Өзгелерге еліктеуді қашан қоямыз?

Әр халықтың өзіндік қалыптасқан дәстүрі бар. Мәселен, мен өзге ұлт өкілдерімен қоян-қолтық араласа жұмыс істеймін. Олар туған күнге ерекше мән береді. Оны күні бұрын жасамайды. Олай ету жақсы ырымға жатпайды деп есептейді. Бірақ кештеу өткізе береді.
Басқа ұлттармен көп жылдардан бері бірге араласа ғұмыр кешіп жатқандықтан ба, біздің қаракөздеріміз де оларға еліктеп, туған күндерін жылда атап өтуді дәстүрге айналдыра бастады.

Бұрын біздің қазақтарда мұндай әдет жоқ еді. Қазір қай үйге барсаңыз да туған күннің үс­тінен түсесіз. Сол кезде олар үшін осы басқосудан ар­тық ешқандай қуаныш, мереке жоқ­тай көрінеді. Тіпті кей­бі­реулер қолына стаканын алып, арақ ішпесіңе қоймайды.
Осыдан көп жылдар бұрын мен облыстық газетте қызмет атқарып жүрген кезімде бір шалғай ауданға жұмыс бабымен бара қалдым. Өздеріңізге белгілі, ауылдық жерлерде қонақүй деген бола бермейді.
Сондағы бөлімшені басқарып отырған бір азаматтың үйіне ат басын бұрдым. Обалы не керек, ол қазаққа тән қонақжайлы­лық танытып, мені жылы қарсы алды. Бір кезде маған: «Бүгін көрші үйде туған күн болып жатыр еді. Сіз ренжімесеңіз, соған бірге барсақ қайтеді? Өйткені бәріміз де сонда шақырылған едік» деді.
Амал жоқ, үй иесінің айт­қа­ны­на көнуге тура келді. Сөйтіп, ке­зекті туған күн басталып та кетті.
Сөйтсек, сол үйдің бір баласы­ның туған күні болып жатыр екен. Сөз кезегі маған да келді. Өздерін бұрын танымасам да әлгі кішкентай бауырыма шын жүректен шыққан ең ізгі лебізім­ді білдірдім. Алайда менің арақ-шарапқа бұрыннан құмарлығым жоқ еді.
Сол кезде төрде отырған жасы сексеннен асқан ақ жаулықты ана­мызға арақ ішпейтіндігім ұнамаған болуы керек, бір кезде ренжіген сыңай танытты. Маған жүзін бұрып: «Өзің қандай жігітсің. Сен түгілі, жасы келген кемпір мен де ішіп отырмын. Әлде бізді сыйламайсың ба?» деп таусыла сөйледі.
Тәрбие көрген жердің ұрпағы болғандықтан, онымен сөз талас­тырып отыруды артық көрдім. Одан ары мұнда отырудың да реті жоқ еді.
Соңғы кездері қазақтардың үйлерінде осы туған күн деген жарысқа айналған секілді. Егер терең ойлайтын болсақ, оны тойлаушылар қаншама алтын уақыттарын жоғалтады. Сонымен қатар қып-қызыл шығын емес пе? Себебі бес-он адамның басын қосу үшін де біршама қаржы жұмсауға тура келеді ғой.
Әрине, 40, 50, 60, 70, 80 жас­қа толған ағаларымыз бен апа­ларымыздың мерейтойын өткізіп жатса, түсінер едім. Өйткені мұндай жасқа жетпей өмірден өтіп жатқандар аз емес. Оны өз­деріңіз де жақсы білесіздер.
Мерейтой дегеннен шығады. Өткен жылы облыс орталығында 85 жасқа толған бір асыл әжеміз­дің тойы дүркіреп өтті. Оның жас­тарға тағылымдық жағы өте мол болды. Ұл мен қыздарының аналарына деген ықыластары мен махаббаттарын көріп, бәріміз де қатты толқыдық. Сол кезде өмірден ерте өтіп кеткен аяулы анам көз алдыма еріксіз елестеді.

Әлгі апамның қақ төрде орналасқан жүзінен ерекше бір қуаныш сезілді. Дастарқанға негізінен қазақтың шипалы сусыны болып табылатын қымыз қойылыпты. Шақырылған қонақтардың басым көпшілігі де осы ардақты әжеміздің құрбылары болатын.

Осы тойда кез келген қуанышты адамды құрдымға жеткізбей қоймайтын арақ-шарапсыз-ақ өткізуге болатындығына көзіміз әбден жетті.

Шақырусыз келетіндер көбейді

Кез келген үйде қатардағы туған күндерді жыл сайын атап өту көбейіп кетті. Олар өз балаларын былай қойғанда, немерелерінің туған күндерін де өткізуді дәстүрге айналдырды. Оны өздерінше мақтаныш көреді.
Жалпы, жұртшылықтың бұлай істеуіне бір­неше себептер бар. Өйткені кейбіреулер бұлар­дың туған күнін алдын ала білгендіктен ешқандай шақырусыз келіп қалады. Сондықтан олар алдын ала дайындық жасауға мәжбүр.
Кім де болса өз ұрпағынан несін аясын, көбінесе мұндай басқосулар үлкен мерекеге айналып та жатады. Өзге тағамдармен қатар сол баяғы ащы су да дастарқаннан орын алады. Оны қоймасаң қонақтардың қайсыбірінің іштей реніші қабақтарынан білініп тұрады. Сондықтан үй иелері оны алуды да ұмытпайды.
Біздің қазақта бұрын туған күн деген бол­маған. Тек мүшел жасты ғана атап өтетін еді. Онда да арақ-шарапсыз өткізуге талпыныс жасаған. Қазір осы дәстүрімізді ұмытып кеткендейміз.
Бұл мақаланы жазу барысында бірқатар азаматтарға да жолығып олардың ой-пікірін білдік.

Сабыржан Есмұрзин, дін саласының қызметкері:
– Өркениетке ұмтылған сайын біз, яғни қазақтар да дарақылықтан гөрі қайсы мәселеде болсын үнемшілдікке ұмтылуымыз керек. Туған күн дегендер қаптап кетті. Оның да өз жөні бар емес пе?! Кейбіреулер барлығы мен байлығын көрсеткісі келеді. Әрине, қалтасы қалың адамдарға ұл мен қыздарының туған күндерін өткізу ерекше бір мәртебе болып көрінуі де мүмкін.
Алайда жұртшылықтың бәрінің бірдей мейманасы тасып, байлығы шалқып жатқан жоқ қой. Міне, осыны түсінетін кез жеткен секілді. Туған күнге ақшаны орынсыз шашқанша, оны басқа пайдалы нәрсеге жұмсаған дұрыс емес пе?! Ата-аналар ұл мен қыздарын жастайынан орынсыз даңғазалыққа баулығанша, олардың бойына мейірімділік, қайырымдылық, ізгілік секілді қасиеттерді сіңіре бергені мақұл дер едім.

Бекқұл Садықұлы, зиялы қауым өкілі:
– Көтеріліп отырған мәселе өте орынды. Әрине, әркім өзінің туған күнін білуі керек. Ол кімнің болсын есінде болатын жағдай. Бірақ жаппай мұсылманшылыққа бетбұрыс жасап, ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды жаңғыртып жатқан кезде ақыл таразысына салатын жағдайлар да жеткілікті. Өз басым дарақылықты, орынсыз шығынды қолдамаймын. Дастарқанға арақ-шарап қойып, қызара бөртіп отыру ақылға сыйымсыз. Кейінгі жастар алдындағыларға қарап өседі. Өмірдің біраз асуларынан өткен қарттарымыз бен ақжаулықты аналарымыз арақ ішіп жатса, ұл мен қыздарымыз олардан қандай тағылым алады? Содан кейін қалай ғана оларға «Арақ – атамыздан қалған ас емес. Ішімдіктен аулақ жүріңдер» деп айтуға болады?

Соңғы кездері біздің қаракөздеріміздің туған күн өткізуге өте ықыласты екендіктерін байқау қиын емес. Солардың көбісі осы дәстүрдің астарына аса мән бере қоймайтын секілді. Арақ ішу үшін туған күн, басқа да қуаныштарды себеп қылатындар көп. Адамның алтын уақытын ұрлаудан басқа ешқандай берері жоқ жайдан бойды аулақ ұстағанымыз жөн шығар. Одан гөрі ақшамызды пайдалы іске, адам баласының жан дүниесін байытар нәрселерге жұмсағанымыз орынды емес пе?!

Оразалы ЖАҚСАНОВ
ҚОСТАНАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Динара

    Туған күнді арақ-шарапсыз өткізетін бірнеше отбасын білемін. Олар басқосулар мен мерекелік дастарханға тек қана қымыз бен шұбат сияқты ұлттық сусындарды қояды. Басында туған-туыс, дос-жарандар мұнысын түсінбеген еді, уақыт өте, олар да осыны дәстүрге айналдырды. Арақ халқымызға жат сусын. Совет Одағы заманында жастар араққа жаппай салынды. Ал қазір, менің бір байқағаным, жастар дінге бет бұрып, намазға жығылып жатқанда, үлкендер оларға ренжіп, арақ құймадың, арақ алмадың деп жатады. Бұл, әрине дұрыс емес.

  2. Мұхтар

    Туған күн отырыстарын өзгелерге еліктемей-ақ өткізсе болады. Балалар туған күндерін ай санап, күтіп жүреді ғой. Оларға қуаныш сыйлаудың әбестігі жоқ. Кез-келген туған күнді арақсыз өткізуге болады, әрине. Бірақ бұған уақыт керек. Арақтың қоғамға сіңіп кеткеніне бірталай заман болды. Одан құтылу үшін адамдардың ұйықтап жатқан саналарын ояту оңайға түспес.

  3. Еңлік

    Туған күнді атап өткеннің еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Қазіргі заманда адамдар бір бірінің үйіне шақырусыз бармайтын болды, ал туған күн адамдарды жақындастырудың бір жолына айналып барады. Ең болмаса, туған күнімен құтттықтап, бір-бірімізбен араласқанға не жетсін

  4. Мақпал

    Туған күнді жылда атап өткенде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ қазақтарға өзге ұлттардың салтына еліктеудің қажеті не? Бұл орысшаланған мәдениет пен сананың салдары.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.