіміз қайтадан түлеп, дамуымыз керек болды. Оны қалай жасай аламыз, қалай іске асырамыз деген мәселелер туындаған кезде ең бірінші ұлттық мінезді, ұлттық тәлім-тәрбие, ұлттық үлгі-өнегені реттеуіміз керектігін түсіндік. Содан бізде ұлттық үрдіс пайда болды. Ал «Даналық әліппесі» осы ұлттық тәлім-тәрбиені қалыптастырудың алқашқы қадамы. Оқу құралын әзірлеу барысында «Мен кіммін? Біз кімбіз? Қазақ деген кім? Қазақтың болашағы бар ма?» деген сауалдарға сүйендік. Осы ізденістің барлығы айналып келгенде әрбір жеке адамның бойында жоғарыда аталған қасиеттер қалыптасқан жағдайда біз кез келген жерде ерекше көзге көрінетін тұлға болатынымызды көрсетті. Қазір халқымыздың майдаланып кеткендігі ойландырады. Жомарт, ардақ, азамат, тұлға деген атаудан төмен деңгейге түспеуіміз керек.
– «Даналық әліппесі» оқу-тәрбие кешенінде нұсқаулық пен он екі кітап және сөйлейтін қалам бар екен. Сөйлейтін қалам жайында айтып бересіз бе?
– Әлемде дот-код технологиясын ашқан екі ғалым бар. Оның бірі жапондық, екіншісі тайвандық. Екеуінде де патент бар. Біз жапондық ғалыммен сөйлесе отырып, осы қаламның үлгісін алдық. Сөйтіп бүкіл дизайнын жапондарға жасаттық. Біріншіден, бұл бала қолына ұстаған кезде денсаулығына зиян туғызбауы керек. Екіншіден, бір жерін кесіп кетпейтіндей жұмыр және әдемі болуы керек. Үшіншіден, дауыс өте таза, сапалы болу керек. Себебі бала алғаш рет тыңдағанда өте таза дауыста тыңдауы тиіс. Оқу құралын жасау кезінде мамандардың кәсібилігіне назар аударылды. Мықты әртістер мен дикторлар, әнші, термешілерді тарттық. «Даналық әліппесін» академик Әбдуәли Қайдар, профессор Мекемтас Мырзахметов, профессор Қайрат Байбосынов, профессор Серік Негимов, профессор Базархан Қосбасаров, профессор Шерубай Құрманбайұлы, профессор Амантай Шәріп сынды танымал ғалымдар жүйеледі. Сөйтіп әр кітапқа қобыз бен сыбызғы үні, домбыра күйі, бесік жыры, халық ертегісі, халық әні, халық аңызы, халық жыры, халық тағылымы, нақыл сөз, аталар сөзі, билер сөзі, бабалар батасы сияқты халық даналығының ең құнарлысын енгіздік.
– Мұны мектеп жасындағы балалар пайдалана ала ма?
– Бұл барлық жастағы адамдарға арналған. Мысалы, «Бабалар батасы» бата беретін ақсақалдарға, «Бесік жыры» аналарға керек. Жалпы «Даналық әліппесін» балабақшаларда, жалпы білім беретін мектептерде, арнаулы және жоғары оқу орындарында және әр отбасында кеңінен пайдалануға болады.

Бейбітгүл ИСАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

5 Пікір

  1. Ару

    Ата-аналардың қалтасы көтере ме екен?

  2. Мағрипа

    Керемет жоба. Балаларға ұлттық тәлім-тәрбие беруде ата-аналар мен мұғалімдерге көмек болар еді.

  3. Қанат

    Оқу құралы барлық отбасыларына қолжетімді болса игі

  4. Кенже

    Біздің балаларымызға «Даналық әліппесі» керек. Оның бала тәрбиесіндегі маңызы зор.

  5. проф.Совет-Хан Ғаббасұлы.

    Қазір » ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ» үгіт-насихатпен жүрмейді де түзелмейді. Бұл байағы КӨШІРМЕ ҚАДЕТТІҢ жалғасуы. «Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі» ғылымый негізде өз Методологиясы мен Жүйесінде жасалынған, Келешек ұрпақты қайдағы бір еліктеу мен солықтауға итермелегенді тоқтатқан жөн !..

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.