Киелі Ордам

Елжірейді жасы да, қариясы,
Шалқып тасып көңілдің дариясы.
Астанасы осы ғой қазағымның,
Мәңгі маздап тұратын ар-ұяты.

Қалаң емес жай ғана сыйқыр сұлу,
Төрткүл әлем жарасып сыйдырды ду.
Елбасының арманы жүзеге асқан,
Осы болар қиыннан қиыстыру.

Баталы дос үстінде азат төрдің,
Ауыз жаппай айтады ғажап көркін.
Алшаң басып жүреді көшесінде,
Шекесіне салумен қазақ бөркін.

Арқаланбай тұрмайсың ой бөктеріп,
Құрғатпаған Астанаң той көктемін.
Көз нұрыңды сімірген ғимараттар,
Бір-бір үйдің сыланған бойжеткені.

Желпінесің желбіреп тасып толып,
Қайда бұрыл, қайда бар, ашық жолың.
Астанам ғой, менің де, сенің­-дағы,
Бір көргеннен қаласың ғашық болып.

«Бәйтерегім» мәуелеп тамыр жайсын,
Жоғалмашы, бақытым табылмайтын.
Кеше жүрген жеріңді қайта арала,
Жаңа ғана көргендей таңырқайсың.

Сабырыңнан айырған желік қосып,
Сезініп көр, қандасым, ерікті осы!
Қан тамыры сияқты баяу ғана,
Сылқым Есіл ағады керіп төсін.

Бақытына ұл берген білікті ғып,
Жол бастаған жаңаға, ірі істі ұғып.
Астанамыз шаңырағы қазағымның,
Кім еңкейіп жатқан жоқ кіріп-шығып.

Жайсаңдар мен жақсылар жиылып кіл,
Сілкінгені осы ғой құл иық дүр.
Астанамда сан елдер басын қосып,
Саясат та, сан түрлі дін ұйып тұр.

Қуаныштан жүрекке ас батар ма,
Алға шықты қазағым, мақсат, арман.
Көне Париж, Лондон, Вашингтон,
Жол беруде біртіндеп жас шаһарға.

Қолда бүгін, күткенім, тиер олжам,
Бақытына халықпыз ие болған.
Діңгегіңнің шайқалмай тұруы үшін,
Біз неге де дайынбыз киелі Ордам.

Бірлікті елміз бұрылмас дауға пейілі,
Досы сансыз, өші жоқ «Жауға!» дейтін.
Қадамымды көшеңмен басқан сайын,
Сан қайталап ішімнен «Тәубе!» деймін.

Таңатар Дәрелұлы
Атырау облысы
Құрманғазы ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.