Әніне сәні келіссе…

Кез келген адамның сыртқы келбеті рухани жан дүниесінің айнасы. Сол себептен киімді өзіне жарасымды, аса ұқыптылықпен, талғаммен киіне білген жөн. «Адам көркі – шүберек» дейміз. Бірақ осыған көбіміз мән бере бермейміз. Тіпті астарына үңіліп қарағымыз да келмейді. Ал шынтуайтына келгенде осы шүберектің түбінде ішкі мәдениет жатқан сыңайлы.

Бұрынырақта беделді бір басылым бетінде қазақ сахнасында өзіндік қол­таңбасы бар әншінің берген сұх­батында бір иығы жалаңаш, омырауында түймесі бар суреті жарияланды. Осы мақаладан кейін оқыр­ман қауым көрер көзге оғаш­тау көрінетін су­ретке өз реніштерін, өкпе-наздарын білдірді. Осы ма­қаланы жазуымызға ой-түрткі болған да осы жайт.
Бұрынғыны еске алмай, қазақтың төл мәдениеті бар еді деп ауыз толтырып айта алмасымыз анық. Ұлттық мақта­нышымыздың іргетасы қашан қаланды, қазақ мәдениеті мен өнері қашан, қай кезде қалыптасты деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Көшпелі қазақ сахнасының өзі ауыз әдебие­тінен, халық поэзиясы мен фольк­лордан бастау алары сөзсіз. Батырлар жыры, толғау-дастандар, одан беріректе қазақ өнері Біржан сал, Мұхит, Ақан сері, Жаяу Мұса, Тәттімбет, Мәди сияқты алқалы той, жиын­дарда азулы ақын-жырау, жыршылармен толықты. Содан қазақ өнері рухани дүниемізге нәр алса, кейінірек қазақ сахарасына Қазан төңкерісі келді, Кеңес заманы орын алды. Енді жазбаша күйде толыққан қазақ театр өнері мен қазақ ән өнері сахнада қатар дамыды. XX ғасырдың әдебиет саласы да осы театр өнеріне өз шығармаларын арқау етті. Театр мәдениеті жаңа деңгейге көтеріліп, ұлттық өнеріміздің онкүндігі ретінде Мәскеу төрінде кең сахнада насихатталды. Бұның қазақ өнеріне шабыт бергені де сөзсіз. Қазақ өнерінің хас шебері әнші Әміре Қашаубаев, биші Шара Жиенқұлова сияқты дүлдүлдеріміз қазақ өнерінің дамуына көп үлес қосты. Олардың ізін жалғаған сахна әншілері Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенованың киім кию үлгілері кейінгі Кеңес заманында қазақ өнеріне қосқан өзіндік үлес.
Бертін келе қазақ эстрада әншілері қалыптасты. Өнерге жаңа леп, жаңа үлгі қосылды. «Гүлдер» би ансамблі дүниеге келді. Кеңес заманында мәдениет пен сахна өнері ізденіс пен даму үстінде болды. Қазақ төл мәдениетінде ұлттық құндылығымыз батыс мәдениетіне тәуелді болмады, телмірмеді. Ал Кеңес өкіметі құлаған тұста тоқырау басталып, өнер қайраткерлері қайда барарын білмей, абдырап қалды. Осы тұста шекарамыз ашылып, төл мәдениетіміз экономикалық тығырыққа тірелді. «Нанын әрең тауып жеген» жұртшылық театр есігін ашпай қалған кездер де болды. Дәл осы тұста қазақ сахнасында аздаған ауыс-күйіс орын алды. Жұртшылық батыстың мәдениетіне еліктеп киіне бастады. Шетелдің қаңсығы бізге таңсық болды. Жариялылық осы екен деп ата-ана алдында қысылмай ой-пікірімізді айтумен бірге, іс жүзінде мәдениетте де ұлттық киім кию үлгісін батысқа еліктетіп, бұрып алдық. Сахна киелі ұғым, ел-жұрттың алдына шығарда қандай киім үлгісін қолданасың, халықтың көкейінде де сол үлгі қалыптасады.
Бүгінгі өнер адамдарының киім кию мәдениеті қай үлгіде, қазіргі заманауи сән үлгілеріне еліктеп, ұлттық құнды­лығымызды жоғалтып алып жүрген жоқпыз ба деген сауалға келгенде кібіртіктей беретініміз шындық.
Кез келген өнер адамы, мейлі ол әнші, не жыршы, не саңлақ ақын болсын, ең бірінші адамның киген киіміне көзің түседі. Бұл заңды да. Жарқырап киініп шыққан әншінің өзін-өзі ұстауы да жоғары деңгейде болады. Талантына бас иіп, талғамына да риза боласың. Өзін сыйлата отырып, көрерменін өзіне тәнті еткеніне қуанасың. Негізінде киім кию, сахна мәдениеті бұл тек қана бір адамның киім үлгісі болмауы тиіс. Сахна мәдениеті – ұлттың келбеті. Яғни өнер иелерінің киген киіміне қарап-ақ ұлттық мәртебеміздің қай деңгейге көтерілгенін байқауға болады.
Көпшіліктің алдына шыққаннан кейін орындайтын әніне киген киімі сай болғаны жөн. Өнерді құрметтейтін де, әншінің бағасын арттыратын да халық екенін естен шығармай, атына заты сай болуы үшін еңбектеніп, үлкен дайындықпен шыққаны дұрыс. Ең бастысы ұлттық болмысымызды жоғалтпауымыз керек.
Бұл тұрғыда қазақы үнімен, қазақы бояуы­мен әнді нақышына келтіре шырқайтын Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Өмірқұл ­Айния­зов, өнер саңлағы Айман Мұсақожаева, кейінгі буын өкілдері Мәдина Сәдуақасова, еліктің лағындай ерке қыз Баян Нұрмышева, әнімен де, биімен де халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген Әйгерім Қалаубаева, «Қоңыр», «Керімсал» топтарын ерекше атап өтуге тұрарлық.
Бұлардың қай-қайсысын алсаңыз да өн бойында қазақы биязылық тұнып тұр. Үнемі ізденіс үстінде. Әр сахнаға шыққан сайын жоғары деңгейде дайындалып, қазақы көркем мінез, образ өзара үндесіп, бір-бірін байытып отырады.
Сахна өнері дегенде айтысқа да тоқталғанымыз дұрыс. Біржан мен Ақан, Сегіз сері бабаларымыздың сал-серілік дәстүрін жалғастырған айтыскер ақын Аманжол Әлтаев қазақы киімімен, үкісімен ерек­шеленіп, өзіндік қазақы үлгі қалдырды. Байсалды мінезімен, әнімен, сәнімен кейінгі жас буынға үлгі болып келеді.
«Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек…» деген өлең жолдары қазақ қыздарының белгісі іспеттес. Осы киім үлгілерін қазір ашық-шашық киімге ауыстырдық. Тіпті кейбір әншілердің «мен сахнаға сән көрсету үшін емес, ән айту үшін шығамын» деген пікірлерін де естідік. Бұл біріншіден, өнер адамының түсінік-танымының таяз екендігін білдірсе, екіншіден, сахнаны әрі көрерменін сыйламағандық дер едік. Мұндай пікірлер әншінің беделін түсіретіні жасырын емес. Бұл өте кереғар пікір. Сәні келіскен әншіге көрермендер де риза болып, ілтипатқа бөленері анық.
Жақында театрға барғанымда есімі елге кеңінен танылған, өзінің қызметімен жастарға ақыл-кеңесін айтып жүретін орта жастағы ұстаздың қалай болса, солай киініп театрға келгенін көргенде көңілім су сепкендей басылды. Тек сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі болар беделді ұстаздың бұл қылығын түсіне алмадық.
Мына мысалды да айта кеткенді жөн санап отырмын. Бір байқауда жастардың ортасы деді ме екен кім білсін, бір жас әншіміз сән қуып, жыртық шалбармен ән айтты. Қанша жерден сән қуып, қанша жерден ізденгенмен, затымыз қазақ екенін естен шығармайық, ағайын.
Ел алдында жүрген қай өнерпазды ал­саңыз да, өзінің болмыс-бітімімен, жүріс-тұрысымен, киім кию мәдениеті ар­қылы жастарға тәлім-тәр­бие беретінін, жол көрсететінін санамыздан шығармасақ екен.
Алдыңғы буын аға-апаларымыздың ізімен жүріп, еліміздің ұлттық құнды­лықтарымыз арқылы әлемге таныта білсек, әлем сахнасында ұлттық киімдеріміз брендке айналып жатса, елді­гі­міздің ертеңі үшін жасаған еңбегіміздің өтемі емес пе?! Бұл тұрғыда әр адам тамшыдай болса да өз үле­сін қосса, бұдан ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.