Астананың дамуы айрықша назарда

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астана қаласын одан әрі дамыту жөніндегі жиын өтті. Отырыс басталмас бұрын Елбасы қала құрылысы саласындағы, жол инфрақұрылымы және қалалық шаруашылықты жетілдірудің маңызды жобалары бойынша әзірленген стендтермен танысты.

«Астананың дамуы әруақытта мемлекеттің назарында, менің назарымда» деп сөз бастаған Елбасы одан әрі бас қаланың он бес жылдағы даму жағдайына ойысты. Елордамыз ауысқалы бері жалпы өнім 90 есе, өнеркәсіп 13 есе, тартылған инвестициялар көлемі 32 есеге өсіпті. Он бес жылда қалада жалпы көлемі 11,5 млн. шаршы метр үй салынып, орташа жалақы он бес есе көтерілген. Бұл жалақы 10 мың теңгеден 148 мың теңгеге дейін көтерілгенін көрсетеді. Ал бюджетке түскен түсім көлемі 1998 жылмен салыстырғанда 20 есеге артып, өткен жылы ол 640 миллиард теңгеге жеткен. Әлеуметтік сала да айтарлықтай дамып, осы жылдар ішінде балабақшалар саны 3 есеге артып, мектептер 44-тен 82-ге дейін көбейген. Қазір тағы 25 білім ошағы салынуда. Денсаулық сақтау саласы бойынша да ірі орталықтар бой көтеріп, Астананың ғажайып мәдени нысандары да бірге көбейіп келеді. Қала халқының орташа жасы 72-ге жетті. Осылайша артта қалған он бес жылға қысқаша шолу жасаған Елбасы күн тәртібіндегі мәселелерге көшті.
Бас қаланың даму қарқыны туралы қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасады. Ол өз сөзінде сәулеті мен дәулеті артып келе жатқан бас шаһардың бүгінгі мәселесін шешіп, бары мен жоғын қадағалау үшін келелі кеңестер өткізудің маңызы зор екенін айта келіп, он бес жыл ішінде қаланың жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. Сондай-ақ әлі күнге күрмеуі шешілмеген мәселелердің де түйінін тарқатты.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жұмыстары туралы Үкімет басшысы Серік Ахметов баяндады. Баяндамалардан соң сөз тізгінін алған Мемлекет басшысы көп мәселеге көңілі толмайтындығын аңғартты. Қаланың дамуында үлкен жетістіктер болғанымен, оған қуануды қоя тұрған абзал екендігін жеткізді. Өйткені қала одан да гүлдене түсуі қажет. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы қаланың сәулет және қала құрылыс жұмыстарын алдымен ауызға алды. Соңғы үш жылда бас қаладағы көпқабатты үйлердің дені Алматы ауданында салынудың нәтижесінде 16 қабаттан биік үйлер осы ауданда бой көтере бастаған. 365 мың тұрғыны бар бұл аудандағы көшелер мен аулалар машинаға лық толы. Бұл жайт ойландырады. Шағын саябақтар жетіспейді. Елбасы бұдан бұрын берген тапсырмаларында жаңа үй салу барысында міндетті түрде көлікке арналған орын  қарастырылу керектігін айтқан болатын. Алайда соңғы 3 жылдың ішінде бой көтерген 41 мың пәтерге тек 3,5 мың көлік орны салыныпты. Бұл ретте Елбасы қала әкімінің орынбасарына ескерту жасап, Бас прокуратураға бұл фактілерді тексеруді тапсырды.
Елбасы қаланың сәулет құрылысын сөз еткенде, ғимараттар халық санын көбейту үшін емес, керісінше астаналықтардың жағдайын жақсарту үшін салынатынын мәлімдеді. Соңғы кезде салынып жатқан тұрғын үйлер мен ғимараттардың сәулеті сын көтермейтінін айтты. «…Әрбір үйдің сыртқы келбеті тамаша архитектураға әрі сапаға негізделу керек. Сонда ғана үй салуға рұқсат беріп, жер бөлуге болады» деді Мемлекет басшысы. Қаланың сәулетін бұзып тұрған «Базис-А» құрылыс ком­паниясының құрылыс нысанын мысалға келтіріп, ком­панияның басшысына сын айтты.
Бұдан әрі Елбасы Астана қаласына инвестиция тарту, жол мәселесі, азық-түлік белдеуі, таза ауызсу, білім, денсаулық сақтау саласына қатысты көптеген мәселелерге тоқталып, олардың түйінін тарқатудың жолдарын көрсетті. Тиісті мекемелерге, ведомстволарға тапсырма берді. «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге дайындық барысына қатысты біраз сын айтты. Көрмеге дайын­далу жұмысы алғашқы айларда-ақ көңіл қуантпаған. Мұн­дай қарқынмен әрекет ететін болсақ, халықаралық көр­­мені бұған дейін өткізген мем­ле­кет­тердің қателіктерін біз де қайта­лауы­мыз мүмкін. Сондық­тан мәселені тезарада қолға алып, нақ­ты жұмыстарға кірісу керек. Жұ­мыстың ойдағыдай жүргізілмей жат­қанына көңілі толмаған Мем­ле­кет басшысы «ЕХРО» көр­месіне дайын­дық жөніндегі ұйым­дастыру ко­ми­тетін таратып, оның барлық мін­детін «Астана EXPO-2017» ұлт­тық ком­паниясына жүктеуді тапсырды.

Бейбітгүл исаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Астаналық

    Қала басшылығы қала «сәніне» ғана мән бермей, астана маңындағы ауылдарды аралап қайтса жақсы болар еді. Қалаға жақын тұрсақ та, шешілмеген мәселелер өте көп. Әкімдер қайда қарап жүр?

  2. Патриот

    Халықтың қамын ойласа екен, ең алдымен.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.