Брест қорғаушылары ұмытылмайды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық мұражайында Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 68 жыл толуы қарсаңында Брест қамалын қорғаушы қазақстандық жауынгерлерге арналған баспасөз-мәслихаты болып өтті.

Аталмыш  шараны Қазақстан Республи­касы Мемлекеттік орталық мұражайы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­­верситеті түлектерінің қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды. Шараға Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтар мен олардың туған-туыстары қатысты. Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры және Брест қамалын қорғаушы қазақстандық-жауынгерлер туралы ізденуші Ләйлә Ахметова Белоруссиядағы Брест қамалын қорғауға қатысқан қазақстандықтар саны 1 мыңға жуық адамды құрағандығын, қазір олардың тек 30 пайызының ғана аты-жөні анықталып отырғандығын атай келе, бұл бағытта атқарылатын шара әлі көп екен­дігін тілге тиек етті. Сонымен қатар ол соғыс жылдарына байланысты жазған кітаптарын кештің құрметті қонақтарына сыйға тартты. Ұлы Отан соғысына қатысқан Дәулет Ахметовтың туысы Қайырғали Ахметов болса Брест қамалы ХІХ ғасырда мықтап салынғандықтан, соғыс кезінде фашистердің бомбасы қамалды бұза алмағандығын айтты. Шара барысында Брест қорғанының қор­ғау­шысы Абдразақ Мамиевтың ұлы Мұхит Мами сұрапыл соғыста қаза тапқан қазақ­стандық батырлардың ерліктері жөнінде айтып өтті.
Белоруссиядағы Брест қаласындағы Брест қамалында әскери борышын өтеген мыңдаған қазақстандық жауынгерлер 1941 жылдың 22 маусымы күні баса көктеп кірген неміс-фашистеріне қарсы тұрды. Брест қамалын қорғаушы қазақстандық-жауынгер Көпесбай Иманқұлов 1963 жылы 125-ші атқыштар полкі шайқасқан жерге «Брест қамалы-қаһарман» мұражайының қызметкерлерімен бірлесіп қазба жұмыстарын жүргізді. Көптеген ізденістерден кейін казарма іргетасының маңынан винтовка, атылған гильза, оқ, газ­қағар және оқ сауыттар табылды. Дәл сол жердегі кірпіштен соғылған қабырғадан Кө­песбай қазақстандық-жауынгерлердің қалдырған жазуларын көрді.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Динара

    Құрметті мақала авторы! Мақаладағы Дәулет Ахметовтың дұрыс есімі- Дәулен Ахметов,1963жылы Көпесбай Иманқұловтың Брест қамалынан тауып әкелген кірпіштегі ойылып жазылған «Умираю Ахметов» деген жазу осы Дәулен Ахметовтың фамилиясы.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.