Сардар СЕКЕҢ

Жұрттың дені «Сейде-ағаң» дейтін. Жарасымды. Еркелетіп айтқан секілді естіледі. Әңгіме еркелік дегеннен шығады-ау, бір кездері біздің де Секеңе еркелегіміз келіп тұратындығын несіне жасырайық. Атынан ат үркетін редакторымызға ыңғайы келгенде қалжың аралас­тырып, әзілдесіп қоятындығымыз бар-ды. Әрине, мұндай «той» біздің ауылда күн сайын бола бермейтін. Сондай сәтті күтетінбіз. Неге екендігін қайдам, көпшілік Секеңнен кәдімгідей қаймығып жүретін. Бас редактордың қабылдау бөлмесіне салып-ұрып жетіп баратындардың қатары сирек-ті. Алдымен хатшы қызға бұйымтайын айтып, редактордың көңіл күйін аулайды. Қабағы тырысып отырса тәуекелге бармағаның абзал.

Жұмыс ыңғайы солай болды ма, әлде «тұзымыз» жеңілдеу ме қайдам, әйтеуір, Секеңнің алдына күн сайын бірнеше мәрте кіріп шығатынбыз. Ұзақ жыл жастар басылымын бас­қарған кісі де ет пен сүйектен жарал­ған пенде. Аздап шаршайтын болар, аздап қажитын да болар. Кейде мәнісі болыңқырамай отырады. Оның бер жағында о кезде бүгінгідей күн сайын бұр­қырап шығып жататын топан га­зеттер қайда?! Ілеуде біреу. Жазар­мандардың маңдай тірейтіні екі-ақ басылым, оның бірі – «Социалистік Қазақ­стан». Ол газетке барып шимай-шатпа­ғын ұсынуға кез келгеннің жүрегі дауаламайды. Оның үстіне сіресіп қалған партиялық мүдде бірінші кезекте. Еркіндеу, анау-мынау шекара-шекпе бағына бермейтін «Лениншіл жас» сол кездің өзінде-ақ жақсы жағынан, оқырман үдесінен шығуы жағынан жабыла айтылып, ауыздан-ауызға көшіп жүрген-ді. Ауыздан түспейтін себебі, партия жарықтықтың төрт қабырғаның ішіне қамап ұстайтын қатаң саясаты елді әбден мезі қылған шағы еді ғой, міне, сондайда оқырман пақыр да таңғы шықтай мөлдір, саф самалдай тұнық, жан дүниеңді әдемі әуеннің қауызына бөлейтіндей жақсы шығарма оқуға аңсары ауып тұратын. Әрине, тың туынды күнде туа бере ме. Бүткіл болмысыңды билейтіндей сәтті шығарма болмаса да, әйтеуір, жүрегіңді бір дір еткізетіндей тың дүниемен қауышқанға не жетсін! Жүректі бір дір еткізу – шығарманың құндылығын айқындайтын басты критерий. Көпшілігіміз осы деңгейге жете алмай, жеткізе алмай ақсап жатамыз, көзбе-көз сүрініп жатамыз. Бұл міндеттің бүгінгі таңда да жүгі жеңілдеген жоқ, жеңілдемейтін де түрі бар. Бір өкініштісі, мұны көп пенде байқай бере ме. Жазғанының бәрі алтын, бәрі күміс. Және реті келсе «Лениншіл жастың» бетінен көрінгісі келеді. Осы тұстан кішігірім кикілжің туындайды, өзінікі түгілі өзгелердің жазған-сызғанын да жүрегінің «мың градустық домнасынан өткізе білетін» бас редактор ондай шала піскен дүмше дүниелерді «кеден» сызығынан ары өткізбейді. Бұл мәселеде Секеңмен ымыраға келуің және мүмкін емес, қадалған жерінен қан алады. Әлдекімнің беделіне де, бет-жүзіне де қарамайды. Қабағының сәл түсіңкі жүретіндігі де содан болар. Содан болар демекші, сондай те­мір­дей қатал талаптың арқасында ғана республикалық жастар басылымы зор беделге ие болды ғой. Әдеби шығармаларды былай қойғанда, қарапайым қара мақаланың өн бойынан да жылылық лебі есіліп тұратын. Жұрт «ЛЖ»-ның қара мақаласының өзін сөмкелеріне салып жүріп, қайта-қайта оқитын. Ләззат алатын, әсерін өзгелерге айтып жеткізуге тырысатын.
Жә, бізді қойшы, «Лениншіл жастың» қабырғасында қатайған біздің алдымыздағы буын – Жа­қаудың, Жарылқаптың, Орыс­байдың, Ырымның, Әшірбектің, Мағира мен Жұмагүлдің жылт еткен дүниелерін ел жата-жастана оқитындығы былай тұрсын, «олар енді не жазар екен» деп асыға күтіп те жүретін еді ғой. Журналистер үшін мұнан өткен құрмет болар ма?! Осы құрметтің бір парасы бас редактор Сейдахмет Бердіқұловқа тиесілі еді десем, қателесе қоймаспын. Мұндай бағаны айтушылардың қа­тары бүгінгі таңда да сирекситін емес. Тау алыстаған сайын биіктей түседі деген түсініктің негізі, сірә, өстіп қалыптасатын шығар.
«Лениншіл жасқа» құмарлығымыз студент кезімізден қалыптасты. Сәл ертелеу, десе де сол төңіректен қара үзіп шыға алмай қалдық. Күнделікті сабақтан гөрі қырық-елу жол хабар-ошар жазғанды артық санадық. Сол жарты бет жаңалықтың өзін жа­нымызды шүберекке түйіп оты­рып, бар ынта-шынтамызбен жазып шығуға тырысып баға­тын­ды­ғымыз­ды айтсаңызшы! Газет қыз­­мет­керлерімен байланысымыз сту­дент кезден қалыптасты дедік қой, мұ­ның сәл пайдалы, сәл зиянды жағы да болды. Пайдалысы – редак­ция табал­дырығын бұрынғыдан гөрі батылдау, сенімдірек аттайтын болдық; зияндысы – университеттегі лекциядан құр қалатынбыз. Дегенмен, шүкіршілік, «Лениншіл жастың» бетінен жиі көрінген жас журналистің жерде қалмайтындығы белгілі еді.
Сірә, сол ертерек қалыптасқан бай­ланыстың нәтижесі болар, университетті бітірер-бітірместен жарты жалақыға болса да редакция қызметкері атандық. Осы мамандыққа барынша адал болғандығымызды дәлелдеп жату артықтау. Сәтін салып құтты табалдырықтан бір ат­тасақ, арғы жағындағы абырой-беделдің барлығы өз-өзінен сені іздеп келетіндей сезілетін-ді. Және басқа басылымдардың тамырын басып көру деген ниет болсайшы. Көрген-баққанымыз – «Лениншіл жас», бұл ба­сылым біз үшін адалдықтың бастауы еді. Қызметке біреулер араға адам салып орналасады екен деген түсінік үш ұйықтасақ түсімізге кірген емес. Олай істеуге мүмкіндік жоқ деп ойлайтынбыз. Бірақ пысықайлар оның да оңтайлы жолын табады екен.
Қызметке қабылданған күн әлі есімде, бір жалақыны екі жігітке бөліп берді. Болды, ләппәй, тақсыр! Мұнан артық сый-сияпатыңның қажеті шамалы. Оның алдында сілікпем шығып Жамбыл облысынан оралғам. О кезде университеттің жолдамасымен жіберілген жаққа бару міндет. Бармасаң қызыл жағалылар артыңнан іздеу салатын. Құлағымның тынышы жақсы деп салып ұрып кете баратынсың. Жамбыл облыстық партия комитеті «жақсы келдің, бізге сіздей жас маман керек еді» деп Қордай ауданына итере салды. Бірақ бар ойым кері қайту, Алматыға оралу, әріп теруші болсам да жастар газетіне орналасу. Ондағы жі­гіттер де «сен біздің адамсың» де­генді асатпай жатып құлдық деп алдын ала орын «дайын­дап» қойған. Се­нім күшті. Әлімнің келгенінше «Лениншіл жастың» талай тапсырма­сын орындағам. Бірде Алматының ір­гесіндегі Қаскелең ауданында жас қы­рықтықшылардың республикалық слеті болып, бірнеше репортажды үсті-үстіне бомбалап, біраз бедел жинап та үлгергем. Ойламаған жерден жол­дама деген қырсықтың сумаң етіп ал­дымнан шыға келетіндігін қайдан білейін.
Қордайдың аудандық газетінің редакциясы кемпірдің тісіндей ырсиған едені бар бір қабатты жатаған үй екен. Қара көлеңке бөлмеде бүрісіп біреулер бірдеме шимайлап отырды. Сірә, редакцияның тапсырмасын жазып отырған болар. Жасыратыны жоқ, жігіт ағасы жасына келген редактордың өзі көңілсіздеу қарсы алды. «Жұмыс істегің келсе жұмыс табылады ғой» деді немкеттілеу. Ал менің ниетім Алматы. Дәлізде орта бойлы өзім құралпы жас жігітпен таныстым. Сыр бүкпейтін аңқылдаған азамат екендігін бірден аңғартты. Әлі дұрыстап әңгімелесіп те үлгергеніміз жоқ: «Сен мұнда қалма, құрисың» деді салғаннан. Күлтелектемей турасына көшті. Аудандық газеттегі ахуалды бүге-шүгесіне дейін дәлелдеп берді, шығармашылық ізденіс атымен жоқ, үйреншікті бір ізге түсіп аласың да жан-жағыңа мойын бұрмастан, қара қамытқа жегілесің де кетесің. Жазу-сызуың айдалада қалады. Ол осы күнгі қабырғалы қаламгер, «Қа­зақ әдебиеті» газетінің бас редак­торы Жұмабай Шаштайұлы еді. Жұмабай доспен тұңғыш рет өстіп танысқанымыз есімде.
Секең: «Жиенбаевты макетке салыңдар, – деді алғаш жұмысқа кіріс­кен күні-ақ, – бұл жігіт аяқ-қо­лын байлап қойсаң да жаза береді, жаза біледі». Жарайды, түбі одан жаман болғаным жоқ, Бер­діқұлов та бір кезде макет сызған. Сек­ретариаттың жұмысы, әрине, бөлімдерге қарағанда ауырлау. Екі күннің бірінде түн қатып баспаханада жүресің. Жазуға да мүмкіндік бола бермейді. Бірақ жинақылыққа, барынша қысқа жазуға, көп сөз­ділікке ұрынбауға, ойды шашыратпай жинақтауға үйретеді екен. Ол кезде жастар газетінің таралымы 300 мыңның үстінде еді. Газеттің бір нөмірінің тағдыры саған сеніп тап­сырылады. Беттерді макеттеу де үлкен өнер, бас редакторымыз газеттің дизайніне қатты мән береді. Мақалаларды орналастыру, арасына штрих салу, әйтеуір көрнекі етіп беру макеттеушінің міндеті. Қанша жерден тыраштансаң да көңіліне ұнамаған беттерді Секең лақтырып жібереді. Ерінбей-жалықпай мықшыңдап қайта сызасың. Редактордың алдына қайта апарасың. Күніне редактор бөлмесіне талай рет бас сұғып шығатындығымыз содан.
Сөйтіп, жанығып жүріп те ма­қала жазуға уақыт табатынбыз. Екі жылдан соң бөлімге ауыстық, бө­лімге қатардағы тілші болып емес, бөлім меңгерушісі болып ауыстық. Жұмысшы жастар, хат, комсомол тұрмысы бөлімдері… Мақтанайын деп тұрғаным жоқ, кішкене тілге тиек. Тоқсаныншы жылдардың орта тұсында Арал теңізінің жағалаудан жылыстауына байланысты Балық шаруашылығы министрлігінің арнайы қаулысымен Бөген ауылының бір топ балықшылары Қапшағай теңізіне қоныс аударған. Жиырма шақты отбасы. Туған жерден тамыр үзу оларға да оңай болмаса керек, адам психологиясына әсер ететін жағдай. Осыларды басты көзір ретінде ала тұрып, «Тұз» дейтін очерк жазғам-ды. Тұз – Аралдың тұзы. Туған жерге деген сағынышты осы «ауыр­лық нүктеге» түсіргім келді. Жаман шықпаған секілді. Секең­нің бір кереметі – жазған дүниең­нің алғашқы бетін оқитын да, ар жа­ғын­дағыны айтқызбай-ақ сезе қоятын. Сол қолымен шиырып белгі соғатын да, баспаханаға жөнелтетін. Әріп қатесі, сөйлемдерді жөндеу, қалай басталып, немен аяқталатын оқиға желісіне барлау жасау деген секілді ұсақ-түйектерге бас ауыртып жатпайды. Ірі турайтын еді ғой жарықтық!
Айтайын дегенім, осы очерк мені қазақ әдебиетінің классик жазушысы Әбекеңмен, Әбдіжәмил Нұрпейісовпен таныстырды. Құдай­дың оң көзімен қарағандығын қа­раңыз, шығармашылық шаруаға аса кірпияз, анау-мынауға елең ете бермейтін кісі «Тұзды» оқыған соң Секеңе өзі хабарласыпты деседі. «Мынау қай бала, біздің елдің тіршілігін білетін тәрізді ғой, қолы тисе біздің үйге соғып кетпес пе екен?!»… Содан былай арада ағалы-інілі жақсы қарым-қатынас орнады. Қайсыбірін айтарсыз, жастар газеті талай жай­саңдармен жақындастырған.
Сейдахмет ағамыз ешқандай талассыз спорт тақырыбын көркем әдебиетке батыл енгізген қарымды қаламгер. Және немкетті көңілден емес, барын салып, келешек ұр­пақтың намысын қамшылайтындай қағидаға толы жауапкершілікпен қалам тербеді. Оның велошабандоз Тұйғыны әдебиетке төрттағандап, қай жағынан болмасын ауыз толтырып айтарлықтай биік дәрежеге көтерілген дара тұлғалы кейіпкер еді. Тұйғын болғысы келіп, сол «шайтан арбаның» өзімен-ақ төрткүл дүниеге қазақ атын шығарудың озық үлгісін көрсеткен тың образға еліктеген көгенкөздер еліміздің кез келген түкпірінен молынан ұшырасып жатты. Бұл түптеп келгенде бір қаламгердің қанжығасына байланған аз олжа емес еді. «Аспаннан шұға жауған күн» хикаяты осы құндылығымен бәріміздің есімізде қалды.
Біз байқағанда, Секең көркем шығармасында болсын, жолжазба очерктерінде болсын, тіпті қатардағы қара мақаласында болсын жұрттың бәріне белгілі, жұрттың бәріне әйгілі болған таптаурын жолға түсіп кетуден қорқасоқтайтын. Қолына қалам алып, ақ қағазға сөзбен өрнек сала бастады екен, тек тың теңеу, тың штрих, тың ойлармен ғана тынысы ашыла түсетін; ащы тері алынбаған, бірақ бабы келіскен арғымақтай бір-екі тұстан кібіртіктейтін де одан әрі түйдектелген тың толғаныстар оқырманды ілкі сәтте өз иіріміне тартып әкететін. Ендігісі белгілі, одан әрі сіз Бердіқұлов ойларының тұтқынындасыз. Жазушының, әсіресе шағын жанрдағы әңгіме, новеллалары таңдайға түскен қант қиығындай ауызға салғаннан еріп жүре беретін еді ғой жарықтық! «Ол орамал жоғалмайды», «Жүрек ұйықтауды білмейді», «Нар тәуекел», «Жұмыр жерде теңбіл доп», «Егеулі найза», «Үшінші подьезд», «84 жылдың тендессіз 16 күні», «Пердесіз көңіл», «Арбаған мені бір сиқыр» кітап­тары қолына жаңадан қалам алған жастарға оқулық секілді қажетке жарайтын дүниелер-ді.
Жазушының артында қалған тосын тіркестерінің дені күнделікті қолданысқа енген қанатты сөздерге айналып жатты. Соның бірі «Арбаған мені бір сиқыр» пенде шіркін зәру мәселеге шөліркеген сәтте осы сөздерді айтып, шөлін басқан секілді болады; тұма бұлақтың суын сіміріп ішкендей күй кешеді. Секеңнің шетелге жолы түскен әр сапары бір кітап еді ғой. Олимпиадалық жарыстардан жолданған репортаждарының өзі көркем шығармадай әсерлі оқы­латын. Несін айтатыны бар, Секең шын мағынасында қаймағы бұзыл­маған қазақ сөзін одан әрі ойнатып, әрлендіре түсетін. Жазушының қа­ламына іліккен әрбір сөз қағазға түскенде тіріліп, құлпырып шыға келетін. Қаламгер бақыты дегеніміз бәлкім, осы болар.
«Жалын» баспасына директор боп ауысқан тұста да Секең өз «ши­нелінен» шыққан жастарды сыртқа тепкен емес, керісінше құша­ғына алып қамқорсып жүретін. Жағдайыңды сұрайды, реті келгенде әзіл айтып, жастар газетіндегі қимас күндерді тағы бір еске түсіріп, табан асты жадырап, рақаттанып қалады. Ол кісі саналы ғұмырында «Лениншіл жастан» басқа басылымдарда да басшылық қызметтерде болды ғой. Бірақ менің ойымша өзінің де есінде қалғаны, елдің де есінде қалғаны – жастар газетінде өткізген жылдары ғой деймін.
Секең сөзімен де, ісімен де көпке үлгі болған үлкен жүректі азамат. Қараның алдында да, ханның алдын­да да ойындағысын бүкпей айта­тын және айта білетін біртуар тұлға. Сардар. Атақты Желтоқсан оқи­ғасы кезінде де Бердіқұлов екі бі­легін сыбанып, белсене кірісті. Өзін көрсету үшін емес, өзгелер үшін, ел­дің келешегі үшін, кейінгі ұрпақтың тағдыры үшін!
Секең секілді азаматтар ортамызда алшаң басып жүрген болса, ұлттық мәселелер де дәл бүгінгідей талапайға түспес еді-ау!..

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.