Көрнекті үгіт көкейге ой салса

Қызылордада жергілікті атқарушы билік ауысқаннан бері қаланың былтыр ғана жөнделген орталық көшелерін бұзып тастап, қайта асфальттап (Желтоқсан, Абай, Жақаев көшелері), сол көшелерге жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін орнатылған темір шарбақтарды жаппай жинап алып, көктемде істеуге тиісті гүл егуді маусым айында жүрдім-бардым жасап (Жақаев көшесіндегі гүлзарлар), жұртшылықтың салықтан жиналған қаржысын ретсіздеу жұмсап жатқан кейбір әрекеттері көңілімізге қонбағанмен, қаламыздың бұрынғыдан гөрі тазарып, жарықтанып, абаттанып келе жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Бұл — өмір заңы, тіршілік бар жерде алға жылжу болады. Менікі тек, «айтпаса сөздің атасы өледі» деген ғой, көпшіліктің көкейінде жүрген түйткілді айтып қалайық деген ой.

Біздің негізгі айтарымыз кө­шедегі көрнекі үгіт жайы. Әрине, көрнекі үгіт қалаға көрік бере қоймайды, ол әдемілік те, әсемдік те емес. Мәселе оның мағынасында, адамға ой тастайтынында, керек десеңіз тәрбиелік мәнінде.
Облыстық «Қазақ тілі» қоғамы ана тілімізді насихаттауда көпшілік арасындағы екеуара әңгімеден бастап, бұқаралық ақпарат құралдарының пәрменділігін пайдалана отырып, нәтиже береді деген заң аясындағы әдістердің бәрін қолданып келеді. Өткен жылы тілді, ұлтжандылықты насихаттайтын, керек жерінде адамның намысына қозғау салып, ар-ұятын оятатын билбордтар мен плакаттар шығарып, оны көрнекі жерлерге ілуі мен таратуы, рейдтер жүргізіп, теледидардан дөңгелек үстелдер өткізуі көпшілікке аз да болса ой тастаған болу керек деп ойлаймыз.
Осы игілікті істі жалғастыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен жақында Қызылорда қаласының көшелеріне 16 билборд ілінді. Жоғарыда айтқанымыздай, мақсат көпшілікке ой салу. Мысалы, Желтоқсан көшесінің бойындағы облыстық әкімдік пен мәслихат орналасқан ғимарат жанына «ТАЗА ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ – МӘДЕНИЕТТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ» деген жазуы бар билборд орнатылды. Бұл соңғы кезде облыс әкімдігіндегі мемлекеттік қызметкерлердің көбі орысша араластырып сөйлеуді әдетке айналдыра бастағанына байланысты әдейі ілінгендей. Сол сияқты М.Шоқай көшесінде орналасқан: «ҚАЗАҚ ПЕН ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗАРА ӨЗГЕ ТІЛДЕ СӨЙЛЕСУІ – НАМЫССЫЗДЫҚТЫҢ КӨРІНІСІ», «АЙНАЛАЙЫН БАЛАМ! АНА ТІЛІҢДІ КЕМСІТКЕНІҢ – КЕРІ КЕТКЕНІҢ, ТӨРГЕ ШЫҒАРСАҢ МҰРАТЫҢА ЖЕТКЕНІҢ!» деген жазулар қала әкімдігіндегілерге құлаққағыс жасау ма дейсің. Өйткені осы ғимараттардағылар тәуелсіз мемлекетімізді, оның мемлекеттік тілі қазақ тілін төрге шығаруға тиісті бірден-бір білікті де білімді мемлекет қызметкерлері. Солай бола тұра олар әлі де мемлекеттік тілдің құзыретін өз дәрежесіне көтеруді өздерінен бастап, өзгелерден талап етуді толық қолға алмай отырғанын істерінен, сөйлеген сөздерінен байқаймыз. Мүмкін солай араластырып сөйлейтіндерін өздері де байқамайтын шығар. Енді ойланар.
Осы идеяны Сәкен Сейфуллин айтып кеткен: «ӨЗГЕ ҰЛТ ТӘРБИЕСІН АЛ­ҒАН БАЛА ҰЛТ ҚЫЗМЕТКЕРІ БОЛА АЛМАЙДЫ» деген көрнекі үгіт әрі қарай да­мытып отырғандай. Бұл жердегі бір ерекшелік билбордтарды дайындауда суреттегі әдемі көрініске емес, сөзге, оның мағынасына қатты мән берілгендігі. Бірінде қатты айтылса, екіншісінде жайлап қана түсіндіреді, үшіншісінде жанама мағынаны да қолданады. «ХОРОШО», «ДАВАЙ», т.б. – ҚАЗАҚТЫҢ СӨЗІ ЕМЕС, ҚИМАЙТЫНДАЙ БАБАМЫЗДЫҢ КӨЗІ ЕМЕС» деген тіркестің өзі алғашында өзгешелеу кө­рінеді. Ал ойлана қарасақ, «хорошо», «давай» сияқты ондаған сөзді күнделікті өмірде көп қолданамыз. Сөйтіп, орыстың әр сөзін қыстырып айтқан сайын өз ана тілімізді кемсіте түсіп, ол тілдің өкілін бір ғасырға жуық марқайтып отыр­ға­нымызды сезбейміз. Өз тілін өзі өгей етіп отырған ұлтты өзге ұлт өкілдері неге сый­ласын, неге оның тілін үйренсін? Бұны оқығандар аузына абай болар деп ойлаймыз.
«Қазақ тілі» қоғамының дайындаған билбордтардағы жазулары жалпылама сөздер емес, ол күнделікті өміріміздегі заңсыз, келеңсіз көріністерді айыптайды. Мысалы, Қызылорда қаласындағы түрлі меншіктегі мекеме, кәсіпорын, сондай-ақ дүкен, мейрамхана, қонақүй атаулары мен ондағы жарнамалар орыс не ағылшын тілдерінде жазылған. Соған орай:
«КӘСІПКЕР! ҚАЗАҚ ТІЛІ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ, МАҢДАЙШАҢА ТЕК СОЛ ТІЛДЕ ІЛ!», «КӘСІПКЕР! КӘСІБІҢДІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖАРНАМАЛА. ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ! деген билбордтар дайындаған. Осы жазулар он кәсіпкердің біреуіне ой салса, тіл жанашырлары үгітінің пәрменді болғаны.
Билбордтарды оқып отырсақ:
«ҚАЗАҚ ТІЛІ – БҰЛ «АРЫМ ҮШІН ЖАНЫМ САДАҒА» ДЕЙТІН АРЛЫ ХАЛЫҚТЫҢ ТІЛІ»;
«АНА ТІЛІМІЗДІ ШЕКАРАНЫ ҚОРҒАҒАНДАЙ ҚОРҒАЙЫҚ!»;
«ҚАЗАҚ ТІЛІ – ЕРТЕДЕ ЕРДІҢ ҚҰНЫН ЕКІ АУЫЗ СӨЗБЕН ШЕШКЕН БАБАЛАРДЫҢ ТІЛІ» деген үгітті білдірсе;
«АНА ТІЛІНЕН АЙРЫЛҒАН АДАМ ӨЗ ХАЛҚЫ ЖАСАҒАН МӘДЕНИ МҰРАНЫҢ БӘРІНЕН ҚҰРАЛАҚАН ҚАЛАДЫ» деген ескертуді;
«ТУҒАН ТІЛІНЕ ЖАНЫ АШЫМАҒАН АДАМ – ТЕКСІЗ» деген айыптауды да көреміз.
Реті келіп тұрғанда мына жайды да айта кету керек. Ясауи көшесінің бойындағы «ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІ ШЕБЕР, АЙТЫС – ТЕК ҚАЗАҚТА БАР ӨНЕР» деген «Қазақ тілі» қоғамының билбордына қарама-қарсы «Көп ұлттылық пен көп тілділік – елдің басты артықшылығы» деген жазуы бар билборд ілулі тұр екен. Осы жазудың бірінші бөлігінен біздің жалпақшешейлігіміз бен намыссыздығымыз көзге ұрып тұр. Біздіңше Қазақстан көп ұлтты ел емес, бұл жер мыңдаған жылдар бойы қоныстанған қазақ деген ұлттың ата-бабадан қалған жері және тек қана сол халықтың елі. Басқалардың бәрі диаспора, қарапайым тілмен айтқанда түрлі жағдайлармен осы жерге келіп, қоныстанып қалған басқа ұлт өкілдері. Оларды ешкім шеттетіп жатқан жоқ.
Ал сол билбордтың екінші бөлігіндегі көп тілділікке келсек, әрине, оған ұмтылған дұрыс. Бірақ өз ана тілімізді төбеге шығарып алмай тұрып, көп тілділікті жалаулатудың керегі бар ма? Қала әкімдігінің бүкіл қала көшелеріне бюджет есебінен ілген бір түйір билбор­дының мағынасы осындай болып тұр. Олардың ойынша қазақ тілінің төрт құбыласы түгел сияқты. Сондықтан: «ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ ШАЛА ҚАЗАҚТАРДА ЕМЕС, ТАЗА ҚАЗАҚТАРДА» деген жазу қазіргі биліктегілерге ой салар деп ілінген болар.
Сөз соңында айтарымыз, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының қала көшелеріндегі осы жолғы ілінген көрнекі үгіттердегі жазуларға тіл жанашырлары мән беріп әрі қолдау көрсетіп, үйлерінде, мекемелерде, басқа да басқосуларда насихаттай түссе нұр үстіне нұр. Өйткені осы билбордтар, плакаттар, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының биылдан бастап шығып жатқан «Тіл сақшысы» газеті қоғамның бастауыш ұйым мүшелерінен тірнектеп жиналған жарнапұл есебінен жасалынып, шығарылып және солардың көкейінде жүрген ойларын білдіру мақсатындағы дүниелер. Ана тілімізді бірлесе төрге шығарайық, ағайын!

Жалғасбек Аманов,
журналист
Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.