Қазақ тілін ана тілім деп біледі

Мемлекеттік тілді білу — бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. Тараз қаласында облыс жастарының мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге және жастарды ұлттық-патриоттыққа тәрбиелеу арқылы мемле­кеттік тілді меңгеруге деген ынта-ықыластарын арттыру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен «Мемлекеттік тіл – мерейім» атты шара өткізілді.

Жалпы, 80-нен астам өзге ұлт өкілдерінің құтты мекеніне айнал­ған Жамбыл өңірін тілдік орта қалыптасқан, қазақи өңір десек қателеспейміз. Мемлекеттік тілдің үгіт-насихатын жүргізуге арналған шара барысында мемлекеттің болашағы оның мемлекеттік тілінде деп санайтын жастар орталық алаңға жиналып, халыққа қызмет көрсететін мекеме қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, қазақ тілін білу қаншалықты маңызды екенін жеткізді. 500-ден аса студенттер мен белсенді жастар қатысқан шараға мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері белсене қатысып, өзгелерге үлгі болуға, жастармен қатар, түрлі қызмет саласындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясының деңгейін байқап көруге тырысты.
Қазақ тілін өз ана тіліндей еркін меңгеріп, жатық сөйлеуге машықтанған Светлана ­Бойко, Руслан Югай, Татьяна ­Сидоренко, Марселен Камате, Елена ­Гаврилюк, Ксения Кирьякова сияқты бір топ өзге ұлт жастары «Қазфосфат» ЖШС-ның бас ғимаратында болып, кәсіпорын қызметкерлерімен сұхбаттасты. Өндіріс саласының қызметкерлеріне «Мемлекеттік тілді білесіз бе?», «Қазақ тілінде еркін сөйлей аласыз ба?», «Құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі қандай?» деп сұрақ қойған орыс қызы Светлана Бойко мен Елена Гаврилюкке, «Ассалаумағалейкүм» деп есігін қағып кірген малилық Марселен Каматеге, қолына қазақтың қара домбырасын ұстаған кәріс жігіті Руслан Югайға шыны керек таңырқай қарағандар да болды. Алайда, ұлты қазақ болса да қазақ тілінде сөйлей алмайтын, оған мектеп пен жоғары оқу орнын орысша оқығандығын сылтауратқан азаматтарды көрген жастар: «Біздің мемлекеттік тілде сөйлегенімізге Сіздер таңырқан­баңыздар, біздің тарихи Отанымыз басқа болса да, туған Отанымыз Қазақстан, ал Қазақстанның тілі – қазақ тілін меңгеру біздің міндетіміз. Біз Сіздердің қазақ тілінде түсінемін, алайда сөйлей білмеймін деген­деріңізге таңғаламыз» деп ­жауап қайырғаны көпшілікке ой салды.
Ал орталық алаңда жиналған жастар мен келген қонақтарға тіл туралы айтылған нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер жинақталған кітапшалар және «Қазақ тілі – ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі жазылған стикерлер таратылды. Жастар қолдарындағы жапсырма қағаздарын қызмет көрсету мекемелері мен оқу орындарының ғимараттарына жапсырып, басқарма тарапынан әзірленген кітапшалар мен «Мемлекеттік тіл – мерейім» деп жазылған жалаушаларды халыққа таратып, қазақ тілінде жақсы сөйлеп, өз ойын айта білген өзге ұлт өкілдерінің кеудесіне ленталар тақты.
Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мен Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері де жастардың «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Қазақ тілі – ғажап тіл», «Қазақ тілі жасасын!», «Қазақ тілінің тұғыры биік болсын!» деген тілек-мақсаттарына қолдау көрсетті. Қазақ тілін ана тілім деп білетін малилық Камате Марселеннің биі, «Мерей» квартетінің «Атамекен», Сәт Бәйтіктің «Жаса, қазақ» әні жұртшылық тарапынан жылы қабылданды.
Мемлекеттік тілдің, ана тілі­міздің қоғамда мықтап күшіне енуіне, қонған тұғырының беріктігіне ықпал ететін, әрине, ол – әрбір қазақстандық азамат. Сондықтан да мемлекеттік тілдің төңірегінен сын мен мін іздемей, қазақ тіліндегі қатені қашан жауапты мекеме түзетеді демей, әрқайсымыз өзімізден бастайық. Мемлекеттік тілді білу бүгінгі күннің талабына айналса, оны дамыту біздің міндетіміз екендігін ұмытпайық.

Мөлдір АХМЕТОВА,
Жамбыл облысы әкімдігінің
тілдерді дамыту басқармасының
мемлекеттік және ұлттық тілдерді
дамыту бөлімінің бастығы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Қасым

    Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуде белсенділігі артып келеді. Олар қазақ тілін ертеңгі күні бір түйір нанымды тауып жейін деген оймен де үйренетін шығар. Дұрыс, солай болуы керек. Кезінде әке-шешеміз де орыс тілін осылай үйренген болатын.

  2. проф.Совет-Хан Ғаббасұлы.

    Мақтану мен өтірік мадақтаудан ұялмайтын қазақ қоғамы, сәл ойланыңдар шы ?! Ұждан ғұлама айтыпты;- «Адамды аздырам десең — мақта, Мемлекетті тоздырам десең — мақта ! » — деген екен. Әрине, Тіршіліктің — тірегі Әйел екені ақиқат ! Тағыда сол, ҰЖДАН -ғұлама айтыпты ; — «Әйел қауымы бұзылған халық — бақытсыз және Елдігінен айрылып бітетін жұрт » — дегенін ойланып көрелік ші ?! Бүгінгі, үйде де, көшеде де, жетелеген баласымен де, жанындағы жігітімен де, жаппай орысша сөйлесіп, бұрқырата темекі тартып жүрген қыздарымыздың қылығы не ? Бұл — Ұлтқа төнген нағыз апат қой. Мұндай қыздарда — Еліне, Еркегіне, ертеңгі Ұрпағына — деген махабатты сезімі бар деу қиын. Халқымыз ; — » Алып — анадан туады» — деп бекер айтпаса керек. Қазақ қоғамындағы өзінен-өзі асимляциялануға дем беруші, жаппай шүлдірлеп жүрген қыздар жауапты. ҚАЗАҚ ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ — ҚЫЗЫҢДЫ ТҮЗЕ !..

  3. Гүлбақыт

    Жастардың мемлекеттік тілді үйренуге ынта-ықыластарын арттыру үшін жүргізіліп жатқан шаралар барлық өңірлерде жалғасын тапса игі.

  4. проф.Совет-Хан Ғаббасұлы.

    Мұндай мінез бен құлықтар(ДЕВИАНТТЫҚ) ұлттық санасы оянбаған және азаматтық парасат пен ізгілікті мақсат тұтпайтын халықта қалыптасады. Оның ең әуелгі белгілері – ата-бабасының ғасырлар бойы салып берген дәстүрі мен салтын құрметтемеу, ана тілінен безіну салдарынан өзінің халықтық болымысынан (менталитетінен) айрылу, ешкім зорламай-ақ өзінен-өзі асимилациялану, тым ессіздікпен еліктеушілікке бой алдыру – тәрізді сипаттардан ДЕВИАНТТЫҚ мінез-құлық қалыптаспақ !!!..
    Осы жоғарыда айтылған белгілердің көріністері орысша оқыған… тіпті қала жастарының барлығынанда да байқалатынын, ұлтымызға төнген аппат екенініне, Ел болып мемлекеттік деңгейде ойланған жөн. Әсіресе, Қазақтардың өз-өзінен АСИМИЛЯЦИЯЛАНУЫН көріп отырып, жол берудің жағдайын дереу тоқтату керек. Мұның ең басты себебі, Орыс мектептерінде бір кластағы 25 баланың 21-22 сін қазақ балалары құрайтындығын айтса болады. Егер Қазақтар балаларын өз ана тілінде оқытса, ОРЫС МЕКТЕПТЕРІ БАЯҒЫДА-АҚ ЖАБЫЛЫП ҚАЛАР ЕДІ. Ел болып осыны ойланып қана қоймай, іске кірісумен халықтығымызды сақтаудың уақыты келді. Ойлан да оян ҚАЗАҚ !!!… ДЕВИАНТТЫҚ мінезді адамға – Халық та, Отан да, тіпті туған-туыс түгіл… Ата-ана да керек емес. Анау бала бақшасынан және Бірінші кластан бастамақшы ҮШ ТҰҒЫРЛЫ тілдің апарар көмбесі – осы ДЕВИАНТТЫҚ мінез-құлық

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.