Қайсар ғұмыр, ғажап талант (атақты актер Кененбай Қожабеков туралы)

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры

Халықтың ардақты өнер иесі, ел мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосқан халық артисі, дарынды өнер шебері Кененбай Қожабековтың бақилық болғанына табаны күректей 25 жыл өтіпті. Қожабековтың шығармашылық жетістігі мен актерлік өнері бүгінгі ұрпаққа өзінің қайталанбас көркемдік ерекшеліктерімен қымбат.
Қазақ өнерінің небір тума таланттарын дүниеге әкелген қасиетті топырақта өмірге келіп, өзінің театр сахнасы мен кино өнеріндегі қайталанбас бейнелерімен ел жадында мәңгі сақталған сом тұлға – Кененбай Қожабеков.
Тағдырдың тауқыметін тартып, сұрапыл соғыс жылдарына балалық шағын сыйлағаны аздай, ананың аялы алақанынан ерте айырылған киелі өнердің шебері бұл салаға кездейсоқ келіпті. Өзінің естеліктеріне жүгінсек, бір күні жолдастарымен көшеде келе жатып актерлік мектепке шақырған хабарландыруды оқығандығы, сөйтіп, бақ сынауды ұйғарғандығы айтылады.

Жастықтың осындай жалынымен ­Кененбай Қожабеков шығармашылық жолын театрдан бастап кетеді. Сөйтіп, өнегелі істерімен ел жадында қалған Ғани Мұратбаевтың, ағартушы ­Ыбырай Алтынсариннің сахналық тұлғасын сомдап, өзіндік болмысымен, актерлік шеберлігімен танылады. Кененбай сахналық қойылымдармен қатар, көптеген фильмдерде ойнап, кейіпкерлерінің жан дүниесін ашуда өзгеше даярлықпен келіп, өзіндік өрнегін дәл беруге тырысқан. Кинодағы ең алғашқы рөлі – «Аласталған Алитет» фильміндегі Аэден басталған. Осы фильмдегі қасқырмен алысқан азаматтың ерлігі мен «Біз Жетісуданбыз» фильміндегі жалынды жас Нартай болып, асудың үстіне екінші қабаттан секіріп мінетін қайтпас қайсарлығы көрерменнің көз алдында. Өнердің асқар шыңына құлашын енді ғана кең сермеп, биік белесіне қанат қаққан сәтте мұзбалақ актердің қанаты қайырылды. Балалар мен жасөспірімдер театрынан шығып келе жатқан кезінде Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин үшеуіне көше басбұзарлары шабуыл жасап, жұлынына әлденеше жерден пышақ салып, омыртқасын зақымдайды. Осы бір қарғыс атқан 1960 жылдың 10 қаңтарын актердің өзі «құлап түскен күнім» деген екен. Сөйтіп, талантты актердің өмірлік арман-мұратына балта шабылды. «Арбамен сахнаға шыға алмайды» деп театр сахнасынан шеттетілген кезінде жанашыр азаматтар өнердің бір өрмегі сетінегенін сезіп ерекше қынжылған еді. Сөйтіп, абзал достары Сұлтан Қожықов пен Нұрғиса Тілендиев бар күш-қажырын салып, талай есіктерге кіріп жүріп, ақыры киностудияға жұмысқа орналасуына көмектеседі. Кино өнеріне аяқ басқан актер тағдырдың басқа салған тәлкегіне қайыспай қарсы тұрып, өзін қайраттандырады. «Күндердің күнінде жүре алмай қаламын» деген үрей жанын жегідей жесе де, ол ешқашан өзін мүгедек санап, мойымайды. «Егер біз бәріміз» фильмінде суға ағып бара жатқан шопан мен қызын құтқаруда режиссер қанша үгіттесе де, дублердің көмегіне сүйенбей, Сырдарияның қара күздегі мұздай суына өзі түседі. Француз актері Жан Поль ­Бельмандо, қытай актері Джеки Чан сондай қауіпті эпизодтарды өздері жасайды ғой. Кененбай да ержүрек, қайсар, намысты азамат еді. Аяғы сырқат, жаны жаралы актер намысын қамшылап, осындай ерлікке барады. Соның салдары болуы керек, бір жылдан соң балдақпен жүруден қалып, біржола мүгедектер арбасына таңылады. Ойламаған жерден өмірінің астаң-кестеңі шыққан актер ағамызды жан досы Сұлтан Қожықов: «Сен қалайша басқа өмір бастап кетпексің, сен үшін әлі де басты мәселе өнер болуға тиісті, әйтпесе өмір сүріп не керек?» деп сөзбен серпілтіп, тағдырына қарсы тұруына ерекше дем береді.
«Киноға да көп түсті. Уайым-қайғысы ішінде ғой, оны анаған мұңдап, мынаған мұңдап көп айтпайтын. Үнемі күліп, әзілдеп жүретін сыпайы адам еді. Сонша жыл жанында жүріп «мен мүгедек едім» дегенін естіген емеспін» дейді режиссер Қадыр Қосай Кенағаң туралы. Өмірге құштар, қайсар жан ең алдымен адам бойындағы тазалықты бағалайтын. Жүрегінде жылылығы мен иманы бар азаматтар ол кісінің жанынан табыла білді, жанашырлық танытты, шынайы достықтың үлгісін көрсетіп, талантына бас иді. Көзкөрген адамдар Кененбай Қожабековті «Мүгедек болғанына қарамастан, дені сау адамдармен тең қимылдаушы еді. Тұлпардың тізгінін ұстап атқа отырып, ол өзгелерге үлгі-өнеге көрсетті» дейді. Бұл орайда ­Кененбай Қожабеков – он екі мүшесі сау адам жасамайтын іс-әрекеттерге барып, мүгедектігі өнерге кедергі келтіре алмайтындығын ісімен дәлелдеген табиғи талант иесі. Ол шыншыл, ашық-жарқын адам болған.
Кененбай Қожабеков ұлттық театр сахнасы мен кино әлемінде өшпес із қалдырып, кейіпкерлерінің жан дүниесін ашуда психологиялық тереңдікке, образдылыққа жетті, типтік жинақтау үлгісін көрсетті. Өнер саңлағының саф алтындай шеберлігін, шарықтап асқақтаған табиғи талантын, өмірін насихаттау – болашақ ұрпақ еншісінде. ­Кененбай аға Асқар Тоқпанов айт­қан­­дай, «аяғымен емес, жүрегімен жыл­жыған» нағыз тағдырды жеңген тарлан. Тума талантының есі­мін аялай білсе, елдің де мерейі биік­тей берері сөзсіз. Оның өмірі – күрес, намыс үшін арпалыс.
Кененбай Молданұлы 1928 жылы 3 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданының Ақсеңгір ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық артисі. 1950 жылы Алматы театр училищесін бітірген. 1950-1961 жылдары республикалық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етті. Сол театрдың сахнасында ойнаған басты рөлдері: Алдар, Ғани (Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесі» мен «Біздің Ғаниында»), Доброходов (М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсаринде»), Шагабудинов (Д.А.Фурмановтың «Бүліншілігінде»). Кинодағы алғашқы жұмысы – «Аласталған Алитет» фильміндегі (1950) Аэнің рөлі. Ол сонымен қатар «­Жамбыл» (1952, Нәдір), «Шабандоз қыз» (1955, Айдар), «Бұл шұғылада болған еді» (1955, Бақытжан), «Мазасыз көктем» (1956, Атабаев), «Менің атым Қожа» (1963 Әмірқұл), «Қыз Жібек» (1970, Сырлыбай), «Қан мен тер» (1978, Алдаберген), «Жаушы» (1970, Манай), «Қасқырдың апаны» (1984, Бабахан), тағы басқа фильм­дерде ойнап, кейіпкерлерінің жан дүниесін ашуда психологиялық тереңдікке, образдылыққа жетті, типтік жинақтау үлгісін көрсетті. 1972 жылы Тбилиси қаласында өткен V Бүкілодақтық кинофестивальда «Қыз Жібек» фильміндегі Сырлыбай рөліне қазылар алқасының «Драма өнерін экранда дамытуға сіңірген еңбегі үшін» дип­ломы берілді. «Халықтар достығы» орденімен, медальдармен марапатталды.
Белгілі театртанушы, сыншы, профессор Әшірбек Сығай былай деп жазады: «Көзінің оты әлсіреген емес. Кененбай Қожабеков ағаны кино саласы арқылы таныдық. Ол кісінің киноларының бәрін кішкентайымыздан асқан құмарлықпен тамашаладық. «Шабандоз қыз» фильміндегі Айдарды ойнағаны менің жадымда жақсы сақталған. Айдарға еліктедік, Айдар болып атпен жүйіткіп, Айдар секілді ғашық болсақ дедік. Айдар сияқты мінезді, Айдар тәрізді тапқыр, ақылды болғымыз келді. Осының бәріне жетелеген – актердің қабілеті, таланты. «Қыз Жібек» фильмінде Сырлыбайды ойнады. Қандай кең, маңғаз, асықпай сөйлеп, байсалды шешетін, түйіліп отырып түйінін айтатын, қазақ сахарасының кемеңгер, данагөй ақсақалының бейнесін жасады. Ол кісінің актерлік көзқарастары, психологиялық сәттерде толқымай, не асып кетпей, не кем түспей, өмірдің өзіндей етіп дәл беруі кез келген жағдайдағы жан дүние құбылулары актер ретінде мені ылғи тәнті ететін. Қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық жастар театрының негізін қалаушылардың бірі болды. Сондағы басты кейіпкерлерді ойнады. Сондай талантты адамның өнерін қиып тастаған қатыгездерге не айтуға болады? Қоларбаға отырып қалғандағы театрға деген ынтықтығын қарасаңызшы! Екі-үш жігіт көтере-мөтере қай театрдан болса да қалмайтын.
Екі көзі жалт-жұлт етіп, қайратты шаштарын қарымды қолымен қайырып тастап, қоларбада болса да, жан-жағына жұтына қарап отырған күйінде мен талай кездестірдім және өзіміз арбасын көтерістік те. Шын мәніндегі өнер адамы еді. Халық ұлы еді. Халық перзенті еді. Өнері мен өмірі қаншама қиындықта, қапыда, қиналыста жүрсе де, езуінен күлкі кетпей, жарқ-жұрқ еткен көзінің оты әлсіремей, өмірден құлшынып өткен жан. Мұқағалидың жыр­ларын ақынды тірілткендей бір үн дірілдерімен, жан дірілдерімен, көркем поэзияны терең түсінуімен құныға оқитын. Домбыра шерткені қандай еді?! Өзі бір жайдары, жайбарақат, адамға іш тартып тұратын, кішіні кеудесінен итермейтін, үлкенді айналасынан алыс жібермейтін бір магнитизмі бар еді. Ол кісінің фильмдерін көрген сайын, ойнаған спектакльдеріне жазылған рецензияларды оқыған сайын қазақта Кененбай Қожабеков атты ақтаң­гер, алып актердің болғанын тәубелікпен еске түсіріп, ол кісіні ылғи да сағынып жүреміз. Ұрпақ ұмытпайды. Шын мәніндегі өнердің сәйгүлігі болатын». Мұндай сағынышты төгілтіп айтылған керемет пікірден артық не дерсің?!
«Кино Кенекеңнің өмірін айтарлықтай ұзартты» дейді режиссер Серік Жар­мұхамедов.
Кененбай Қожабеков – қазақ өнерін­дегі, қазақ театры мен киносындағы елеу­лі тұлғалардың бірі. Арбаға ерте таңылғанына қарамастан, бар өмірін кино өнеріне арнады. Образ сомдауда, бейне жасауда қазақ кино өнеріндегі Кенағаның еңбегі өлшеусіз. 1980 жылдардың екінші жартысында «Құлагердің» қайтадан қазақша варианты жасалды. Ағамыз 30 шақты фильмге түскен болса да, соның ішінде бастан-аяқ өзінің үнімен, өзінің даусымен дыбысталғаны – тек осы «Құлагер» фильмі екен.
Қазақтың танымал да талантты актерлерін саусақпен санайтын болсақ үлкен бестікке кіретіндердің бірі – Кененбай Қожабеков. Оның жан дүниесі үнемі киномен, өнермен бірге болды. Өнер ағамызды бір жағынан емдеді де.
Егер киноға түспей үйінде отырып қалса, баяғыда-ақ қартайып, өзін-өзі жоғалтқан болар еді. Киелі кино өнері ағамыздың өмірінің айтарлықтай ұзаруына себепкер болды. Кенағаңда артық сөз болмайтын. Үлкенге де, кішіге де «айналайын» дегеннен басқа пенделік қасиеттері жоқ нағыз өнер иесі еді.
Өмірге өр-жалын кеудесін тосып, өзіне өкпе мен мұңды өгей балаған Кененбай аға Мұқағали Мақатаев өлең­дерін көп оқып, көпшілігін жаттап алды.
Өміріме өзімнің таңданамын.
Қалмаймын деп қатардан
қамданамын.
Бүгінімді өткізсем қиындықпен,
Ертеңіме үмітпен алданамын! – деп ақынмен бірге толғанды, үміт етті.
Иә, ол ірілі-ұсақты отызға жуық фильмге түсті. Бірақ жан жүрегінде бірнеше түрлі ауру диагнозы бар, екі аяғынан бірдей айырылған «Қазақ Островскийі» атанған ­Кененбай аға мүгедектігіне мойымады. Берік шыдамдылық, табандылық қана жеңістің, жемістің кепілі. «Мен үшін әр күн – арпалыс. Мен тән азабыма қарамастан елімнің зор жеңістіктеріне қуанамын. Қиындықты жеңгеннен артық қуаныш жоқ» деді абзал азамат. Кенекең жайында баспасөз беттерінде әңгіме, очерк, мақалалар жарық көрді. Бәрінде де айтар ой, түйер түйін – біреу. Ол – адамгершіліктің асыл қасиеттерін өз бойына дарытып, табиғи дарқан талантын өз халқына аямай жұмсай білді, қазақ азаматының биік рухын басқаларға адал еңбегімен, өрелі өнерімен көрсете алғандығы, адам баласының осыншалық ерік-күшінің молдығын, егер төзімділік жасаса ажалмен де айқасып, жеңіп шыға алатынын дәлелдеп шығуы, ең негізгісі – оның өмірге қайта оралуы.
Кенағаң өмірі мен өнері кейінгі жас ұрпақтарды талантты болуға, ерлігі арқылы ерлік жасауға, кез келген қиын сәттерде адамдығыңды сақтап қалуға, жамандық атаулыға бармауға, болаттай берік болуға тәрбиелейді.
Сұлтан Қожықов, Нұрғиса Тілендиев, Абдолла Қарсақбаев, ­Кененбай аға – бәрі ажырамас дос еді. Кенекең Нұрғисаны қазақтың ең талантты композиторы деп ерекше құрметтейтін. Нұрғиса Тілендиев Кененбайға арналған сағынышына арнап жазған шығармасын оркестрге түсірді.
Туған халқының ақ көңіл азаматы бойындағы бар болмысын қолынан келсе жұдырықтай жүрегінің соңғы дүрсілін де өнер жолына бағыштауға бар ғұмырын арнаған аяулы аға – Кененбай Қожабеков тірі болғанда биыл 85 жасқа келер еді-ау…
Өнер жолы – қиын жол. Ауыр кездерде Кенен аға Н.Остров­ский­­дің «Құрыш қалай шынықты» кітабын рухани серік етті. Кенекең «Құрыш қалай шынықты» романын басына жастап жатады екен. Бір сөзінде «Павел Корчагин – менің рухани әкем» депті.
Халқымыздың ақ көңіл азаматы, тағдырмен тайталасқан тамаша талант иесі жас ұрпаққа мол ғибраты бар. Қыруар тәлімі бар қанша бейнелерді өмірге әкелді десеңізші. Ол кісінің қайсар рухты биік тұлғасы біздің есімізде мәңгі сақталады.
Кененбай ағаны мен бірнеше мәрте көрдім. Жамбыл ауылында Базарбек Мұсаев деген туысымыздың үйіне Абдолла Қарсақбаев екеуі жиі келетін. ­Абдолла аға Кенекеңді қоларбасынан көтеріп, мәпелеп, ерекше күтетін. «Бұл кісі әлемдік өнердің жұлдызы болатын еді» деп Кененбай аға туралы ықыластана әңгімелейтін.
Соңғы рет Кененбай ағаның 60 жасқа толуына арналған салтанатты жиында көрдім. Ұзынағашта өткен сол мерейтойында Кенекең жадырап отыра алмады, жабырқап, қабағындағы кірбің ашылмады. Жиі ауысып жататын ауданның жаңа келген басшысы да бұл мерейтойға жете мән бермеді.
Жақында маған Кененбайдың ұлы Ілияс келіп, әкесі жөнінде жинаған бүкіл құжаттарды берді. Ілияс Кененбай­ұлының өзі де өнер жолына түсіпті, қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында доцент, өнертану ғылымының кандидаты екен. «Әкеден пұл қалғанша, ұл қалсын» демекші, Ілияс Кененбайұлының дарынды актер, қайталанбас талант, намыстан жаралған қайран әкесі жайлы ізденіп жүргеніне керемет қуандым. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» деген рас қой. Ілияс екеуміз Кененбай Қожабековті мәңгі ел есінде, халық жүрегінде қалдыру жолында атқарылар қыруар шаруалар жайлы кеңінен ақылдастық.
Өзінің қоларбаға таңылып, аурушаң­дығын әсте білдірмей, намысқа жарылып, қажет кезінде тұлпарды ерттеп тік мініп, өнер өрінде ақтаңгер талант, біртуар дарынды екенін ғажап өмірімен дәлелдеп кеткен асыл аға Кененбай Қожабеков ғаламат өнері мен өмірі арқылы қазақ ұлтымен бірге жасай береді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.