Жетістігімізді де көре білейік

Тіл мәселесі ұлт тағдыры мен ұрпақ болашағы, олардың бойында ұлттық сана мен рух, ұстаным мен дүниетаным қалыптастыруға қатысты жанды мәселе болғандықтан, оның төңірегінде сыни пікір мен түсінбестіктің болуы түсінікті жайт. Сондықтан да республикалық «Ана тілі» газетінің биылғы №25 санында жарық көрген Зияш Телеуованың «Тіл полициясы қажет болып тұр» мақаласында автордың тіл жанашыры ретінде өз ойын ашық білдіргені орынды.
Авторға қазақ тілінің тағдырына алаңдаушылық білдіргеніне ризашылығымызды білдіре отырып, дегенмен, мемлекет атынан өңірде мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органның жұмысын мүлдем жоққа шығарып, оның атына ауыр сын айту үшін салмақты негіз болуы қажет деп есептеймін.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда тіл мәселесін шешуде жанашыр қауымды толғандырып отырған бірқатар проблемалық аспектілердің, оның ішінде қазақ тілінің қоғамның әлеуметтік-коммуникативтік кеңістігіне жеткіліксіз енгізілуін, тіл мәдениетінің төмендеуін, тіпті қазақ тілін қолдануда ұнамсыз таптаурын мәселелердің бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Аталған мәселелерді шешу барлық жағдайда облыстық Тілдерді дамыту басқармасының құзыретіне жата бермейді. Мақала авторы сатылымдағы орыстілді басылымдардың басым екенін, қазақтілді газет-журналдардың қала көшелерінен іздеп табудың қиындығын атап өтіпті. Әрине, бұл жерде жасөспірім болсын, ересектер болсын заманның технологиялық қарқынды дамуына, адам өмірінде интернеттің кең орын алуына байланыс­ты әдебиетті ғаламтор сияқты ақпарат көздерінен іздеуі, жалпы кітап оқуға деген қызығушылықтың төмендеуінің орын алуы, бағалық, тілдік сұраныс, т.т. факторларды ескеру қажеттілігі баршаға түсінікті. Сондықтан бар проблеманы бір басқармадан көру де артық шығар. «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңының 25-ші бабына сәйкес тілдерді дамыту басқармаларына «Тіл туралы» Заңдардың сақталуын бақылау орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінің және аудандық атқарушы органдардың шеңберінде ғана жүзеге асыру берілген. Дегенмен, басқарма бұл мәселеден басын алып қашып отырған жоқ және оны шешу үшін қолда бар мүмкіншіліктерді пайдалана отырып, бірқатар жұмыстарды қолға алды. Атап айтсақ, балабақша, мектептердің бас­тауыш сынып оқушыларына арналған қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде ертегілер жинағы, қазақтың халық ертегілерінен құралған «Ерте, ерте, ертеде..» және «Әдептану» ертегілер жинағы, балаларға арналған жергілікті ақындардың өлеңдері топталған «Балаларға базарлық» «Кел ойнайық, балақай», «Қазақтың ұлттық ойындары» жинақтары шығарылып, білім мекемелеріне тегін таратылды. Міне, басқарманың өскелең ұрпақтың ана тіліндегі әдебиетке деген құштарлығын ояту бағытында қосып отырған үлесі осындай.
Жалпы тілдік саясатты жүзеге асыруға келетін болсақ, Ақтөбе облысында қол жеткізілген жұмыстар аз емес. Басқарманың тікелей немесе мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жүзеге асырып отырған шаралары облыс тұрғындарының тілдік сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізуді көздейді. Осыған байланысты басқарманың негізгі мақсаты – өңірде ортақ тілдік ортаны қалыптастыру болып табылады. Осы мақсаттың басты көрсеткіштері – мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру, облыс тұрғындарының тілдерді меңгеру деңгейін арттыру, ономастика саласындағы тілдік даму, «Тіл туралы» Заңдардың сақталуын бақылау, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мен түсіндіру бағытындағы шаралар жүйесін іске асыру болғандықтан басқарманың қызметі де аталған бағыттарда жүргізіледі. Сонымен қатар әрбір шараның уақытында, сапалы жүзеге асырылуы, бөлінген қаржының тиімді де мақсатты түрде жұмсалуы құзырлы органдардың жіті бақылауында екенін де еске сала кеткім келеді.
Тіл үйренем деген ересек азаматтарға мемлекеттік тілді меңгеруге қажетті жағдайлар жасалды. 2007 жылдан бері 8000-нан астам адам мемлекеттік тілді, 700-ден астам адам ағылшын, 2000-ға жуық өзге ұлт өкілдері ана тілдерін және мемлекеттік тілді оқыту курстарымен қамтылды. Мемлекеттік тілдің әдістемелік базасын жетілдіру мақсатында тіл құралдары, салалық және әдістемелік оқу кешендері әзірленіп шығарылады. БАҚ-тың шығармашылық әлеуеті арқылы қазақ тілінде сөйлейтін үлгі тұтарлық бейнелерді көрсету, отбасында мемлекеттік тілді қолдануды насихаттау жөнінде, ақпараттық-идеологиялық оқыту, балалар мен жастарға арналған танымдық сипаттағы жобаларды, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мазмұнындағы телехабарлар, жарнамалық-имидждік роликтерді көрсетуді жүзеге асырып отырмыз. Осылайша басқарма БАҚ-тағы мемлекеттік контентті арттыруға үлесін қосуда. Атап айтқанда, басқарманың тапсырысымен тек ағымдағы жылы «Қазақ тілін үйренеміз» айдарымен оқыту сипатындағы телехабар, бүлдіршіндерге арналған «Тәтті ұйықтайық» телехабары, мемлекеттік тілде сөйлейтін адамның беделді бейнесін қалыптастыру туралы «Тұлға» атты телеальманах, мемлекеттік қызметкерлердің тіл мәдениеті туралы «Сөз сарасы», орта буын оқушыларына арналған тіл үйрету сипатындағы «Келіңіз, қазақша үйренейік», тіл үйрету бағытындағы «Тіл ордасы» телехабары, облыстағы мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бағытындағы «Путь к единству», қазақтың біртуар ұлы тұлғаларының шығармашылығы мен өмірін насихаттауға арналған «Дарабоз» хабары беріліп тұрады. Бұл саладағы тәжірибе барысы аталған шаралардың қоғамдық санада мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру ісінде өзіндік үлесі бар екенін дәлелдеді.
Тұңғыш рет облысымызда жер-су, елді мекендердің шығу тарихын тарихи, лингвисти-калық, этнолингвистикалық, тарихи-этноло-гиялық тұрғыдан зерттеу жүзеге асырылды. Мұның өзі өңір көлеміндегі атауларды өзгертуді талап етіп отырған елді мекендердің тарихи атауларын қайтаруға негіз болды. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында өңірде тұрақты тілдік ахуал қалыптасып отыр. Облыс тұрғындарының 80 пайыздан астамы қазақ және орыс тілдерін меңгерген. Жылдан-жылға мемлекеттік тілді меңгергендер саны артуда. Ең бастысы мемлекеттік тілге деген көзқарас өзгеріп, оны үйренуге деген құлшыныс бар. Бұл ретте басқарма өзінің жұмысын ұйымдастыруда өңірде жүзеге асырылып отырған тілдік саясатты зерттеулер арқылы зерделеп, тиісті қорытындылар жасап отыратынын айта кету керек. Өткен жылы жүргізілген зерттеудің қорытындысы бойынша тұрғындардың басым көпшілігі облыста қалыптасқан тілдік ахуалды тұрақты және мемлекетік тілді меңгеруге тиісті жағдайлар жасалған деп бағалады. Ал тұрғындардың 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілді оқып-үйренуді қажет деп есептейді. Осы мәселе төңірегінде теріс пікір білдіргендердің саны 10,7 пайызға кеміген. Бұл статистикалық көрсеткіштер атқарылып жатқан жұмыстардың жоғары тиімділігінің айғағы болып отыр. Міне, халықтың облыста жүргізіліп жатқан жұмысқа берген бағасы осындай.
Уақыт өте салиқалы, жүйелі саясаттың арқасында қазақ тілінің қоғамдық өмірде қажеттілігі толықтай орнап, өзінің дәрежесіне сәйкес қолданылуына әлі де куә болармыз. Әрқайсымыз тілдің өркендеуі бір ғана мемлекеттік органның жұмысы ғана емес, бүкілхалықтық іс екенін түсініп, тілге деген құрмет-сүйіспеншілігімізді, ұлтшылдығымызды жеке басымыз, отбасынан, атқарып отырған қызметімізден бастап дәлелдеген жөн болар еді. Қол жеткізілген нәтижені көре, атқарылып отырған жұмысты тиісті бағалай білу де керек. Бұл ретте тілдің қолданысын кеңейту ісіне қатысты терең ой, ұшқыр бастама, жаңа іс болса, басқарма оларды қолдап, жүзеге асыруға әрқашан дайын.

Гүлайым ТӨЛЕБАЕВА,
Ақтөбе облысының тілдерді дамыту
басқармасының басшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.