«ДҮНИЕГЕ ҚАРАП ШЫНДЫҚ КӨЗІМЕН…»

Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында қазақ әдебиетінің айдынына желкендерін жел кернеген көп кемелер шыққанын, олар қатар түзеп, жарыса, алыс жағалауға қарай асыққанын бейнелі түрде елестетеміз. Әсіресе ақындардың ақ кемелері көзге айрықша шалынып еді… Қадыр, Тұманбай, Жұмекен, Сағи, Мұқағали, ­Фариза, Ақұштап, Мұхтар сияқты жыр желкені үнемі оқырмандарының назарында жүрген қаламгерлердің бірі – Сәкен Иманасов болатын.
«Өмірбаяныма қосымша деректерді өлеңдерімнен табасыз…» Осы ойды Есениннен бастап, ақындар әулетінің әp буын өкілдері жиі қайталайды. Асылы, өлеңдері өзгеше өмірбаянға айналатынын сезіну де ақынның басты бақыты шығар.

Бірде Сәкеңнің өзінен сыр суырт­пақтап, өлеңге құштарлығы алғашында қалай оянғанын сұрадым. «Түсімде Абай атам аян берді» десе де сенер едім. Бірақ олай деген жоқ. Мектепте оқып жүргенде өзінің парталас досы Сұлтанбек Шәмілхановтың бір күні «Қазақстан пионері» газетінен «С.Сарғасқаев» деген кісі қол қойған хат алғанын еске алды. Өлеңіне пікір білдірсе керек. Бір парақ қағаздағы қызылды-жасыл жазуларға қызықты ма, әйтеуір, Сұлтанбек сияқты астанадан хат алуды армандапты. Өлең жазып, оны редакцияға жолдапты. Жауап хат алыпты. Әрине, өлеңі газет бетіне шықпаса да хат алғанның өзі неге тұрады. Өлеңге құштарлығын оятқан бір себеп осы шығар, бәлкім, бұл емес те шығар, әйтеуір, өзі тұстас қолына қалам ұстағандардың қай-қайсысының да басынан өткен халді кешкен. Ақыры 8-сыныпта оқып жүргенде «Кім болам?» дейтін тұңғыш өлеңі баяғы пио­нерлер газетінде басылыпты. «Жас дәурен» дейтін жинақта бір топ өлеңдері жарық көреді, көп ұзамай, 1966 жылы «Туған ауыл» атты тұңғыш кітабы оқырмандар қолына тиеді. Сөйтіп, өлең дейтін сиқырдың соңына түскен жылдар керуені тізбектеледі. Өлеңді өнер деп түсінетін, құрметтейтін, әспеттейтін зиялы қауым Сәкен Иманасов жырларына ерекше ілтипатпен қарады. Әсіресе өлеңдеріндегі ішкі ой ағысының тегеурінді қарымы, жырды түйдек-түйдек төгіп, нөсерлете жазатыны назар аудартқан.

«Өз басым ақ пен қараны ажырата білетін әріптес дос-жарларым пікіріне орай ғана «шынында да ақын болармын» дегенге осы соңғы жылдары ден қойып, көңілімді тіктеп, енді-енді ойыса бастадым. Өйткені ақындық дегеннің өзі кітап санымен де, жұрт дақпыртымен де өлшенбейтін, қанға сіңген, жан дүние діріліне байланысты аса қасиетті ұғым екенін әріден болса да аңғарушы едім де, жолдастарым әлдекімдерге ақын деп таныстырғанда, не дерге білмей күмілжіп, өзімді ұрлық жасағандай сезініп, жанарыммен жер шұқып қалатынмын…» («Қазақ әдебиеті», 31.03.89) Бұл Сәкеңнің «Өлеңді кім қорғайды?» деген мақаласынан алын­ған үзінді. Қызық пікір емес пе? «Мен – ақынмын!» деп телпегін аспанға атып, лепіріп жүретін кейбір замандастарымыз ойлансын деп те жазған шығар. Дегенмен, өзінің қарапайым табиғатынан, «өзінде бармен көзге ұрып», «өзгеден артық көрінсем» демейтін дегдар қасиетінен де хабар береді. Бұдан әлденеше жыл бұрын Жазушылар одағының жыл қорытындысы мәжілісінде баяндама жасап, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып айтар әділдігімен, батылдығымен бір көзге түскені бар. «Өлеңді кім қорғайды?» деп жаны шырқырап, жар салуының мәні тереңде жатыр. «Сөз патшасы – өлеңге», ұлттың ар-иманы саналатын – ақынға деген салғырт көзқарас, енжарлық дендеген кезеңде жұртшылықты оянуға үндейді. «Ардақ тұтар ақындарыңды ұмытсаңдар, кім болғандарың?!» деп ашынады. Өзі ақын болған соң ғана емес, қазақтың қасиетті қара өлеңінің тағдыры алаңдатқандықтан!
Ағыл да тегіл ақтарыла, үдете, дауылдата жазғанды ұнататын Сәкен Иманасовтың қолтаңбасын тану оңай. «Ақ айдын», «Ақ­дариға», «Жайдарман», «Ғашық дүние», «Ал­тын аймақ», «Ғашықпын саған», «Бел-белес», «Адырна», «Жебе», «Алакөлім – айды­ным», «Өткірдің жүзі» жыр жинақтары бір-бірімен үндесе, бірін-бірі толықтыра дүниеге келгенін байқаймыз. 2008 жылы таңдамалы шығармаларының бес томдығы жарық көрген. Мейлі Алакөлді, ауылды жыр­ласын, мейлі ағайын, туыс, бауыр­мен сырлассын, мейлі тіршіліктің тоқсан та­рау толғауын шертсін, тек қана бүкпесіз көңіл­мен, өмірге, адамдарға ғашық жүрекпен сыр ағытады. Оқырман да ақынның адалдығын ұнатады. Өлеңдегі жасандылыққа, сезімін саудаға салуға бармайтынына сенеді. Ал ақын үшін бұдан асқан абырой бар ма? Өлеңінде иненің жасуындай жалған сезім жасырынған болса қырағы көз қалт жібермес еді. Ондайда жыр шумақтарды «үлде мен бүлдеге» орап берсең де құнсыз. Жыр анасы – Ақиқат дейтініміз сондықтан.
«… Сәкеннің адал, шыншыл, елім деген, тілім мен қаным, қазақ деген халықтың ертең­­гі, алпыс жыл кейінгі ұрпағы қандай болар деген мұратты арманға толы аза­мат­тық бейнесі оның поэзиясындағы мінезден қашалған» дейді белгілі ақын Фариза Оңғарсынова. – «Мінез дегенді, әдетте, «тентек, телі, ұрда-жық» деген сүй­кім­­сіз мағынада түсінетініміз бар. Ал мен күнделікті өмірдің илеуіне көне бермейтін, әр құбылыс, әр кезең жайлы өз пікірі, өз түйіні бар, біреу айтты деп аттандап шаппайтын ақын ретінде мінезді ақын деген­ді айтып отырмын» («Қазақ әдебиеті», 12.07.85).
Кейде ойлайсың, ақынды ақын ғана шын түсіне алатын шығар деп. Өйткені өлеңдегі мінез туралы, ол мінездің тек сол ақынға тән қасиет екендігі туралы былайғы жұртқа айтып жеткізу қиын. «Мен – желмін» деген Мағжанды кім қалай ұғады, өз еркінде. Сол сияқты, турасын айтамын деп туғанына жақпай қалатындар ең алдымен ақ жүрек ақындар. Сәкен Иманасовтың көптеген өлеңдері ашынудан, ширығудан, ша­мырқанудан туады. Жүйкеге тым жайлы ти­мейтін, ақынмен бірге алабұртып, адал­дық­тың, әділдіктің ауылын іздетіп, шарқ ұр­­ғы­затын, беймаза күй кештіретін қуаты бар.
Ол, өзімен бір әңгімелескенімізде, жос­пармен жұмыс істемейтінін, әсіресе жаз, қыс айларында қолына қалам алмайтынын, көктемде және күзде өнімді еңбек ететінін, баяғыда Қырымға дем алуға барып, бір шумақ өлең жазбай қайтқан кездері де болғанын жасырған жоқ. «Бел-белес» жинағының көлемі он баспа табақ болып, баспа жоспарына енгеннен кейін, көлемі толмай тұрғандықтан, өзін-өзі қамшылап күні-түні өлең жазғанын, бас-аяғы бір-екі айда қыруар жұмыс тындырғанын еске алған. «Бәлкім, басқаларға үлгі-өнеге етіп айтуға келмес, бірақ жұмыс іс­теу тәсілім кейде осындай» деген ол. «Бір өлеңді бүгін бастап, жалғасын ертең, бүр­сі­­гү­ні жазатындарға таңым бар, – деген тағы. – Мен бастаған өлеңімді бір деммен аяғына де­йін жазып шығамын. Егер орта тұсына кел­генде көңіл бөлетін жағдайлар болса (мәсе­лен, шайың суып қалды, телефонға шақы­рады, т.б.) бітті, ол өлең жазылмайды. Бір жазылмай қалған өлеңіме қайта қарағым да келмейді. Мұны не деуге болады? Мұны, бәлкім, әсерленбесе, сезімін қозғамаса жаза алмайтындығы, «зордан молда еместігі» деп түсіну керек шығар.
Өтпелі кезеңдегі, бұрынғы наным-сенім күйреп, дүние астан-кестен болып жатқан тұстағы көңіл күйін, өлеңге деген ықылас-пейілін сұрағанымда Сәкең біраз үнсіз қалған еді. Содан соң мынадай аңызды тілге тиек етті. Баяғыда бір хан уәзірлеріне тапсырма беріпті: «Қол астымдағы елдегі ақынмын дейтіндерді түгел ақ сарайға жинап, алтынмен аптап, күміспен күптеп, не ішем, не кием дегізбей, барлық жағдайды жасаңдар» депті. 30-40 ақын жиналса керек. Хан жарлығы орындалыпты. Бір жыл өткен соң қараса, әлгі ақындардың тең жартысы өлең жазуды қойып кетіпті. Өлең жазуды ұмытқандарды босатыпты да, қалған он бес шақты ақынды зынданға салғызыпты. Тағы да бір жыл өткен соң тексертсе, әлгі­лердің ішінде біреуі ғана бұрышта бүк­шиіп, бүрісіп, өлең жазып отыр екен. Сонда хан: «Міне, мынау – нағыз ақын. Бар­лық жағдай осыған жасалсын!» депті. Қилы замандарды бастан кешкен қазақ халқының тарихында осындай оқиға болды ма, болмады ма, мәселе онда емес. Мәселе нағыз ақын бас пайдасы үшін, күнкөріс үшін, жылы-жұмсақ үшін жаратылмаған. Тіршілік күйбеңдерінен биік тұрады, тағдыр тауқыметтеріне мойымайды, сынбайды. Өйткені оның өзі Тәңірі тектес Тағдыр иесі дегенге саяды!
«Осы, есейген сайын адамдардың Абай­ға деген көзқарасын білгім келіп тұрады. Өйткені Абайды оқымайтын адам мейлі ол ақын болсын-болмасын жарымжан жан, рухани мүгедек жаратылыс…». Сәкең Абай туралы ұзақ толғанған. Оның бәрін қағазға түсіре алмағандығымды енді сезіп отырмын. Қызының кішкене кезінде: «Менің көкем жұп-жұқа кітапты оқып тауыса алмайды» деп таңғалатынын, ол кітап Абай өлеңдері екендігін аңғартып бір қойған. «Бір қызығы, басқа бірде-бір ақын қажет кезінде дәл Абай сияқты қайғыңа да, қуанышыңа да ортақтаса алмайды. Аласапыран, алай-дүлей көңіл күй пернелерін дөп басатын әр уақытта тек қана Абай!» дейді ол.
Алпысыншы жылдардың аяқ кезінде өлеңнен қол үзіп кеткен тұстары да болыпты. Сонда белгілі журналист, облыстық газеттің редакторы Ұзақ Бағаев қойын кінежкесіне жазып алған мұның өлеңін оқып беріп, газетке жариялауға жаңа жырларын сұрапты. «Ұялғанымнан қайтадан өлең жаздым» деп еске алып, сондай-ақ Жұмекен Нәжімеденов, Құдаш Мұқашев, Қастек Баянбаев, т.б. әріптестерінің қолдау көмегін көргенін ұмытпайтынын айтқан.
Бір сауалым ақындық пен әкімдікке қалай қарайтындығы жөнінде еді. Алдымен ақындық пен азаматтықтың егіз ұғым екендігіне тоқталды. «Түн ұйқысын бөліп, ізгілік пен адамгершілік, адалдық туралы толғанған ақынның ертеңінде тіршілік толқынына еріп, біреулерге қиянат, кесір келтіруі, жамандық жасауы ақылыма сыймайды. Жалпы, өлеңі мен өмір сүру тәсілі бір-біріне кереғар ақындарды түсінбеймін де, қабылдамаймын да!» дегеніне іштей қосыласыз. «Әрине, әкім болу, ел басқару тек қана санау­лы жандардың еншісіне жазылып қоймаса деймін. Олар оны бабасы-нан мұраға қалғандай сезініп, баласына табыстап кетуді көздейтінін қайтерсің. Маған осы ұнамайды!» дегенін де құптайсыз…
С.Иманасов өзі айтқандай, бір деммен, бір тыныспен, бір әуенмен жыр шумақтарын төгіп-төгіп тастайды. Өлеңдері бір-бірімен үндесіп, ұласып, тұтасып жалғасады. Негізінен, әдеби тілдегі «ой ағысы» дейтін арнадан көбірек табылады. Адал жүректің алғаусыз ақтарған сырлары қымбат. Содан да шығар, кейде өз басының өкініші мен күйінішін көбірек тәптіштеп кеткендей көрінуі мүмкін. Бірақ терең үңіле қарағанға, ол бір адамның ғана мұңы емес. Не туралы толғанса да әсіреқызыл бояусыз, бүгежектемей, өткір­дің жүзінен өткізетіндіктен, шындыққа суа­рылған жырлары салмақты ойға кенен. Бұ­рынырақта ақын Сара өмірінен «Айтыс» дастанын жазған. Кейінгі жыр кітаптары түгелдей дерлік өлеңдер. Облыстық, республикалық газет-журнал редакцияларында журналистік қызметтер де атқарған. Мәскеуде де оқыған. Бірақ еліне ақын болып танылды. Азаматтығы да ақындығынан бөліп-жаруға келместей біртұтас.
Кезінде С.Иманасовтың «Бел-белес» жыр кітабы туралы «Жұлдыз» журналына (1986, №6) пікір жазғанмын. «Арда мінез, адал жүрек» деп «Халық кеңесі» газетіне (1993) мақала да шығарғанмын. Одан бері көп жыл өтсе де сондағы қазық етіп қаққан ойларыма тағы да ораламын. Онда автордың ішкі ұйқастарға айрықша ден қоятынына тоқталған едім: мәселен, «Мауқын басып алсыншы деп азырақ, // қауқылдасып қарсы алдыңдар сендер де!», т.б. өлеңдеріндегі қуатты ішкі ұйқастар ақын Сәкен Иманасовтың тапқан олжасы, өзіндік ерекшелігі-тұғын. Мұны оның шығармашылығына қатысты айтылар ойлардың негізгісі десек те артық болмас. (Мысалы, «Елім дейтін еңіреп есіл ерім, // етігіңмен лай су кешіп едің. // Дәрменім аз, дәмем көп, не қылайын, // қолдан келген жәрдемім осы менің!» («Жебе», 1991). Мұндай жыр шумақтарын жинақтарынан жиі ұшыратамыз. Ал ақынның махаббат лирикасы мың кернеулі сезім толқындары екенін де еске сала кетеміз. Мына, санаға салмақ түсіріп, жүйкені жаныған қым-қуыт тіршіліктің құтқарар тұтқасы да махаббат болар, бәлкім. Ақынға қуат беріп, арда мінез, адал жүрекпен халқына арнап жыр жазғызатын құдірет те сол шығар…
Сәкен Иманасов шығармашылығы туралы айтылғанда, көбінесе оның өлеңдеріне албырттық, сері мінез, өмір құбылыстарына ақ яки қара деп бөле-жара бірбеткей қарайтын турашылдық тән екендігі баса айтылған сияқты. Кезекті бір жыр кітабына пікір білдірген Қадыр Мырза Әлі: «Ал түптеп келгенде «Алтын аймақтың» авторы көздің ақыны емес, құлақтың ақыны. Онда дыбыс, әуен, мақам, саз жағы үстем» деп тұжырым жасапты. «Құлақтың ақыны» деген сөз қалай тосын естілсе, дәл Сәкеңе байланысты соншалық орынды айтылғанымен санаға бірден ұялайды екен. Рас, сөздегі суреттің, образдылықтың орны бөлек. Ол, әсіресе өлеңнің шырайы. С.Иманасовтың өлеңдерінен сөзбен салынған суреттерге де мысал табылады. Мәселен, үйінің балконынан төңірекке көз салып тұрған адам жайын­да: «Аумайсың ақ омырау қарлығаштан, кешкілік қонған барып ұясына» дегені қандай жарасымды, ұтқыр айтылған. Бұл тармақтардың қуатын әлгі суретті көз ал­дыңызға әкеліп тұрып қана сезінесіз. Мұнда дыбыс жоқ, бояу бар. Алайда мұндай суреттер некен-саяқ ұшырасады. Оның сыры, Сәкен қаламының әуелден-ақ ой ағысын жеткізуге ыңғай танытқандығында болса керек. Ал ой ағысына құрылған өлең­нің көркемдік қуаты тек қана бояуында емес…
«Қашан ғана көгертер көсегемді, // Тас­тасам ба біржола осы өлеңді, // Қай сөзіме ағайын құлақ асып, // Қай туысқан өзіме есе берді?» дейді ол.
Мұндай ақынмен оқырман іштей айтысқа түседі: кейде құптайды, кейде келіспейді. «Өлеңді көсегеңді көгерту үшін ғана жазып жүрсің бе?» деген сауал да тұрар тіл ұшында. Бір кезде Абай ақын: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп талап қоя айтқан екен. Ал Сәкен ақын: «Тыңдаушылар болған соң әлі керең, // дәрі деп ең сенің де сөзің кімге?» деп ашына ой қозғаса, оған салғырт қарауыңыз қиын. «Осы күнгі жұрт өлең оқымайды» деген сөз арагідік алдымызды орайды. Асылы, өлеңді оқу үшін, оның құпиясын түсіну үшін жоғары білімің болуы аз, жоғары сана қажет. Тыңдаушылардың бәрі керең емес, бірақ рухани түлеу-жаңарудан гөрі материалдық артықшылыққа көбірек ыңғай танытатын қоғамда бәрі де басқаша сипат алады екен. Ақынның жаңағыдай даулы пікірі негізсіз дей алмайсыз ендеше.
«Көгертеді қашан бір көсегемді, // Шыр-пыр болмай, жөніме көшем енді, – // деп отырып, жігіттер, көп отырып, // жазып қойған жайым бар осы өлеңді!» Бір қарағанда, тым жеңіл айтыла салғандай. Ал әр өлеңіне үңілген ­сайын ақынның өзімен-өзі іштей мәмілеге келе ал­мауының нәтижесі іспетті, өзіне-өзі маза бермеуінің айғағы іспетті, өзін-өзі аямай тергеуінің дәлелі іспетті ой-толғаныстардың бұрқанысына ден қоямыз. Кейде саябыр, баяу, кейде адуын, ағысты өзен мінезін байқататын өлеңдер ақын шығармашылығында мол ұшырасады. Олардың кейбірі тым қарапайым, кәдімгі өзіңнің әрнені ойлап, осы қалай деп сауал жетегінде отыратын көңіл күйіңмен астасып кетіп жатады.
«Өзіме аян: алысқа бармағаным, // Көкті кезіп, ғарышқа самғамадым.// Күнде көріп жүріп-ақ, Алатаудың // ажарына әлі де таңғаламын!» дейді ол. Осы арада ақынды «Алатауға лайық бір әдемі теңеу таба алмаған ба?» деп жазғырсақ, онымыз әбестік болар еді. Әншейінде, ауызекі әңгіме үстінде айта салғандай көрінетін «Күн­де көріп жүріп-ақ, Алатаудың // ажарына әлі де таңғала­мын» деген жолдарды баспа-бас небір әсем теңеуге айырбастауға бол­майтынын оған ғашық жүрек қана түсін­се керек. Сол қарапайым үш жолға ақын өзінің үлкен махаббатын сыйғызған деп ұғамыз.
Ойдың дәлдігі, анықтығы, тереңдігі дейтін талаптар хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдерге ғана емес, өлең тармақтарына да тән, тиіс екендігіне қарсы дау айту қисынсыз. Әрине, бұдан көркемдік талап­тарға нұқсан келсе де ештеңе емес деген пікір тумағаны жөн. Ең бастысы, сезім тазалығы, ой тазалығы. Ақын С.Иманасов өлеңдерін осы арнадан көреміз. «Ел айтады» дейтін тоғыз шумақ өлеңді алайықшы. Тұтастай оқып шығу қажет. Ағайынның да, жақынның да айтар ақылы көп. Айлалы бол, әлі аңғалсың, күштілерге қарсы шықпа, қулықты үйрен, билікке қол жеткіз, бақ-дәрежеге жету үшін бәрін жұмса, қысқасы, «ел сияқты болсаңшы!» дегенге саяды екен. Ақын позициясы қандай демекшісіз ғой. «…Өзеуреп, «ел сияқты бол!» дегенше, // Болмайды бәрі келіп мен­дей неге?» Бұған алып-қосарыңыз жоқ. Осылай деп айта білудің өзінде көп сыр жатқан тәрізді.
«Байлығым жоқ жинаған ырымға да, // бар тапқаным – баянды жырым ғана. Өз басымды қай саққа жүгіртсең де, // Тұтас тұрған сөзімді жырымдама!» депті ақын бір өлеңінде. «Ерлікті аңсап, елдікті аңсап, елді аңсап, // кеңдікті аңсап // келіп қал­дым сендерге!» деп те; «Талқан жетпей, // тарығып, // талып ұйықтап, // тары кіріп шығатын түсімізге» деп те төгіп-төгіп айта алатын ақынның қарымын, құлашын білдіретін өлең жолдары жыр кітаптарында мол ұшырасады. «Қайтпай жатып даланың түнгі ызғары, //Дірдектетіп төсектен тұрғыз­ғаны, // Күндізгі әні басталып ескі арба­ның, // бірте-бірте төбеде күн қызғаны» секіл­ді ілік-шалыс ішкі-сыртқы ұйқастарды ойна­ту арқылы ойды тереңдетіп, өлең шума­­ғын жұтындырып қою әлдеқайда әсер­лі. «Мауқын басып алсыншы деп азы­рақ, қауқылдасып қарсы алдыңдар сендер де!» немесе «Ешкім бірақ айнытпасын жолыңнан, Жүрегің де шайлықпасын тек сенің…»
Сөз ойнату, ұйқас ойнату да түрлі ізде­­ністердің жемісі. Бұл ежелден-ақ қара өлеңнің қадірін арттыра түспесе, кеміт­пейтін тәсіл. С.Иманасовтың өлеңдерінде әуезділік, дыбыстар үндестігі осы тұр­ғыда көбірек байқалады. Несі бар. Ойлы өлеңдерінің сыртқы сұлулығына осы арқылы назар аудартқысы келген ақын ниеті көп ретте ақталғанының куәсіміз. Өлеңдері оқырмандарын бейжай қалдырмайды. Ойлантады, тебірентеді, толғантады. Өйткені ол өлеңдердің қай-қайсысы да жасандылықтан ада. Табиғи. Ал шынайы өнер қашанда табиғатпен тамырлас.
Айтам енді…
Айтсам деген сөзім ең,
Дүниеге қарап шындық көзімен,
Ар алдында мен өзімді әрдайым
Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем! – деп жазған ер көңіл, арда мінез, ­адуын­ды, асау жырлардың иесін елі де естен шығарма­сы анық. Ақынның екінші ғұмыры ұзақ болғай!..

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.