«Шыңғыс» сөзі қайдан шыққан?

XII ғасырдағы Шығыс Түркістанды мекендеген Моңғол тайпаларының белгілі тұлғаларының бірі Есукей батырдың тұңғышы Тэмужинді 1162 жылы Оэлун ханым дүниеге әкелген. Одан да басқа бұл анадан Хасара, Хачиун- беки, Тэмугэ және қызы Тэмулундер өрбіген. Осы перзенттердің әкесі Есукей батыр 45 жасында дүние салған.
Әкесі дүние салғанда үлкен ұлы Тэмужин 9 жаста болатын. Әкесінен кейін Тэмужин анасымен бірге інілері мен қарындасын тәрбиелеуді өз мойындарына алып, отбасын сақтауда көптеген қиыншылықтарға кездесіп, ержеткен. Түрік, моңғол этностарының ертеден келе жатқан салты бойынша, қоңырат тайпасының белгілі басшысы Дей шешеннің қызы Бөртеге Есукей құда түскен. 17 жасқа толғанда Тэмужин қалыңдығына үйленіп, отау тігіп, ұрпақтар өсірді. Оның тарихта белгілі 4 ұлы болды: Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле. Олар әкесінің алға қойған ұлы мақсатын іске асыруда өлшеусіз үлес қосты.
Тэмужин ержетіп, басқа түскен қиыншылықтарды жеңе отырып, Шығыс Түркістанды мекендеген қалың түріктер мен моңғол тайпаларының басын біріктіріп, моңғол мемлекетін құру жолында қажырлы қайрат көрсетті. Өмірінің 30 жылын осы ұлы мақсатқа арнап, ру-тайпа болып бөлшектеніп, бір-бірімен қырғи-қабақ болып жүрген моңғол, түрік тайпаларын бағындырып, ұлы әскери күшке айналдыра білді. Шығыс Түркістан аймағын қосып, моңғол мемлекетін құруды қолға алған ол Орталық Азияны мекендеген қалың түріктердің бұрыннан елді басқару саясатын өзгертіп, оларды жаңа жағдайға бейімдеп шын мәніндегі заңға негізделген ұйымдастырудың қамын ойлаған.

Тэмужин осындай мазмұндағы мемлекетті моңғол тарихында тұңғыш рет ұйымдастырушы. Бұл Шыңғыс ханның көрегендігі. Қоғамды құруда, ондағы этностардың көп салалы өміріне басшылық етуде мемлекеттің атқаратын жұмысы жеткілікті. Сондықтан өз беттерінше бытырап кеткен түрік пен моңғол этностарының басын қосып, оларды алға өрлету үшін бір орталыққа бағындырған мемлекеттің қажеттілігі айқындалып, осындай күшті мемлекетті құруда Тэмужин көп ұйымдастыру жұмыстарын атқарған. Ол өзінің төңірегіне қосылған, мәдени жақтан алда келе жатқан найман, ұйғыр тайпаларының ішінен шыққан көздері ашық, сауатты ғұламаларды, саясаткерлерді жинап, жаңадан тарихи сахнаға шықпақшы мемлекеттің құрамын, оның негізгі Ата Заңын, ондағы мемлекеттің жүргізетін ішкі және сыртқы саясатын белгілегеннен кейін, жаңа басқару жүйесін заңдастыру үшін оны халықтың алдында жариялау қажет болған.
Онон өзенінің жоғарғы ағысындағы тамаша егістік жерге 1206 жылы «Ұлы құрылтай» шақырылды. Оған Тэмужиннің қоластына кірген моңғол- түрік ақсүйектері өзіне жақын адамдар, атағы шыққан батырлар мен нояндар шақырылды. Құрылтай өтетін алаңға мерекеге лайықты ақ шатыр орнатылып, оның үстіне тоғыз құйрықты қыл байланған қасиетті ақ туды желбіретіп, тоғыз аяқты ағаштың басына тағып, оны жақсы көрінетін жерге орнатқан (Шыңғыс ханның «Ақ туы»). Бұл кезде түріктер мен моңғолдар зороастризм дінінде болатын. Олардың бас Құдайы «Аспан» еді. Осындай тамаша мерекелік жағдайда шаман Теб-Тенгри (Кэкчу) Құдайдың (Тәңірдің) атына Тэмужинді – Шыңғыс хан деп жариялаған, «Аспан» Құдайының атымен. Сізді бұдан былай «Шыңғыс хан» деп атаймыз» деген. Бұл туралы Э.Хара-Даванның «Чингис хан как полководец и его наследие» кітабынан үзінді келтірейік: «Всевышний Бог дарует тебе царство лица земного. Теперь когда побеждены твоей десницей государи этих земель, называемые каждый Гур ханом и их области достались тебе, то пусть будет твое прозвище «Чингис». Ты стал царем царей, всевышний Господь повелел, чтобы призвание твое было: Чингис хан, Царь царей и Государь государей».
Ұлы шаман Теб-Тенгри (Кэкчу) Аспан Құдайының атынан сөйлеп, Құдай Сізге жер бетіндегі патша болуды тапсырды. Гур – хандар өздерінің аймақтарымен Сізге қосылды. Солардың енді билеушісі болдыңыз. Енді Сіздің «лақап атыңыз – Шыңғыс хан» болатынын жариялап, патшалардың патшасы, мемлекетті билеушілердің билеушісі боласыз деп, Ұлы шаман Шыңғыс ханды рухтандырған. Сөйтіп, Шыңғыс хан әлемдегі әйгілі аттардың біріне айналған. Содан бері 800 жылдан астам уақыт өтсе де, «Шыңғыс» деген сөздің этимологиясы әлі күнге дейін анықталмай келе жатыр. Шыңғыс хан туралы жазылған еңбектер аз емес. Бұл мәселеге қалам тартқандардың барлығы ол жөнінде өздерінің пікірлерін білдірумен ғана шектелуде.
«Шыңғыс» сөзінің ­этимологиясына тоқталып, Э.Хара-Даван былай деп жаз­ған: «Мы нигде не встречаем удовлетворительного объяснения названия «Чингис». На языке западных монголов, ойратов, калмыков в буквальном значении это слова значит «крепкий», «сильный». Но эти определения довольно отнести не столько понятно физическому, как духовному; К уму, характеру и т.п.» дейді.
Э.Хара-Даван бұл пікірді өткен ғасырдың бас кезінде жазып, бұл мәселе туралы өзінің болжамын білдірген. Келтірілген «мықты», «күшті» деген сөздер тек моңғол, қалмақ тілдерінде ғана емес, түркі тілінде бар. Ұйғыр тілінде «Чиң» сөзі «мықты, бекем, күшті» деген мәнді білдіреді.
Бұл мәндегі сөздер адамдардың мінезін білдіреді, яғни сол адамның ерекшелігін баяндайды. «Шыңғыс» – сөзі белгілі бір адамға берілетін лауазым (титул). Оны қарапайым мінезде беретін сөзбен шатастыруға болмайды.
Белгілі шыңғыстанушы Джон Мэн «Шыңғыс ханның көшбасшылық құпиясы» (2010) атты еңбегінде: «Шың­ғыс ханның аты мен атағы қайта жаң­ғырған тұста ол туралы сұрақтарға жауап берудің де мәні артып отыр» деп жазады. Автор ұзақ жылдардан бері Шыңғыс ханды зерттеген, оның өмірбаянын жетік білген ғалым. Джон Мэн бұл еңбегінде Шыңғыс ханға жаңа көзқараспен қарауға ұмтылған. Оның лауазымды атының этимологиясына жаңа көзқарастың қажет екендігіне көңіл бөлген. Бірақ автор бұрыннан қалыптасып қалған Шыңғыс хан туралы евроцентристік пікірлерден толық айырылмағаны байқалады. Солай болса да бұл жұмыста Шыңғыс хан туралы шындық та баршылық. Бұл жерде оның «Шыңғыс» сөзінің этимологиясы туралы жазғанын келтірейік: «Ғалымдар бұл атақтың түп негізі жөнінде күні бүгінге дейін пікір таластыруда. Түркінің немесе қытайдың бірде-бір патшалық атағы оған тең келмес еді, өйткені бірде-бір әмірші бұрын-соңды мұндай билікке көтерілмеген. «Шыңғыс хан» Тэмужиннен бұрын да, одан кейін де ешкімге берілмеген, арнайы ойлап табылған атақ болды. Оның қайдан шыққаны туралы да дау-дамай, талас-тартыс көп. Бір кездері ол «теңізді» білдіретін «тенгиз» деген түркі сөзінен шыққан деген тұжырым кеңінен таралды, ал теңіз расында да тамсануға лайық болуы мүмкін… Тағы бір нұсқа – бұл атау «жұмақ» немесе «аспан» сөздерінің бұрмаланған түрі дегенді алға тартады, ал атақтың иесін «Көктің әмірімен» билік еткен қытай императорларымен бір дәрежеге қоятын «Тәңірі» деген сөз дейді. Соңғы пайым­дама тоғызыншы немесе оныншы ғасырлардың руналық жазбаларынан табылған «Шыңғыс» сөзі түркі-моңғолша аралас «қатігез, берік, айбарлы» дегенді білдіреді, бұл оның иесіне әбден лайық. Содан кейін бұл сөз қолданыста қалды деседі. Ең сенімді дерек көзі де осы».
Келтірілген сілтемені сол күйінде қолдауға болмайтындықтан оны талдауға тура келеді. «Шыңғыс» сөзінің этимологиясы әлі нақты табылмай, ол туралы әртүрлі пікір айтумен шектеліп келе жатыр дегені тарихи шындық.
Әлемге кең таралып кеткен «теңіз, мұхит» баламаларының да шындықтан алшақ екені рас. Бұл сөз Шыңғыс ханға мінездеме берумен шектеледі де, лауазымды ұғымды білдіре алмайды. «Теңіз» сөзінің «Шыңғыс» сөзіне жақындығы жоқ, қияли ойдан жорамалданған ұғым. Енді «Қазақша-моңғолша сөздікке» көңіл аударайық. Сөздікте «Теңіз-тэнгис; суы тэнгисшін үс; 1) Зах хязғааргүй, Хэмжээгүй; 2) ТОО-толемгүй» нұсқалары берілген. Теңіз сөзінің «шыңғыс» сөзіне жақындығы байқалмайды. Жоғарыда аталған Джон Мэннің «Шыңғыс» сөзіне нұсқа ретінде «Тәңірі» терминін де алға тартып, «Шыңғыс» сөзі оның бұрмаланған түрі деген пікірді жазған. Тәңір терминінің діни мәні бар. Ежелден түріктер мен моңғолдар зороастризм дінін дәріптеп келген. Сондықтан Шыңғыс хан да Аспан (Тәңір) Құдайын мойындап, қиын-қыстау жағдайда одан көмек сұраған. Мысалы, 1211-1215 жылдардағы Солтүстік Қытай жорығының алдында, ол Аспан Құдайынан «Тәңірден» жеңіс сұрап алғаннан кейін жорыққа шыққан. Осындай жағдайда Шыңғыс хан Тәңірімен кеңесіп тұрған. Оған қосымша, 1206 жылы Тэмужинге «Шыңғыс» лауа­зым атағын да сол Аспан Құдайының атымен берілген. Солай болса, Шыңғыс ханға өзі сиынушы «Тәңірдің» атын берудің қисыны келмейді.
Жоғарыдағы тоқталған «теңіз», «Тәңри», «Шыңғыс», «Шың» сөздері Шыңғыс хан сөзінің этимологиясына тура келмейді. Олар жалпылама адамдардың кейбір ерекшеліктерінен хабар беретін сөз тіркестері. Тэмужинге берген лақап ат (псевдоним) «Шыңғыс» ең жоғарғы құрметті атақтардың қа­тарында айтылатын нақты ұғымды біл­діретін болуы керек. Осы құрметті атақты Тэмужинге беру үшін оның төңі­регіндегі ақыл айтатын зиялылар арнайы пікірлесіп, кеңесіп, ой елегінен өткеріп, онан кейін Тэмужиннің алдынан өтіп, оның ризалығын алғаннан кейін, Ұлы Құрылтайда Моңғолдың сол кездегі ұлы шаманы Теб-Тенгриге (Кэкчу) Құдайының атынан жарияландырған. Демек, «Шыңғыс» сөзінің баламасы «Шығыс» деген түрік сөзінен шыққан. Ол сөз «Шығыстың ханы» (властелин Востока) деген мағына береді. Бұл кейін хатқа түсірерде «шығыс» сөзіндегі «ғ» әрпі «ң» әрпімен алмасып кетудің нәтижесінде алғашқы сөздің мәні өзгеріп кеткен.
Олай болса, Тэмужинге берген лауазымды атақ сөзі «Шығыстың ханы» деген. Оның этимологиясы Шығысты билеуші (властелин Востока) деген мағынаға саяды. «Шыңғыс ханның» өзі де бұл атауды мойындаған. 1216 жылы Мұхаммед Хорезм шах Шыңғыс ханға елші жібергенде оны Шығыс ханы қабылдаған. Өзбек тарихында: «Чингис хан как хорошо принял послов Хорезмшаха Мухаммеда, которому просил передать, что считает себя полновластовым царем Востока, а Мухаммеда – владыкой Запада» делінген. Бұл пікірді Э.Хара-Даван да жазған: «Чингис хан поручил чинам посольство передать их государю, что считает его правителем Запада, как признает себя владыкой Востока и что он будет рад установлению между ними дружеских отношений и завязке торговых сношений между их народами» дейді. Міне, осы келтірілген үзінділердің мәні бірдей. Шыңғыс ханның өзі «Шығыстың билеушісі» екенін мойындаған ғой. Сондықтан тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болса, «Шыңғыс» сөзінің баламасы түркінің «Шығыс» сөзіне тура келеді.
Тэмужинге берген лақап ат Шығыс­тың ханы оған жарасып тұр. Ол шығысты билеп, Орталық Азияда бытырап жүрген түркілер мен моңғолдардың империя­сын құрып, ұзақ жылдар өзі және оның ұрпақтары басқарып, империяда бейбітшілік орнатып, қарауындағы этностардың халық болып қалыптасуына жағдай жасады. Ортағасырда әлемде мұндай тұлға тарихта болған емес. Бұл империяға Еуропада, Алдыңғы Азияда бағынышты, тәуелді елдерде болды. Бірақ оған қарамастан, «Шығыстың ханы» деген атақты сақтап қалу, оның дарынды, кемеңгер, тарихи тұлға екенін танытады. Ол өзін әлемді билеушімін деп еш жерде айтпаған, тек Шығыстың ханы ғана болған.

У.ШӘЛЕКЕНОВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР еңбек сіңірген
қайраткер, Ұлы Отан соғысының ардагері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Jalgan

    Osi otirik mahala,bir hirt jazudi hashan hoiasizdar.ana tili dep atap ap mina jazgandariniz ne.tusinsem buirmasin bashasin jondep ap mina shatpirah jazudarinizda jon bosin hishasi bul aripti bir jonge keltirinizder.

  2. Мақсат

    ол Аспан Құдайынан «Тәңірден» жеңіс сұрап алғаннан кейін жорыққа шыққан. Осындай жағдайда Шыңғыс хан Тәңірімен кеңесіп тұрған…………….
    Мынау тап-таза лағу ғой,сонда мейрімді,рақымды АЛЛА Шыңғысқа бейкүна адамдардың қанын төгуге рұхсат беріп тұр ма?Құранда Тәңірі қайсы пайғамбармен тіке қарым-қатынас жасағаны айтылады,бірақ Шыңғыстың атын оқымаппын.Әлде оның құдайы басқа ма?

  3. Taranbah

    Осындай, ешқандай тарихи-ғылыми әдебиеттерге сілтеме жасалынбаған,дәйекті материалдарға сүйенбеген, атамның әңгімесі сияқты мақалаларды неге жарыққа шығарасыздар. Газеттің деңгейін түсіретін.

  4. Aumaq Tvkeyulii

    Munday cykileu dvnyelerdi jazbay-aq qoysahiiz da bolar edi-au.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.