«Бірі – гүл, бірі – жұпар…»

«Бозжігіт» дастанының қазақ арасындағы ең көне нұсқасы 1842 жылы жазылып алынып, 1870 жылы В.В.Радлов жинағында жарияланған. 1911 жылы қиссашыл ақын Ақылбек Сабалұлы «Бозжігіт» жырын өңдеп, Қазан қаласында қайта бастырған. Жырдың қолжазба нұсқалары мен басылымдары Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Алматы қалаларының кітапхана қорларында сақтаулы. Ескі қолжазбаның бір нұсқасы Британия музейінде сақталған. Халық ақыны И.Жылқайдаров «Бозжігіт» жырының сюжетіне 1940 жылы поэма жазған. Оның қолжазбасы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қорында сақтаулы.

Ерте замандардан бері ел арасында кең таралған «Бозжігіт» дастанында оқиғаның екі қаһарманы Бозжігіт пен Қарашаштың мөлдір махаббаты, сезімдерінің пәктігі мен ғажайыптылығы өте әсерлі беріледі. Уақыт өте келе олардың махаббаты, оқиғаның кейбір эпизод, детальдары ұмытылса да олардың махаббат өлеңдері, монолог, диалогтары кейінгі ұрпаққа жеткен. Сондай-ақ екі ғашықтың және олардың айналасындағы дос, дұшпандарының түрлі жағдайларда айтқан көрісу, амандасу, қоштасу, жар-жар өлеңдері мен естірту, көңіл айту, жоқтаулардың баға жетпес үлгілері халық арасында сақталған. Бір қызығы дастанда қыздың да, жігіттің де есімдері таза қазақи, алайда олардың тұрған қаласының аты аталмайды. Дастанда Бозжігіт пен Қарашаш бір-бірін түсінде көріп ғашық болады. Екі жастың махаббаты, ыстық та нәзік, жарқын сезімдері лирикалық ғазалдарынан айқын көрініс табады.
Мен жолыңа ынтызар,
Пейілің болса іздеп бар.
Бустан шәрдің бұлбұлы,
Сарай жердің бір гүлі.
Дария кешіп, тауды өтсең,
Бізді іздеп табарсың.
Біз – дарияның кеукері,
Бір болармыз жауһары.
Алтын-күміс қолға алып,
Бізді іздесең табарсың.
Түсінде осылай деп сөйлеп маза бермеген соң Бозжігіт сұлу қызды іздеуге шығады, дария кешіп, тау өтіп жүріп осы жолда көп қиындық көреді. Бозжігіт серіктерімен маймұндар тұтқынында үш жыл болады. Ақыры зынданнан қашып шығып, жол-жөнекей кездескен керуендерге ілесе жүріп, бір шәріге келіп кірсе, көше бойында жүрген бір топ қыздарды көреді.
Батыр ердей жүрісі,
Патша ұлындай тұрысы.
Көрген түстің түрі осы,
Бүгін келген болмасын.
Барып хабар алыңдар,
Жүзін қарап көріңдер.
Қайғы-мұңын сұраңдар,
Жар іздеуші болмасын, – деп Қарашаш қасындағы нөкерлеріне сыбырлайды. Соңында бет-пердесін шешкен кезде қызды Бозжігіт бірден таниды.
Бірі – хан-дүр, бірі – ханша,
Жар болыпсың, жар-жар!
Бірі – тоты, бірі – бұлбұл,
Жар болыпсың, жар-жар.
Бірі – гауһар, бірі – жақұт,
Жарасып тұр жар-жар.
Бірі – ай-дүр, бірі – күн-дүр,
Қайғырмаңыз жар-жар.
Бірі – гүл, бірі – жұпар,
Қош болыпсың, жар-жар.
Қырыққыз уыстап алтын-күміс, меруерт пен маржаннан шашу шашады. Олар ойнап-күліп, жар-жар айтып, мәз-мейрам болып жүрген сәтте падишаның бір күңі барлық жағдайды естіп біліп алады да, ханға барып көргендерін айтып береді. Осыдан кейін хан ашуланып, Бозжігітті өлтіру туралы баршаға жар салады. Өйткені қыздың әкесі қызын Зейтун деген көршілес ханның баласына беруге уағдаласқан екен. Ашықтан-ашық, себепсіз жігітті өлтіре алмайтынын білген соң, «Той жасаймыз» деп хан билері арқылы хабар таратады. Нәтижесінде шақырып алдыртқан Бозжігітке арақ беріп мас қылады. Түн ішіндегі айқайдан Қарашаш бір сұмдықтың болғанын сезе қояды. Қырық қызды қасына ертіп жарын іздеп шығады. Бір жерге келсе той тойлап жатыр екен. Сол үйдің әйнегінен (терезесінен) үңіліп қарап жыр төгеді.
Түйе келіп боздайды,
Ботасы оның жоқ па екен?!
Бота көзді Бозжігіт,
Бұл ойында жоқ шығар.
Қойлар келіп маңырайды,
Озысы үшін аңырайды.
Бейшараның қозысы,
Бұл ойында жоқ па екен?
Жылқы келіп кісінейді,
Құлыным деп іздейді.
Бейшараның құлыны,
Бұл ойында жоқ па екен?
Яғни бүкіл шумақтардың өн бойынан көркем бейнелер жүйесі семантикалық мағынасы жағынан халқымыздың төрт түлік малдың образдарына негізделген. Түйе мен жылқы образы күш-қуаттың, жан тәнімен берілгендіктің белгісіне айналған. Ал төрт түлік халық поэзиясында ырыс пен берекені білдіреді.
Бозжігіттің тұлғасы,
Жараланғанға ұқсайды.
Дүниенің дәулеті,
Тұл қалғанға ұқсайды.
Қарашаш осылай деп зар-мұңын төгеді. Бозжігіттің мерт болғанын біледі.
Сондай-ақ Қарашаш аң аулай кеткен әкесінің жасаған зұлымдығына да өлеңдетіп үн қатады.
Күйеу қылған Зейтунның,
Сыртын алтын қылсаң да,
Ішін күміс қылсаң да,
Өз жарыңдай болмас ол.
Алтынға жүнін боясаң,
Қарға сұңқар болар ма?
Қанатына қар жақсаң,
Сұңқар қарға болар ма?
Балаң көңілі қалған-ды,
Арбасаң да болмас ол.
Сүйектерім сынған соң,
Сыласаң да болмас ол.
Басым жерге тиген соң,
Көтерсең де болмас ол.
Көңіл құстай ұшқан соң,
Қайтып қолға қонбас ол.
Осылайша Қарашаш өзі сүйген Бозжігітке бөтен жанды теңгермейді. Тіптен Бозжігіттің сүйегін де алтынды үйге бермейтінін ашық мәлімдейді. Жарым өлген соң өмірдің еш мәні жоқ деп қайғырады, жоқтау айтып зарланады.
Кеудең қанға былғанып,
Аяқ-қолың шыланып,
Кебінің жоқ, көрің жоқ,
Жерде жатар ер ме едің?!
Қарақаттай көздерің,
Қызыл гүлдей жүздерің,
Балдай тәтті сөздерің,
Бір көруге зар болдым.
Алыс жолға кетіпсің,
Зар қылсам да білмессің.
Осыдан кейін үйінен алтын-күміс алып, 120 құлды жұмсап, Бозжігітке там тұрғызады. Тамның есігін ішінен бекітеді де, өз ішіне өзі пышақ ұрып Қарашаш көз жұмады. Халық тамның есігін бұзып кіргенде ғашықтардың құшақтасқан күйде өліп жатқанын көреді. Ал тірлігінде қызын сүймеген адамына беруді ойластырған әкесі алтын мола сыртынан тағы бір там тұрғызуға ғана шамасы жетеді. Иә, өз тағдырын өзі шешуге ұмтылған Қарашаш қыз сүйіспеншілік жолында жанын пида етті. Кейіпкердің ішкі жан дүниесінде болған асыл сезімдер жоғары адами қасиеттерді ашуға көмектесті. Әсіресе жырда өлер алдындағы Қарашаштың құрбыларымен, аяулы анасымен қоштасуы өте сәтті берілген. Күні бүгінге дейін айтылып жүрген «Сейпілмәлік – Жамалдай, бір молада өлсем-ау» дейтін жыр жолдары Бозжігіт пен Қарашаштың ынтық сезімдерін оқып отырған кезде еріксіз ойға оралады екен. Махаббатқа адалдық, сүйіспеншіліктің құдіреттілігі үлкен сынақ. Ал осы сыннан сүрінбей өткендер ғана ел есінде қала берері хақ.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Жанат

    Нурлан агай, сиз жариялайтын жазбаларыныздын барлыгында «Бабалар сози» жузтомдыгын пайдаланасыз. Сол жузтомдыкты курастырушылардын енбегин ескерип, ен болмаса китапка силтеме жасамас па екенсиз? Журналистиканын этикасын ескериниз.

  2. Бізден

    Нурлан Кумар мырза!!! Сиздин осы уакытка дейин жариялап келе жаткан макала матиндери бизге оте таныс. Себеби, биз озинизге малим «Мадени мура» Мемлекеттик багдарламасынын бири «Бабалар сози» жузтомдыгымен айналысып отырмыз. Сиз жариялаган макалалар осы атап откен «Бабалар созинде» жарияланган. Неге сизге биздин кызметкерлердин енбегин багалап макаланызга силтеме жасамаска?!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.