Киіз үйдегі көрме

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология, этнология және музеология кафедрасы мен Алматы қаласы тарихының мұражайы бірлесіп университет аумағында жылжымалы көрме ұйымдастырды. Жылжымалы көрме қазақтың дәстүрлі мәдениетіне, оның ішінде материалдық мәдениетіне арналды. Шараның негізгі мақсаты  – тарих ғылымына ден қойған студенттердің теориялық білімдерін практикалық тәжірибемен ұштастыру болған еді. Ғылыми қызметкерлер тарапынан қазақ этнографиясына қатысты фотокөрме де ұйымдастырылған болатын. 

Жылжымалы көрменің бір ерекшелігі – ол киіз үй ішінде өткізілді. Осының өзі негізгі идеясын айшықтап тұрғандай. Көрмеге қазақ халқының төл мәдениетін паш ететін сан алуан заттар кешені ұсынылып, онда қазақтың мал шаруашылығында, өнері мен мәдениетінде, күнделікті тұрмысында пайдаланылатын жүздеген бұйымдар топтастырылған. Қазақтың зергерлік өнерін көрсететін бөлімде алуан түрлі сақина, білезік, жүзік, өңіржиек, алқа, сырға, шолпы секілді ұлттық зергерлік туындыларды тамашалауға мүмкіндік жасалған. Олар келушілерді алуан түрлі әшекейлерімен, жасалу шеберлігімен тәнті еткені сөзсіз. Сонымен қатар аталмыш кешеннің жанына қазақ ұсталары мен зергерлері пайдаланған құрал-жабдықтар (көрік, балға, балта, біз, істік, т.б.) орналастырылыпты. Ал мал шаруашылығына қатысты бөлімде ер, жүген, ноқта, дорба, кісен, мұрындық, қазық, шылбыр, қыл арқан, қайыс тартпа, қамшы секілді бұйымдардың бірнеше түрлері көрсетілген. Әскери өнерде, сондай-ақ саятшылықта пайдаланылатын қару-жарақ түрлері (семсер, қалқан, сауыт, дойыр қамшы, шоқпар, дулыға, садақ, жебе, қанжар, т.б.) мен аңшылық құралдар да (қақпан, томаға, бау, кісе белбеу, тұғыр, биялай, т.б.) көрменің ажарын аша түскені сөзсіз. Қазақтың күнделікті тұрмысында, әсіресе үй шаруасында қолданылатын ыдыс-аяқтар (қазан, күбі, келсап, үштаған, тостаған, кесе, тостақ, ожау, саба, торсық, көнек, шәугім, астауша, пышақ, кездік, т.б.), ұлттық аспаптар (домбыра, жетіген, сазсырнай, дауылпаз, қобыз, т.б.) ұлттық киім-кешектер (бөрік, тымақ, кимешек, сәукеле, тон, ішік, шапан, қамзол, етік, т.б.) мен киіз үй жабдықтары (кебеже, сандық, сандықша, киімілгіш, майшам, көрпе-төсек, жастық, құрақ көрпе, т.б.) да жеке-жеке орналастырылып, ұлттық нақышқа сай безендірілген. Жылжымалы көрмеге қойылған заттар кешені қазақ халқының материалдық және рухани дүниесін жан-жақты таныстырып, таныта түскендей болды. Мұның дәлелі көрмені тамашалауға келген халықтың беріп жатқан оң бағасы. Білім жолында жүрген жастар үшін де көрменің маңыздылығы ерекше болғаны сөзсіз.
Жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеуде мұражайдың алар орны бөлек. Сондықтан жылжымалы көрмелерді өткізуге осы салаға қатысты министрлік тарапынан қамқорлық көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді. Мұның ғылым дамуына да ықпалын тигізетін, өскелең ұрпақтың ғылымға қызығушылығын оятатын шараның бір бөлігі ретінде де бағаланары сөзсіз. Сайып келгенде, Қазақстандағы мұражай ісінің дамуына тың серпін берілуі қажет.

Досбол Байгунаков,
тарих ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.