Ғазауат-ғұмыр

«Бабалар сөзі» топтамасының 13-14 томдарына «Ғазауат Сұлтан» (Сейітбаттал) дастаны кірген. Дастанды құрастырып, ғылыми түсініктемелерін жазғандар – Қ.Алпысбаева, П.Әфуесбаева, Т.Әлібек, С.Қосан.
«Сейітбаттал» жайындағы дастандар қазақ арасына кітап түрінде және қолжазбалар күйінде кең таралған. Солардың бірі 1908 жылы Қазандағы Император Университетінің баспаханасында жарық көрген 18094 жолдан тұратын «Ғазауат Сұлтан» атты дастан. Дастанды жырлаушы – бұрынғы Бөкей ордасына қарасты, қазіргі Атырау облысынан шыққан шайыр, молда Маңқыстау Тыныштықұлы.

Шығарманың басты қаһарманы Сейітбаттал – әскер басы, дінді уағыздау­шы батыр ретінде көп уақыт бойы ислам дінін басқа халықтарға таратуға күш салған. Сейітбаттал – Мұхаммед (с.ғ.с.) пай­ғамбардың күйеу баласы, халифа Әли­дің ұлы Хұсайыннан тараған ұрпақ, солар­дың бастаған ғазауат жорығын жалғастырушы.
«Ғазауат Сұлтан» дастаны бір-біріне жалғасып, оқиғалары кезектесіп дамып отыратын отызға жуық қиссадан тұрады. Олардың әрқайсының атаулары бар.
Сейітбаттал көптеген ертегілер мен эпикалық жырлардың кейіпкерлері сияқты ерекше жағдайда туып, жедел ержетеді. Ол үш жасында он жастағы баладай өз қатарынан күшті, сонымен қатар төрт кітапты (Таурат, Забұр, Інжіл, Құран) жетік білетін болып өседі.
Дастанның «Жағыпар ғазының атасын өлтірген Меһрияил мен Шамабты һәм он бес басты келтіргені-дүр» деген алғашқы тарауында 13 жасар Жағыпардың әкесі Хұсайынның кегін алу үшін жауға жалғыз аттанғаны, бір өзі жаудың көп әскерін талқандап, Меһрияил, Шамаб деген палуандарын өлтіріп, тірі қалғандарын мұсылман дініне кіргізгені баяндалады.
Ал шығармадағы оқиғадан Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар заманында дін үшін болып өткен сұрапыл соғыстардың бір көрінісін байқаймыз. Дастанда ислам мен өзге елдердің, яғни кәпірлердің арасында болған ғазауат соғыстарға қатысқан Афлахун, Шамас, Кибрианус, Ибрианус, Тарион, Мұхаммед ибн Фаллах, Мехрианос, һамайун, Нау­рызбану, Синбад, Сыржайыл, Шамғұн, Ақратис, Ахмет Тұран, Костантин, Такфур, Қалауын, Имлиха, Фағфоршин, Лаулан, Астур, Саһли, һарут, Көзанда, т.б. 150-ден астам (патша, уәзір, сұлтан, ғазы, палуан, шаһ, сардар, сиқыршы, пір, т.б.) кейіпкерлердің есімі аталады. Олардың бірі мұсылман болса, екіншісі өзге діндегілер. Әйтсе де, арасында кейін ислам дінін қабылдаған халықтың өкілдері де кездеседі.
Дастанының оқиғасы өзге діни шығармалар секілді Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) мен оның сахабаларының кезекті кеңесінен басталады. Міне, осындай мәжілістердің бірінде Абдулуаһап сахаба Пайғамбарға «Рұм елін исламға мойынсұндырсақ қайтеді?» деген ұсы­ныс жасайды. Осы сәтте Мұхаммед пайғам­бардың құлағына Жәбірейіл періште сыбырлап аян береді. Жәбірейілдің айтуынша келешекте Рұм халқын исламға енгізуші Әли Мұртазаның әулетінен шығады. Оның есімі – Жағыпар, лақап аты – Сейітбаттал, бұл оқиға екі жүз жыл­дан соң болмақ. Пайғамбар (с.а.с.) Абдулуаһапқа аманатқа бір тал шашын және түкірігін береді. Осынау мұғжизаның арқасында кейін Сейітбаттал аса құрметті ғалым, батыр, палуан, сайыпқыран жеңімпаз ретінде дүниеге танылады. Ал осындай ұқсастықтарды Қожа Ахмед Ясауи өміріне байланысты аңыздан да көруге болады. Онда да Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) өзінің сахабасы Арыстанбабқа «аманат – құрма» беріп, оны төрт жүз жылдан соң Ахмедке тапсыруды өсиет етеді.
Дастанның негізгі қаһарманы – асқан күш иесі. Бір өзі мыңдаған жаумен алысады. Дегенмен, оның да әлсірейтін, түрлі қиыншылықтарға ұшырап, тарығатын кездері де болады. Сол сәттерде Қызыр баба көп жағдайда батырды қатерлі сәттерден құтқарып отырады.
Дастанда адам мүмкіндігінен тыс, тек бір Алла мен оның елшісі Мұхаммедтің ғана қолынан келетін дін кереметтері де көрініс тапқан. Қолдан пұт жасап, оған сәжде қылып жүрген адамдарды көріп, Сейіт «Аятул Күрсиді» оқып, табынатын пұттарын сындырады. Сынған әр пәресі «Алла» деп сәжде қылады. Сол кезде бір адам тұра келіп, – Менің пұтым не себепті пәре болды? – деп басын Сейітке қойып жылайды. Сейіт оның құлағын кескен еді. Сонда жігіт құлағын беріп, былай дейді:
Пұтқа оқыған дұғаңды айтшы, –
дейді,
Құлағым әуелгідей болсын, – дейді.
Сейіт сонда «әл-хамду лилланы»
оқып еді,
Құлағы әуелгідей бүтін болды [дейді].
Меһрасып падиша мұны көріп, Сейіттің ісіне қайран қалады. Ол ислам­ның артықшылығын мойындап қана өз дінін өзгертеді. Меһрасып «дініңді бұзғаның не?» дегендерге: «Жаратқан бір Құдайды жаңа таптым, сендердің бас қойғандарың Құдай емес, олай болса біз оны неге қолдан жаратамыз?!» деп жауап береді. Сол сияқты аталған дастанның оқиғасының баян­далуында, қатысушы адамдардың бейнесінде қиял-ғажайып ертегілерге тән іс-әрекеттер де бар. Олар: батырдың адамзаттан басқа аждаһа, дию, пері, жәду сияқты мақұлықтармен соғысы мен оның отқа жанбайтын, суға батпайтын сәттерін суреттейтін көріністер. Дастанда ұжымдық түс көру, яғни бір отбасының мүшелері немесе басқа да кейіпкерлердің бір мазмұнда түс көруі және бірдей көңіл күйді бір мезгілде бастан кешуі сәттерінен көрініс беретін тұстары да кездесіп отырады. Мысалы, Калиб патшаның ұлы түсінде арсылан, наһан балық, аждаһаны көреді Олар:
Атаңа айт, тез мұсылман болсын, –
дейді,
Жоқ десе, мен жұтармын екеуіңізді, –
дейді.
Сол сәтте Калиб патша да дәл сол түсті көреді. Түсін уәзірлеріне айтады:
Әлқисса, уәзірлеріне патшаның
өзі келді,
Көрген түсін уәзірлеріне баян қылды.
Мұны естіп уәзір, бектер
қайран қалды,
– Біз де көрдік бұ түсті, ғажап, – деді.
Дастандағы мотивтің бірі – жазмыш. Сейітбаттал өзінің дүниеден озатынын алдын ала түс көру арқылы сезеді. Ол ұйқыда жатқанда Расул Алла Мұхаммед кіріп: – Иә, шүкір күшім, сен Малатияға барып, мұсылмандарға көмек бер, сені олар күтіп жүр, – дейді. Сонда Сейіт: – Жасым 99-ға келді, ғұмырым жақындады, арманым Мәдине топырағында қалу еді, топырағыңнан неге қудың? – деп ұйқысынан оянады. Сөйтіп, өзі түсін жориды, ажал сағатының жақындағанын сезеді. Ел-жұртымен, туған-туыстарымен қоштасып, дұшпанға қарсы жалғыз аттанады. Батырдың осы сапардан оралмайтынын сезген Мәдине халқы қоштасып, зар жылап қалады. Сейітбаттал жолда демалып, ұйықтап жатқанда, кәпірлердің патшасы Қанатустың қызы әскердің келе жатқанын көріп, тобықтай тасқа хат жазып, Сейітке лақтырып жібереді. Жүрегіне келіп түскен тобықтай ақ тас себеп болып, сол жерде Сейітбаттал шаһид болады.
Жұмласы Хақтан жәрдем болып еді,
Сейіттің бір қылына кәр қылмады.
Құдадан тағдыр тәмам болып еді,
Тобықтай тас Сейітке қаза болды, – дейді.
Дастан Сейітбатталдың ұлы Ескен­дірдің әкесінің жорығын жалғастырып, дұшпанның жеңіліп, тірі қалғандарының мұсылмандыққа өтуімен аяқталады.

Қарашаш АЛПЫСБАЕВА,
ҚР Ғылым академиясы М.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер
институты қолжазба бөлімінің
жетекші ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.