Үшқұдық атауында не сыр бар?

Қазақтың кең-байтақ даласында үш санымен келетін жер атаулары (топонимдер) көптеп кездеседі. Мәселен, Үшарал (қала), Үшбұлақ (өзен), Үшаша (ауыл), Үшқоңыр (ауыл), Үштау(тау), Үшқара(тау), Үшкөл (көл), т.б.
Профессор Т.Жанұзақ жер-су атаулар құрамындағы «үш» санына қатысты мынадай пікір айтады: «Бұл тәрізді жер-су аттарының нақтылы сандық мағынаны білдіріп тұрғаны даусыз. Өйткені жер-су аттары өмірдегі құбылыстың нақты ұғымына сай қойылады да, ұзақ жылдар бойы өзгеріске ұшырамайды. Сөйтіп, тұрақты келеді де, көбіне нақты ұғым мен мәнге ие болады» (1,118).
Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтары үшін тіршілік нәрі саналатын су көздері аса маңызды. Мал шаруашылығымен айналысатын қазақ үшін судың маңыздылығы тіпті арта түседі: тіршілік етумен қатар малды суаруға да біраз су мөлшері қажет. Суы аз, қуаң жерлерде мал-жан басын шөлден аман алып қалу үшін көбіне құдық қазылатын болған. Құдық қазу барысында оның аз уақыттан кейін сарқылмау жағы да ескеріліп отырған. Ол үшін жерасты су көздерінің бір-біріне ұласып, толықтырылуы көзделген.
Еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде құдық атаулары (микро­гидро­нимдер) жүздеп саналады. Солардың бірі Үшқұдық атауының нақты санға қатысты қойылғанын аңғаруға болады. Үшқұдық гидронимінің аталымында және оның семантикалық аясында біраз этномәдени ақпарат, халық өміріне қатысты деректер жатыр. Нақтырақ айтқанда, үш құдық қатар, астыңғы су қоймасы бар қабаты бір-бірімен байланысып жататындай етіп қазылады. Оның суы мал суаратын науаға құйылады, ал бірінің суы сарқылғанда, екіншісінің суы жер асты арқылы толтырылып тұрады. Өйткені мал басының санына қарай бір құдық суы жетпеуі мүмкін. Бұны құдық қазудың халықтық технологиясы, озық тәжірибесі деуге болады. Сондықтан кейде үш-бес құдық қатар қазылады, олардың сулары жер бетіне жақын болады, бірінің суы сарқылғанда мал екінші, үшінші құдықтан суарылады. Соған орай тілімізде Қосқұдық, Үшқұдық, Төртқұдық атаулары сақталған.
Бұдан өзге тіліміздегі Балқұдық, Тұщықұдық атаулары су дәмінің сапасын білдіруден туындаған. Мұндай сулар ішуге де, малды, егінді суаруға жарамды болған.

Әдебиет:
Жанұзақ Т. Сан есімнен жасалған жалқы есімдер// Қазақ ономастикасы.- І том.- Астана, 2006.

Жанат Исаева,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.