Алаш деп ұран салған Торайғыровты терең тани алдық па?

Алғашқыда ол Әлі, Тортай, Мұқан деген ауыл молдаларында оқиды. 1908 жылы Сұлтанмахмұт Баянауылдағы Әбдірахман молдаға оқуға келеді, ол кісіден 2-3 жыл шамасында тәлім алады. Молданың қол жұмсағанына шыдай алмай, оқуын тастап кетеді. Молданың қаталдығын, надандығын келеке қылып өлең де шығарады. 1911 жылы бір қыс бойы Нұрғали Бекбауов деген мұғалімнен дәріс алады. Нұрғали жаңаша оқыған, көзі ашық, сауатты мұғалім болған. Оның көмегімен Сұлтанмахмұт қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптарды, газет-журналдарды оқуға дағдыланады. Өз білімінің саяздығын сезген Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барып, Ахун Рахманқұли деген татардың медресесіне оқуға түседі. Бірақ тұрмыс жағдайының ауырлығынан мұнда ұзақ оқи алмайды. Қаржының тапшылығынан көп қиыншылық көріп, ауруға шалдығады. Жаз шыға Троицк маңындағы бір ауылға бала оқытуға кетеді. Ондағы ойы бала оқыта жүріп, денсаулығын түзеп, қаржы жинап, қайта оқуға келу болады. Ол бос уақытында өз бетімен оқумен шұғылданады, өлең жазады. Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақтың ұлы ақыны Абайға да мінездеме беріп, оны қазақ әдебиеті өкілдерінің бәрінен ерекше, дара тұлға деп бағалайды. Ол аз өмірінің ішінде көп өлең, ондаған мақала, екі роман, 5-6 поэма жазды.
«Сөндіріп ай мен күніңді,
Тек денім­ді сау қылшы!» деген ақынның жалы­нышты, бірақ жалынды жыр жолдарынан өмірге деген құштарлығын анық көреміз, тіршілік атаулыны шексіз сүйген ұлы жан – Сұлтанмахмұт Торайғыров аз жасап, көптеген арманы өзімен бірге кетті. Өз кезеңіне өз өрнегін салған, қара түнде жарқылдаған жұлдыздай жарқ еткен ақын небәрі 27 жасында үзіліп кетті.
Қазақ әдебиетін қарымды қаламымен қарыштатқан ақын он-ақ жыл қалам тербегеннің өзінде, өлең-жырлары өз алдына бір шынар болып бізге мұраға қалды. «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, «Кедей», «Адасқан өмір» поэмалары, «Ауырмай есімнен жаңылғаным» әңгімесі шыншыл сырларымен, көркемдік сипаттарымен, орнықтылығымен, озықтылығымен ұрпақ қадірлеп оқитын классикалық терең туындыларға айналды.
«Елдің бақытты болуына өз себін тигізген адам ғана бақытты адам» депті Дени Дидро өз сөзінде. Ендеше мұндай талант қазақта да жоқ емес, оның бірегейі – Сұлтанмахмұт.
Күш-қайратын, ой-санасын, ақыл-парасатын, ақтық демі біткенше ел-жұртының бақытты болуы жолына сарп еткен Сұлтанмахмұт тірлігінде қалай ерешеленсе, бүгінгі күні асыл поэ­зиясы бүкіл болмысымен, табиғатымен бағалы. Ақынның өткір де өміршең поэзиясы арада бір ғасырды басынан өткерсе де еш құнын жойған жоқ. Үлкен талант иелері өмірінде өлім жоқ деген де осы болуы керек. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Абай атамыз да дөп басып айтыпты. Осы асыл сөздерге сай Сұлтанмахмұттың есімі творчествосы ел есінен кетпек емес, керісінше уақыт өткен сайын жандана береді.
Он екі жасында-ақ тауды тесіп, тасты жарған қайнардай батыл жыр өрген балдырған Сұлтанмахмұт 17 жасында туған халқының өмір сырына үңіліп, балаң арманымен жұртының болашағының жарқын болғанын ойлайды. Ақиқаттың ауылын іздеп жорыққа шығады. Жеңіледі де, жеңімпаз да болады. Жеңілгені – сол кездегі қандастарынан қолдау таппағаны. Жеңгені – бүгінгінің аңызы.
Сұлтанмахмұт өмір сүрген кезең ХХ ғасырдың бас кезі еді. Ресей жеріндегі дүр сілкіністің, азаттық үшін арпалыстың ащы кезеңі болды. Бірімен-бірі қабаттасқан үш бірдей төңкеріс биліктің тас-талқанын шығарды. Отаршылдық езгінің әлсіреуі ұлттардың сергіп, сілкінуіне себін тигізді. Ұлттық сананың оянуына себепкер болған үш төңкеріс, ол – Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы және қазақ даласындағы патшаға қарсы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстары, 17-ші жылғы Ақпан, Қазан төңкерістері. Ақынның жазу ісімен толыққанды айналысқан уақыты да осы бір шытырман жылдар-тын. Ол – мәдениеті озық елдердің жоғары жетістіктерін уағыздап, жаңалық жаршысы бола білді. Сол себепті ақын «Бүгіндегі жастарға оқу міндет, бар қиындықты тек қана ғылым жеңбек» деген үлкен ойдың көрінісіндей жыр жолдарын өз оқырмандарына жүрегі елжірей арнады.
Сұлтанмахмұт шығармаларын жинау, бастыру, зерттеу ісінің де ұзақ тарихы бар. Ақынның өз басы да, әдеби мұрасы да талан-тараж бен дау-дамайға көп түскені аян. Сондай қиын кездерде ақынның кейбір өлеңдері жоғалды, табылғаны да дау туғызды. Қолда бар өлеңдеріне ұлтшылдық таңбасы басылды да қайта баспа бетін көрмеді. Сондай даулы шығармасының бірі – «Айтыс» (қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны) деп аталатын дастаны. Бұл – ардақты ақынның кемел ойлап, кең шарықтаған шығармасы. Аяқталмауы өкінішті. Мұнда Сұлтанмахмұт еліміздің тәуелсіздігі, тіл теңдігі, төл өнеркәсіп, ұлттық қорғаныс тәрізді аса ірі және көкейкесті мәселелерді сол кезде-ақ – 1919 жылы қаламына арқау етіп, орынды да нақты жырлағанын көреміз. Жиырма жетісінде дерт құшып, тағдыр кермесіне тап болған ақын: «Тым болмаса екі жыл тұрмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын» деп, «Айтысты» тәмамдай алмағанын зор өкініш қылыпты.
«Айтыс» шығармасы С.Торайғыров қайтыс болғаннан кейін кеңестік заманда – 1922 жылы Қазан қаласында белгілі ақын Бернияз Күлеев бастырған «Адасқан өмір» және 1933 жылы Қызылордада шыққан «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының толық шығармалар жинағы» кітаптарында жарияланды. 1933 жылы ақын жинағын Жүсіпбек Аймауытов баспаға дайын­дады. «Сұлтанмахмұт қайтыс болған соң (1920ж.) оның шығармаларын он жыл бойы жинап-теріп, баспаға әзірлеп, өмір тарихын жазған Ж.Аймауытовтың еңбегі айрықша екенін баса айта кетуіміз керек. Жүсіпбек болмағанда Торайғыровтың толыққанды жинағының шығуы, оның толық өмір тарихын білуіміз неғайбыл еді» дейді Қайым Мұхамедханов. Осы пікір орынды да. Ал поэмаларын С.Торайғыровтың 1922 және 1933 жылдардағы жинақтары бойынша баспаға дайындаған филология ғылымдарының кандидаты Арап Еспенбетов. С.Торайғыровтың кейінгі жылдары шыққан екі жинағында да (1950 және 1957 жылдары) елеуге тиіс кемшіліктер кездеседі.
Біріншіден, жазушының қолжазбалары жоғалып кеткені себеп болып, тиянақты ешбір текстологиялық жұмыс жүргізілмей келген. Екіншіден, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық өмір жолдарын қағазға түсіруде де ауыз толтырып айтарлықтай ізденулер мен жаңадан тапқан жөнді деректер болмаған. 1926 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына атсалысыңыздар!» деген ашық хатында Жүсіпбек Аймауытов: «Ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой… Жаннан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін!» деп жазды. Сұлтанмахмұт шын мағынасында осы сөзге татитын, осы сөздерге толықтай лайық ақын. Ол көптің бірі емес, ол от болып жанып өткен, құйрықты жұлдыздай ағып түскен, тұлпар талант еді. Ол – халқының қадірлісі.
Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған, елінен қолдау сұраған торайғыровтану мұрасын көпке таныту жолға қойылып келеді. Күні бүгінге дейін Торайғыров шығармашылығы жайында бірнеше ғылыми еңбектер жазылып, монографиялар мен тұлғалық энциклопедиялар жарық көрді. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары мен Сәтбаев оқуларына қатысушы ғалымдар да Торайғыров тұлғасын барынша ашуға себепкер болды. Аталмыш білім ордасында сол кездегі университет ректоры Ерлан Арынның мұрындық болуымен Торайғыров туралы кітаптар мен жинақтар басылды. Дегенмен, әлі күнге дейін Торайғыровтай тарлан ұлдың ұлы тұлғасы жеткілікті ұлықталмай жатқаны белгілі. Мәселен, кең көлемде болмаса да, жұртшылық Абай оқулары, Ыбырай, Мұқағали оқуларын атап өтуді дәстүрге айналдырды. Жылдан-жылға бұл үрдіске өскелең ұрпақ та дағдыланып алды. Жыл сайынғы оқуларда Абайды, Ыбырайды, ақиық ақын Мұқағалиді тереңірек тану жолында оқушылар мен студенттер ерекше еңбектенуді үйренді. Бұл да бір жағынан Алаш арыстарының шығармашылығына қызығушылық тудыру және оларды кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Осы орайда халқына жалынды жырын, өзекті сырын, ақиқаттың жөн-жобасын көрсетіп кеткен Сұлтанмахмұтқа да мемлекет тарапынан ұлықтау болса, кеңірек насихаттасақ, Торайғыров күнін атап өту, Сұлтанмахмұт оқуларын енгізсек деген тілегіміз бар. Биыл Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 120 жылдығы. Соны ел болып кең көлемде атап өтсек…

Эльмира Абетжанова

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Сапар

    Эльмира, дұрыс жазғансыз. Сұлтанмахмұт оқуларын енгізу деген пікіріңіз жақсы. Еліміздің біртуар азаматтарын жастар арасында кеңінен насихаттау патриоттық сезімдерінің оянуына септігін тигізер.

  2. Акжигит

    карангы казак когине ормелеп шыгып кун болган бир туар акын олендерин орта мектеп адебиеттерине кобирек енгизсе иги еди

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.