Өзге елдердің тәжірибесін ескеру қажет

Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында төл әліпбиіміздің латын графикасына көшу межесін 2025 жыл деп белгілеп бергені белгілі. Осыған орай қоғамда әртүрлі пікірлердің айтылып жатқаны жасырын емес. Жуырда осы мәселеге арналған Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы болып өтті. Онда латын қарпіне өтудің тиімді жолдары, халықаралық тәжірибелерді пайдалану мәселелері сөз болды.

Отырысқа қатысқан комитет төрайымы Дариға Назарбаева қазақ тіліне орыс тілінен қаншама түрлі сөздерді аударсақ та әлі күнге бір келісім жоқ екенін, осы даудың жүріп жатқанына 20 жылдың жүзі болғанын тілге тиек ете келе, ендігі кезекте латын қарпіне көшуді еркін пікірталасқа айналдырсақ, бұл мәселені әлі 50 жыл талқылауымыз мүмкін екенін атап өтті. Дариға Нұрсұлтанқызы латын қарпіне көшуде жанама дүние ойлап табудың қажеті жоқтығын, бұл маңызды шараны жүзеге асыруда бауырлас Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия, тіпті Молдованың тәжірибелерін ескеру керектігіне назар аударды. Латын қарпіне өтуде аталмыш елдердің тәжірибесі мол екенін және олар өздерінің жетістіктері мен кемшіліктері жайында қуана-қуана бөлісетінін айтты. «Бізге қалғаны солардың тәжірибесін ескеріп, оны біздің жағдайға бейімдеу ғана. Біз баяғыда-ақ бауырлас елдердің тәжірибесін ескере отырып, латынға көшудің кезеңдерін, яғни бағдарламасын әзірлеп жатуға тиіспіз. Алдағы 12 жыл тез-ақ өтеді. Олай болса, күзде тағы бір жиналайық. Үкімет сонда белгілі бір әзірлемелерімен келсін» деді Дариға Назарбаева.
Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл: «Егер біз латын графикасына көшеміз деп нақтылы шешім қабылдасақ, онда сол латын әліпбиіне дайындықты осы бастан бастауымыз керек. Неге десеңіздер, 2025 жылға дейін біз өзіміздің әдеби-ғылыми мұраларымызды латын қарпіне түсіріп қоюымыз қажет. Бұлай істемейтін болсақ, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстан секілді елдердің латын графикасына көшу кезіндегі қателіктерін қайталайтын боламыз» дей келе, әрі қарай латын қарпіне көшуге байланысты материалдық-техникалық базаны қалыптастыру, әдістемелер мен оқулықтар әзірлеу, ұстаздар даярлау мәселелеріне арнайы тоқталды.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Мырзаберген Малбақов бүгінгі күні қоғамда «латын қарпіне тек қазақ мектептері ғана ауысады екен» деген пікірге байланысты былай деп жауап берді: «Қазақстан түгел көше ме, әлде тек таза қазақтар көше ме?» деген мәселені саяси жағынан қойып жатқандар да бар. Бұған былай деп жауап беру керек: мемлекеттік тіл ғана көшеді латын графикасына! Ең дұрыс жауап – осы. Алда жүрген локомотив секілді мемлекеттік тіл ғана өтеді, басқалары бірте-бірте көшуі де ықтимал. Бірақ ол кейінгі мәселе».
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев латын әліпбиінің жүздеген нұсқасының ішінен тек оншақтысын ғана іріктеп алып, солардың ішінен ең тиімдісін таңдау мәселесіне тоқталды. «Жаңа әліпбиде автор болмауы керек» деген ұсынысын алға тартты. «Өйткені әліпби – мемлекеттік. Бәріміз араласып жатқаннан соң, ол барша қазақстандықтың жалпы, ортақ әліпбиі болуы қажет» деді К.Құрманәлиев.
Бүгінгі әлемде жүріп жатқан жаһандану үрдісі кезеңінде қоғамның латынға көшуі аса қажет екені сөзсіз. Сондықтан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан әр институт немесе ғалым өз жағына тартқылай бергенше 2014 жылға дейін латын әліпбиінің бір нұсқасын қабылдауымыз керектігін атап өтті.

Бейбітгүл ИСАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.