Абат мінген Күренше…

Абат батыр – «Қырымның қырық, батыры» топтамасына енетін эпостық жыр. Ел аузында аңыз әңгіме түрінде сақталған жырда Асанқайғының ұлы Абат батырдың елінің бостандығы, тәуелсіздігі үшін соғысы, жекпе-жек шайқаста карсыласы Қайбар батырды өлтіруі жайында әңгімеленеді. Жыр толық сақталмаған, бұрын еш жерде жарияланбаған. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Асайын Хангелдіұлы үзік-үзік күйінде қағазға түсірген нұсқасы Қазақстан Республикасының Орталық ғылыми кітапханасының қорында сақтаулы. 

Ақтөбе облысы Қобда елдi мекенiнен 6 шақырым Херсоновка ауылының ескi жұртында ноғай оқымыстысы Қазақай ахунның  зираты бар. Тап осы жерде Абат-Байтақ күмбезi ағараңдайды. Абат-Байтақ кесенесi Алтын Орда империясының орнына құрылған Ноғайлы мемлекетiнiң осы жақтағы жалғыз ескерткiшi. Абат туралы аңыздардың қайсысын алып қарасаңыз да халықтық, елдік тұр­ғыдан ойлайтын қайраткер, әкесі Асан­қайғының ізін жалғастырып, халқын бақытты етпекші болып жерұйық іздеуші ретінде көрінеді. Абат жайындағы тарихи аңыздардың барлығы да – қазақ сәулет өнерінің тамаша белгісі ортағасырлық Абат-Байтақ кесенесіне келіп тіреледі. Бұл ғимарат – тек сәулет өнерінің ғана інжу-маржаны емес, келешек ұрпаққа ғибратнамалық философиялық ой салатын тастағы дастандай үлкен мәдениет жәдігері екенін көрсетеді. Ескерткіш Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Талдысай мекенінің оңтүстігіндегі Бесқопа жазығында орын тепкен. Аңыз бойынша мавзолейде жерұйықты іздеп жүріп қаза болған Абат пен әйелі қоса жерленген. Жалғыз ұлының қазасы Асанға орны толмас қайғы әкеледі. Ұлының өлген жеріне мәңгілік ескерткіш орнату үшін халқына бір күнде зәулім ғимарат салуға жарлық етеді. Асанның шешімі бойынша әрбір түтін бір кірпіштен әкеледі. Сөйтіп, Абаттың кесенесін бүкіл халық болып бір күнде салып бітіреді. Кесенені бүкіл халық, байтақ ел болып жұмыла кірісіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдасып, бірігіп тұрғызғандықтан Абат атына Байтақ сөзі жалғанған деп түсіндіреді көнекөз қариялар.
Жыр Астрахандағы (Қажытархан) ақ сара­йын­да отырып Әз-Жәнібек хан бірде өзі­нің кемеңгер ақылшысы Асанқайғыдан: – Дүние­де ашуланбайтын, өкпелемейтін, әйел­ді қызғанбайтын, қорықпайтын, өзі мыр­за адам барма екен? – деп сұрауынан баста­лады. Асанқайғы: – Бар, хан ием. Осы, қасиеттердің бәрі біздің Абаттан табылатын шығар, – деп жауап қатыпты.
Абат – Асанқайғының жалғыз ұлы. Қадір-қасие­ті­­мен халыққа жаққан, сегіз қырлы, бір сырлы, шіркін, Асанның ұлындай дегізіп, елді тамсандырған, жасы отыздарға шыққан жігіт екен. – Мұндай қасиеттердің бәрі бір адамның басына қалай сияды? – деп таңғалған Әз-Жәнібек хан Абатты сынамақ болады.
Жырды оқып отырғанда бүгінгі күні мүлдем қолданылмайтын бірқатар сөздерді кездестірдік. Мысалы, Баларқалы көл еді, Көлгірсіген құба жол (баларқалы сөзі шөбі мол, шүйгін), Қарсақ жүрмес қалыңнан, қақа жүріп өтеді (Қақа – тура, тіке), Қамашауда (ықтасын жер, қойнау), қатеб (нар түйенің үстіне жүк артуға лайықталып жасалған жабдық), смауыт (торкөзді сауыт), сүрегі (мезгілі, уақыты, өлшемі), Бара берсең сол жерге, Бізге таби халық бар, (таби – тән, жақын туыс), тұқай (тұяқ), Түлкі жүрмес түлейден, Түнде жүріп өтеді (түлей – жабайы өскен қалың жыныс, тоғай) деген мағынаны білдіреді екен.
Абатты бірнеше сынақтан өткізіп, оның ержү­рек, мерген, шыдамды екеніне көзін жеткізген Жәнібек хан: –Менің елімді шапқан, ала алмай жүрген жауым бар, – дейді. Сол кезде ноғайдағы ермін деп жүрген жүз кісі үнсіз қалады.
Әй, ханымыз, ханымыз
Рұқсат болса сіздерден,
Алармыз қалмақ қаласын.
Көрерміз оның шамасын,
Қасыма менің беріңіз,
Қырымның байтақ ерлерін, – деп Абат бірінші болып тіл қатады. Сөйтіп, артық туған Тоғанды, Айсаның ұлы Ахметті, батыр Алау, ер Әметті, Шынтасұлы Төреханды, Ақжонасұлы Кеңесті, Тарғынды, әйтеуір қырық жігітті қасына ілестіріп екі айлық жолға шығып кетеді. Осылайша олар түлкі жүрмес түлейден, Түнде жүріп өтеді. Қарсақ жүрмес қалыңнан, Қақа жарып өтеді.
Жеңсіз берен, өңкей сауыт киінген ерлер қалмақтың қаласына кіріп келеді. Екі ұлын ілестіріп алған қалмақтың ханы жүз адаммен ноғайларға қарсы шыға келеді.
Бір-біріне қарсы шабысты,
Найзаласып қағысты.
Қылышпенен шабады,
Аттан түсе қалысты,
Жағаласты, салысты,
Жан шығуға дейін барысты.
Асанның ұлы ер Абат қалмақ ханының сіле­сін қатырып, тізесін бүгеді. Ақыры оны жыға­ды. Олар қалмақты қоралаған қойдай қылып жан-жағынан қамап алады. Тұс-тұ­сынан қылыш сермеп, кәуірдің сұсын қашырады.
Қаланың ішін қандатып,
Шарбақтарын шаңдатып,
Жамыратқан қойдай маңыратып,
Би мен төре, бектерін,
Өңмеңінен кірген найзаға,
Жанын оның қорлатып,
Талай қалмақ сандалды, – деген жолдардан ноғайлының батырлары шеттерінен қасарысқан ер сабаз екендіктері көрінеді.
Ноғай батырларының ерік бермейтінін сезген қалмақ ханының екі ұлы шайқас алаңынан сытылып шығып, басы ауған жаққа қаша жөнеледі. Осыны байқаған Абат олардың соңдарына түседі.
Абат мінген Күренше,
Аспанға қарғып ойнады.
Қолға ұстаған ақ найза,
Болады жанға ол пайда.
Абат сонда долданды,
Беренге батыр сыймады.
Ақ сүңгісін қолға алып. Үш күндік жерге жетіп қалған қалмақ ханының екі баласын қуып жетіп, ақ сүңгіні олай-бұлай сермеп, олармен қылыштасады. Ақырында жауды жеңіп, ел-жұртына аман-есен оралады.
Абатқа әкесі Асанқайғы үнемі ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беріп отырады. Ол кісі ноғайлының аш-арықтары жақсы бір қонысқа көшсе деп армандайды. Сөйтіп, екі-үш күн жол жүріп Жемге орын тебеді.
Арада бір-екі жыл өткеннен кейін Тоған батыр Абатты ертіп елін шауып кеткен қалмақтан кек алғысы келеді. Алдымен Тоған батыр жағдайды Асанқайғы қартқа айтады. Көмекке Абатты сұрайды. Мұны естіген Абат та қарап қалмайды, тез-ақ қамданады.
Бадана көзді берік сауыт,
Баса үстіне киеді.
Беренін белге байлады,
Басына киіп дулыға,
Берендіктеп, белдіктеп,
Шұғаменен терліктеп,
Жемге байлап, үш-төрт күн,
Көк тұлпарды қояды.
Сөйтіп, Тоған екеуі үш айлық жол жүріп кетеді. Бір кезде қамашауда тұрған қоралаған қой мен үйір-үйір жылқыны көреді. Сөйтіп, олар хан Тулақтың қаласына ала темір киініп, лашын құстай шүйіліп келіп кіреді.
Қой жүні қызыл шекпенін,
Белге ілді садағын,
Беліне алды қылышын,
Қолға алды найзасын,
Құртуға жаудың айласын.
Сонда ерлер шабысты,
Айла жасап қағысты.
Абат пенен ер Тоған жүз кісідей қалмақтың сексенін бірден өлтіреді. Ал Абат пен Тоғанға қанша жерден жау найза сілтесе де шарайна мен сауыттан қару денеге өтпейді екен. Ал ноғай батырларының соққысынан жау қынадай қырылады.
Омыртқасын күйретті,
Қабырғасын қақыратты,
Қарсы келген қалмақтың,
Кеудесінен неше атты.
Иесінен айырып,
Талай атты ойнатты.
Тоғанның: – Қасымда менің Абатым, Өзімнің құйрық-қанатым. Шапса кеспей қалмаған, Ұстаған қолға болатым. Қияда жүріп шарлаған, Ақсұңқар құс секілді, Қанатын жайып қомдаған. Қосылып жүрсек екеуміз, Талай қалмақ сорлаған, – дейтіні бар. Бұл жолдардан Абаттың ел мүддесін бас пайдасынан жоғары қоятын өр бейнесін, ержүректігін танимыз.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.