Сырбайдың сыршыл әлемі

Қазақ халқының мақтанышы, он сегіз мың ғаламның біз көрмеген, білмеген жағын өз көзімен көріп қайтқан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров сұхбат алып отырған журналистің: «Аға, жерге оралған сәттегі әсеріңіз қалай болды?» деген сұрағына: « Мені қатты таңырқатқан әрі толғандырған нәрсе қара жердің бұрқыраған хош иісі болды» деп аталы сөз айтқаны бар еді.

Қазақ поэзиясының майталмандарының жазған жырларының бәрінде де осындай тылсым дүние – ерекше «иістің» болатынын көп адам біле бермейді. Бірінен теңіздің, екіншісінен таудың, үшіншісінен даланың, т.б. жұпарын жұтуға болатынын өз басым талай рет байқағанмын.
Бір қызығы сол, Сырбай Мәуленовтің жазғандарынан сұрапыл соғыстың, шинельге қатқан қанның, болса да оқ-дәрінің «иісін» бірден сезуге болатындығын тым ерте біліп едім.
1965-66 жылдары Шымкент қаласындағы Қазақ КСР-інің 40 жылдығы атындағы шопан-малшы балаларына Жұмабай Тәшеновтің тапсырмасымен арнайы салынған №12 мектеп-интернатта оқып жүрген кезімде Сырбай Мәуленов оқушылармен жүздесуге келе қалғаны.
Қадірменді қонақ келерде көптеген даярлық жұмыстары жүргізілетіні бел-гілі ғой. Аула тазартылып, «Қош келдіңіз!» деген сияқты сөздер матаға жазы-лып, ілініп қойылды. Сол кездері мектептің оқушылар ұйымы дейтін болатын, ол менің құзырымда еді, оған «октябряттар», «пионерлер», «комсомолдар» қарайтын.Оны сол кездің тәртібімен «өзін-өзі басқару» дейтін. Сырбай Мәуленовті дұрыстап қабылдау негізінен осы құрылымға жүктелді де, соның басшысы ретінде оны құрметті пионерге қабылдау, болса да мойнына алқызыл галстук тағу, әрине, кіріспе сөз сөйлеу, қызу құттықтау, өлеңмен, мына мен пақырдың мойнына ілінді.
Қазіргі кезеңде өмір сүріп жатқан жастар сол кездегі «пионер» дегеннің күш-қуатын онша біле бермейді. Бүгінде бұны «ұлан» дейді. Ол уақытта «пионерияның» Қырым жағалауында «Артек» дейтін демалыс орны, өз газеті, ауданда, облыс орталығында, астана төрінде сән-салтанатқа толы Сарайы, лагерьлері бар еді. Бұл, шіркіндер, партияның съезі өтіп жатқан Кремльдегі салтанатты Сарайға сап түзеп, горндатып, барабандатып, ту көтеріп кіріп келгенде Саяси бюро мүшелері бас хатшысымен қоса, зал толы жұрт орнынан ұшып тұрып қошемет көрсететін. Өзімізді осынау пионер қатарына қабылдау үшін он күн қатарынан оқытқаны, оң қолды сол шекеге қойып ту түбінде тұрып берілетін антты жаттатқаны әлі есте тұр.
Сонымен, қоңыр күздің күнінде ме, бәлкім, бәйшешегі қылтиған ерте көктем бе екен жадымда қалмапты, бір топ адамның қарсы алуы­мен ақын Сырбай Мәуленов біз оқып, білім алып әрі тәрбиеленіп жатқан жерге аяқ басты.
Алып денелі, аяғын ырғап басатын, дауысы күркіреген мен күмбірлегеннің арасындағы, басы тым жалпақ, көзі отты ағамызбен қа­уыш­тық. Амандық-саулықтан кейін жиын өтетін екінші қабатқа көтеріліп, бірден төрге оздырдық. Мектеп-интернат директоры Маржан Тасованың таныстыруынан кейін ептеп ақынның шығармашылдығы жайында сыр шертті. Сол кездері Қазақстан Жазушылар одағының Шымкенттегі бөлімшесі болуші еді, соған егелік жасап отырған өлеңді негізінен халықтық қалыпта, фольклор мен жазба әдебиеттің шекара-шегінен шықпай ширатуға тырысатын Омарбай Малқаров дейтін қартымыз бар болатын. Есімде қалғаны сөздің аяғын жұмсартып, әзілге бұрып, «Сырбай деген атына қарағанда біздің Сыр бойында туғаны байқалып тұр, бірақ өзі Қостанайды, оның ішінде Арқалықты, Аманкелді ауданын, болса да Тосын құмын төңіректей береді. Қалай дегенде де ақын елдің азаматы ғой. Былайша айтқанда, бәрімізге ортақ. Қайта-қайта солтүстік жақты жағалай бермей бұл жолы оңтүстікке де ат ізін салғанына қуаныштымыз. Келген сапары оң болсын! Әри-не, көпшіліктің атынан әлі де талай ат басын бұруына тілектестігімді білдіремін» деп сөзін аяқтады.
Бұл бір көңіліне жақпай қалса қай-қайдағы қисық-қыңыр сөздерді тауып, дер кезінде хан ба, қара ма қасқайып тұрып айта алатын ерекше жаратылыс иесі еді. «Оңтүстік Қазақстан» деп аталатын облыстық газеттің бетін теретін, Омарбайдан да батыл бір апамыз ол өлеңін өзі дауыстап оқып, бастырып отырғанда, қасын керіңкіреп: «Осы Омеке, Мұхтар Әуезовті ұлы дейді. Сізді де жұрт ұлы дейді… сонда бұл өмірде екі адам қаз-қатар ұлы болмайды ғой, айтыңызшы, қайсыңыз ұлысыз?» деп қалыпты. Сонда Омекең әлгінің сөзіне қатты таңырқаған кейіп танытып, орнынан ұшып тұрып, бөлменің ішінде сабырсыздана әрлі-берлі жүріп: «Әй, Сара, мен сені есті жан ғой десем, мұның қалай ә, сен соны да ажырата алмайсың ба, Мұхтар Әуезов прозадан, мен ақындық жанрданмын ғой!» деп жауап беріпті дегенін былайғы ел аңыз етіп айтып жүретін…
Міне, осындай әулиелігі мен әпенділігі бар Омекеңнің тәп-тәуір әңгіме айтқанына жоғары жақтан келгендердің жеңілдеп қалғаны бірден бай­қалды. Қошемет қол соғулар ұзаққа созылды.
Осы сәттен бастап кезек «пионерияға» тиді. Олар сән-салтанатпен сап түзеп сахнаға шықты. Кезек-кезек ақынды мадақ­таған сценарий бойынша бір-бір шумақтан өлең оқыды. Соңынан дружина кеңесінің отырысының кезекті шешімі жарияланды. Онда «Ақын Сырбай Мәуленовті құрметті пионерге қабылдау туралы» айтылған еді.
Бәлкім, ұлы ақынды республиканың түкпір-түкпірінде талай рет пионерге қабылдаған болар, бірақ бұл жолы екі жарым миллион халық тұратын Оңтүстік елі мойнына алқызыл галстукті байлап еді. Ақын соған кәдімгідей тебіреніп еді. Көзіне жас алып еді… Мен де өлең оқып едім…
Қош келіпсіз, біздерге Сырбай аға,
Жырды жаза беріңіз нұрдай жаңа.
Қашан келіп қалар деп қарайлайды
Шолпысын сылдырлатқан Сырдай Ана…
деген мәтіндегі еш жерде жарияланбаған, бү­гін­де мүлдем ұмытылған төрт-бес шумақ еді.
Ақыр соңында ақын ауыр қозғалып, асықпай мінберге көтеріліп, өлең оқи бас­тады.
Жаутаңдай қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың.
Соғыстан қайтқан солдаттар?!
Жүрегіңді дір еткізетін,қаныңды дүр еткізетін неткен қуатты жолдар десеңші…
Шаршаған жол батып,
Волховтың батпағында.
Жатыр бие толғатып,
Зеңбіректің арт жағында.
Фунгас бомбасы,
Жерді өртеген қиын күнде.
Тіршілік жолдасы
Бүлкілдейді биенің бүйірінде.
Шашыраған көк жалынын бүркіп темір,
Орманның іші үрейлі,
Ал оттың ортасында.
Шіркін, Өмір,
Құлын боп кісінейді
***
Болдың ба сен Волховта,
Көрдің бе сен орманын.
Сол орманның әр талын,
Өз жанымдай қорғадым.
***
Таң атты ала сәулелі,
Бұлттардың бояп ақ жүзін.
Өлтірмек болды жау мені,
Бір атаның жалғызын…
Мен бұларды кейін ол жазған жыр кітабынан тауып алып, біразын жаттап алып айтып та жүрдім. Кездесу соңы гүл шоғын ұсынумен аяқталды. Ол кездері, бір қызығы шапан сирек жабылатын.
Кенет ол мені «Әй, бала, бері кел!» деп сау­сағын бүгіп өзіне шақырды. Алдында алақандай жыр кітабы жатыр екен. «Атың кім?» деді әлгі кітаптың алғашқы бетін аша беріп. «Жарылқасын». Ол бе­тіме жалт қарап, таңырқағандай түр бе­ріп, әлгі кітапқа әлденені сыдыртып жаза бастады. «Мә!» деді сосын әмірлі үн­мен қолыма ұстатып, жауырынымнан қағып-қағып жіберіп. Былай шыға оқысам:«Жарылқасын! Жалын Қасым бол!» деп жазыпты… Әрине, біз ондай бола алма­дық, ол мүмкін емес те еді. Келе-келе «мен өзі басқа емес, Жарылқасынның өзі-ақ болып алайыншы» деген тоқтамға келдім.

Жарылқасын БОРАНБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.