Қазақ тілін жаңғырта дамытудың басым бағыттары

12-сәуір – ғылым күні. Бүгінде еліміз ғылым саласында айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Бұл орайда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – мемлекеттік тілдің ғылыми негіздерін зерттеп, оны дамытумен ұдайы айналысып отырған ғылыми мекеме екені көпшілікке белгілі. Тілді зерттеуді әлемдік тіл білімінің бағыт-бағдарына, әлемдегі жаңаша ізденістерге, жаңа стандарттарға сәйкес жүргізуді мақсат еткенмен, біздің басты мұратымыз – мемлекеттік тілдің ғылыми мәселелерін зерделеу болмақ. Институтта жасалатын ғылыми зерттеулердің басты айырмашылығы – олардың бұрыннан қалыптасқан академиялық стильде жазылуы. Институтта жұмыс жасайтын ғалымдар, әсіресе аға буынға жататын ұрпақтың өкілдері ғылыми зерттеме жүргізудің академиялық дәстүрін жалғастырып келеді. Ғылыми зерттеу ғалымның қандай ғылыми мектептің өкілі болуына, қандай ұлт пен ұлыстың перзенті болуына, сондай-ақ бұлардан өзге де түрлі жағдайларға байланысты туын­дайтын субъективтік көзқарастардан ада болып, барынша объективті түрде жүргізіледі.

Институт ғалымдары та­ра­пынан тіл біліміндегі жаңа бағыттар бойынша, тіл бі­лімі ғылымының жекелеген салалары бойынша, сондай-ақ мемлекетіміздің қажеттіліктеріне байланысты туындаған жаңа сұраныстарға жауап ретінде жазылған монографиялық еңбектер жыл сайын жарыққа шығып жатыр. Олар­дың бәрі де қазақ тілін заман талапта­рына сай дамытып отыру мақсатына қызмет етеді. Осы еңбектерді тұтас институт көлемінде атқарылып жатқан зерттемелер жүйесінде қарастыратын болсақ, қазақ тіл білімінде соңғы жылдары жаңғыртыла дамытылып отырған басым бағыттар санатында мемлекеттік тілдің грамматикасын, сөздігін, оқулығы мен жазу-сызуын атауға болады.
Жалпы тілдік зерттемелерде грам­матика мен сөздіктің орны ерекше. Грамматика тілдің сан ғасырлық жүйесі мен құрылымын, қолданым ерек­шеліктерін айғақтайтын болса, сөздік тілдің сан ғасырлық сөз қорын түгендей оты­рып, қазіргі тілдегі сөз құрамын да зерт­тейді. Қазақ тілінің лингвоцентрис­тік тұрғыдан жазылған дәстүрлі құры­лым­дық грамматикасын институт ғалым­дары XXI ғасыр жаңа басталған кезде, 2002 жылы жарыққа шығарған болатын. Ол еңбекте қазақ грамматикасындағы дәстүрлі құрылымдық салалардағы жаңа­лықтармен қатар соңғы онжылдықта жақсы дамыған сөзжасам, морфо­нология, интонология тәрізді жаңа салалардың жағдайы зерделенген болатын. Содан бері біраз уақыт өтті. Тілге деген зерттеушілік көзқарас өзгерді. Зерттеу парадигмасы өзгерді. Ендігі зерттеулерде тілді адамның ішкі табиғатынан өсіп шығатын рухани құндылық ретінде, адамның қарым-қатынаста қолданатын құралы ретінде антропоцентристік көзқарас тұрғысынан қарастыру орын алып отыр. Осы талап тұрғысынан орындалған зерттеулердің бірі – «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы». Бұл еңбек екі том болып 2010-11 жылдары жарыққа шықты. Тілдің қолданыстағы жалпы қоғамдық кеңістік пен уақыт ішіндегі қолданымдық қызметі, қолданыс ерекшеліктері айқындалды. Грамматикалық категориялардың тілдік жүйедегі орны нақтыланып, олардың танымдық табиғаты зерделенді. Тілдегі нормативті құбылыстармен қатар нормаға қайшы келетін, бірақ тілдік тәжірибеде бар дағдылы қолданымдардың (узус) да типологиялық сипаттамасы жасалды.
Қазақ тілінің өткен ғасырдың соңғы ширегінде, 1974-86 жылдары жарық көрген он томдық түсіндірме сөздігі бүкіл түркі әлемінде теңдесі жоқ туынды болған еді. Содан бері өткен ширек ғасырдан астам уақыт аралығында елде, қоғам өмірінде үлкен өзгерістер орын алды. Еліміз Егемен мемлекет болды. Бұрын­ғы кезде саяси себептермен сөздікке алынбаған лексикалық қабаттарды, діни лексикаға кіретін сөздер тобын, Алаш қайраткерлері еңбектерінде келтірілген сөз құрамын, т.б. лексикалық бірліктерді қамту мүмкіндігі, соңғы 25-30 жылда тілімізге енген жаңа сөздерді қамту мүмкіндігі туды. Оның үстіне, бұрынғы он томдық сөздік дәстүрлі құрылымдық тіл білімі қағидаттары негізінде түзілген лингвоцентристік бағдарлы туынды болатын. Қазақ тіл білімінде соңғы 20-30 жылда орын алған лингвоконцептологиялық көзқарас­тар тұрғысынан, этнолингвистика­лық және лингвомәдениеттанымдық зерттемелердің нәтижелерін пай­далана отырып, сөздің дәстүрлі лек­сикалық мағынасының арғы жа­ғындағы сөзтанымдық, елтанымдық, мәдениеттанымдық құндылықтарды ашатын әмбебап сөздік түрін жа­сауға қажеттілік туындады. Осы талап тұрғысынан жасалған жұмыс өз нәтижесін берді. 2011 жылы түркі әлемінде теңдесі жоқ тағы бір лексикографиялық туын­ды дүниеге келді. Ол – қазақ тілінің он бес томдық тү­сіндірме сөздігі. Түркі тілдерінің арасында көлемі жағынан екінші орында тұрған туынды – өзбек тілінің бес томдық түсіндірме сөздігі екендігін ескерер болсақ, қазақтың сөздік жасаушы ғалымдарының өз саласында еселі еңбек еткендіктерін байқау қиын емес. Қазіргі кезеңде тілді үйрену үшін қазақ сөзіндегі тілтанымдық, елтанымдық, мәдениеттанымдық құндылықтарды білудің қажеттілігі айқындалып отыр. Демек, он бес томдық сөздіктің қазақ тілін жаңғырта дамытумен бірге, оны сапалы оқып-үйрену ісінде де аса қажетті еңбек болып отырғаны даусыз. Үстіміздегі жылы қалың көпшілік оқырманның талаптарын ескере отырып, жалпылама қолданымға арналған екі сөздікті құрастыруды бастадық. Олар – қазақ тілінің түзетілген, толықтырылған орфографиялық сөздігінің жаңа басылымы және қазақ тілінің бір томдық түсіндірме сөздігі. Бір томдық түсіндірме сөздікті жүз мың сөзді қамтитын, ұлт тілінің үлкен сөздігі ретінде шығаруды жоспарлап отырмыз.
Тілді жаңғырта дамыту ісі сапалы сөздік түзумен тәмамдалмайды. Тіл са­ласында жүргізілген сапалы зертте­мелердің негізінде жазылатын жақсы оқу құралдары қажет. Қазіргі кезеңде қазақ тілі бойынша түрлі авторлардың қаламынан шыққан оқу құралдары пайдаланылып келеді. Олардың арасында ой-пікір қайшылығы орын алатын жағдайлар да кездесіп қалады. Сол себепті қазақ тіл біліміндегі соңғы жаңалықтарды зерделей отырып, академиялық стильде жазылатын көптомдық еңбектің қажеттілігі айқындалып отыр. Осы талап тұрғысынан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұжымы үстіміздегі жылдан бастап «Ғылыми қазына» бағдарламасы аясында «Қазіргі қазақ тілі» атты бес томдық еңбек жазуға кірісті. Бұл да заман талабынан туындап отырған, қазақ тілін жаңғырта дамытуға қызмет жасайтын туынды болмақшы.
Соңғы жылдары қазақ тілінің жазу-сызуы мәселесіне, әсіресе орфографияға қатысты біраз сын айтылып келеді. Дәл осындай әңгімелер терминологияға қатысты да айтылып жүрген болатын. Енді, міне, мемлекеттік тілдің жазуын латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылдануына байланысты, әліпбиді өзгертумен бірге жоғарыда аталған мәселелерді оңтайлы шешіп алуға, негізгі түркі тілдеріне ортақ қаріптерді таңдау жолымен ұқсас әліпби жасауға, кірме терминдерді қабылдаудың ортақ жүйесіне көшу арқылы ортақ түркілік терминологиялық қор жасауға тарихи мүмкіндік туып отыр. Себебі жаңа әліпбиді қабылдау ісі осы негізде жаңа орфографиялық ережелерді жасаумен, ғылым мен техника салаларындағы кірме терминдерді қабылдаудың және қай саладағы терминдерді қай тілден қабылдаудың жөн-жосығын ай­қындаумен, оның жаңаша тәртібін ен­гізумен, жаңадан орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме, аударма, терминологиялық сөздіктер түзумен, басқа да лингвистикалық іс-шаралар жүйесімен бірге атқарылады. Сондықтан тұтас әліпбиді өзгерту ісінің бүкілтілдік жүйе мен құрылымға өзгеріс әкелері даусыз. Бәрі де өзгереді. Тілдік жүйеде бір қаріпті өзгертудің өзі үлкен өзгерістерге алып келеді. Бір ғана әріпті қабылдауда жасалған қателіктің тілге тигізетін зияны орасан зор. Демек, «әліпбиді өзгерту дегеніміз автоматты түрде жүзеге асырылатын іс, оның түк те қиындығы жоқ» деп жүрген азаматтардың қателесіп отырғаны анық.
Қазіргі кезде осы бағытта ат­қарылатын іс-шаралардың тізбесі жасалды. Дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазақ жазуын жаңа ұлттық әліпбиге көшірудің ғылыми негіздерін зерттеу бағдарламасы ұсынылып, жаңа әліпби нұсқасын айқындау мақсатында Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ұйғарымымен лингвистикалық комис­сия құрылды. Оның құрамына түркі елдерінен маман тілші-ғалымдар алын­ды. Латын графикасына көшу мәселесі бойынша жарияланған ғылыми еңбек­тер мен ұсынылған жобаларға ғылы­ми талдау жасалуда. Латын графикасына негізделген ұлттық әліпби жасауда Қазақстан ғалымдары үлкен талап үдесінен шығып, озық білім мен біліктің үлгісін көрсететініне сенімдіміз.

Мырзаберген МАЛБАҚҰЛЫ,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының директоры,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Жанар

    Мұның бәрі бұрын жасалған жұмыстар ғой. Сіз бастайтын жаңалықтар қайда

  2. Мен ғой

    Көке, тың дүниемен неге айналыспайсыздар? Мысалы, неге шет тілі — қазақша сөздіктер жасамайсыздар, шет тілін қаз. тілдіге тікелей үйрететін оқулықтар жазбайсыздар?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.