Сандық технология дегеніміз дұрыс па?

Ғылыми технологияларға бет­бұрыс жасаған қазіргідей кезеңде терминдерді дұрыс қалыптастырудың маңызы ерекше. Сол себепті де халықаралық терминдерді қазақ тіліне мағына тұрғысына сай келетіндей аудару үлкен шеберлікті қажет етеді. Бұған ең бастысы ыждаһаттықпен қарау керек. Мұны айтып отырғаным, біз осы уақытқа дейін көптеген терминдерді орыс тілінен аударып келген болсақ, енді ағылшын тілінен тікелей аударылған бірқатар терминдер пайда болуда. Солардың арасында байыбына жетпей үстірт қолданылып жүрген терминдік атаулар да кездесіп қалып жатады. Сондай терминдік атаудың бірі – маңызды технологиялық кемелдікті білдіретін «цифрлық» термин. Бұл атаудың қазақ тіліне «сандық» деп аударылып жүргені, менің ойымша, қисынға сәйкес келмейді.
Қазақ тілінде айтылуы бірдей, бірақ мағыналары әрқилы омоним сөздерінің бар екені белгілі. Мысал ретінде математикалық ұғым «сан» мен адамның ағзасы «сан» атауы омоним сөздерге жатады.
Ағылшын тіліндегі «number» (оқылуы: намбе) деген сөздің бірнеше мағынасы бар. 1977 жылы «Русский язык» баспасынан шыққан «Англо-русский словарь» сөздігінде «number» терминінің математикалық «қосынды, сан және цифр» деген мағыналары бар екені жазылған. Менің ойымша, осы атауларды байы­бына жетіп саралап, екшеместен «сан» деген мағыналы балама атауды қолдану, жоғарыда айтылғандай, «сандық» деген жаңылыс атаудың пайда болуына негіз болған.
Енді «сан» мен «цифр» деген терминдік атаулардың аражігін ажыратып көрелік. Баршамызға белгілі, қазақ тілі грамматикасында дыбыс, әріп және сөз деген түсініктер бар. Дыбыс естіледі және қағазға жазылады, оның қағазға түсірілген шартты белгісі «әріп» деп аталатыны белгілі. Осы әріптер арқылы сөздер жасалады. Математика пәнінде де осыған ұқсас жайт бар. Мұндағы «әріптер» – цифрлар (1, 2, 3, 4, т.б.). Осы цифр­лардан кез келген сан құрастырылып жазылады. «Цифр» – араб сөзі, оның сөзбе-сөз аудармасы «бос орын» деген мағынаны білдіреді. Он цифр қолданылған санау жүйесі – ондық санау жүйесі деп аталған. Егер санау жүйесінде екі ғана цифр, мысалы 0 (нөл) мен 1 (бір) қолданылатын болса, ол жүйе екілік санау жүйесі деп аталады.
Сол себепті осы екі цифрмен «басқарылатын» технологиялық үрдістер – цифрлық деп аталған. Осы айтылғандардан математика ғылымы тек санау, есептеу мәселелері үшін ғана емес, технологиялық үрдістерді тиімді әрі жоғары сапалы деңгейде орындауға септігін тигізетінін байқаған боларсыздар. Әрине, мен көпшілікке түсінікті болу үшін көп мәселелерді қарапайым түрде мазмұндадым.

Нұрқанат КӨБЕНҚҰЛҰЛЫ,
зейнеткер
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.