Жүрек қалап, шын ұнатқан…

Журналиспін!
Жұртының жайын ойлаған,
Ойларға тұнық тоймаған.
Болса да бұраң осы жол,
Жүрегімменен таңдағам.

Отан деп соғар жүрегім,
Сенімі елдің тірегім.
Көріну үшін үміттен,
Бәріне көніп келемін.

Жақсылықты жария еттім,
Сынақтардан сан өттім.
Керек болса ел маған,
Мен де елге керекпін.

Әділдікті жақтадым,
Арлы жандар – мақтаным
Арайланып әр таңның,
Тілеп тұрам атқанын.

Арсыздарға жаным қас,
Басы ауырып қайғырмас.
Ізгілікке құмармын,
О, Тәңірім, жолымды аш!

Ұлт мүддесі – асылым,
Ел дегенде тасыдым.
Қазағыма қуанып,
Қазағыма ашындым.

Мұңын көптің жоқтадым,
Елдің қамы баққаным.
Намыстыға жақсам да,
Намыссызға жақпадым!

Ана тілім – ардағымсың,
Сен серігім, сен жанымсың.
Қанат берген өзің едің,
Ойларыма самғау үшін.

Сөз тізіліп қағазыма
Үміт арттым жазарыма.
Сүйдім сені мамандығым,
Көндім сенің азабыңа.

Жүрек қалап, шын ұнатқан,
Ұйқымды да сан ұрлатқан.
Жолдасымсың жанға жақын,
Ей, кәсібім, ардақ тұтқан!

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.