Оқу ордасындағы «Наурыз – думан»

Қазақ ұлттық аграрлық универ­си­тетінің ұжымы қалыптасқан дәстүр бойынша «Наурыз-думан» мерекесін тойлады.
Көпшілік алдында сөз алған ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов тойға келген қонақтарды ұлы мерекемен құттықтап, университеттің бүгінгі же­тістіктерімен қысқаша таныстырды.

Қазақстан жоғары оқу орын­дары қауымдастығының прези­денті Рахман Алшанов университеттің қол жеткен табыстарын елеп, Тілектес Есполовқа қауымдастықтың «Алтын медалін» табыстады. Мерекенің ашылу салтанатында сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева құттықтау сөз сөйледі. Ол ҚазҰАУ ауылдық жерлер үшін қажетті мамандар даярлайтынын, сондықтан бұл шаңырақтың орны бөлек екендігін айтып өтті. «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов ауыл дамыса, бүкіл ел дамитындығын тілге тиек ете келе ҚазҰАУ атқарып жатқан игі істерге тоқталды. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев Наурызға арнаған өлеңін оқыды.
Шара барысында «Әжелер» фоль­клорлық ансамблі және университет­тің «Арулар» би ансамблі мен көр­кем­өнерпаздар оркестрі мазмұнды концерт бағдарламасын ұсынды. Ал универ­си­теттің бас ғимаратының жанындағы бос алаңдарда «Қарасай ауылы», «Ынтымақ ауылы», «Алтын бидай ауылы» және басқа бірлік пен берекелік мәні бар атаулармен аталып, әсем бе­зен­дірілген қазақтың ондаған киіз үйі тігілді. Үйлерге бас сұққан жан­ның бәріне қазақтың қонақжай қа­сиеті, меймандос мінезіне сай, ұлттық киімдегі аса көркем көрінетін ибалы қыз-келіншектер жылы сәлемдесіп, нау­рызкөже ұсынып жатты. Сонымен қатар ұлттық мерекеге байланысты алуан түрлі дәмге толы дастарқан жайылды. Наурыз мерекесінің кеңейтілген бағдарламасында көркемөнерпаздар үйірме­сінің мүшелері өнер көрсетті. Ұлттық ойын­дарға да кеңінен орын берілді. Факультеттер мен кафедралар арасында өзара өнер сайысы болды. Ал университет ұс­таздары мен түлектер Елбасымыздың «Жасыл экономика» Стратегиясына қолдау білдіріп, ағаш отырғызды. Үлкен дайындықпен өткізілген бұл мереке көпшілік көңілінен шықты.

Фатима БАЙЧИМИРОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.