Әдеби тіл және фольклор

Әдеби тіл мәселесі туралы сөз болғанда, тілші, әдебиетші, яғни филологтар арасында әрдайым екіұшты түсінік тудыратын бір мәселе – халық ауыз әдебиетінің әдеби тілге қатысы. Бұрынғы зерттеулердің қай-қайсысы да ауыз әдебиетінің тілі «әдеби емес» деп кесіп айтпаған. Дегенмен, оны «әдеби қалыпқа түскен, өзіндік заңдылығы бар» деп мойындай қою да дәлелді қажет етеді. Ал «әдеби тілдің ауызекі үлгісі бар» дегендердің өзінде бірауыздылық жоқ.

Олардың бір жағы фольклор нұсқалы әдебиеттің тіл көркемдігін де, өзіне тән суреттеу, сөз саптау тәсілдерінің болатынын да, ауыз әдебиетінің әр алуан туындылары бір-бірінен жанрлық айырым белгілері арқылы дараланып тұратындығын да, әр жанрда көзделетін идеялық мақсатқа сәйкес лексикалық аясы, көркемдегіш құралдары болатындығын да мойындайды. Бірақ халық ауыз әдебиеті – ауыздан-ауызға таралып, ұрпақтан-ұрпаққа жатталып жететін болғандықтан, оның тілін жетілдіру ережелерге сәйкес жүзеге аспайтыны себепті «әдеби тіл» деп айтуға да бола қоймайды.
Сол себепті профессор Т.Қор­дабаев былай деп тұжырым жасаған: «Сөз жоқ, ауыз әдебиетінің әдеби тілдің қалыптасуына тигізген әсері өлшеусіз. Оның әр саласының ғасырлар бойына қалыптасып шыңдалған, әбден тұрақталған сөз саптауы, нормасы, көркемдеу әдісі мен тәсілі болғандығы белгілі. Қазақ халқының өте ертеден келе жатқан көлемді, шебер де сырлы фольклоры халық тілінің ең асылдарын жинақтап, сақтап әдеби тілге әкеп қосқан. Ауыз әдебиеті арқылы жинақталып, сұрыпталған, стилистикалық жүйеге келтірілген тілдік байлықсыз әдеби тілдің туа алмайтындығы белгілі. Жазуы әріректен басталғанмен, халықтық тіл негізінде әдебиеті кеш дамыған қазақ топырағында сол әдебиеттің қызметін, кітаби тілмен жарыса өмір сүрген ауыз әдебиеті атқарады. Бірақ осыларға қарап ауыз әдебиеті үлгілері әдеби тілдің болғандығын білдірмейді, фольклор тілі әдеби тіл тарихы басталғанға дейінгі тіл, тарих алдындағы тіл дейтін лингвистикадағы қағидаға қайшы келмейміз бе?». Бұл орайда біздің тіліміздің басқа, өзімізбен туыстас жұрттармен салыстырғанда «таза» қалпымен бүгінгі күнге келіп жеткені түркітану әлеміне белгілі. Сонымен қатар ананың ақ сүтімен сүйегімізге сіңген, еліміздің елдігін жырлаған, биіміздің шешендігін, сан рулы ел болып өркен жайған жерін де жаттатқан сол халық әдебиеті емес пе деген ой туады.
«Фольклор» деген сөздің қазақшасы «халық әдебиеті» болса, «әдебиет» деген сөздің мәні «асыл сөз» дегенді білдіреді. Сонда «Әдеби тіл болу үшін жазу тілінің болуы шарт па, әлде жазу тілінсіз де әдеби тіл бола бере ме?!», «Ауыз әдебиетіне жататын туындылар әдеби тіл барлығының кепілі бола ала ма?» деген сауалдар туады. Бұл сұрақтарға әлем лингвис­тикасында және кеңестік кезеңдегі лингвистикада екі түрлі жауап бар.
Жоғарыда қойылған бірінші сұрауға әлем лингвистикасында болсын, кеңес лингвистикасында болсын екі түрлі жауап берілгені белгілі. Оның бірі – әдеби тіл болуы үшін жазу тілі, баспасөз болу қажет. Екінші топтағылар оны шарт деп санамайды, қандай формада көрінуіне (жазбаша ма, ауызша ма) қарамастан, тілдік материалды екшеп, іріктеп қолдану бар жерде әдеби тіл де бар деп санайды.
Ауыз әдебиеті әдеби тілге жата ма, жоқ па деген мәселеге қатысты 60-шы жылдардың басында академик Р.Сыздықованың айтқан пікірлері белгілі. «Әдеби тілдің болуы жазба әдебиетке байланысты ма, жоқ па?» деген сұрауға жауап беру үшін ғалым ең әуелі «әдеби тіл» деген ұғымның өзін айқындап алуды ұсынады. «Әдетте, көпшілігіміз әдеби тіл деген ұғымды осы күнгі кемелденген, стильдік дифференциациясы ажыраған, мәдени өмірдің алуан түрлеріне қызмет ететін ұлттық жазба әдеби тіліне телиміз де, басқа жайларды көп ескермейміз» дей келіп, ол өзінің ойтолғамын былайша түйіндейді: «Бұл мәселені объективті түрде шешу үшін әр халықтың ауыз әдебиетінің сол қоғам өмірінде атқаратын әлеуметтік, мәдени рөліне жеке-жеке қарау керек. Жазуы болмаған қазақ сияқты халықта сөйлеу мәдениетінің ғасырлар бойғы тұрақтала түскен нормалары мен тілдік көркемдеу әдістері осы ауыз әдебиетінен орын алып, әрі қарай дами бергенін және ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғанын ескерсек, біздіңше, ауыз әдебиеті үлгілерінің ең құндылары және ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы тарихи қазақ әдебиеті өкілдерінің тілдері жазба әдеби тілдің аралығындағы көпір, яғни ауыз әдеби тілі деп түсінеміз».
Фольклор өзінің түр мен мазмұнға, жанр мен стильге тән белгілерін мейлінше берік сақтап әкелді. Демек, қазақ ауыз әдебиеті де өз кезінде үлкен қоғамдық қызмет атқарды. Ол- биліктің, шешендіктің, шежіренің, елші мен жаушының тілі болды, айтысты, ақындықты дамытты, жер-судың, ел-жұрттың, ем-домның, кәсіп пен өнердің аттарын сақтап берді. Ол біздің жазба әдеби тілімізге келіп ұласты.

Ақмарал ХАСАНОВА,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе
университетінің магистранты
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.