Ынта болса тіл үйрену қиын емес

Атырау облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті республикаға қарасты мемлекеттік мекемелердің ішіндегі ең алғашқылардың бірі болып 2002 жылы Атырау облысы әкімшілігінің бастамасымен мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелеріндегі ісқағаздарын қазақ тіліне кезең-кезеңімен көшіру бағдарламасына сай, өз ісқағаздарын, әртүрлі кеңестер мен мәдени-көпшілік іс шараларды қазақ тілінде өткізуді бастаған болатын.

Осылайша департаменттің кез келген құрылымдық бөлімшелері мен жеке құрамының қазақ тілін жетік меңгеруге деген талпыныс, талабының арқасында бүгінде мемлекеттік тілге деген құрмет арта түсуде.
Әрине, бастапқы кезеңдерде қиындықтардың болғаны жасырын емес. Бұған дейінгі барлық қатынас қағаздары мен құқықтық-нормативтік заңдар, бұйрықтар, әртүрлі бағыттағы нұсқау, ережелер, жоғарғы құзырлы органдарға берілетін айлық, тоқсандық, жылдық есептер мен анықтамаларды тек орыс тілінде дайындап, жазуға дағдыланған кеден қызметкерлері енді қарапайым қатынас хаттардан бастап барлық құжат айналымын қазақ тілінде дайындауға көшті. Бұл бағыттағы жұмыс, әсіресе орысша балабақшада тәрбиеленіп, орта мектеп пен жоғары оқу орындарын орыс тілінде бітіргендерге және өзге ұлт өкілдеріне ауырлау тигені рас.
Осы орайда Атырау облысы әкімшілігінің тілдерді дамыту департаментінің ұйымдастыруымен ашылған қазақ тілін үш сатылы оқыту мен үйрету курстарын орыс тілінде оқыған кеден қызметкерлері мен өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін қолға алып үйреніп шығуларына септігін тигізді. Бұған қоса қазақ мектептерін бітірген кейбір қызметкерлер де қазақ тіліндегі ұмыт болған ережелерді еске түсіріп, өз білімдерін жетілдіру мақсатында өз еріктерімен осы курстың соңғы сатысынан өтуге өтініш жасап, біліктіліктерін арттырып шықты.
Соның нәтижесінде қатынас хаттар мен әртүрлі анықтамаларды дайын­дау барысында қиындық көріп жүрген қызметкерлер тез арада қазақ тілінде кез келген құжаттарды қатесіз әрі сауатты дайындай алатын дәрежеге жетті. Әрі бұл бағыттағы қолға алған жұмыстың нәтижелі болуына барлық құрылымдық бөлімшелерге таратылып берілген көмекші құралдардың, әсіресе қазақ тіліндегі тілашарлар, кеден ісінің орысша-қазақша сөздік құралдары, орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздіктердің бірнеше томдары, экономикалық терминдердің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі, аудио және бейне жазбалар, т.б.келтіретін көмегі орасан зор.
Бүгінгі таңда департаментте қызмет жасайтын қызметкерлердің 80 пайызы қазақ тілін оқыту мен үйрету курстарының үш сатысын толық аяқтап, тиісті біліктілік сертификатына ие болды.
Департаментте өкізілетін жедел кеңес отырысынан бастап кез келген жиналыстар мен басқосулар, конференция, семинарлар, үйлестіру кеңесінің отырыстары, мәдени-көпшілік шаралар, тіпті шетелдік компаниялар өкілдерінің қатысуымен өткізілетін дөңгелек үстелдердің өзі де мемлекеттік тілде жүргізіледі. Басқармаға жұмысқа қабылдау да үміткердің мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде игергенін сарапқа салып, сынақтан өткізу арқылы жүзеге асады. Өйткені болашақ кеден қызметкері ешкімнің көмегінсіз өз бетімен кез келген құжатты қазақ тілінде дайындай алатын дәрежеде болуы тиіс.
Департаменттің жылдық жоспарына сай жыл сайын тіл мерекесін өткізу дағдыға айналған. Онда қазақ халқының ұмыт бола бастаған дәстүр салтының тәрбиелік мәнінен бастап, сол кезеңдердегі қолданыста болған көне сөздердің мән-мағынасын, балама сөздерін түсіндіруден бастап, ақын, жазушыларымыздың ана тіліміз туралы айтқан қанатты сөздері мен оны келер ұрпаққа жекізуге аманат еткен парыздары туралы, тіл туралы жазған өлең, жыр, дастандары ұдайы насихатталып отырылады.
Бүгінгі күні басқармадағы құжат айналымының қазақ тіліндегі үлес салмағы 100 пайызға жетті. Басқарма мекенжайына әртүрлі жоғары құзырлы органдардың кейбірінен орыс тілінде келіп түскен шұғыл құжаттардан басқасының бәрі дерлік мемлекеттік тілде қабылданады. Ал бізден дайындалатын шығыс құжаттары толықтай тек мемлекеттік тілде жолданады. Кейбір құжат иелерінің сұрауына орай қазақ тілімен қоса орыс тіліндегі мәтіні де әзірленеді. Атырау өлкесінде тіркеуде тұрған мемлекеттік мекемелерді айтпағанның өзінде барлық шетелдік, мемлекеттік емес отандық ірі компаниялар, кәсіпорындар, олардың бөлімшелерінің бәрі дерлік қатынас хаттарын мемлекеттік тілде жолдайды.

Д.НҰҒМАНОВ,
Атырау облысы бойынша
Кеден бақылау департаменті
мемлекеттік құпияларды қорғау
бөлімінің бас маманы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.