«Арманды дара қумадық!..»

Газетімізде «Махаббат, қызық мол жылдар» айдарымен жасы 70-80-нен асқан, қосағымен бірге жасасып өмір кешіп келе жатқан қарттардың өнегелі өмірі, жастық шағы, отбасы туралы тұрақты жарияланып келе жатқан мақалаға енді кім лайық дегендей сауалға тірелгенде менің ойыма бүкіл өмірі «Егемен Қазақстан» (бұрынғы «Социалистік Қазақстан») газетінде қызмет етумен өтіп келе жатқан, есімі республика жұртшылығына кеңінен әйгілі Мамадияр Жақып орала берді. Биыл 75 жасқа толған оның шығармашылық жолын қысқаша ресми түрде былай түйіндеуге болады:

Мамадияр Ділдәбекұлы Жақып 1938 жылы 26 мамырда дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетінде (1955-1960), Мәскеуде Жоғарғы партия мектебінде (1971-1973) оқыған.
Университетті бітірген соң «Социа­листік Қазақстан», (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетіне 1960 жылғы 8 тамызда жұмысқа қабылданған. Алайда ҚКП Орталық Комитеті оны арнайы жолдамамен Семей облысына жібереді. Онда облыстық «Семей таңы» газетінде журналист, қалалық комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет етіп, 1965 жылы қайтадан «Социалистік Қазақстан» газетіне оралып, осы облыстағы меншікті тілшісі болды. 1973 жылдан – газеттің журналисі, бірқатар бөлімдердің меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі, жауапты хатшы болды. 1986 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетіне Бас редактор болып тағайындалды. Желтоқсан оқиғасына байланысты қудалауға ұшырап, партиядан шығарылады. Сөйтіп, аудандық газетте корректор болып жұмыс істеуге мәжбүр болған. Колбин кеткеннен соң іле-шала қайтадан «Егемен Қазақстан» газетіне оралып, зейнетке шыққаннан кейін де одан қол үзбей қызмет атқарып келді. «Егемен Қазақстан» газетінің «Ұлылыққа тағзым» акциясын өткізу идеясын жүзеге асыруға бастамашы болып, оның жетекшілігімен Абай, Шәкәрім, Махамбет, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев секілді халқымыздың ұлы тұлғаларының туған жерлеріне 9 рет жаяу сапар өткізіліп, бұл туралы газетке кеңінен жазып жариялап отырды.

Мамадияр мен Нұрсұлудың ұлы мен қыздары, келіні мен күйеубалалары және немерелері
Мамадияр мен Нұрсұлудың ұлы мен қыздары, келіні мен күйеубалалары және немерелері

Мамадияр Жақыптың очерктері мен мақалалар жинағы бірнеше рет кітап болып басылған. «Абырой», «Ұстаз», «Мергенбай айтқан екен» әңгімелер жинақтарын оқырмандар жылы қабылдаған. Алайда ол жазушылықты емес, журналистік мамандықты өмір бойы ұстанып келеді.
Ол Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының төрт мәрте лауреаты. «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен, Республика Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған. ШҚО Абай ауданының, ОҚО Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы. Қазақстанның Құрметті журналисі.
Мамадияр Жақыптың қандай қаламгер, қандай азамат екенін өзім жақсы білгендіктен де оның жастық шағын, отбасын оқырмандарымызға өнеге етіп көрсетуге әбден лайық екеніне күмән келтірмедім. Мен «Социалистік Қазақстан» газетінде Мәкеңмен бір шаңырақ астында он жылдай журналист болып қызмет етіп жүргенде оның қыр-сырына айтарлықтай қанық болғандықтан да тіпті естелік жазуыма да болатын еді. Әрине, оны бесаспап журналист, көргені көп, көңіліне түйгені көп ақылшы данагөй адам деп есімде қалған оқиғаларды баян ету қиын емес. Алайда Мамадияр Жақып туралы қаламдастары, ақын-жазушылар жүрекжарды толғаған пікірлер аз жарияланған жоқ. Мәселен, жуықта ғана өмірден өткен қазақтың көрнекті ақыны Сәкен Иманасов Мәкеңе арнап толғау да жазған. Оның басты шумақтары мынандай:
Әр күні думан, тәтті аңыз,
Жер-көкке сыймай жас кеуде,
Желігіп жүрген шақта біз
Жолығып едік Мәскеуде…

Аңқылдап, арқа қағыстық,
Жақсыға құштар төсті ашып.
Таныса сала – табыстық,
Табыса сала – достасып.

Үйлесе кетті тез көңіл.
Қол алып тұрып қайтадан.
Тұлғаңда сенің өзге бір,
Туралық барын байқағам.

Кісілігің де сезілген
Ел ісі болып мұратың.
Айтылған әрбір сөзіңнен
Адалдық аңқып тұратын.
«Арманды дара қумадық!..»
Мәкеңнің зайыбы, отбасы қандай екенін белгілі журналист Гүлзейнеп Сәдірқызы «Егемен Қазақстан» газетінің 60 жылдық мерейтойына арналған 1994 жылғы 17 желтоқсандағы
санында жарияланған мақаласында былай толғапты: «…Егер дәл бүгінгі заманның ауанында ақ сөйлеп, адал күлетін жанның тазалығын да байлық санап, жұрттың алдына да түспейтін, көштің соңында да қалмайтын тату-тәтті өмір кешіп жатқан отбасы бар ма десе, мен журналист Мамадияр Жақып отбасын атаған болар едім. …Егер дәл бүгінгі уақыт тынысында бұрынғы қызыл танау екпінділерше күндіз-түні аттан түспей, маңдай терін де міндет етпей, адал еңбегін байлыққа санап, бейнетінен бақыт тапқан отбасын іздер болсақ, мен журналист Мамадияр Жақып отбасын көрсеткен болар едім…
…Қазақта әйел-анаға қатысты бір әдемі мақал бар. «Әйел ай секілді, есікті жапсаң, түңліктен түседі» деген. Сол айтпақшы, Мәкеңмен отыз жыл отасқан, үйдегі бар ахуалды – барды-жоқты, жақсы-жаманды білдірмей, жымдастырып, отағасының мерейін өсіріп, азын көптей, көбін көлдей етіп отырған Нұрсұлу жеңгеміз дәл осындай бәйбіше. Ол кісінің бойындағы бүгінде қазақтың жас отбасыларынан сирек кездесетін қасиеті – ер азаматын өзінен жоғары қоя отырып, әке айбынын, әке беделін биіктетіп, бала мен әке арасындағы жалғастықтың дәнекері бола білуі. Сондықтан да Мәкеңнің отбасында әкенің бірауыз сөзі жерде қалмайды, айтқаны екі етпей орындалады».
Мамадияр мен Нұрсұлудың отасқанына жарты ғасыр болып қалыпты. Ендеше олардың отбасы тірлігінде кейінгі жастарға үлгі етерлік өнегелер аз болмаса керек. Осындай оймен Мәкеңе телефон шалдым. Қарсы болмас деп ойлаған едім.
«Арманды дара қумадық!..»– «Махаббат, қызық мол жылдар» айдарымен жарияланатын мақалаға кейіпкер болуға дейсің бе?.. Жо-жоқ, айналайын, ниетіңе рахмет! Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. «Ана тілі» газетіндегі осы айдармен жарияланған мақалаларды оқып жүрмін. Жуықта өзімнің көршім, ақын Сейфолла Оспан туралы мақаланы да оқыдым. Бұл ақын-жазушыларға, ғалымдарға лайық болар. Ал маған… журналистке… – деген Мәкең өзінің қарсы болу себебін түсіндіре бастады. – Қуанбек-ау, менің табиғатымды өзің де жақсы білесің ғой, өзімді, әйелімді, бала-шағамды өз аузыммен қалай мадақтаймын. Бұл менің табиғатыма жат. Ел-жұрттан ұят, ыңғайсыз ғой. Тіпті өзін дәріптеу журналистерге жараспайды ғой. Журналист деген өзінің емес, өзгенің, елдің тірлігін көрсетуді міндет, парыз санамай ма?! Мұны өзің де білесің ғой. Ал мені сырттай қалай жазамын десең де еркің…
Мәкең осылай деп ер-тоқымын бауырына алып тулап, қанша үгіттесем де көнбей-ақ қойды. Амалым құрығаннан кейін өзіміздің «Ана тілі» газеті қарайтын «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалиннен көмек сұрамақ болдым. Жұмабек Омарұлы Мамадияр Жақыптың сүйікті шәкірттерінің бірі еді. Сөз реті келгенде айта кетейін, газетте ол қамқор болып, тәрбиелеп өсірген тамаша журналистер аз болмады. Солардың бірі «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті, көсемсөз зергері Сауытбек ­Абдрахманов Мамадияр Жақыптың «Заман мен адам» деген кітабына кіріспе ретінде жазған пікіріндегі мынандай жолдарды келтірсем де сөзім дәлелді болар: «…Сол сын сағатта Мәкеңнің қанатты қамқорлығын, ағалық аялы алақанын көп көрдік. Жазған-сызғанымызды летучкаларда көтеріңкірей айтып, көңілімізді өсіріп тастайтынын, жылы жымиып, жай-күйімізді сұрай жүретінін былай қойғанда, Мәкең біздің жігіт, азамат, қаламгер болып қалыптасуымызға да әдемі әсер етті.
Біз жұмысқа жаңа орналасқан тұста Мамадияр ағамыз редакция бастауыш партия ұйымының хатшысы болатын. Газетке барғаныма жыл жаңа толысымен партия мүшелігіне кандидат болып қабылдануыма, арада бірер жылдан соң бөлім меңгерушілігіне, одан кейін редакциялық алқа мүшелігіне тағайындалуыма тікелей осы Мәкеңнің септігі тигенін жақсы білемін. Мұндай разылық сөзді жұмысқа менен кейін қабылданған сол тұстағы жас журналистер – Ержұман, Жүнісбек, Қадыp, Әбдімүтәл, Ағайдар, Жұмабектердің қай-қайсысы да айтарына сенемін».
Иә, Жұмабек те Мәкеңді зор құрмет тұтатындықтан оған қолқа салудан аянып қалмас деп ойладым. Ол Мәкеңнің қарсы болғанын естіп, «Кәні, өзім сөйлесіп көрейін» деп телефон шалып еді, ағамыз маған айтқан сөзін қайталап көнер емес. Жұмабек Мәкеңнің зайыбы Нұрсұлу жеңгейдің атын атап, «осынша жасқа келгенше сол кісінің сізге, елге сіңірген еңбегін, өнегесін газетімізге бір рет үлгі етіп әйгілеуге әбден болады ғой» дегендей дәлелдерін келтіріп еді, Мамадияр көнгендей болды. Солай болса да оның айтқанынан қайтпайтын, өз пікірін табандап қорғайтын табиғатын білгендіктен айнып қалуы мүмкін дегендей күдіктен арыла қоймадық.
Сонымен Мамадияр Жақыптың үйіне жол тарттым. Есігінің алдына келгенде Мәкеңнің осы үйге қалай көшіп келгені есіме орала берді. 1980 жылдары газет редакциясына тақау жердегі қазіргі Мақатаев көшесіндегі екі бөлмелі пәтерін кеңейтіп осы жерден 4 бөлмелі пәтер алып, осы үйге көшіп келгенде жүгін тасуға мен де көмектескен едім. Жүктердің бәрін үйге кіргізіп жайғастырған соң әдеттегідей көңілді отырыс болып, сонда әйгілі ақын марқұм Кеңшілік Мырзабеков екеуміз кезектесіп өлең оқығанымыз ойыма орала берді. Сонда көшіріскен жігіттердің көбі зейнетке шықса, біразы бақилық болды.
Мен есіктің қоңырауын басып едім Нұрсұлу жеңгей «Мәкең қазір келіп қалар, үйге кіре бер, төрлет» деп көңілдене қарсы алды. Нұрсұлу жеңгейге Мәкең айнып кетіп жүрмесін дегендей оймен үгіт айтқан болып отырғанда Мәкеңнің өзі де келді. Зейнетке шықса да газетке әлі де барып келіп, мақала жазып көмектесіп жүретінін білетін едім. Мұнан бірер жыл бұрын ол «Егемен Қазақстан» газетінің Алматыдағы бөлімшесін басқарып отырғанда ара-тұра әдейілеп барып сәлем беріп әңгімелесетінмін. Ол кабинетіне кіре бергенімде орнынан қалбалақтап атып тұрып, құшақтап, қуана қарсы алып риза болып қалатын. Сонда ол мені әлі күнге дейін отыз жастағы секілді көріп әдетінше ақыл айтудан жалықпайтын.
Дастарқан басына отырған соң ерлі-зайыптылардың алғаш қалай табысқанын сөз етуді ыңғайсызданып негізгі тақырыпқа кеңінен оралуды ойластырып, Мәкеңнің ата-анасы, туған ауылы, балалық шағы туралы сөзге тартып едім, ол көңілденіп сала берді.
– Мен оңтүстік өңірдегі Арыс ауданындағы Байырқұм ауылында 1938 жылы 26 мамырда дүниеге келіппін. 1940 жылы Байырқұм ауылының тұрғындарын мақта өсіреміз деген желеумен Мақтаарал ауданына көшіргенде үш-ақ үй көшпей қалды. Соның бірі біздің үй. Сөйтіп, туыс­тарымыз екіге жарылды. Кейін олардың біразы Байырқұмға оралды. Әкем Ділдәбек дінге сауаты мол, Бұхара медресесінде оқыған. Алайда молдалық жасаған жоқ. Арабшаға, есепке жүйрік болды. Бес уақыт намазын қаза қылған емес. Ауылда алғаш дүкен ұстаған еді. Ол көкпар тартуға құмар болғанын ағайындар айтып отыратын. Сондықтан тұрмысымыз нашар болған жоқ. Тіпті ең алғашқы патефон да біздің үйде болған екен. Соғыс кезінде денсаулығына байланысты әскерге алынбады. Солай болса да Сыр бойы ну орман, аң-құс көп болғандықтан, аң аулап, қоян терісін үкіметке өткізумен болды. Әкем 63 жаста қайтыс болды. Шешем Тәжікүл 1995 жылы 95 жаста өмірден өтті. Шешемнің емшілік өнері бар еді. Ауылдағы балаларды емдейтін. Жалпы мен 6 ағайындымын. Әке-шешемнің тұңғышы Айдар 50 жастан асқанда өмірден өтті. Құдайға шүкір, бала-шағасы өніп-өсіп жатыр. Сонан кейін Айнықша деген жалғыз қыз, сонан кейін Смадияр 1936 жылы туды. Сонан кейін Қайырбек 1937 жылы туылыпты. Оның ұлты Бессараб болса да әке-шешем бауырына басып, туған баласындай көріп өсірген. Сонан кейін мен. Ең кенжеміз Мәді екеуміз ғана қазір бармыз. Қалғаны бақилық болды ғой. Олардың бала-шағасына мен ең үлкен аға, ата болып жүрмін. Олардың бәрі бетіме қараған емес. Ағалап-аталап сыйлап тұрады. Әйтсе де әкемнің інісі Зұлпыхарда бір ұл, бір қыз ғана болған соң мені өздерінен туғандай етіп, бауырына басып алған еді. Сөйтіп, бірге туғандарымның бәрі Ділдәбеков болып жазылса, мен әкем мен інісіне ортақ болсын деп атам Жақыптың есімімен Жақыпов болып жазылған едім. Мамадияр саяжайда немерелерінің ортасындаЗұлпыхардың ұлы Роман біздің туыстарымыздың ішінде еті тірі азамат болып өсті. Аудандағы су қоймасы үстінен ұзындығы 25 шақырымдай көпір салу жөнінде үкіметке ұсыныс жасап жүріп, оның құрылысына белсене қатысты. Көпір салынып біткеніне орай Елбасы ауданға келгенде иығына шапан жабуды басшылар Романға тапсырған еді.
Мен негізгі тақырыпқа жақындамақ болып, әңгіме арнасын бұрдым:
– Сонымен мектеп бітіріп, Алматыға жол тартқаныңызды әңгімелесеңіз…
– Сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде 5 студент бес жыл бойы жұп жазбай оқыдық. Олардың бәрі де кейін танымал болды. Нақты айтсам, Амангелді Ахметалиев, Сәнкерей Тәжіғұлов, ­Валерий Дөненбеков, мен және ортамыздағы жалғыз қыз Тұрымтай Дүйсебаева. Сәнкерей осы Тұрымтайға үйленді. Ол осы университетте оқытушы болып қалды. Сондай-ақ сол кезеңде Мақсұт Әубәкіров, Зейнолла Серікқалиев, Сабырхан Асанов секілді кейін елге танылған көптеген студенттермен бірге дос болып кеттік қой.
– Оқу бітірген соң Семейге барғаныңыз қалай? Әлде Нұрсұлу жеңешемізді іздеп бардыңыз ба? – деп әзілдей әңгіме арнасын бұрдым.
– Нұрсұлумен кейін таныстым ғой. Мен екі жылдай студенттік оқу тәжірибені «Социалистік Қазақстан» газетінде өткізген болатынмын. Дипломды жақсы қорғаған соң осы газеттің Бас редакторы Қасым Шәріпов менің Семейге жіберілетінімді біле тұра қызметке шақырды. Сөйтіп, осы газетке орналасып жүргенде өзімізбен бірге емтихан тапсырған Петр Петрович Хрущев деген бір күні кездесе кетті. Өзі Орталық Комитетте қызметте еді. Мен студент кезімнен танитын болғандықтан, аңқылдап, оған жолдама бойынша Семейге баруға тиісті болсам да «Социалистік Қазақстанда» қызметке қалғанымды айтып едім, оның шу шығармасы бар ма.
– Партия қайда жіберсе, сонда баруға міндеттісің, – деп басшылыққа хабарлады. Амалсыз Семейге барып облыстық газетке орналасып, онда белсенділік көрсеткен соң, партия жолдамасымен келгенімді желеу етіп, мені қалалық комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлады.
– Нұрсұлу жеңешемен енді танысатын кез келді-ау, – деп әзілдей негізгі тақырыпқа ойыстым. Мәкеңнің сөзі қысқа болды.
– Бірде қалалық комсомол ұйымының конференциясының жұмысы кештетіп біткен соң, киімімді алайын деп киім ілгішке келсем бір сүйріктей қазақ қызы тұр екен. Онда конференция делегаттарының басым көпшілігі орыстар еді. Сондықтан да қазақ қызына еріксіз көзім түсіп неге тұрғанын сұрамаймын ба.
– Киім ілгішке пальтомды өткізгенде номер алуды ұмытып кетіппін. Енді жұрттың бәрі алып біткен соң ғана пальтомды бермекші. Сіз көмектесе аласыз ба? – деп ол маған жалынғандай үн қатты. Мұндайда неге көмектеспейін. Өзімнің басшы болған беделімді салып жүріп киім ілгіштен киімін алып бердім. Күн кешкіріп кеткен соң баратын жері алыс болғанын біліп, оны машинамен үйіне жеткізіп салдым.
Осы кезде әңгімемізге үнсіз құлақ түріп отырған Нұрсұлу жеңеше сөзге араласты:
– Бізді қосқан комсомол деп жүремін. Мен де Мәкең секілді комсомол белсендісі болған едім. Өзім осы облыстағы Бородулиха деген ауылда туып-өстім. Мұнда, негізінен, орыстар көп те, қазақтар жоқтың қасы болатын. Содан орыс балабақшасына, орыс мектебіне бардым. Кейін әке-шешем Семейге көшіп келді. Өзім жеңіл өнеркәсіп техникумын бітіріп, мектепте мұғалима, әдіскер, оқу ісінің меңгерушісі, кейінірек мектеп комсомол ұйымының хатшысы болдым. Жұмыста белсенді болып көзге түскеннен кейін мені қалалық комсомол ұйымының конференциясына делегат етіп сайлаған еді. Содан жаңа Мәкең айтқандай, таныстығымыз басталды. Ол кезде әке-шешем бар еді. Әкем 70 жаста, анам 90 жаста қайтыс болды ғой. Мен де бес ағайынды болып өстім. Отбасымда тұңғышы мен және кенжесі де қыз, қалғаны ұлдар. Сондықтан ата-анамның қолынан ұзатылуымды қаладым. 1964 жылы 8 наурызда үйлендік. Қазақ дәстүрімен ұзатылдым десем де болады. Үйленер алдында енем – Мәкеңнің анасы, жездесі бастаған бір топ ағайындары келіп, ата-анамның алдынан өтті.
– Үйленген соң қайда, қалай тұрдыңыздар? Пәтер жалдадыңыздар ма? – деп сұрап едім, сөзге Мәкең араласты:
– Мен ол кезде «Семей таңы» газетіне ауысқан едім. Қалалық комсомол комитетінің хатшысы болған кезден бері тұрғын үй беру комиссиясының мүшесі ретінде үйленбей тұрып та пәтер алуыма мүмкіндік бар еді. Өзім оған тырыспадым. Үйленген соң іле-шала бір бөлмелі пәтер алдым.
– Жас кезде шіркін, дос-жарандар көп болады ғой. Үйімізден қонақ арылмайтын. Әсіресе Мәкеңнің достары көп еді. Солар жиі келіп, үйіміз күнде той секілді думан болатын, – деп Нұрсұлу жеңешем махаббатты, қызықты жастық кезеңін есіне түсіре бастады.
– Тұңғыштарыңыздың өмірге келуі де ұлан-асыр той болған шығар? – деп сұрап едім, олар біт сәт үнсіз қалғандай болды. Мәкең әңгімеге елітіп кеткені сондай, ішкі сырын ақтара сөйледі:
– Біз тағдырдың қатты сынынан өткендей болдық. 3-4 жылдай баламыз болмады. Жора-жолдастар, ағайын-туғандар жөн сұрасқанда тіпті ыңғайсыз күйге ұшырап жүрдім. Солай болса да Нұрсұлудың қабағына кірбің түсірмеуге тырыстым. «Құдай бұйыртқан күні нәрестелі болармыз, оған несіне асығасың» деп жұбататын едім. Сөйтіп жүргенде, үйленгеннен кейін 4 жыл өткенде 1968 жылы тұңғышымыз өмірге келді ғой. Бұл оқиғаның да өзіндік ерекшелігі болды. Нұрсұлу айы-күні жетіп босанар қарсаңында «Социалистік Қазақстанның» Бас редакторы Үсебаев мені Қостанай облысына іссапарға жіберді. «Зайыбым босанғалы жатыр, бұл іссапардан босатыңыз, кейін қандай тапсырма болса да орындауға дайынмын» деп қанша жалынсам да Бас редактор міз бақпай қойды. Содан «Егер зайыбым, балам бір нәрсеге ұшыраса, ісім өзіңізбен болады» дегенге дейін бардым. Сөйтіп, Қостанайға барып қайтқанша Нұрсұлу босанып қойыпты. Оны перзентханадан шығарып алып, керек-жарағымен қамтамасыз етіп, менің жоғымды білдірмеген дос-туыстарыма риза болдым. Сонымен тұңғышымыз Айгүл 1968 жылы тамыз айында дүниеге осылай келді. 8 жылдан кейін екінші қызымыз Айжан туды. Екі жылдан кейін ұлымыз Ержан туып шаттығымыз шарықтай түсті.
– Ержанның туғаны да бір хикая болды, – деп Нұрсұлу жеңеше өз басынан өткен бір оқиғаны есіне алды. – Ержанға жүкті кезімде дәрігерлер «Сенің денсаулығың нашар, бала көтеруге болмайды, өміріңе өте қауіпті, қалай да түсік жасау керек» деп талап етумен болды. Алайда мен көне қоймадым. «Мейлі, «бала үшін жанпида!» демей ме қазақ» деген оймен тәуекел еттім. Алайда дәрігерлер айтқандай, ешқандай қауіп бола қойған жоқ. Аман-есен, тіпті жеңіл босандым. Балаларымыздың бәрі аман-есен бойжетіп, ержетіп, бір-бір шаңырақ болып, немерелер сүйгізіп отыр. Қазақ бала санын айтпайды ғой. Сөйтсе де жуықта ең кішкене немереміз Нұрасыл өмірге келгенде немерелеріміздің саны 13 болды деп Құдайға тәубе еттік. Бұдан артық бақыт бар ма?!
– Сіздердің қиындыққа тап болған, бір оқиғаны жұрттың бәрі білсе керек. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінің қаһармандарының суретін «Жетісу» газетінің Бас редакторы болып тұрған кезде газетке жариялағаныңыз үшін қызметтен босап, партиядан шығарылып, қуғынға ұшырағанда қандай күйде болдыңыздар? – деп енді әңгіме арнасын өзге оқиғаға бұрдым.
– Қызмет деген қолдың кірі емес пе. Бұл біз үшін айтарлықтай қиналысқа түсетіндей оқиға болған жоқ десем, жаңсақ айтқандық болмас. Бұл кезде мен Мәкеңнің қабағына қарап, еңсесін түсірмесе екен деген оймен демеу болуға тырысып жүрдім. «Ұрлық-қарлық, қылмыс жасаған жоқсың, ел алдында, халқыңның алдында арың таза, тіпті қазақ үшін бұл ерлік деп кейін әйгіленетініне күмән келтірмеймін. Ең бастысы бала-шағамыз, басымыз аман, деніміз сау, осыдан артық бақыт жоқ қой» дегендей ойларымды айтып, Мәкеңе қолдау көрсеттім, – деп Нұрсұлу жеңгей сол кезеңдегі бастан кешкендерін есіне ала сөйлесе, Мәкең де осындай ойды жалғастырды:
– Тіпті қызметтен кетіп, қудаланды деген болмаса, дәл осы кезең мен үшін бір рахат демалыс секілді болды. Қаскелең қаласында шығатын Күрті аудандық газетіне корректор болып таңертең жұмысқа кетіп, кешке таман ораламын. Бұрынғыдай ешқандай жауапкершілік жоқ, жұмыс аз. Жұмыстан кейін еркін демаламын, балаларыммен қыдырыстап, уақыт өткіземін. Тіпті дәл осы кезеңде балаларымның ортасында ұзақ уақыт болғаныма қуанамын. Дос-жарандар мен туған-туысқандар да, әріптестерім де мені жазғырған емес, тіпті көбі іштартып, жұбатып, көңілімді көтеруге тырысатын. Сол кезеңде Нұрсұлудың қабағына кірбің түспесін деп жайраңдап, көңілімді көтеріңкі ұстауға тырысатынмын.
Отбасындағы ең қиын қиналысты кезең Мәкеңнің жүрегінің талмасы ұстап, инфаркт деген диагнозбен ауруханаға түскен кезі екенін жақсы білетін едік. Бұл туралы Нұрсұлу жеңеше былайша әңгімеледі:
– Біздің басымыздан ең қиын, ең қиналған кезең Мәкеңнің инфаркт болып ажал аузында жатқан уақыт еді. Мәкең ауруханаға түскен соң іле-шала екі балам да аяқастынан қатты ауырды. Сөйтіп, дәл осы кезең мен үшін өмір бойы естен кетпестей қиналған тұсым болды. Мәкеңе екі баланың да ауырып жатқанын ауруханадан шыққанша айтқан жоқпын. Жүрегіне зияны тиер деп ойладым. Міне, енді бәрі артта қалды. Балаларымның қуанышына кенеліп, қосағымызбен қоса ағарып отырған жәйіміз бар.
Мәкең жүрегі ауырып ауруханаға түскен тұста мен де «Социалистік Қазақстан» газетінде істейтін едім. Мәкең темекіні өте жиі тартатын. Темекі болғанда қандай! Ең күшті «Прима» сигареті. Кабинетіне қашан кірсең де алдындағы күлсалғышта темекі қалдығы үйіліп тұратын. Мәкең болса темекіні бірінен кейін бірін бұрқыратып тартқанына өзгелер таңданып жүретін. Содан ауруханадан шыққаннан кейін ол темекіні біржолата қойғанына тағы да таңданумен болдық. Таңданғанымыз – кабинетіне кіре қалсаң «Шылым шегесің бе?» деп сигарет ұсынатын. Үстел тартпасында бір-екі қорап темекі жататын. Ал өзі темекі тартпайтын.
– Өзімнің шыдамдылығымды осылай сынаймын, сендер де темекіні осылай қойып кетіңдер, – деп ақыл айтатын.
Мамадиярдың зейнетке шыққаннан кейінгі өмірі туралы Нұрсұлу жеңеше әңгімесін былай сабақтады:
– Мәкең зейнетке шыққаннан кейін «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, қызметтен қол үзбегенін өзің де білесің ғой. «Егемен Қазақстан» газетінің Алматыдағы бөлімшесін зейнет жасынан асқаннан кейін де біраз жыл басқарып, жұмысқа ерте кетіп, кеш келіп жүрді. Тек соңғы жылдары ғана бұл міндеттен құтылып, мойны босағандай болып жүр ғой. Ал мен де өмір бойы білім беру саласында еңбек етіп, мұғалима, оқу ісінің меңгерушісі, әдіскер болдым ғой. Ең үздік әдіскер ретінде кейін республикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында әдіскер болып жүріп зейнетке шықтым. 1993 жылы мектепте мұғалім болып жүргенімде Қазақстан республикасының «Білім беру ісінің озаты» белгісімен наградталдым. Зейнетке шықсам да Мәкең секілді мені де қызметке шақырған еді. Алайда «балалар өздерімен өзі, бізге салмақ салмайды, қайта солардың игілігіне бөленетін болдық. Құдайға шүкір, зейнетақымыз басымызға жетіп-артылып, немерелерімізге сый-сияпат жасауға да мүмкіндігіміз бар. Қызметке барып қиналатындай басымызға не күн туды» деп мені қызметке жібермей қойды.
– Аптаның сенбі, жексенбі күндері саяжайға барамыз, туған-туыстар, жора-жолдастар, бала-шаға, немерелер өткізетін той-томалақ, отырыстар аз емес. Тіпті соның бәріне уақыт жеткізе алмаймыз. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда осылай күндерді қуанышпен өткізуге не жетсін?! Осының өзі де бақыт екенін сезіне бермейміз. Осынау өмір жолында сонау алыста қалған жастық шағымызды, өздерің айтқандай, «Махаббат, қызық мол жылдарды» сағынады екенсің. Сондай жастық кезеңдегі қиындықтардың өзі қазір бізге қызықты болып ойымызға оралады. Соның бәрін түйіндеп келгенде «Өтті дәурен осылай» деп сағынышпен Нұрсұлу екеуміз есімізге алып отырамыз, – деп Мәкең толғана сөйлеумен болды.
Әу баста жастық кезеңдері туралы әңгімелеуден тартынып, газетке жариялауға үзілді-кесілді қарсы болған Мамадияр аға әңгіменің қызығына түсіп, жастық дәуренін ой елегінен өткізіп, көңілденіп, марқайып қалғандай болды. Сөйтіп, риза болып, бізді қуана-құптап, шығарып салды.

Қуанбек БОҚАЕВ

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.