Ақынды менсінбеді…

Қазақтың белгілі ақыны Бақыткерей Ысқақ Қостанай облысының тумасы. 1967 жылға дейін Аманкелді, Арқалық аудандарында мектепте оқып, мектептен кейін ауылда еңбек еткен. Мектеп қабырғасында жүрген кезде-ақ өлеңдері жергілікті республикалық газеттерде жарық көре бастады. Бақыткерейдің әкесі Зәйке мен анасы Нұржамал сол аудандарда еселі еңбек еткен жандар. Бақыткерей 1967 жылы оқуға түсу үшін Алматыға келді. 1968 жылы жоғары оқу орнына түсіп, 1972 жылы оқу бітіріп, арманы ақын болу болғандықтан Алматыда өмір кешті. 2010 жылы қаңтарда дүниеден өтті. Бақыткерей өз өлеңінде:
…Мақтанам – Алматыда өсіп-өндім,
Ешкімнің жегенім жоқ несібесін.
Ақындар Елде туып,
Осында өлген,
Туған Жер, бір балаңа өкінбессің, – деп жазып еді.
Иә, Бақыткерей туған өңірге жиі бара алмаған еді. Солай болса да оның өлең-жырлары бүкіл республикаға, Қостанай, Торғай өңірінің жыр сүйер қауымына жақсы таныс. Осы өңірден оның атына жыр құмар жастар хат жазып, өзімен кездесуге де келіп жататын. Ақын жырлары деген тек өз ауылына ғана емес, бүкіл елге ортақ қазына екені айтпасақ та түсінікті.
Сондықтан да белгілі қаламгерлер өмірден озғаннан кейін оның еңбектерін насихаттап, жастарға өнеге ету үшін өздері туған өңірден де есімін есте қалдыру шаралары жасалады. Бір топ ақын-жазушылардың қолдауымен Бақыткерей Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болғандықтан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай қол қойып, Аманкелді ауданының әкімі Ж.Тәукенов мырзаға Үрпек (Иманов) ауылындағы Бақыткерей оқыған «Жаңа ауыл» орта мектебіне есімін беруді сұрап ұсыныс хат жолдаған еді. Хатқа жауап келді. Хатты алғанда біздер өте қайран қалдық. Жауап хатта О.Жанбосынов деген шенеунік әкімнің орнына былай деп жазыпты: «…Не үшін мектеп атын береміз? Осы елге қызмет жасаған азаматтар бар емес пе?! Олардың ұрпақтары елге көмек көрсетіп жатыр. Ауылдан бес герой, Жоғары Кеңестің екі депутаты, КПСС съезінің делегаттары, белгілі ұстаздар шыққан. Беретін болса, олардың есімдерін неге бермеске? Мен Жазушылар одағының ұсынысына қарсымын, қолдамаймын».
Ал Бақыткерейге сол мектепті сұрап отырғанымыз, ол Аманкелді селосы әкімінің 1995 жылғы 19-маусымдағы №4 қаулысымен Аманкелді селосының «Құрметті азаматы» деген куәлік табыс етілген болатын. Осы мәртебені негізге алып отырмыз. Мен бәрінен де ақынын құрметтемейтін әкімге қайран қалып отырмын. Басқа өңірлерде қалам ұстағандар өте көп. Солардың бәріне де құрмет көрсетіліп жатады. Құлағымыз түрік, көзіміз, көкірегіміз ашық, бәрін біліп отырмыз. Алматыда дүниеден өткен ақындарға туып-өскен өңірінен азаматтар келіп, жаназаға қатысып, ауылдарының мәртебелерін өсіріп кетеді. Оны жұрт аңыз етіп айтып жүреді. Ал Бақыткерей де көптеген жыр жинақтарын шығарып, жыр сүйер қауымның құрметіне бөленген, оның ақындық таланты туралы баспасөзде танымал қаламгерлердің де пікірлері жарияланған. Онымен дос болған, қаламдас болған, жырларын жоғары бағалаған Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, Иран Ғайып, Ұлықбек Есдәулет секілді әйгілі ақындар да аз емес.
Осы мақаламды түйіндей келе, тағы да Бақыткерейдің өлең шумағымен аяқтағым келеді.
…Көктем келер,
Бассадағы жерді күз.
Байлығы ассын,
Ақыны жоқ ел – гүлсіз.
Әкімге айтарым: оның туған ауылы жырсыз да, гүлсіз де емес. Бақыткерей секілді елге танымал ақынды өсіріп шығарған ауыл емес пе. Мектеп атын бермей-ақ қойыңыздар, артында қалған ұрпағы, қалың оқырманы оның есімін ардақ тұтатыны күмәнсіз. Бақыткерейдің өмірін жалғап жүрген ұрпағы бар. Ұл да бар, қыз да бар, немере мен шөбере де бар. Еліміздің түкпір-түкпірінде де, өзінің туып-өскен ауылында да оның жырларын сүйіп оқитын оқырманы бар! Сондықтан ақынды менсінбей, қастерлі есімін қорламаңыз, әкім мырза!

Жанар Ысқақ,
Бақыткерейдің жары

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.