Жұмыссыздардың емес, әскердің саны артады

Болашақтың тарихшыларына біздің дәуірді зерттеу қиынға соққалы тұр. Өйткені, бүкіл әлем дағдарыстың сындарлы жағдайына бейімделу үшін мемлекеттік қызметтегі артық бас кадрларды жұмыстан шығарып жатқанда Қазақстан қарулы күштері ерегіскендей соған пропорционал өсетін болды. Яғни, атап айтқанда Қазақстанда жұмыссыздардың емес, керісінше әскердің саны көбейгелі жатыр.

Жақында премьер-министр Кәрім Мәсімов жұмыссыздар мен әскерге қатысты осылай деп мәлімдеме жасады. Ол Төтенше жағдайлар министрлігі басшылығына өз ведомстваларындағы шұғыл қызметтегі сарбаздар санын молайту жөнінде үкіметке дереу ұсыныс тастаңдар деп тапсырма берді. Мұндай қадамға бару себептерін «жұмыссыздықпен күрес акциясы» деп түсіндіргісі келген Мәсімов: «Ертеңгі күні жұмыссыздар санын толықтыруы ықтимал жастардың әлеуетті бір бөлігін пайдалы іске жексек деп отырмыз. Олар криминалдық топтардың қатарын текке толықтырғанша, тым болмаса осы уақыт аралығында Отанға пайда келтірсін» деді. Дәл осы сценариймен ІІМ мен ҰҚК де қызметкерлер саны молаяды деген болжам бар. Осы орайда еліміздің әскери құрылымдарындағы нақты адам саны көрсеткіштерінің белгісіз екенін айта кеткен жөн. Алайда, жүз жерден мемлекеттік құпия болғанымен кейбір қолда бар мәліметтерге сенсек, тәртіп сақшыларының өзі қазір тұрақты әскерден саны бойынша екі есеге артып кеткен.

БҰҰ пікіріне қарағанда, 2009 жылы бағалардың төмендеуі мен жаһандық рецессиядан һәм инвестициялық ағынның сап тыйылуынан бәрінен де Ресей, Украина, Қазақстан секілді Азия мен Еуропа арасында жатқан транзиттік елдер зардап шегеді. Ал бұл үрдістің катализаторы ретінде мұнай мен метал бағасының құлдырауын және жаһандық қаржы жүйесінің залалды әсерін айтпай кетуге болмайды. Бұл не деген сөз? Бұл басқаны айтпағанда жұмыссыздар армиясы күннен күнге күшейе береді дегенді білдіреді. Өз кезегінде бұл фактіні әлеуметтанушылар тілімен «тұрақтылыққа бірінші кезекті қатер тудырушылардың дүниеге келуі» деп бағалай беруге болады.

Әрине, қосылғыштардың орыны ауысқанымен қосындылардың өзгермейтіні мектептегі балаға да мәлім. Нендей ұтыс, нендей ұтылыс бар? Әлде, біздің басшылық дүние жүзі бойынша «байтал түгілі бас қайғы» болып кеткен ұтымды уақытты пайланып, біреумен соғысқалы жүр ме? Жоқ. Мұның бір ғана нанымды жауабы болуы мүмкін. Яғни, үкімет ертеңгі әлеуетті демонстранттар контингенті шығуы ықтимал жастардың ең асау бөлігін қамыт астында ноқталап ұстамақшы. Сондай-ақ өз сойыл соғарларының қатаран қалыңдатып, екінші жағынан елдегі әлеуметтік қысымды әлсіретуді де көздеп отыр. Бір оқпен екіңіз не, үш қоянды атып алу деген осы болар.

Бұл дұрыс па, бұрыс па? Маңызды емес. Ең бастысы әрекет бар. Бұдан соң тым болмағанда осыған ақылы жеткен басшыларды қалай айналсаң да жараспай ма?!

Мансұр Мамырайхан

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.