Тәжібай ЖАНАЕВ Торшаның түлейіндей (хикаят)

31-дің көктемінде ауыл үдере көшті.

Оның қайда бара жатқанын тек керуен басы ғана біледі.
Әуелі Ақшелектен Ақшат үстімен астық. Басаққұдықтан мес, бос метейдің бәрі суға толтырылып алынды. Алда Жемге дейін де бірнеше құдықтар бар.
Әлі есімде, Ақшаттан аса бергенде, артымызда қалып бара жатқан зереңдей дөңгеленген Әсемкөл, Буракөл, Ақшелек, Ұзынкөл, Тірсеккөлдерді қимай қоштасқан көшкен ауылдың қыз-келіншектерінің зарлы дауыстары естілді.
Көш басында келе жатқан торы ала аяқ жирен қасқа аттың үстіндегі дөңгелек адай бөрікті қара сұр кісінің қамшысын жоғары көтеріп: «Тоқтатыңдар!» деген үні қатқыл естілді. Елін-жерін қимай кетіп бара жатқан мұңдықтар дауысы сап тыйылды.
«Тас түйін болып, алға жылжуымыз керек. Қызылдар мен барымташы-сарымташылардан тек Жемнен ассақ қана құтыламыз» деді де, ілгері көшті бастап жүрді.
Бұл – керуен басы Тәпен бай еді. Кеше кеште атақонысы Ақшелектен кететінін бір адамға – жамағайыны кедей Ермекбайдың кемпірі Сарықызға ғана айтқан-ды. Қараша үйдегі білте шамның жарығындағы әңгіме тым қысқа болды. «Мынау саған аманат, – деп бір буманы ұсынды. – Ешкімге көрсетпей, сандығыңның түбіне салып сақтарсың. Інші Алла, аман оралсам өзім алармын қолыңнан. Егер олай-бұлай болып кетсем, шаңырағымның иесі кенже ұлым Өскімбайға берерсің» деп сөзін аяқтағанда Сарықыз кемпір орнынан ыршып түсті. – Шырағым-ау, сонда сен қайда кетпексің? Бақұлдасқандай не деп отырсың? – деген кемпірдің үрейлі дауысы естілді. «Бай деп, құлақ деп тағы да қуғындайтын түрі бар. Қасқырлы қарасай, Ханқожа мен анау Қарақұмдағы қой қоздатуға келген елді кеңес жендеттері шетінен ұры-қары, қарақшы, банда деп қуғындап, көнбегенін ұрып-соғып жазалап, Үйшікке айдап бара жатыр деген сенімді адамнан хабар келді. Енді бөгелуге уақыт жоқ. Қайда баратыным жайлы кейін ести жатарсыңдар. Бұл жайында ешкімге де тіс жарып, ештеңе айтушы болма, жеңеше!» деп Тәпен ­кетуге ыңғайланғанда кемпір кемсеңдеп: – Аманатыңа қылдай қиянат болмайды. Қайда жүрсең де аман жүр, қарағым, келінге сәлем айт, – деп булығып жылап қалды.
Салқар көш ұбақ-шұбақ созылмай, ұйыса, бір-біріне иін тіресе жүрісін үдеткен. Көш Ақшаттан асқан тұста Қабыланды тауы көрінді. Көбіне жол торушылар мен ұры-қарылар сол маңнан жүруші еді. Әзірге тыныш. Ештеңе көрінбейді. Тәпеннің есіне кеше асай-мүсейін артынып, долы тартатын арқандарын алып, белдеріне белкүректерін қыстырып, алдарына астау­ларын өңгеріп кеткен үш құдықшы түсті. Құдықтың су көзін ашса, түс ауа, сірә, біреуі хабар берер деп түйді ойын. Аяқты мал кеше Басаққұдықтан қанып ішкен суымен екі күнге дейін шыдайды. Ал ұсақ жандықтар шыдамайды тегі. Бір жақсысы, менің қуғын-сүргінге түсетінімді білгендей, биыл қой ерте қоздады, қозылар ерте аяқтанды.
60 жыл бойы қой бағып келеді екенмін. Әкем Қарағұл жарлы болғандықтан, жамағайын орта дәулетті бай Бозшаның 12 жасымнан бастап әуелі қозысын, кейін қойын бағып, 20 жасқа келгенімде өз алдыма жеке ауыл болып бөлініп шықтым. Бозша бай атамыздан бата алдым. 30-35 жасымда ірі байлардың қатарына қосылдым. Есенбай, Ұзақбай, Ізтұрған, Алпысбай деген жақындарыма мал бақтырып, олардың еңбекақысын мезгілінде төлеп отырдым. Өзім де Бозшаға жалданып жүріп еңбек етуді әрі әділ болуды үйренгенмін.
Шежіреден тартсам, сегіз арыс Адайдың бірі Мұңалдан боламыз. Оның төрт баласының бірі Бәйімбеттен де төрт бала. Соның бірі Райымбердіден Боқсары, Текей және Жанақ. Осы үшеуінен руға шыққаны Жанақ бабамыздың есімі. Оның Болат, Тілеке, Батық, Мұжық, Шыңдыхан атты бес баласы болған. Жанақтың екінші баласы Тілекеден – Айтбай – Бармақ – ­Ермек – Көпжасар – Қарағұл болып келеді. Қарағұлдың Тәпен, Мәулен, Шыршығұл, Шәдір деген төрт баласы болып тараламыз. Сонда Жанақ бабамыздан санағанда 6-7 атаға келіп қалыппыз. Заманында Жанақ ел қорғаған батыр атанған. Әсіресе қалмақтарға қарсы шайқастарда аты шыққан. Абыл ақынның:
«Белгіліде Бегей бар,
Бек сауытты Жанақ бар…» деп айтатыны сондықтан. Ал Қал­нияздың елін сағынғанда айтқан жырында, өмірден өткен аруақты батырларды жоқтай келіп, былай дейді:
Есен, Сүгір, Ер Жанақ,
Құлыбек, Сары, Қонайым.
Кенжебек, Төлеп, Ер Қармыс,
Атағозы, Шабайым.
Көк сауытты Ер Досан,
Белгілі батыр Мыңбайым.
Бұлардың бүгін бірі жоқ,
Қара жер жұтқан талайын.
Іні, келін, қарындас,
Қаумалаған ағайын,
Көре алмасам, қош болың,
Қалың Алшын, Кіші жүз,
Сегіз арыс Адайым.
Сол аруақты батырлардың бірі – менің бабам Ер Жанақ шежіренің айтуынша, оның шөбересі Жабас би әулие адам болған.
Оның баласы Балға палуан әрі батыр болған. Ер Жанақ бабамыздың киген сауы­ты мен қару-жарағы сол Балғаның үйінде сақталған деседі қариялар. Иә, біздің ата-бабаларымыз намысты болған. Адай бөркін ешкімге де таптатпаған. Е-е, несін айтасың.
«Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» демекші, екі рет некелі болдым, шүкір. Азын-шоғын балаларым бар, бәрі де еңбекқор, бейнетқор болып өсті, әрқайсының өз шаруасы, өз мүкамалы бар, үйлі-баранды. Өз еңбегімен күнелткен адам ешқашан да қараулыққа бармайды, өзгенің дүние-мүлкіне қызықпайды. Кенже балам Үфтегі «Ғалия медресесінде» оқыды. Оларға кісі еңбегін жемеуді, өзге жанға қиянат жасамауды үйреттім. Інші Алла, балаларым имандылық жолынан таймайды.
«Қызыл отау» жайындағы бір қызық жайт есіне оралды. Отаудың іші-сырты әдемі безендірілген. Кеңестік үгіт-насихаты жайлы жиі-жиі әңгіме айтылатын орын болғандықтан мұнда ауыл адамдары келіп тұрады.
Бірде кедей Көшер деген қария «Қызыл отауға» кірсе, өзінен басқа ешкім жоқ екен. Төрдегі ілулі тұрған Ленин, Сталин портреттеріне қарай сөйлей жөнеледі. «Байларды құрттыңдар – үндемедік, билердің көздерін жойдыңдар – тағы да үндемедік, енді молдаларды да итжеккенге қойдай тоғытып жатырсыңдар. Сондағы көксегендерің не, айтыңдаршы, кәне?» деп өзінен-өзі сөйлеп тұрғанда: – Кәке, не айтып жатырсыз? – деп есіктен хатшы бала Сейіттің Шоңайы кіріп келеді. «Жо-ға, жай, мына сабаздардың отырысын-ай деп тұрмын» дейді Көшекең саспастан.
Қайран біздің елдің шалдары-ай! Бұлар да жасып қалды-ау, енді қайтсін? Ел ағалары Мәтжан би, Өришан мен Абдолла хазреттер және елдің сөзін сөйлеп, мұң-мұқтажын жоқтаған, 22 болыстан 29 болысқа дейін ел басқарған, би де өзі, шешен де өзі, правитель де өзі Тобанияз кеткен соң қайдан оңайық. Бас кеткен соң кеуде мәкіруік деген сол. Елдің, жердің жағдайын білетін азаматтар 1930 жылдың өзінде-ақ түрмеге тоғытылды, көбі «халық жауы» деген жаламен атылды. Солардың жетекшісі деп 12 атасынан кедей, Ұлы Қазан төңкерісін он бес күннен соң, қуанғаннан бөркін аспанға атып қарсы алған, әуелі Қаратөбе-Мәстектегі шиязда Адай төңкерісшілер кәмитетінің төрағасы болып, Лениннің қолы қойылған мандатын Дала Комиссары Әліби Жанкелдиннен алған, кейін мына Буракөлде Кеңес өкіметін жақтап, мың кісі қатысқан шиязды өткізген қайран Тобанияз жаламен атылды. Егер кеңестік басшылар халықтың қамын ойласа мынадай қанды қасаптың алдын алар еді. Ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық жүйесін күрт өзгертудің нендей күйге түсіретінін ойлайтын қазан бас демейін, бір шәуім бас табылмағанына қайран қаламын. Тым болмаса бұрынғы ел билеген Тобаниязға: «Тобеке, бүлінген еліңді райынан қайтару, қағынан жеріген, құландай босқан жұртты тоқтату тек сіздің қолыңыздан келеді, сіздің ел алдындағы беделіңіз бен көмегіңіз қажет. Кеңес өкіметі осыны өтінеді» дегенде мұндай қанды қырғын болмас еді-ау.
Мұның бәрі Тәпен қарияның түнде түсінде көретін, күндіз ойында жүретін ішкі ой түйсік-түсініктері. «Бір Алладан ғана үмітімді үзбеймін. Құдай деген құр қалмайды деуші еді бұрынғының шалдары. Иә, Бекет Ата, жар бола гөр өзің» дейді ол іштей жалбарынып.
…Ұлы бесін кезінде көштің алды ескі құдыққа да жеткен-ді. Кешегі кеткен құдықшылар аяқты малдарды суарып болып, енді ұсақ жандықтарды да суат басынан шығарып тұр екен. Бұдан соң ертеңгі күннің қам-қаракетімен келесі құдыққа тағы да кетеді.
Үшінші күн дегенде көш алды Жем бойы­на құлады. Тәпен өткелдің аузына көштен бұрын өзі жетті. Әзірге қарғын су өтпеген екен. Өткелдің қайраң тұсынан атын салып өтіп, батпақты сазды жерін де байқады. Жемнің тосын бір мінезі – қарғын суы. Оған тап болған талай үйлі жан ұлан ошағымен қырылып қалған оқиғалар болған.
Көш түгел өткенге дейін Тәпеннің өзі бақылап тұрды. Бүгін ауыл еру. Кейінгі ұсақ жандықтар келгенше көлік малының белін суытып, біраз жайып алуға болады. Түйелер күйіс қайыруға жарайтындай жайылса да жарайды.
Жемнен өтіп, Солтүстік Үстіртті бетке алып келе жатқан көш келесі күні түс ауған шақта Қараш Бейнеубай қазған құдыққа жеткенде бәрінің де қуаныштары қойнына сыймады.
Өмірінде 12 шыңырау қазған Бейнеубай мұны атақты бай Тіней Шам-Талпақтың өтініші бойынша қазғанын Тәпен біледі. Жерастындағы суы құлаққа дүңгірлеп естілетіндіктен оны «Дүңгірлек» шыңырау деп атап кеткен ел.
Сегіз арыс Адайдың мақтанышы Мәтжан бидің атындағы «Мәтжанның қара құдығын» да осы Бейнеубай қазған еді. Мұндай құдықтардың енін 1-1,5 метр дөңгелентіп немесе төртбұрышты етіп қазады. Тереңдігі 65-70 метрге дейін барады. Құдықшы жүрелеп отырып қазады. Жұмысы ауыр әрі қауіпті. Ақысына 200 қойдан бас­тап, бір үйір жылқыға дейін төленеді. Кейде өз атын шығару үшін не шөлдеген жанның сауабы үшін ақысыз-пұлсыз, әншейін қазған құдықшылар да болған.
Бейнеубай құдығының қуанышы Тәпеннің малшыларына айтқан мына сөздерінен кейін су сепкендей басылды.
– Шырақтарым, біздерге айрылысар күн туды. Жол айрығында тұрмыз. Туыс­тығымызда қапы жоқ. Әйтсе де, сендер­дің обалдарыңа қалғым келмейді. Мені кеңес хұкіметі «бай-құлақ» деп қуғын­дауын қояр емес. Ендігі жерде менің көретін қорлы­ғымды сендер көрмеңдер. Тиісті еңбекақы­ларыңды да, көші-қоныңыз үшін түйелер мен жылқыларды да бөлдіріп қойдым. Самның үстімен керуен жолымен Хожеліге немесе Шағадам-Қоймат жолына түсесіңдер ме, еріктерің білсін. Босқындардың көбі Теппе арқылы, тіпті Ауған ауып жатыр деген хабар естідік. Алла алдарыңнан жарылқасын, Бекет Ата жар болсын! – деп сөзін аяқтағанда малшы қауымның баскөтерері Пішенбай шал көз жасы сақалын жуып тұрып: «Тәпен аға, біз сізге екі дүниеде де ризамыз, жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Құдай алдында сіздің тілегіңізді тілейтін боламыз» дегенде, екі жақ та бір-бірімен қимай қоштасты.
Бейнеубай құдығынан түнделетіп, Үстірт үстімен асқан Тәпен көші қараңғылыққа сіңіп кетті.
Елде қалғандардың көбі оны Қаратүлейге не Хожелі бағытына кетті деп ойлайды. Ол із тастап, барар жерін білдірмеуге тырысты.
Үстірттегі Сам құмының солтүстікке қараған құлама тұсы қатқыл, тастақты келеді. Бұл жақтағы ескі жұртты баяғы Бозша байдың малшысы болып жүргеннен білетін-ді. Құдықтарының суы мол әрі тұщы болатын.
Құдықшылар кеше кеткен-ді. Құдық көзі бітеліп қалса, тазалауға көп уақыты кетеді. Түс қайта үлгерсе, жігіттердің ерлегені. Таң атқаннан бері Тәпеннің бар ойы құдық жайына ауыса берді. Ендігі жерде оны кеңес қуғыншылары да, барымташылар да таба алмайды. Қызылдар Шағадам-Қоймат жолындағы Бесқалаға шұбырған босқындармен әуре болып жүргенінде Тәпенді түлкі жортпас қияндағы «Торшаның түлейіне» кетеді деп кім ойласын. Кешегі Бейнеубай құдығының суын үнемдеп ішсе әлі бір тәулікке жетеді. Бүкіл мал-жанның тағдыры тек құдықшыларға қарап тұр. Оның да Құдай бір сәтін салар деп іштей сабыр етті ол.
Осындай ой жетегінде келе жатқан Тәпен Солтүстік Үстірттегі Сам құмының ең шетіндегі шыңырауға да жеткен еді.
Жеті түнеп, тас түйін боп, жеделдете келе жатқан көш алдынан түс ауа биік әрі үлкен дыңдар күнге шағылысып, ерекше бір ертегі әлеміндей көрінді. Дөңгелене қоршаған құм төбелердің ортасы кең жазықтық. Оның төбесінен алыстан состиып тұрған дың – біп-биік төбе Торшаның құмы немесе халық атап кеткеніндей «Торшаның түлейі» осы екен! Түлей десе түлей, ит арқасы қияндағы жер болып шықты. Ортасындағы мың қой еркін жайылатындай кеңістікте шөптің неше алуан түрі бар. Тіпті қияқ та өскен. Ақбас жоңышқа, еркек шөп, теріскен, жүзген, бұйрығын, жусан дегендей, көз тұнады.
Нарын құмындай әлде Тайсойған, Бүйректей қордалы, қопалы жердей көрінді.
Бұл 1931 жылдың сәуір айының соңы болатын. «Атақонысына» жаңа келгендей, Тәпеннің ақшаңқан оншақты үйі және ағайындары бір ауыл болып қоныс тепті. Сырт көз бас сауғалап, қашып-пысып жүргендер деп ойлайтындай емес. Кәдуілгі жаз жайлауына көшіп келген бай ауылындай күнделікті қам-қарекетіне кірісті.
Тәпеннің көзі батып бара жатқан күннің қызыл шапағына оранған «Торшаның түлейіне» түсті. Ол бір сәт қызыл орамалды талшыбықтай бұралған қыз болып көрініп кетті. Астапыралла! Астапыралла! Бала күніндегі қой күзетінде отырғанда баяғы Бозша байдың айтқан бір әңгімесі сол бойда ойына оралды.
Есте жоқ, ертеде біздің елдің бір жыл­қылы байы болыпты. Оның жер қайысқан үйір-үйір жылқылары бүкіл атырапқа сыймай жатады. Жылқышылар қосын бір жалғызілікті Есен деген кедей жігіт басқарған. Жазы-қысы оларды тексеріп тұруға қартайған байдың денсаулығы жарамайды. Жұмсауға ер баласы жоқ.
Ай десе аузы, күн десе көзі бар жалғыз сұлу қызы болған. Оның аты Торша екен. Әкесінің орнына өзінің күтуші қыздарымен бірге жылқы үйірлерін тексеруге барып тұрады. Қос басшысы кедей жігітке қыз бір көргеннен ғашық болады. Күндіз-түні ойынан кетпейді. Жігітті көру үшін қыз нөкерімен жиі-жиі келе бастайды. Бірақ кедей жігіт мұны байқамайды. Жұмысымнан бір кінәрат жібердім бе деп іштей қысылып, алқаптағы көгалалы көп жылқыны аралатып, қыздың сүйікті тұлпарын да алдына тартады. Оны ерекше күтіп, жиі-жиі ащы терін алып, баптап ұстайтыны қызға ұнайды. Тұлпарға мініп, қызықтап шауып үйренеді. Жігіт оны тұлпарға мінгізіп-түсіріп, жанынан бір елі қалмай, бәйек болып жүреді. Осылайша кездескен сайын қыз бен жігіттің бір-біріне деген ынтызарлығы арта түседі.
Бірде қыз тұлпардан сүйемелдеп түсіріп жатқан жігіттің мойнынан құшақтап, бетінен сүйіп алады. Осылай Торша мен Есеннің махаббаты оянған-ды. Бірақ қыздың әкесі жылқылы байдың ауылына алыстан да, жақыннан да құда түсуге келушілер көбейеді.
Бары да, нары да жалғыз Торшасын өзі сияқты бір байдың ұлына беруге сөз байласады. «Бай – байға құяды, сай – сайға құяды» демекші, қыз көруге арналған кәде-жоралғыдан басқа, қысырақтың шымқай қара мақпал бір үйірі де ауыл сыртына айдап келтірілген. Енді құдайласқан құда болып, құйрық-бауыр жеу қалғанда ­Торша әкесіне: «Мені балам десеңіз, көке, өз жеке басымның бостандығын өзіме беріңіз! Бұл – менің ақыреттік сөзім…» деп жалбарынады. Қызының сөзін естіген бай ерін бауырына ала тулайды-ай келіп. Ақыры қызы дегеніне көнбеген соң: «онымен байланысып жүрген неменің аяқ-қолын байлап, алдыма әкеліңдер. Мені басынатындай кім екенін көрейін, «Аттан!» деп әкесі айқай салады. Мұны естіген Торшаның күтуші қыздарының бірі дереу Есенге хабар береді.
Сол күні түнде Торша өзінің тұл­парына мініп, сүйіктісі Есенмен бірге қашып кетеді.
Ертесіне қыз да жоқ, кедей жылқышы да жоқ екенін білген ауыл аяғынан тік тұрады. Із кесушілер іздеріне түседі. Бай қуғыншыларға: «Оларды не тірі, не өлі күйінде жер шетіне кетсе де қалай да алып келіңдер!» деп әмір етеді.
Үш күннен кейін қуғыншылардың қарасы көріне бастайды. Есеннің торысы құм төбелердің шетіне жеткенде әбден болдырып, жүре алмай қалады. Ол атынан тұлпарға ауысып мінгескенде қуғыншылар да жақындай түседі. Садақтың жебесі жететіндей жер қалғанда Құдайдың құдіретімен, қызыл орамалы желбіреген Торша қыз осы биік құм төбенің басына шыққанда, тұлпарының үстінде қияметтік ғашығымен бірге тасқа айналып кетеді.
Содан бастап ел бұл биік құм төбені «Торшаның түлейі» деп атап кеткен деседі. Бұл аңыз-әңгіме Бозша қарияның айтуынан бізге осылай жеткен-ді.
Сөйткен Торшаның құмына Тәпеннің өзі де келіп тұр! «Адам айтса – барман, дәм айдаса қалман» деген осы-ау. Бұл әлдененің нышаны емес пе екен деген ой да көңіл түбінен қылаң берді.
Ай соңынан ай жылжып өтіп жатты. Жаз бен күз біршама тыныш өтті. Алғашқы қыста көпке дейін қар жаумай әрі құдықтың шалғайлығынан жылқының көбі құмқатадан қырылып қалды.
Құм шағылдың сырты бет қаритын аяз болып тұрғанда, оның ішкі ойпаң ортасы жылы болатындықтан Тәпен балаларына түйелер мен қойларын жайғызып, қыстан аман алып шығады.
Бұдан былай мұндай тірлікке төзу барған сайын қиын болатынына көзі жеткен ол енді басқа бір әрекетке көшуді ойлайды. Ең жақын «Қарақамыс» жәрмеңкесіне біртіндеп малын сатып, Хиуа жаққа қашып кетуге бекінеді. Бірақ пенденің ойлағаны бола ма? Бәрі де бір Алланың еркінде екен ғой.
33-тің көктемінде 17 адамнан тұратын бір топ қарақшы талтүсте ауылды шабады. Бейқам отырған ауылды әрі аламандық тұтқиылдан болғандықтан Тәпен балалары мен ағайындарының амандығын ойлағандықтан көп қарсылық көрсетпейді.
Сауып отырған маяны жібермей, Тойған келін аламанның қолына жармасады. – Қолыңды тарт! Мен Бекет Атаның тұқымымын. Аруағына тапсырам! – деп айқайлағанда, анау маяның бұйдасын қоя береді.
Ауыл үсті ала шаң. Бір баласы мылтыққа ұмтылады. Бірақ Тәпен рұқсат етпейді. «Мал үшін адам қанын жүктемейік» дейді ол.
Қарақшылар Тәпеннің 30 түйесін, 100 қойын және мініске жарайтын 10 атын алып кетеді.
«Бастан – құлақ садаға» демекші бас аман болса, мал табылар дегендей, Тәпен балалары мен ағайындарына басу айтты. Әсіресе үлкен үйінің шаңырағын ұстап отырған келіні Тойғанға риза болды. Ол – Бекет Атадан тарайтын, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс Амандық деген аруақты кісінің қызы. Заманның түзу кезінде, 47 беріп, кенже ұлына алып берген еді. Қазір одан алты немересі бар. Аллаға шүкір. Жыл артынан жыл аунап түсті.
33-тің маусым айының бір күні таңертең бір түйелі кісі ауылға келді. Жоғалған малын іздеп жүріп, адасып келіпті. Өзі Аққабан әлде Шиқетпе жағынан болса керек. Жұпыны киінген шаруа адамы. Тәпен қуана қарсы алады. Қой сойып, қол қусырып қонақ етеді. Жолаушы да ақкөңіл әңгімешіл адам екен. Екеуінің әңгімесі жарасады. Ертесіне жолазығына тағы бір қой сойып беріп, қонағына баратын жолын сілтеп, шығарып салады.
Арада үш күн өткен соң, броневикке мінген солдаттар ауылға сау ете түседі. Одан бұрын аэропланмен төбеден құм арасында отырған беймәлім бір ауыл барын байқап, содан соң жансыз – «түйелі кісіні» жіберген. Азығы консерві болғанын кейін біледі бұлар.
Броневик үстіне қызыл ту тігіліп, барабан соғып, кернейлетіп, солдаттар сапқа тұрғызылды. Ауыл адамдары түгел шақырылды. Китель киген маңдайы кере қарыс бір сары орыс, тілмәш қазақ жігіті және өткендегі «түйелі адам» жұрт алдына шығып сөз сөйледі.
– Кеңес өкіметі әуелі кедейлерді жарылғайды, шаруаларға жерді бірігіп өңдеуге құрал-саймандар мен тұқым береді. Соның арқасында мойынсерік жұмыла егін салды, былтыр астық бітік шығып, қап-қап тары алып, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жақсара бастады. Жерді бірігіп өңдеу мойынсерігіне өз еріктерімен кіруге арыздарың қабылданады. Сауынға мал да беріледі. Сондықтан өздеріңнің Ақшелек Ауылдық Кеңесінің қармағына барып тіркелулерің керек, – деген сары орыстың сөздерін қолма-қол тәржімалап жеткізген тілмәш көпшілікке қарап: «Түсінікті ме?» деп сұрады. Сонда көп ішінен Қиясбай шалдың дауысы естілді. – Шырағым тілмәш, қазан-ошақ та, қатын да ортақ болады деген рас па? – деп еді жұрттың бәрі аңырып тұрып қалды. Тілмәш бастығына орысша аударғаны сол еді, сапта тұрған солдаттар қыран-топан күлкіге батты. «Ата, тек құрал-саймандар ғана ортақ және байлардан тәркіленген мал-мүлік ортаға түседі» деп жауап берді бастық орыс.
Сірә, ауылға жансыз болып келген «түйелі адам» бұларды қызылдардан қорқып қашып жүрген қара шаруа деп түсіндірсе керек.
Мал-мүлік есепке алынып, қалғандары елге қайтып барамыз деп арыз берген соң, әрбір отбасына төрт түйе және төрт қой-ешкіден келетіндей етіп, енші бөліп берілді.
Тәпен мен балаларын автомобильге отырғызып алып кетеді.
«Торша түлейінің» оқиғасы осылайша аяқталғанымен, ауыл қайта кейін көшірілді. Аптап ыстықта жол жүру оңай болмады. Құдықтан құдыққа жетудің өзі мұң. Көш қоналқыға тоқтаған кезде бала-шаға жабылып саулық қойларды қосақтап, сауып аламыз. Ішіп-жейтін азық-түлік тапшы. Бізді бастап келе жатқан әкім қатал кісі екен. Өз малың болса да сойғызбайды. Сондай заң шықты деседі. Арып-ашып, оншақты күннен кейін, ақыры Ақшелекке де жеттік-ау, әйтеуір.
Үй басына бес қадақтан тары берілді. Тіршілік өз арнасына біртіндеп түсе бастады.
Мұнда бұрынғы «Қосшы», мойынсерік, ТОЗ емес, енді жаңадан артель болып құрылған. Артель мүшелерінің жалпы жиналысында Тәпен мен балаларының мәселесі қайтадан қаралып, өзі және төрт баласы жекеге жатқызылсын деген қаулы алынады. Кенже баласы Өскінбайға келгенде, қариялар өре тұра келіп: «Оның алты баласы бар, мал-мүлкі бала-шағасын асыраудан артылмайды, ол жекеге жатқызылмасын» деп қарсылық білдіреді. Сөйтіп, Тәпеннің және Өскінбайдан басқа балаларының мал-мүлкі түгел тәркіленеді. Небары 3800 қой-қозысымен және 300 түйе үкіметке өткізіледі. Тәркіленген жылқы саны беймәлім. Ал өздерін жер аударады. Ақшелек пен Ойыл арасындағы сергелдеңнен бала-шағасы қатты зардап шегеді. Аштықтан, апаттан, аурудан: ­Самалбай, Қожанепес, Ақша, Ақбөпе, Балбай, Сеңгірбай, Жайлаубай, Тәжіғұл, Ақзер, ­Мосекеш, Бұйра және т.б. барлығы 27 адамы қайтыс болады.
Арада біраз уақыт өткен соң, Тәпеннің және жекеге жатқызылған балаларының ісі қайта қаралып, олар бай емес, орта дәулет иелері деп танылады. Сонау «Торшаның түлейінде» кездескен жансыз болып келген «түйелі адам» мен сары орыс бастықтың шарапаты тиіп, Тәпен ақталып шығады. Елге оралып, бала-шағасына қосылып, көңілін бірлегеннен кейін, қой ауылда отырған анау жылғы Ермекбайдың кемпірі Сарықызға аманатқа берілген көк мандала шапанына оралған бір дорба алтын-күмісі бар еді. Ойын баласы бір немересін ертіп, соны алуға келеді. «Өткенге – өрел, тіріге – төзім» деп кемпір жылап көріседі. Содан соң сандығын ашып, сол күйінде сақталған аманатын алып береді. Тәпен оған рахметін айтып, орнынан тұрғанда, немересі Сарықыздың балаларымен ойнап қалайыншы деп жалынады. Рұқсат етеді.
Ол кезде Ақшелектің үстімен мұнай құбыры тартылып жатқан-ды. Жолшыбай кетіп бара жатқан машинаның бірін тоқтатып, үстіне көк мандала шапанға оралған дорбасын салып, мініп кете бергенінде, үйден шыққан немересі қолын бұлғап, жүгіріп келеді екен. Бұл Құдайдың құдіретіне не дерсің! Тәпен ойланбастан машинадан секіріп түсіп қалады… Содан…мұқым жинап-терген мүкамалы машина үстінде кете барады. Бақса, немересі кете бер, кейін өзім барам демекші болған.
Сол шамада Тәпеннің үш ұлы мен ержеткен екі немересі Хожеліге құпия жағдайда кетіп қалады. Шамасы, мүмкін болса, үдере көтеріліп кетуді ойласа керек. Хожелі маңында бұларды ескі танысы Дәріғұл деген кісі көріп, НКВД-ге «Бұлар қарақшы-бандалар, босқын откашауник атты казактардан алған мылтығы бар» деп көрсетеді. Сөйтіп, олар ұсталып, түрмеге жабылады. Ағайындарынан хабар алмақшы болып, соңдарынан Өскімбай шығады. Дәріғұл оны да танып қалып, сол бойда түрмеге жаптырады. Бір кезде ол Тәпеннің атақты кержорға сәйгүлігін сұрап ала алмағандықтан өштесіп жүрген-ді. Міне, сондықтан кек алмақшы екен.
«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген ғой. Бұларды тергеп, тексеріп: «Кісі өліміне не көтеріліске қатысы бар-жоғына қарамастан» қайткенде де қараламақ болады.
Оларды түрменің ауласына күніге бір рет шығарып қыдыртатын кезде, Өскінбай бұрышта ат байлайтын бір қазықты байқап, келесі айналғанда, тәлтіректеп барып, соның үстіне құлайды. Күзетші қасына жетіп келгенше, әлгі қазықты жұлып алып, қойнына тығып үлгереді. Сол күні түнде Өскінбай өзі жатқан камераның түбін тесіп, қашып кетеді. Ең басты өкініші – бауырларын құтқара алмайды. Олар үштіктің шешімімен ату жазасына кесіледі. Үкім сол бойда орындалды.
Сөйтіп, Өскінбай Хожеліден елге жетеді. Бірақ НКВД-нің тыңшылары аулында тосып жүрме деп қорқып, бірнеше күн үйіне бара алмай, ауыл сыртындағы шіліктер тасасында жатады. Ақырында, әупірімдеп жүріп аман құтылады.
Балаларының ауыр қазасы Тәпенге қатты батты. Ұзын бойлы, тіп-тік жүретін, қайыстай қатқан қара кісінің өңі бірден солғын тартып, белі бүгіліп, еңсесі күрт түсіп кетті. Жүріп-тұруы барған сайын қиындай берді. Көрген қорлық пен тартқан азап, жан азабы ғұмыр бойғы көрген ауыр еңбектен де қиын екен. Бір кездегі Тәпеннің құрыштай шыныққан дене бітімі түбірімен жұлынған дауыл соққан теректей бір күнде сұлап түсті.
Ақшелектегі оның ата-баба қоры­мындағы құлпытасында: Қарағұлұлы Тәпен (1862-1938) «Біздің елдің Шопан Атасы» деген жазу болған-ды. Қазір көзге көрінбейді, өшіріліп кеткен.
Тәпен кедей, Тәпен бай туралы деректер мен мәліметті сол қалпында бізге жеткізген кісі – оның бел немересі, бұл күнде 90-ға келген Қарақияқты тұрғыны Өскінбайұлы Таңбай деген таупиықты қария. Оның айтуынша, бұл күнде Қарағұлұлы Тәпеннен тараған ұрпақ жүз кісіден асқан.
Өзі қозышы болып жалданған баяғы Бозша байдың немересі, жүз жасаған Төлеп­тің Әлшені кеңес кезінде Еңбек Ері атанған Шомпай, Дүйсенбі, Өтесін, Нұрбай, Құрманша, Ақсай, Көшербай, Асқан, Тоқымбай сияқты атақты ­шопандар Тәпен­нің үлгісімен еңбек еткен жандар. Оның жанқиярлық еңбек жолы «өз бақытының ұстасы болам» деушілерге үлгі бола бермек.
Келмеске кеткен кеңестік тәртіп қадірін білмей, еңбегін еш, тұзын сор қылған бүтіндей бір өңірдің Шопан Атасына айналған Қарағұлұлы Тәпеннің қарыз арманын тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарына жеткізсем деген тілекпен осы хикаятты аяқтадым.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.