Қазақ болып қалды мәңгі домбыра…

Қазақ болып қалды мәңгі домбыра...

Серік СЕЙІТМАН,
ақын-журналист, 1982 жылы туған. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ филология факультетінің түлегі,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистрі. Төлеген Айбергенов пен Көтеш Райымбекұлы атындағы сыйлықтардың және халықаралық «Шабыт» фестивалінің 1-дәрежелі лауреаты, Қазақ радиосының шолушысы.

ДОМБЫРА

Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра.
Қадыр ақын

Нағыз қазақ арғы атамның баяғы,
Арғы өмірге аттап кетті аяғы.
Арғы атамның көзін көрген қауымнан
Көзі тірі – домбыра ғой аялы.

Тақымыңа тайғақ кешу жолда сын,
Мықты болсаң, сонда рухың солмасын.
Қоңыр дауысын жоғалтқан жоқ домбыра,
Тас төбесін ойғанда да қорғасын.

Сол домбыра қасиеттім, киелім,
Одан артық кімді қалай сүйемін?
Төрімдегі бас қонақ қып сүйегін,
Мойнымдағы тұмар еттім тиегін.

Домбыраның пернесінде ән ғажап,
Домбыраның шанағында зарлы азап.
Қазақ болып қалды мәңгі домбыра,
Домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ.

ҚАЗАҚҚА ҰҚСАЙДЫ

Қазаққа ұқсайды тау мұзарт,
Асқақ шың бұлтпенен таласқан.
Сол шыңнан биіктеу жалғыз-ақ,
Дүниеге шаңырақ – көк аспан.

Қазаққа ұқсайды, расында,
Күлімкөз алтын Күн көктегі.
Жарылқап досын да, қасын да,
Бәріне шуағын сепкені.

Қазаққа ұқсайды, бауырым,
Байқасаң, далиған қара жер.
Артылып үстіне ауырың,
Қойнына өлгеннің бәрі енер.

Қазаққа ұқсайды жақпар да,
Жылт еткен таудың бал бұлағы.
Өзендер өзгеріп жатқанда,
Бастауы былғанбай тұр әлі.

Түзетіп тарихи қатаны,
Ғылымға жаңалық ендір сен.
О баста Алла Адам-Атаны
Қазақ қып жаратқан, мен білсем.

САРҚЫТ

Әр ауылдың төрінде бір атам бар,
Әр атамның аузында мың мақал бар.
Мақалыңның мәнін қайдан ұғынсын
Бойдан емес, ой жағынан тапалдар?!

Сыбағамнан қағылмайын құр қалып,
Сарқыт ішіп, отырайын сыр бағып.
Ата, сендей сұңғыла қарт болайын,
Сақалыңды берші асыма бір малып.

Ұлтымыздың ұлылығын ұғына,
Ғұрпымыздың жету үшін құнына,
Басқа жұрттың айналмауға құлына –
Барқыт емес, сарқыт керек ұлыңа.

Терлігіне термен бірге жас сіңген,
Тай-құнаның мен емеспін басбілген.
Сарқытыңмен қоса маған бата бер,
Асқа емес, ақ батаға ашпын мен.

«Батаменен ер көгерер…» дейді елім,
Ер көгерсе, ел көгерер – түйгенім.
Еліменен бөліседі нағыз Ер
Бақыт көрсе жасуындай иненің.

Жабырқатпай әр жылың мен әр айың,
Бақтан ғана бурыл тартсын самайың.
Десең жұртқа – жаназа емес, той көр де,
Жесең, тойдың сарқытын же, ағайын!

КӨК СЕРКЕ

Қарсы алдыңда дәу тұрса да не гөрім,
Бойыңдағы намыс еді сенерің.
Қарағайдай мүйізі бар көк серке,
Бір отардың көшбасшысы сен едің.

Малдың жауы шибөрі де шибөрі,
Сенен қорқып отарыңа тимеді.
Саған сеніп, жамыраған қозы-лақ
Өрісінде ойнақтады, биледі.

Кер ешкінің сенен туған лағы бар,
Лақ та болса күжірейген жалы бар.
Бақылдаушы ең,
Бақырдың да бұл жолы,
Бауыздалып кете бардың, жануар.
Тулақтай боп тапталдың да аттарға,
Лезде айналып кеттің солай көкпарға.
Отарыңда топ бастайтын дәстүрді
Аманаттап қалдырдың ба лақтарға?!

Қой бастаған қоңыраулы көк серке,
Тарихымды еске салдың ескерте.
Қарап тұрып көкпардағы кейпіңе,
Ойға оралды-ау Алаштағы Көп Серке!

КӨКПАР

Көк көрпе-көгалға көк серке тасталды,
Көн етік батырлар қиқулап бас салды.
Ат тұрмақ, аңның да табаны тимеген
Жапанның түзінде бір сойқан басталды.

Жібермей намысы шеткері қалуға,
Жігіт те, жүйрік те жігерін жануда.
Жалпысы таласты өзді-өзін аямай,
Ақсақал абыздан ақ бата алуға.

Томаға сыпырған қырандай күйге еніп,
Додаға түскенде тұру жоқ именіп.
Көп уақыт өтпей-ақ иуі қанды әбден,
Көп тұяқ астында көк қамыр иленіп.

Кеудеде жаны бар, қазақы қаны бар,
Көкпарда нағыз ер жан беріп жанығар.
Суыр да шыға алмас қамалдай додадан,
Суырып серкені ап шықты жануар.

Бір қамшы салдырмай сабазың сауырға,
Бір сәтте айналып алапат дауылға.
Құйындай құйқылжып, мәрені бетке алды,
Жете алмас жел оған, тоқтатпас тауың да.

Жүйткіген жүйрікке жете алмай жел қалды,
Ұйтқыған желіңе ере алмай ел қалды.
Пейілі онсыз да көл-көсір қазақтың
Қызыққа қанбайтын көңілінде шөл қанды.

Шалқұйрық бойында көбікті тер сасып,
«Шалсақал» бойында топырақ-жер сасып,
Шабандоз бойында Рух, Намыс тең тасып,
Кетті көз ұшында бір құйын белді асып.

Салымды шомбалдың көңілі тым шат-ты,
Қазақтың еріндей көкпарды кім шапты?
Қарагер ат түгіл, қара жер қайысып,
Долданған топырақ Аспанға мұң шақты.

Арғымақ өтті, әне, ойнақтап, ойқастап,
Азамат кетті, әне, шалықтап, той бастап.
«Қазаққа кімде-кім қастандық ойласа,
Көкпардай иленер!» дегендей ой тастап…

Ь
(жіңішкелік белгісі)

Қазағынан биік қойған қалтасын,
Алматыда Әділбегім Адильбек.
Көжесіне қатық қылған малтасын,
Ауылымда Адильбегі Әділбек.
Қазағынан артық көрген билікті,
Астанада Түзелбегім Тузельбек.
Ұнатпайтын ұлтқа қарсы сыйлықты,
Ауылымда Тузельбегі Түзелбек.

Көкбөрінің інін қазып ұңғыған,
Осыдан-ақ аңғарарсыз ел күшін.
Біздің ауыл қазақтары кіл жуан,
Менсінбейтін жіңішкелік белгісін.

ҚАРЫНДАСТАРЫМА

Тұлғасы сымбатты қыз тал қайыңнан!
Бал-шырын тіленбеймін таңдайыңнан.
Өз қанын қорлайтұғын қара емеспін,
Тек қана бір иіскетші маңдайыңнан.

Көңілім қабағыңды еншіледі,
Қабағың көңілімнің болсын емі.
Түлкідей теріс тонды тексіз емен,
Үркімей, қарындасым, келші бері.
Болғанмен олар досы көз жауының,
Мендегі сайтан ойды қозғауы – мұң.
Қазақтың күллі қызы – қарындасым,
Қай қазақ қорлап еді өз бауырын?!

«Қаным» деп шырқырайды шыбын жаным,
Арым деп кісінейді құлын қаным.
Қарындастарымды мен қызғанамын,
Ер түгіл, жел тербесе бұрымдарын.

Болғанда бесіктегі баласы – мен,
Олардың берілмейді бағасы кем.
Қыз көрсем пәс тартамын
Жолыққандай,
Ұлтымның күні ертеңгі анасымен.

Келсе де төніп мейлі «жан аларым»,
Ешқашан кемімейді бағаларың.
Тәу еттім барлығыңның маңдайыңа,
Жасымнан жасы кіші Аналарым!

ШОЛАҚ ҚАСҚЫР

Бәлені басқан аңдамай
Арлан-ай,
Арлан,
Аңғал-ай!
Қарсаққа құрған қақпаным
Қасқырды қапқан жалған-ай.

Қақпан-ай,
Қақпан,
Қақпан-ай!
Бір аңды екі қапқан-ай!
Тартқызған оған қорлығың
Жаныма менің батқаны-ай.

Арлан-ау, сен де мойында,
Бір шындық мәңгі ойымда:
Жылтырақ қуып жоғалтқан
Рухым тұла бойыңда.

Күркіреп Аспан түнерсек,
Қолдады Тәңір тіленсек.
Үйіміз басқа болса да,
Үйірге қосқан бір емшек.

Тағысын жоқтап түз қалып,
Тәніңді кетті-ау мұз қарып.
Өз қақпанымды өзімнен
Ырылдайсың кеп қызғанып.

Қасиет тұтам кегіңді,
Тауысып қайтем деміңді?
Кектенем сенен бес бетер
Тілдесе біреу тегімді.

Көк дауыл едім мен де бір,
Көкжалым едің сен де бір.
Қос аяқпенен шойнаңдап
Өткізер болдың енді өмір.

Рухымды тауып іздеген,
Жібердім қайта түзге мен.
Жүресің енді, қайтесің,
Түлкілер салған ізбенен?!

КЕСІЛДІ…

Қайда онда қарауға құнттап,
Өзім де өмірге аң-таң ем.
Анашым қорада туып қап,
Кіндігім кесілді балтамен.

Самғап бір кетердей Айға анық,
Жел қуып, жарыстым ұшақпен.
Аяққа ала жіп байланып,
Тұсауым кесілді пышақпен.

Мешіттен тым жиі көретін
Молданың алдына жатып ем,
Қол созып жұрт сұрай беретін
Насыбайым кесілді бәкімен.

Қазақтың бір қызы, сірә да,
Ақынын сүйіпті жанымен.
Ақ некем қиылды жұмада
Байырғы шариғат заңымен.

Жонымнан кесіп жеп етімді,
Жорықта алысып жаулармен.
Арман не Махамбет секілді
Басым да кесілсе қанжармен.

ЕРТЕҢ ҚОЛЫМ БОС ЕМЕС

Бір досым: «Ертең кешке қолың
бос болса, би кешіне барайық» дейді

Бозарып бозаң таң атады,
Бір Түннің өткенін Күн айтып.
Еңкейіп Қызыл Нұр батады
Бір күннің біткенін Түн айтып.

Уақытқа сабатам басымды,
Қос қолым жасаған қате үшін…
Ағарған бес-он тал шашымды
Айтады қасқа бас әкешім.

Басқа ешкім жармайды тісін де,
Уақыт жайында жайтқа аса.
Жыл сайын,
Қаңтардың ішінде
Бір туған күнім кеп айтпаса.

Шығарған шығармын шығын көп,
Бәлкім бұл баянсыз бес күнге.
Өндіріп тындырған түгім жоқ,
Бұл жайлы айтпайды ешкім де.

Мерейін Тау қылып әр Сайдың,
Кетсем деп жасап іс мың құтты.
Түсімде жалғаумен шаршаймын
Өңімде бітпеген тірлікті.

Бақыттың дұшпаны, досы емес –
Аяқтау ғұмырды үш нүктемен.
Досыңның қолы ертең бос емес,
Кешегі жұмысым бітпеген…



Принтерден шығару Принтерден шығару