«Тіл ішіндегі тіл» немесе жастар жаргоны туралы

Соңғы кездері жаргон лексикасының қолданылуы артып келе жатқаны байқалады.
Жалпы, жаргон дегеніміз – өзіне ғана тән лексикасы және фразеологиясымен, сөз орамдарының экпрессивтілігімен және сөзжасамдық тәсілдердің ерекше қолданысымен жалпы ауызекі тілден ажыратылатын, алайда өзінің фонетикалық және грамматикалық жүйесі болмайтын тілдік құрылыс болып табылады. Жаргон лексикасының бір бөлігі тек бір ғана әлеуметтік топтың ғана емес, бірнеше топтың иелігіне де жатқызыла береді.

Жаргон лексикасының негізгі қызметі ерекше сөздер, тұлғалар мен сөз орамдарын қолдану арқылы белгілі бір автономды әлеуметтік топқа қатыстылығын көрсету болып табылады. Жаргон лексикасы әдеби тіл негізінде қайта ұғыну, метафоралану, қайта тұлғалық рәсімделу, дыбыстық қысқартулар және де кірме сөздер мен морфемалардың белсенді түрде игерілуі арқылы қалыптастырылады. Қазіргі тілде жаргон, әсіресе жастар тілінде (жастар сленгі) кеңінен қолданыс тапты.
Бұл салаға қатысты жоғарыда келтірілген терминдерден басқа «кәсіби жаргон» термині де қолданылады. Кәсіби жаргон дегеніміз – белгілі бір іс, жұмыс, кәсіппен, т.б. айналысатын адамдар тобы жиі қолданатын ұғымдар мен терминдердің (әдетте, жалпы қабылданған терминдер өте күрделі және ауызекі сөйлеу тілінде қолданысы қолайсыз болып келеді) қарапайым сөздер (қысқартылған немесе бейнелі) арқылы беру негізінде қалыптасқан тілдік бірліктер жиынтығы болып саналады.
Осы салаға арналған лингвистикалық әдебиеттерде жаргонның мынандай түрлері бо­латынын кездестіруге болады: әскери жар­гон; журналистік жаргон; компьютерлік сленг; ойын жаргоны; сауда (сетевой) жаргоны; жастар сленгі; қылмыстық жаргон және т.б.
Біздің ойымызша, жоғарыда келтірілген жаргон түрлерінің ішінде тілдік тұрғыдан ең қызықтысы әрі күрделісі жастар жаргоны немесе сленгі болып саналады. Себебі жастар тілінде қоғамдағы өзгерістер үдерісі айқын көрініс табады (цензураның, тыйым салынудың шектелуі, қылмыстық әлем тілі әсерінің күшеюі, ауызекі дайындықсыз тілдің қолданыс аясының кеңеюі және т.б.). Мысалы, қазіргі жастар көптеген арго­тизмдерді «өзінікі», яғни әдеттегі, жалпықолданыстық сөздер ретінде қабылдап, олардың кейбіреулерінің ұры-қарылар тілінен шыққанынан беймәлім болады.
Дегенмен, басқа бір қырынан қарағанда, жастар жаргоны жалпы қазіргі тіл үшін өте маңызды үрдістерді айқындап, олардың жан-жақты зерттелуінсіз қазіргі қазақ тілінің лингвистикалық сипаты толық бола алмайды. Бұл тілдік материалдың зерттелуі қызықты әрі аса қажетті, өйткені аталмыш «тіл ішіндегі тіл» тек ауызекі сөйлеуде ғана емес, сонымен бірге газет және журналдар беттерінде де жиі қолданыс табуда. Сондықтан да жастар сленгін зерттеуге тек тілшілер ғана емес, сонымен бірге социологтар, психологтар, педагогтар, жалпы қоғам жете қарастыруға мүдделі болуы тиіс деп санаймыз. Бұл да аталған тақырыптың өзектілігін айқындайтын тұстардың бірі болып табылады. Яғни жастар жаргоны тілдік әрі қоғамдық құбылыс ретінде қарастырылуы қажет.
Қазіргі таңда жаргон сөздерін оларды қолдануға болмайтын жерлерде де естуге болады. Әсіресе соңғы кездері олар бұқаралық ақпарат құралдарында, теледидар бағдарламаларында да кездесіп отырады. Мәселен, белгілі «Алдараспан» әзіл-сықақ бағдарламасының жүргізушісі орындайтын әйгілі «Ойпырмай, сол қызды-ай!» атты әнінің кіріспесінде былай деп айтылады: «О, қарындас! Фигураңыз ат екен!» (қыздарға сұлу, сымбатты мағынасында айтылады). Яғни жастар сленгінің кеңінен таралуы, ең алдымен БАҚ арқылы жүзеге асырылады. Соны­мен, жаргонның бірнеше түрлерінің ішін­де ең кең тарағаны жастардың жаргоны (мектеп оқушылары, студенттер) болып саналады. Олардың ішінде орыс тілінің және орыс тілі арқылы енген кірме құрылымдары жиі кездеседі. Жастар жаргоны лексикасы мен фразео­логиясының ерекшелігі тілдің үнемдеу заңды­лығына қарай бейімділігінде емес, оның жаңашылдығы мен әдеттегіден тыс болуымен сипатталады.

Ә.ТУМАБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
«Қазақ филологиясы» мамандығының
магистранты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Жансая

    Керемет менде фил факта окимын Казгуда колдандым срс жазганда улкен рааахмееет

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.