Сөзімізге талғаммен қарасақ немесе академик І.Кеңесбаевтың өсиеті

Халық тілі қазынасынан тамыр тартып, өркен жаятын әдеби тілдің құнарлы бір арнасы – аймақтық тіл қабаты екені белгілі. Жергілікті тіл құбылыстарының әдеби лексика қорын байытуға елеулі үлес қосып келе жатыр. Мәселен, бір кездері көйлектің әйел киімі, ал жейденің ерлер киімі болып ұғым жағынан саралануына халық тілінің тигізген әсері айрықша болды.

Кезінде академик І.Кеңесбаев «Осы секілді дербес ұғымдардың көрінісі ретінде бір-бірінен айырып қолданылатын жергілікті сөздер болса, оларды әдеби тілімізге ендіріп отырудың лайығы жоқ деп кім айта алады? Стол біткеннің бәрін үстел деп атаудан гөрі дөңгелек, аласа түрін жергілікті халық тіліндегі нұсқасынша жозы деп, кеме тоқтайтын бухтаны айлақ деп, марляны дәке, пекарняны наубайхана (науайхана), коридорды кейде көркем әдебиетте дәліз деп алар болсақ, әдеби тіліміз үшін несі айып? Шүу дегенде құлаққа тосын, тіліне шәлкем-шалыс сезілгенімен, бара-бара бұлардың да әдеби тілімізге орнығып, дағдылы машыққа айналып кетпесіне кім кепіл?!» (1,137) – деп тың ой тастаған еді. Расымен де, ғалым ұсынған осы тұлғалардың қазіргі кезде әдеби тіл қатарынан ойып орын алғанын көзіміз көріп отыр. Осындай тұлғалардың қатарында кезінде тек оңтүстік облыстарда ғана қолданыста болған дақыл, бағбан, пияз, шабандоз, сақманшы сөздері қазір ортақ игілікке айналғанын да байқап жүрміз.
Жергілікті тіл ерекшеліктері арасында, әсіресе кәсіп түрлеріне қатысты қолданылатын кәсіби сөздердің қазақ терминологиясы қорына қосар үлес-олжасы орасан зор. Мақта, баубақша, күріш, темекі, балық, т.б. кәсіп түрлеріне байланысты сөз қолданыстар халық тілінде аз емес. «Байтақ қазақ сахарасының әр өңірінің өз табиғат жағдайына: жан-жануар, өсімдік түрлеріне, жер шұрайына, бедеріне, тағы басқа физика-географиялық, экономикалық ерекшелігіне байланысты ел аузында қолданылатын атауларда шек жоқ десек болады. Жалғыз Маңғыстау атырабы қазақтарының тілінен көбімізге беймәлім нарпоз, монданақ, керт, жігірдек, иір, саркеурең, тітір, мортық секілді сан қилы шөп атауын кездестіруіміз – осының айғағы. Халық тілінің қуатын танытатын бұл сияқты жаратылыс терминдерінің көбінің-ақ ғылыми терминология төрінен орын алуға правосы бар» (1). «Жасыратыны жоқ, кейде жергілікті сөз деген желеу­мен қағажу көріп, әдеби лексикамыздан шетқақпай болып жүрген сөздер де жоқ емес. Жергілікті сөздер дейтіннің өзі де ғайыптан пайда болмағаны белгілі. Олар халық тілінің өз табиғаты дүниеге әкелген ежелгі қолтума сөздеріміздің бір парасы. Сол үшін де оларды жатсынбай, иіні келген жерде әдеби лексикамызға сұрыптап, елеп-екшеп ендіріп отырсақ, бұдан әдеби тіліміздің еселеген ұтыс табары толассыз» (Ғ.Мүсірепов, І.Кеңесбаев. Әдеби тіліміз – кең арналы тіл. «Лениншіл жас», 1972 ж. 27 сәуір).
Республикалық басылым бетінде жарық көрген аталмыш мақала арқылы авторлар газет бастамасын қолдап, көпшілікке әдеби тіл қазынасын жергілікті сөз қолданыстары арқылы талғаммен әрі байыппен толықтыруға шақырады: «… қазіргі еңкейген кәрісіне дейін хат танып, қалам ұстаған біздің қоғам әдеби тіл дамуының бағыт-бағдарын танып, оған саналы түрде ықпал ету деген аса заңды да орынды талап. Газеттің әдеби тіл мұраты үшін алқалы кеңес айтып, пікір алысуға жұртшылықты шақыруы осы мақсат-мүддеден туған деп ұғамыз. Әдеби тіліміздің негізгі арқауы бұрын да, қазір де халық тілі болып отырғанын қайта-қайта тәптіштегенде, біздің бұл тұста айтпағымыз – әр өлкенің қазағы өзі біліп, өзі ғана қолданатын, әлі жергілікті халықтың ауызекі тілінің шеңберінен әрі асып үлгермеген сөздердің ішінде әдеби лексикамыздың мұқтажын өтерлігі болса, оларды жатырқамай, қомсынбай, сұрыптап ала білсек, қажетімізге жарата білсек дейміз». Расында да әдепкіде халық тілінен алынып, бұл күнде белгілі бір ұғымның атауышы ретінде әдеби тіліміздің төрінен орын тепкен сөздер көп-ақ. Бүгінде қазақ еліне түгел таныс бағбан, омарта, шабандоз, сайыскер, мәре, диқан секілді сөздердің бір кезде тек оңтүстік аймақта ғана қолданылғаны осының айқын айғағы. Сондай-ақ бұрын тек Каспий, Арал, Балқаш балықшылары ғана білетін лақа, саяз, сыла атаулары мен Сыр бойы диқаншыларына мәлім әңгелек, торлама, күләбі секілді қауын атаулары қазір ел-жұртқа кең танымал.
Жалпы халық тілінің байлығын игеру – зор талғам, пайымды парасатты қажет ететін шығармашылық жұмыс. Ғасырлар бойы ел жадымен бүгінге жеткен халық сөзінің нарқын бағалап, салмақтау, ішінен саф алтындай тазасы мен асылын таңдап, әдеби тіліміздің қазынасына қосу сөз қадірін білер тіл жанашырларының тікелей міндеті. Әйтпесе «әйтеуір, «ел айтатынды» желеу қылып, құлағымызға шалынғанның бәрін бас-көзіне қарамай әдеби тілге талғаусыз тықпалай берсек, сөз қадірі болмақ емес. Мәселен, әдеби тілге әбден етене болған барыңыз тұлғасы тұрғанда, барың, барғыл дегенді, барыпты тұрғанда, барулы дегенді қоса алу – байлықтың нышаны деу көңілге қонбайды» (2). Тіл тарихын жетік білетін ғалым бар тұлғасының диахрониялық қалыптасу жолындағы өзгерістері мен олардың диалектілерде сақталған нұсқаларының қатарынан тіліміздің құрылымдық парадигмасына сай морфологиялық тұлғасын дұрыс таңдауға кеңес береді.
Тіл – қоғам тарихымен үндес үнемі жетіліп, жаңарып, кейде «жоғалтқанын» қайта тауып жаңғырып жататын динамизмге құрылған жанды құбылыс. Халықтың өзі жүріп өткен тарих көшінде өзі түзген әдебиеті мен өзі жасаған мәде­ниетін ұрпақтар санасына ӨЗ СӨЗІ ар­қы­лы қашап кететін құдіретті құралы. Ха­лықтың сан ғасырлық жады, ақыл-ой қоры. Оған енетін сөз талғам таразысына са­лынып, еленіп-екшеліп өз орнын табуы тиіс.

Әдебиет:
1. Кеңесбаев І. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы: «Арыс», 2008.-608 б.
2. Мүсірепов Ғ., Кеңесбаев І. Әдеби тіліміз – кең арналы тіл. «Лениншіл жас», 1972 ж. 27 сәуір.

Жанат Исаева,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.