Биназар батыр

Ең әуелі, ол кісі – қазақтың елі мен жерін Қоқан хандығы сияқты сыртқы жаулардан қорғауға жанын салған батырлардың бірі. Бұл жөнінде шежіреші қария Айдынбай ата Иманбекұлы кеңестік кезеңде бізге былай деп баяндап берген болатын:
– Төрт ата Дулат қоқандық басқыншыларға қарсы жорыққа шыққанда Ботпайдың батыры ­Сыпатай: «Уа, Шымыр елі, мынау әкірең­деген Қоқанның батырына қарсы жекпе-жекке енді сен шығар батырың­ды!» деген екен. Сонда әлі он сегізге де тола қоймаған бір бозбала жігіт: «Баталарыңызды беріңіздер, мен бағымды сынайын!» деп құлшынған көрінеді. Дәл осы шайқастың бұдан бұрынғы жекпе-жектерінде жеңіске жеткен Қоқан батыры тоқмейілсіп, бұл жолғы жас жігітпен кезекке немқұрайды қараса керек. Осыны аңғарған бұла күш иесі-өрімдей жігіт, бір Жаратушыдан жәрдем сұрай отырып, әлгі қоқандықты қоқитып тұрып, бір-ақ жер жастандырған екен. Қариялар жағы: «Ерлігіңе ризамыз, ал енді аты-жөніңді айтшы, қай елдің баласысың?» дегенде: «Атым – ­Биназар, руым – Көкірек, Шымырдың кенже ұлынан тараймыз!» деп жауап берген екен батыр.

Бірауыз сөзге тоқтаған

Сол жорықтан бастап, Биназар Ақеділұлы елін, жерін, туған ауыл-аймағын ішкі-сыртқы жаулардың қандайынан болсын қорғауға бүкіл ғұмырын арнаған екен. Қорғағанда да, әйтеуір: «Мен батырмын» деп қаруын жалақтатып, қара күшіне ғана иек артып, құр далақтай бермей, мүмкіндігінше дау-дамайдың бәрін ең әуелі бейбіт те мәмілегерлік жолмен шешуге тырысқан көрінеді. Әсіресе әрқайсысы бір-бір рулы елдің ғана емес дүйім қазақ жұртының тұлғалары бола білген ыстыдан шыққан Бөлтірік би, ботпайлық Сыпатай батыр және шұбыртпалы Ағыбай батырлардың өзара мызғымас достықтары Қоқан хандығы сияқты сыртқы жаулармен шайқастарға тізе қоса бірге аттанып, ел бірлігін сақтап қалуларына ұйытқы болған екен. Олар аталған ру араларында болып тұратын бүкіл дау-дамайларды өзара ақылдаса отырып, ың-шыңсыз шешетін болған. Ол замандарда қазақ рулары арасындағы өзара қақтығыстар, негізінен жер дауы мен жесір дауы айналасында өрбіп отырғаны белгілі ғой. Сондай сәттерде, әлгі жанжалдасқандар аты аталған би-батыр бабаларымыздың тым болмағанда біріне қайырылып отырған екен. Ол кісілер мұндай келеңсіздіктердің бәрін де бір Алладан қорқа отырып, өз жағына бұра тартпай, терең имандылықпен, демек, мейлінше әділ түрде шешіп отырған көрінеді.
Базбір замандастарымыз: «Осыншалықты ұлан-ғайыр жерді ата-бабаларымыз қалай ұстап тұрған?! Қазағымыз саны жағынан соншалықты көп болмап еді ғой?» деп таңғала сауал тастап жатады кей сәтте. Сондайда маған мынандай ой келеді. Мұның бәрі де Алаш жұртының сүт бетіне шығар қаймақтарының, яғни би-болыс, бай-бағландары мен ел қорғаған батырларының Ақыреттегі беретін жауаптарын естеріне ала отырып, халық алдындағы өз жауапкершіліктерін терең сезініп, әрекет еткендіктерінің жемісі. Демек, ол кісілер өз қарақан басы­ның қызығушылығынан отбасы­ның амандығын, ал отбасынан гөрі тұтас руының, ал енді мәселе исі қазақтың тағдырына келіп тірелгенде, жеке руынан гөрі тұтас Алаш жұртының мәртебесін биік қоя білді. «Туған елді қорғау» атты ұлы істе тек бір Өзіне тәуекел еткен құлдарына аса Жомарт Иеміздің керемет Қамқорлығымен тартқан сыйы деп түсінемін осынау кең-байтақ даламызға иелігімізді.
Ел іші «тентексіз» болмайды дегендей. Барымта жасауды батырлықтың бір «биігі» деп ұққан кейбір бұла күш иелерін «ауыздықтап», оларды терең дипломатиялық мәмілемен ұстап тұру үшін Бөлтірік, Биназар, Ағыбай, ­Сыпатай сынды бабаларымызға қанша­ма имандылыққа толы парасат пен нұрлы ақыл, терең сабыр керек болды десеңізші. Мұндайда бабаларымыздың берік ұстанатын мығым діңгектері Шариғат шарттары еді. Бабам Қазақтың сандаған ғасырлар бойы Ата Заңы боп келген «Жеті жарғының» әрбір бабы дерлік Исламның «қасиетті Құран және шынайы Хадистер» атты қос тірегіне арқа сүйегені белгілі ғой. Осынау мәңгілік Ақиқат яғни Шариғат заңдарын, қолдарынан келгенінше басшылыққа алулары себепті бабаларымыздың сол кездегі атқарған аталы істері кейінгі ұрпақтарының айтып тауыса алмас өнегелеріне айналған. Себебі ол кісілердің әрқайсысы Алаштың Ақ Ордасының бір-бір уықтары бола білді.
Әсіресе ел тізгінін ұстаған, оның ұйытқысы бола білген ­осындай дара тұлғалы бабаларымыздың өз арасын­дағы жеке достықтары бүгінгі біздер ғана емес, келер ұрпақтар үшін де айрықша үлгі болса керек-ті. Мысалы, біздің бала кезімізде Биназар бабамыздың Ағыбай батырмен арадағы достықтары жайлы әңгіме ел ішінде баршылық болатын. Ол кісілер тізе қоса жүріп, шекараны қоқан хандығының шапқыншыларынан қорғағандарын жоғарыда айтып өттік. «Сайдың тасындай жігіттерін соңдарына ертіп, екеуі қатар келе жатқанда қалың әскердей әсер қалдырған екен» дейді шежіре көздері. Қандай жорықта жүрмесін, бес уақыт намаздың мезгілі келгенде арнайы жасақтарын «намаздарыңды біз оқып болған соң өтерсіңдер» деп қарауылға қойып, өздері аттарынан түсе-түсе қалысып, намазға тұрғандарында Мойынқұм мен Арқа өңіріне Алланың нұры тарап, береке дарығандай болған екен.
Дегенмен, ел іші болған соң осынау қос алыптың достықтарына іші күйіп, араларына от тастағысы келетіндер де табылмай қалмаған ғой. Мысалы, бір жолы Биназар батыр Хантауының биік сілемдерінен бастау алатын көп өзендердің бірінің суын түкпіргі жайлауларға жеткізе түсу мақсатында жігіттеріне тоған салдырып жатса керек. Себебі жайлаудың кез келген алқабының шөбі шүйгін, оты қалың болғанымен, қасында ағып жатқан өзені болмағандықтан, онда барып малшылардың қоныстануына да, малды суғаруға да қолайсыз болып, бос жатқан екен. «Әрі тоған суы көршілес Ағыбай батырдың жайылымдарына қарай жалғасып жатса, құба-құп!» деген ойда болған көрінеді Биекең. Сол кезде Ағыбай батырдың құлағына: «Біздің жайылымдарымызды иемденбек мақсатпен Биназар тоған шаптырып жатыр екен» тектес жаңсақ хабар жетеді. Шұбыртпалының біраз жігіттерін қасына ертіп, желе жортып батыр келеді тоғаншылардың тұсына.
– Уа, батыр, жол болсын!
– Әлей болсын! Жөн сұрамақ сіз­ден болсын! «Екі елдің шекара тұсын ­Биназар батыр шұқылатып жатыр» деген соң: «ол не жағдай болды екен?!» деп білмекке келдім, – дейді Ағыбай батыр.
–Е-е-е, шаруаның жайын біле шық­тым деңіз. Жөн екен. Мына Хантауы­ның баурайы тола өзен-көл. Суы мол. Бұл да бізге Алланың берген ырыздығы ғой. Осынша өзенді «жамбасымызға ба­сып», өле ішкенше, шұбыртпалы аға­йын­дармен бөле ішейік деп, әрі екі жақ­­тың төрт түлік малына құйқалы өріс кеңей­­сін деп, мына тоғанды шекараға дейін ап келдім. Ар жағын өзіңіз ­білер­сіз, – деген екен.
«Ә» дегенде жел сөздің айдауымен кеп қалған Ағыбай батыр ­Биназар досының риясыз көңілін жазбай танығандықтан, атынан дереу қарғып түсіп, батыр досымен төс қағыстыра қайта амандасып тұрып, өзіне ере келген жігіттеріне қарап:
– Қолдарыңа кетпен алыңдар да, Биекең тоғанының дәл осы тоқтаған жерінен одан әрі жалғастыра біздің жаққа қарай қазыңдар. Бұл арна бұдан былай «Биназар-Ағыбай тоғаны» деп аталсын, – деген екен.
Екеуі де өз дәрежелерінде батыр әрі шешен болған кісілер. Мүмкін кейде ділмарлық жарыстырып, сөз қағыстырған, кісілік сынасқан тұстары да болған шығар. Алайда ел жадында ондай сәттер айқын түрде сақталмаған. Оның есесіне қос батырдың сәл ағат кеткен өз кемшіліктерін дер кезінде аңғара қойысып, дәл сол мезетінде бір-бірінен кешірім сұрай, достық құшақ­тарының бұрынғысынан да мығымырақ айқа­са түскені жайлы әңгімелерді ел ішін­дегі шежіре қариялар осылайша тамсана баяндасатын. Қалың елді ауыз бірлік, ынтымаққа ұйыстырмақ оңай боп па, сірә!? Сондай ізгілік жолында, қос батырдың арасында азырақ ащы да, көбірек тұщы да сәттер өткен болар-ау, бәлкім. Бірақ соның бәрі де қос арыстың бірін-бірі бұрынғысынан да тереңірек түсініп, Алла разы үшін игілікті істерді атқару барысында достықтарының нығаюына әкеліп отырған көрінеді.

Тоған салып, елін асыраған

Биназар Ақеділұлының келесі тәлімді ісі – соңына ерген дүйім жұрты үшін қолайлы жер іздеп, оны сол жер иелерінен мәмілегерлік негізде сұрай білгендігі. Төрт ата ­Дулат баласы Қоқан хандығы әскерімен келесі бір шайқасқан сапарында батыр ­Биназар тағыда жеңіске жетіп, оның қайтарымы ретінде Шу өзенінің төмен­гі сағасынан төрт арыс Көкірек жұрты­на жаңа қоныс сұраған екен. Ол заман­да қазіргі Мойынқұм алқабының тұрғын­дары тым аз болғанға ұқсайды. Со­дан қалың жұртын жаңа жерге бас­­тап келіп, ол жерден дереу тоған салдырған көрінеді. Сөйтіп, елін жартылай отырықшылыққа үйреткен екен. «Биназар тоғаны» деп аталатын ол жәдігер, табанын аршып, істің көзін тапқандарға қазір де мүлтіксіз қызмет етер еді» деседі білетіндер.
Айдынбай ата бір сөзінде:
– Биназар бабам көкіректерді сонау Алматы жағынан көшіріп әкелген екен. Жайылым тарлық етті ме, кім білсін?! Әйтеуір, Алматының түбіндегі Қапша­ғайда ата-бабаларымыздың жұрты – «Көкі­рек тоғаны», «Көкірек базары» деген жерлер қазір де бар, балам, – деген еді маған. Ол кісінің «қазір де» деген уақыты өткен ғасырдың сексенінші жылдары­ның басы болатын. Одан бері ара­да отыз жылдан аса уақыт өтті. Айдынбай ата айтқан жұрттан қазір жұрнақ та болса қалды ма, қалмады ма, ол жағы да беймәлім. Ол кісі келесі бір әңгімесінде:
– Ілгеріде ағайынды көкірек, сәмбет бір болыс болып, көкіректе орысша сауат ашқан кісі болмағандықтан, болыстық ұдайы сәмбеттердің үлесінде кете берген екен. Оның үстіне көкірек елі де саны жағынан өсіп-өніп, бөлек болыстыққа жетіп қалған деседі. Сонда Биназар бабамыз: «Көкіректе ел басқарар ұлдың тумағаны ма?» деп қатты қапаланған екен. Содан ­тынбай сұрас­тыра жүріп, Алматыда бір орыс­тың қызметінде жүрген, орысша сауат ашқан Ыбраһым деген жігіттің бар екенін естіп біледі. Дереу ол жігітті шақыртып алып, болыс сайлайды. Ыбраһым елге өте жайлы да әділетті болыс бола білген екен. Разы болған халқы оны «Жайлаубек» деп атап кеткен деседі. Екеуі ақылдаса отырып тірлік жасап, Құдайдың қолдауымен, көкірек жұртын небір игілікті істерге жұмылдырған екен, – деген болатын.
Біз шынайы түрде тәлім алғымыз келсе, тарихта есімдері өшпестей боп жазылып қалған осынау бабаларымыз­дың иман тұнған ұлағатты істерін үлгі тұтсақ керек-ті. Қайбір сәтте әзәзіл сөздер жан-жақтарынан қоршап тұрса да, әліптің артын баға шешім шығарған. Ертеңгі күні Алланың алдында есеп беретіндерін бір ауық та естерінен шығармастан, әрбір сөзін абайлап айтып, әр ісін сақтықпен атқарған сол бір дана бабаларымыздың өмір өрнектері, әсіресе бүгінгі күндері бізге ауадай қажеттей көрінеді маған. Қатар жүрген замандаспен бір сөзі үшін достасып, келесі сөзіне бола қастаса қалатын ұшқалақ табиғатымыздан, бәлкім, сонда ғана арылармыз.
Шаршы топта сөйлеп кетсе – шешен, ел басқарған көсем, небір дау­лы мәселелерді екі-ақ ауыз сөзбен шешкен әділ би, қолына қару алса – батыр… Мінеки, біздің небір бабаларымыз осындай жан-жақты қасиеттерге ие болған-ды. Қазақтың бүгінгі күнге біртұтас халық күйінде жетуіне ол кісілердің жүрек жылуы мен білек күштері арқылы қосқан үлестері өлшеусіз. Әсіресе елі мен жері­нің селкеуленіп кетпестен, алдағы санда­ған ғасырларда да іргелі мемлекет болып тұруын Жаратушымыздан жалбарына сұраған ол кісілердің дұғаларын Раббымыз Өзінің Кеңдігімен қабыл еткендей әсер етеді маған. Ең бастысы – сол бабаларымыз мұндай игілікті істердің бәрін де бір Аллаға тәуекел ете, бір Содан ғана жәрдем тілей отырып және Соны ғана риза ету үшін атқарды емес пе!? Себебі Бәрін Білуші Иеміз қасиетті Құранда пенделерінің бірін-бірі танып-біліп жүрулері үшін ұлттар мен тайпаларға бөліп жаратқанын ескерткен ғой. Демек, пенделерінің ішіндегі сол бір дара тұлғаларға, яғни Шариғат бұйрықтарын орындау үшін жанын салып өмір сүрген біздің ата-бабаларымызға әлгіндей қасиеттер мен жеңістерді сыйлап қойған бір Жаратушы­мыз екендігі көңіл-көзі ояу кез келгенімізге түсінікті тұжырым болар деген үміттеміз.

Нұрлытай ҮРКІМБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.