Жанарыңды сақта, жас өрен!

«Көз – адам жанының айнасы» десек, қос жанардың адам өмірі үшін рөлі ерекше екеніне күмән жоқ. Өкінішке орай, қазіргі таңда әлемде 45 миллионнан астам адамның көзі мүлдем көрмейді екен. Одан бөлек, 135 миллион адамның көзінде түрлі ақаулар бар көрінеді. Ал Қазақстанға келетін болсақ, елімізде жыл сайын бір миллионнан аса адам түрлі көз ауруларымен тіркеледі. Тіпті жаңа туылған балалардың арасында көру қабілетінің төмендеуі байқалады.
Ресми мәлімет бойынша, республикамыздың офтальмологтарына 1 миллион адам шағымданып келеді, оның әрбір жиырмасыншысы – балалар болып табылады. Қазіргі уақытта салмағы 500 грамнан асатын баланың өмірін сақтап қалуға барлық жағдай жасалынады. Бірақ бұл балалардың көзінің тор қабығы дұрыс дамымағандықтан көру қабілеті өте төмен болады. Өкінішке орай, мұндай шала туылған балалардың саны күннен күнге өсуде. Көз аурулар институтында бұл мәселе бойынша жүргізіліп жатқан шаралар аз емес. Дегенмен, қазіргі уақытта, бұл сырқаттың себебімен емес, кейінгі салдарымен күресудеміз.
Мұндай шала туылған балалар – мемлекетіміздің өзекті мәселелердің бірі, себебі бұл еліміздің денсаулығының болашақтағы көрсеткіші. Сондықтан бұл мәселе тек офтальмологтардың емес, жалпы неонатальдік қызметінің де мәселесі болып саналады.

Тұрсынгүл БОТАБЕКОВА,  Қазақстан Республикасының Бас офтальмологі, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор
Тұрсынгүл БОТАБЕКОВА,
Қазақстан Республикасының Бас офтальмологі, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор

Қазіргі уақытта, №120 ҚР ДСМ бұйрығы бойынша шала туылған ретинопатиясы бар нәрестелер үшін арнайы мөлшерлеме жалақысы және құрал-жабдықтары бар мамандандырылған бөл­ме­­лер және орталықтар ашылып жатыр. Бұл – әрине, мемлекет тарапынан көрсетілген үл­кен көмек.
Елімізде қазіргі уақытта 14 мыңнан аса көз ауруының мүгедегі бар. Ересек адамдардың арасында мүгедектіктің негізгі себептері – су қараңғы (глаукома), аурудың оптикалық күшінің сәйкес келмеуі (рефракция аномалиясы), катаракта, жастық макулярлық дегенерациясы, қант диабет кезіндегі және қан тамырларының офтальмопатологиясы болып табылады. Ал балалар мен жасөспірімдерде көп ұшырасатыны – мио­пия, яғни алыстан көрмеушілік.
Миопия дамуының негізгі патогенетикалық аспектілері өзгермеген. Бірінші орында көру жүктемесінің күшеюі: балаларды мектепке ерте дайындау (3-4 жастан), жалпы білім беру реформасы, яғни мектептегі бағдарламалардың қиындауы, гимназиялық және арнайы бағытталған мектептердің көбеюі, оқу үдерісінің компьютеризациялауы, балалардың бейне және компьютерлік ойындарға құштарлығы. Сонымен қатар балаларда жиі кездесетін соматикалық аурулар (неврологиялық өзгерістер, жиі қабыну аурулары, асқазан, ішек, өкпе аурулары) миопияның дамуына үлкен әсерін тигізеді. Миопияның дамуының қауіпті факторларына қоршаған ортаның ластану денгейінің байланысы да әсерін тиізеді. Қазіргі адамдарда, әсіресе жастарда көзге түсетін күштің көбеюінен соңғы он жылдықта көз аурулары жиі туындауда. Компьютермен жұмыс істеудің әсерінен ғана емес,  кондиционерді және жасанды жарық түсіру көздерін қолдану, тіпті біздің қатты континентальды ауа райымыз да көзге жағымсыз әсерін тигізіп, қазіргі кездегі «құрғақ көз» синдромының себебі болып табылады.
Сөз жоқ, жастардың арасында көз ауруларының өсу себебі қазіргі технологияның дамуымен тікелей байланысты. Компьютерлендірілген бағдарламалар, электрондық гаджеттер, интернет, аз қимылдау се­бептерінен жасөспірімдердің арасында ре­фракция ауытқулары, «құрғақ көз», «қызыл көз» синдромдары жиі кездеседі. Ересек адамның өзі де компьютер алдында жарты сағаттан артық отырса көзінің шаршағанын байқайды ғой. Сондай-ақ ішімдік пен темекі де адамның көз жанарының әлсіреуіне әкеліп соғуда. Өйткені ішімдік ішу, темекі тарту тор қабық пен көру нервісінің улануына әке­леді.
Расында да, 2004 жылдан бастап институтта көз сырқатына байланыс­ты рефракциялық хирургия қолға алынған. Бір ерекшелігі, тек біздің елде ғана осы емдеу тәсілі ақысыз жүргі­зіледі (кепілдендірілген ақысыз медицина көмегінің көлемі бойынша) және 2011 жылдан бастап институтта әлемдегі қа­зіргі ең жетік фемтосекундтік лазер VisuMax арқылы рефракциялық ота жасалуда.
Халық арасында глаукома, катаракта, жасқа байланысты макулярлық дегенерация сияқты сырқаттардың барлығы офтальмолог-дәрігердің тәжірибесінде көп кездеседі. Мәселен, республикамызда жыл сайын жасалынатын офтальмологиялық оталардың саны орташа есеппен 31 000 болса, соның ішін­де ең күрделі түрлері шамамен 9000-ы көз аурулар институтында жүргізіледі. Бұ­дан 7-8 жыл бұрын катарактаның факоэ­мульсификациясы инновациялық ота болып саналса, ол бүгінде ұйым қабырғаларындағы күнделікті ота болып табылады, ал сол ота жасайтын офтальмохирургтар болса өз шеберлігінде ешкімге жол бермейді, тіпті кейбір жағдайда шетелдік әріптестерінен озық тұрады. 2010 жылдан бастап Бірыңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесі барысында, бұл ота еліміздің барлық аймақтарында енгізілген. Қазіргі таңда әдістемелік-ұйымдастыру жұмыстары бойынша әр мекеме клиникалық шығынға байланыс­ты мәселені өздері шешеді. Сол себепті, стационарда түнгі төсек орын санын азайтып, ал күндізгі стационар және амбулаторлық хирургия орталықтарын көбейтуге мүмкіндік жасалды. Мәселен, бұрын катарактамен түскен науқастар ота­дан кейін стационарда 7-10 күн өткізетін еді. Ал қазір заманауи технологияларды колдану стационарда жату қажеттігін жоққа шығарды. Себебі ота жасалғаннан кейін 1-2 сағаттан соң-ақ үйреншікті өмір сүруге болады. Әрине, бұл өзгерістер алғашқы медициналық көмек көрсететін мекемелер дәрігерлер жалақысының өсуіне тікелей байланысты және олардың кәсіби деңгейін жоғарылатуға ынталандырады.
2011 жылдан бастап біздің институт «Халықаралық глаукомамен күресу аптасына» белсенді түрде қатысып келеді.
Елімізде глаукомаға шалды­ғушылардың саны төмендеп емес, керісін­ше, жыл өткен сайын артып барады. Сондықтан да глаукоманы ерте анықтау мақсатында еліміздің көз дәрігерлері айтарлықтай үлкен жұмыстар атқаруда. Осы бағдарлама аясында бірнеше науқастың көру қабілеті сақталып, мүгедектікке жол берілмеді.
Соңғы жылдары институтта жастық макулярлы дегенерацияға, тор қабық ауруларына, сонымен байланысты витреоретинальді хирургияға аса көңіл бөлініп, көптеген ғылыми-клиникалық іс-шаралар жасалуда. Бұрын елімізде жас ерекшелігі макулярлы дегенерация (ЖМД) ауруымен 1 пайыз адам ауырса, бүгінде ол 10-12 пайызға шығып отыр. Бұл ауру көз жана­рынан айырылуға әкеліп соғатынын ес­керсек, қазірден бастап дертті ерте анық­тауға баса назар аудару қажет. Ма­кулярлы дегенерация ауруы көз көрудің күрделі әрі қайта емделмейтін бұзылыс­тарына әсер ететін басты себеп болып табылады. Бұл тек бізде емес, дамыған елдерде де өзекті мәселе болып тұр. Мәсе­лен, Еуропада ха­лық­тың 12 мил­лионы, 70-тен асқан әрбір бесінші адам осы аурудан зардап шегуде. Ресейде жас ерекшелік макулярлы деге­нерация ауруы бойынша 1000 адамға шаққанда 15 жағ­дай тір­келуде. Ал жыл сайын біздің институтқа келген адамдардың 5,6 пайызында ЖМД ауруы тіркелінеді. Бас­тапқы кезеңдерде ау­рудың дамуы ешқандай айқын көрініс таппай өтетіндіктен, ЖМД-ны дер кезінде анықтау аса маңызды. Кеш анықталған уа­қыт­та көз торында қалыптан тыс тамыр­лардың жаңадан түзілуі байқа­лады, ал ол ісіну, қан құйылу және көз кө­руінің едәуір төмендеуіне әкеледі. Кез келген адам жылына бір рет болса да офтальмологтің қабылдауында болып, дәрілерді тек дә­рігерлік кеңестен кейін ғана қолдануы керек.
Институтымызда бүкіл әлемде ең күрделі болып саналатын витреоретиналды хирургия бөлімшесі де халқымызға қызмет етеді. Диабетикалық ретинопатия, тор қабықтың сылынуы, макула деп айтылатын көз түбіндегі сары дақтың жарылуы, көздің шынысына қан құйылуы, көз алмасының күрделі жарақаттары, міне осылардың бәрінің негізгі емін витреоретинальдік хирургия жасай алады. Витрэктомияның күнделікті жұмысымызға енгізілуі бұрын жазылмайтын деп саналатын паталогияларды нәтижелі емдеуге мүмкіндік береді.
Әрине, науқасты емдеу тәсілі толық зерттеудің барысында тағайындалады. Бүгінгі таңда институтымыз заманымызға лайық жабдықтарды пайдалана отырып глаукома, балаларда кездесетін офтальмопатологиялар, тор қабықтың, көру нервісінің ауруларын, диабеттік ретинопатияны емдейді. Көру мүшесінің емдеу әдістерінің нәтижесін арттыру үшін инс­титутта ғылыми зерттеулер жүріп жатыр.
Жалпы, қандай көз сырқатын алсақ та, ең біріншіден дерттің ерте анықталуы ем-дом тағайындауда дәрігерге үлкен көмек береді. Егер сіз көзіңіздің айналасында ауру сезімін, қабыну белгілерін байқасаңыз, көзіңізден шаршағандық және қызарғандық көрінсе, көзіңіз жасаураса немесе көруіңіз нашарласа, онда сіз тәжірибелі офтальмолог-дәрігермен кеңесуіңіз қажет. Тексеру және диагнос­тика кезінде дәрігер диагноз қояды және емдеудің ең қолайлы әдісін таңдайды.
Институт еліміздегі осы салада бірден-бір тек қана ғылыми мекеме емес, сонымен қатар клиникалық-тәжірибелік, білім беретін және республиканың офтальмологиялық қызметін бағыттаушы рөлін атқарады. Сексен жылдық тарихы бар, бірден-бір ғылыми орталық, «Құрмет белгісі» орденді Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында 12 ғылым док­тор­ы және 27 ме­дицина ғылымының кандидаты, 35 жоғары дәрежелі дәрігер жұмыс істейді. Үздіксіз ғылыми жұмыстардың нәтижесінде инс­титут 180-нен астам авторлық куәліктер, екі еур­азиялық және екі халықаралық патент­тер алды.
Институт ХХІ ғасырдағы, әлемдік офтальмология жетістіктерінен қалмай технологиялармен жабдықталған заманауи офтальмологиялық орталыққа айналды. Ғылыми-техникалық бағдарламалардың жоғары дәрежесі ең бірінші институттың керемет құралдармен жабдықталғанына байланысты, яғни әлемдік дәрежедегі инновациялық технологиялармен және жоғары интеллектуалды кадрлық мүмкіндіктің бар болуына негізделген. Бүгінде институттың ғылыми және клиникалық потенциалын 104 офтальмолог қызметкер құрайды.
2010 жылы Астана қаласында Қазақ көз аурулары ҒЗИ-ның филиалы ашылды. Бұл – Қазақстанның солтүстік аймақтарын­дағы тұрғындарға қызмет көрсетуге үлкен мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан және Манғыстау облыстарында да мұндай филиалдарды құру жоспарлануда. Осының арқасында нашар көретін және зағип жандардың саны азая түсері хақ. Көзі көр­мейтін және көру мүмкіншілігі төмен адамдар қатары азайып жатса, мемлекеттен жұм­салатын шығын мөлшері де кемитіні шындық.
Соңғы жылдары инс­титутта көз ағзасында глаукома, витре­оре­тинальды патология, шала туылған нәрес­те­лердің ретинопатиясы, жастық макулярлы дегенерациясының алдын алу, зерттеу, емдеу ғылыми жұмыстары жүргізілуде. Институтта мұн­дай дерттердің диаг­ностикасы мен емдеудің жаңа тәсіл­дері үздіксіз даму үстінде. Қазіргі заман­ғы медициналық жабдықтардың дүниежүзілік стандарттар деңгейінде зерттеулер мен емдеу жүргізуге көмегі зор.
Көз аурулары ҒЗИ негізінде дүние­жүзіне танымал ғалымдардың қатысуымен аймақтық офтальмологтар үшін үнемі мастер-кластар, тренингтер, интерактивті мектептер, семинарлар жүргізіледі. Инс­титут қызметкерлері Ресей, АҚШ, Франция, Германия, Австрия т.б. шетелдерде білім­дерін жетілдіріп тұрады.
Жергілікті аймақтарда офталь­мо­логтар өте аз және оф­тальмохирург-тардың микрохи­рур­гиялық техника-ларының деңгейі де төмен. Демек, аймақтағы хирургиялық көз бөлім­ше­лерінің жабдықталуы нашар, тиісті дә­ре­жеде микрохирургиялық қамтуды жүр­гізе алатын жоғары кәсіби мамандар жоқтың қасы. Сөзіміз жалаң бол­мас үшін мына цифрларды келтіре кеткенді жөн көрдік. Қазір елімізде 1 мыңнан аса офтальмолог жұмыс жасайды. Респуб­ликадағы 160 аудандық ауруханаларда стандартқа сай 800 дәрігер қызмет жасауы керек болса, олардың саны қазір 110 ма­манмен шек­теліп отыр. Оның үстіне, бала­лар офталь­мологтерінің тап­шы­лығы да өте айқын сезілуде. Елімізде 144 балалар офталь­мологі болса, олар­дың елді мекендерде тек алтысы ғана қызмет етеді екен. Жергілікті жерлерде маман­дар же­тіс­пейді. Осы тығырықтан шығу­дың жолы – шалғай ауылдарға жас дәрігерлерді жіберіп, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлінсе, бұл мәселе шешімін табары анық. Ал институтта кадр жетіспеушілігін төмен­дету үшін мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстары жүргізіледі. Сондай-ақ бүгінде резидентурада 17 жас дәрігер-офтальмологтар дайын­дау бағдарламасынан өтуде. Мысалы, 2012 жылда біліктілігін арттыру курстарынан 150-ден астам адам өтті. Бір айта кетерлігі, институт С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың, Қазақстан-ресейлік медициналық, «Астана» медициналық университеттерінің, офтальмология кафедраларының клиникалық базасы болып табылады.
2004 жылдан бастап Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында хайуанаттар көз­деріне хирур­гиялық опера­циялар жасауға мүмкіндік беретін WETLAB операциялы-жаттығу орталығы ашылды. Демек, бұл – дәрі­гер­лердің тәжі­рибе жинауы үшін таптыр­майтын қондырғы. Өйткені дәрігерлер хайуанат­тардың көзін емдеу арқылы үйрене алады. Мұндай орталық еліміз бойын­ша тек біздің инс­титутта ғана бар. Облыстардан білімін же­тілдіруге келген дәрігерлер осы қондырғы арқылы опера­ция жасауды үйренеді. Кейін өз аурухана­ларында науқастардың көзіне ота жасай алатын болады. Сондай-ақ біздің хирург мамандар аймақтарға барып нау­қастарға операция жасап, оны арнайы ка­мераға түсіріп, үлкен конференция зал­дарында облыстық дәрігерлерге қалай ота жасау керектігін көрсетеді. Мұны медицина тілімен «жанды хирургия» деп атайды. Демек, институт мамандары «жанды хи­рур­гия» сеанстарын жүйелі түрде өткізіп тұрады. 2010 жылдан бастап, осындай мастер-класстар Астана, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар, Петропавл қалаларында өтті. Ма­ман­дандырылған «Денсаулық», «Жәрдем» пойызына, «Асар-Береке» қоғамдық қорының жыл­жымалы ауруханасында мүше болып, елді мекендерге бару ісі де жолға қойылған.
Республиканың офталь­моло-гиялық қызметін жақсарту мақсатымен, институтта соңғы кезде қашықтықтан кеңес беру – телемедицина жүйесі даму үстінде. Әсіресе шалғай телемедицина жаб­дықтары мемлекетіміздің бүкіл облыс ор­талықтарында орналасқан, осы жүйе бойын­ша мамандандырылған кеңес беру мүм­кіндіктері бар. Соңғы жылдары диаг­ностика қою мүмкіндіктері анағұрлым кеңейді.
Қалай десек те, көз ауруына немқұрай­ды қарауға болмайды. Ең сорақысы, уақытында көз ауруына көңіл бөлмеген жағдайда, адамның зағиптыққа ұшырауы әбден мүмкін.
Институттың кеңес беру бөлімшесіне жылына 25 000-30 000 науқас келеді. Ал 5000-ға жуық науқас жыл сайын тиісті көмек алады. Олар­­дың 50 пайызы – жалғыз көзді, асқынған, ауыр патология­лы науқастар.
Олай болса, қос жанарға жауапкершілікпен қарағанда ғана өмірлік белсенді позициясы бар замандастарымыздың болашағы жарқын боларына сенімдіміз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.