Ауырсаң да жүгің болсын, жүрегім…

Кеше Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №12 мектеп-интернатта аталған білім ордасының түлегі, қазақтың дарынды ақыны Мұқатай Жылқайдарұлының туғанына 75 жыл толуына орай еске алу кеші болып өтті. Шараға белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Ақын рухына арналған жиын­ды Мұқатай Жылқайдарұлы оқыған №12 мектеп-интернаттың директоры, Қазақстан Рес­публикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты ­Рахима Бөлекбайқызы кіріспе сөзімен ашты. «Мұқатай Жылқайдарұлы осы мектепте өсіп ержетті. Ақындық шығармашылығының негізі де мектеп қабырғасында қаланды деп айтуымызға болады. Ол Қазақстанның Халық артисі Әсет Бейсеуовпен, Қазақстанның Халық артисі Торғын Тасыбековамен, белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сейіт Қасқабасовтармен бір сыныпта оқыды. 9-шы сыныпта оқып жүрген кезінде Әсет ­Бейсеуов екеуі «Алмалы Алматым» атты ән жазып, ол ән республикалық ән байқауында бірінші орынды иеленген» деп ақын өмірінен сыр шертті. Мұқатай Жылқайдарұлы туралы жиынға қатысқан белгілі ақындар Оразақын Асқар, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның Халық артисі Торғын Тасыбекова, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, ақынның «Айхай, дүние» кітабын құрастырушы Сағатбек Медеубекұлы және т.б.азаматтар сөз сөйлеп, ақынның дара болмысы, азаматтық қырлары туралы ойларын ортаға салды. Жиын барысында мектеп оқушылары ақын өлеңдерін оқып, оның сөзіне жазылған әндерді шырқады.

* * *
Ақ қағазға құйылғанда сыр-сезім,
Асқар таудай отырамын бір өзім.
«Асқар таулар» пысқырсынбас
тәртіпке,
Күнде осылай бұзылады  «режім».
Түнде осылай бұзылады «режім»,
Режімге  табындырмас жыр өзін.
Ал ертесі кіл жақтырып күйгелек,
Шала ұйқылы, тарт ақынның мінезін.
Айтқанына көне бермей бүктеліп,
Емдеушіммен айтысамын, тік келіп.
Соның бәрі қылдан нәзік сезіммен,
Жүрегіме жатады ылғи жүк беріп.
Мен осылай өзіме «ауру» артамын,
Ертесінде жан азабын тартамын.
Ауырсаң да жүгің болсын, жүрегім,
Мен жүректе жүгі жоқтан қорқамын.
* * *
Арулардың бәрі ұйқыда,
Түн тыныш,
Кезекші боп сен отырсың тым-тырыс.
Мен ұрланып, өлең жазып жатырмын,
Пәк жанымда асау сезім, бұлқыныс.
Қиялымда  бәйгі аттары жарысып,
Бара жатыр ауыздықпен алысып.
Таң атқанда талықсып кеп сапардан,
Мен алдыңда ес жиямын дәрі ішіп.
Сылтауым көп, «дәндеп» алдым дәріге,
Шын дертімді білмей жүрсің әлі де.
Сен сүйгізсең жер түбінен жетер ем,
Дүлділдердің бәйге бермей бәріне.
* * *
Бас қойсын бастауыма шөлдегендер,
Үңілсін жүрегіме сенбегендер.
Мен болам жан-жүйесі сыздағанды,
Сезіммен сорғалаған сөлмен емдер.
Езетін ертегі емес ерікпенің,
Желіккен жел сөзі емес желікпенің.
Ақының аман болса ағайындар,
Қанады жырға деген жеріктерің.
Бас ием Абайлардың атағына,
Ұмтылдым таланттардың қатарына.
Тасбауыр тағдырыма жалғыз тілек,
Ертерек нүкте қойма сапарыма.

Абайша сөйлеп…
Құдірет жетсе жырыммен,
Қандырып жұрттың  мерейін.
Адамша ойлап бүгін мен,
Тауларша сөйлеп көрейін.
Бас иер оған даңқың да,
Құдірет бар ма таласар.
Қолынан келсе ақынға
Тауларша сөйлеу жарасар.
Тиегі жоқ  тіліммен,
Бүлкілде бұлбұл көмейім.
Құлашты сілтеп бүгін мен,
Тауларша  сөйлеп көрейін.
Таулардай  сөйлеп берейін,
Таулардың тілі жоқ бір-ақ.
Абайша сөйлеп көрейін,
Абайдың тілі өткір-ақ.
Азуын  білеп алысқа,
Асыпты деме ағайын.
Арманы бітпес жарыста,
Мен де бір сілтеп қалайын.
Мен де бір соқпақ салайын,
Мен де бір асу алайын.
Асқарда тұрса Абайым,
Аңғарда қалай қалайын?!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.