Шыңғыстау баурайында

Сулейман Демирель атындағы университеттің Қазақ филологиясы мамандығында оқитын бір топ студент «Ұлы тұлға дүниеге келген жер» атты шығармашылық саяхатқа – Абай ауылы Жидебайға барып қайтты.
Саяхат оқу жылының басынан бері ұйымдастырылып, студенттер бұған үлкен дайындықпен келді: «Абай жолы» эпопеясының 4 кітабын қайталап оқып, бұдан жазбаша тест тапсырды (ақпан айында). Жоғары балл алған студенттер ғана келесі – ауызша турға өтті.
Ауызша турға Абай өлеңдері мен поэмаларын, қара сөздері мен әндерін кім көп жатқа айтады деген талап қойылды. Екі турдан жоғары балл жинаған студенттер ғана Сулейман Демирель атындағы университет ректорлығының қаржылай көмегіне ие болды, яғни 10 студент пен 2 жетекшінің жол шығынын университет көтерді.
Сапардың негізгі мақсаты – университеттің шығармашыл студенттеріне ұлы ақын туған, өмір сүрген күзеуі мен қыстауын, шабытын оятқан көктемгі дала көріністерін, тұтынған заттарын, өз қолымен ұстаған кітаптарын көрсету, ақын заманына бір барып қайтқандай әсер алдыру болды.
Студенттер Семей – Жидебай сапарындағы бірінші күнді Шәкәрім атындағы университеттің студенттерімен кездесуден бастады. Онда Абайға арнап әдеби-музыкалық композиция қойды. Екі университет студенттері өз өлеңдерімен жарысты.
Семейліктердің айтуы бойынша жоғары оқу орындарының ішінде университет қаржыландарып, шығармашылық саяхатқа жіберіп отырған алғашқы студенттер тобы – біздің СДУ болыпты. «Балам дейтін елі болмаса елім дейтін бала қайдан болсын», әрине. Мейірім көрген, жақсылық көрген бала өзі де мейірімді болып өседі — Сулейман Демирель атындағы университеттің басты девизі осы.
Саяхаттан келгеннен кейін де біздің турларымыз жалғасты: Жидебай сапарынан алған әсер, әрине, шығармашыл балалардың көңіл күйінде ғана қалып қоймады. Төменде сол студенттердің бірінің шығармашылығынан үзінділер беріліп отыр.

Құралай Күдеринова,
Сулейман Демирель атындағы
университеттің доценті, филология ғылымдарының докторы

Қарсы ал бізді, қыран дала!
Жол үстіндеміз. Шағын автобус жалдап Семейден біршама қашық жатқан Абай еліне – атақты Жидебайға кетіп барамыз. Арамызда жол көрсетіп келе жатқан Айнұр есімді студент қыз. Бар тізгін соның қолында. Ата-тегі Шәкәрім әулетінен тараған осы өңірдің тумасы екен.
Шыңғыстың топырағына бір табан жақындаған сайын, жүргізуші жылдамдықты үдеткен сайын біз де ынтыға түсеміз. Шалғайдан келеміз. Кеудемізде қыз-қыз қайнаған ыстық жалын мен әулиелеріңе арналған аят-дұғамыз бар. Қарсы ал бізді, қыран дала! Қыранның қанатындай керілген кермиық дала.

Күшікбай бұлағы
Күшікбай батыр туралы қазақтың көп баласы білуі тиіс. Әуезовтың «Қорғансыздың күні» атты әңгімесін оқыған адам оны білмеуі мүмкін емес. Қаладан шыққан бетте алдымен жазық далаға кезіккен едік. Енді ол да артта қалып, адырлар мен өркеш-өркеш төбелердің арасына еніп барамыз. Сол қалың шоқыға кіреберісте қос қақпа іспетті қос жотаның ортасын тіліп өткен тас жолдың бойында манағы Күшікбай батырдың бұлағы бар екен. Суының дәмі тіл үйіреді. Одан шөлімізді бір қандырып алып, жолдың арғы бетіндегі төбеде орналасқан батырдың зиратына зиярат еттік. Жарықтық, ауылын жаудан қорғаймын деп арқадағы жарасына қарамай, осы төбеде қасқайып тұрып жан тапсырған деседі ғой. Оның басына орнатылған төбесі найза сияқты сүйірленіп келетін алып мүсін сол қайсар батырдың кейпін елестетеді.
Елде батырлардың көп болғаны жақсы ғой.

Мұхтардың мұражайы
Келесі аялдамамыз – Мұхтар Әуезовтың туған жері Бөрілідегі өзі тұрған үйі, бүгіндегі Мұхтар мұражайы болды. Үй алғашқы тұрғызылған қалпында емес, қайта жөндеуден өткені анық. Әйтеуір сақталғанына шүкір. Көзбен көріп, ауасымен тыныстап, көкірекпен сезіндік. Ұлы жазушының бар мұрасы Алматыдағы мұражайында ғана қалдырылған ба десек, бұл үй де құнды дүниелерге толып тұр. Мұнда тек М.Әуезов жайлы ғана емес, жалпы сол дәуір тұрмысынан, сол әулеттің өмірінен мағлұмат алуға болады. Тұрмыстық заттар, үй жабдықтары, жазушының кітаптары мен қолжазбалары, ескі фотолары, тіпті Мұхаңның қара костюміне дейін ілулі тұр. Ерекше есте қалғаны ет сақтайтын шошаласы болды. Мұндай тоңазытқыш бөлмені кейін Абай үйінде де көріп таңқалыстық. Қазақ ет қамын қамдаудың не түрлі шебер үлгісін білген ғой. Арнайы бір бөлмені жаздың апатабында ешбір сыртқы энергиясыз-ақ сап-салқын етіп сақтаған. Бұл да бір халық тұрмысының шебер көрінісі.
Бұл жерде біз үшін ең әсерлі болған бұлар емес. Біз үшін ең маңыздысы – Мұхтар тыныстаған ауамен тыныстап, Мұхтар көз тіккен көкжиекке көз тігу еді. Мұражай ауласының сыртындағы шағын төбешікте адам бойынан сәл биіктеу бір құлпытас тұр. Арнайы қырын шығарып қашалмаған, табиғи күйін сақтаған шомбал таста перзент Мұхтардың туған өлкесіне арнаған сөзі қашалып жазылған.
«Мұңлы Қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі».

Жер кіндігі – Жидебай
«Еуразия кеңістігінің кіндігі». Дәл осы жазу Жидебайдағы Абай үйінің маңындағы ашық алаңқайға орнатылған пирамида пішіндес құлпытастың төрт қабырғасында төрт тілде жазылып тұрды. Граниттен жасалған шағын мүсіннің биіктігі белуардан аспайды. Бірақ оның орналасқан орны мен сырлы символикасы қоңыр тастың қадірі мен маңызын мың есе арттырып тұр. Еуразия материгінің орталығы Семейде деп естуіміз бар еді. Ал осынау алып құрлықтың кіндігі дәл осы Жидебайдағы Абай үйінің маңында екенін біреу білсе, біреу білмес. Жер кіндігі – Жидебай. Біз Еуразияның қақ төсінде тұрмыз. Біз Абайдың үйіндеміз.
Жалпы бұл сапар жайлы төрт-бес ай бұрын естіген болатынбыз. Содан бері көруге асыға күткен қасиетті мекенге артынып-тартынып жеттік, міне. Құнанбай қажы салдырған киелі қара шаңырақтың қақпасын ашқалы тұрмыз. Епті жігіттің қолындағы қап-қара фотоаппарат пен темір есіктің аузындағы қара құлып екеуі бір мезгілде шарқ-шұрқ етті. Есік ыңырана ашылып аула ішіне кірдік. Жан-жағымызға таңдана қараймыз. Гүл отырғызылып, тас төселген, күтімі жақсы аула. Балшықтан салынған көп бөлмелі там үй. Сол жақ қанатындағы ағаш бас­тырмада бір пәуеске, бір жұмысшы арбасы тұр. Заманында Семей мен Жидебайдың арасында талай шапқылап, қаладағы кітапханадан талай-талай томдарды тасыған киелі пәуеске. Қыр қазағының бар жұмысын тындырған еңбекқор атарба. Абай мінуі мүмкін деген көліктен қалғаны осылар ғана.
Бізді қарсы алған жасы егделеу кісі бірнеше ескерту жасады да, үй есігін ашты. Ауыз үйге терезеден тікелей жарық түспегесін алакөлеңкеленіп тұр. Сол жақ қабырғаға бірімен-бірі тізбектелген Өскенбайдан Абай балаларына дейінгі шежіре өрілген. Әрі қарай өз ісін шебер меңгерген таныстырушының соңынан шұбырап, тірі тарихтың құшағына еніп кеттік.
Ас бөлме, сол замандағы жаңа үлгідегі пештер, күтушілердің құрал-жабдықтары, сыры кетпеген ыдыс-аяқтар. Одан әрі қонақ бөлмесі, жатын бөлме, Абайдың жұмыс бөлмесі, Ділдә мен Әйгерімнің, Еркежанның отаулары, т.т. бір-бірімен жалғасқан әрқайсысы жеке бір тарих болатын жәдігер толы бөлмелер. Жүкаяқтар, сандықтар, тіпті ару біткенді көз тойдырмай өзіне қаратқан сол заманның айнасы. Пәкизаттың құндыз бөркі мен Еркежанның орамалы да бар. Әсіресе баршамыздың көзімізді алақандай қылған ұлы ақынның қаптама тісі болды. Абайдың өзі ауылға келген шеркес ұсталарына арнайы жасатқан Әйгерімнің күміс ертоқымы, саят құралдары, басқа да тұрмыстық мұралар тұнып тұр. Абай оқыған кітаптар жиылған шкаф бар екен. Әттең бетін ашып, анықтап көруге болмайды. Құнды жәдігерлердің тозып кетпеуі үшін қол тигізбей сақталуы да дұрыс-ақ. Сол бөлмеде ақынның жазу үстелі мен терімен қапталған ағаш орындығы да тұр. Қиялдың қанатымен көктеп өтіп, кеуденің теңіздей тасыған толқуларын қара сиямен қағаз бетіне кестелеген қаншама ұзақ түндерін өткізіп, қаншама толғамалы ақ таңдарды осы үстел үстінде қарсы алды екен. Бір бөлмеден бір бөлмеге тамсана, таңдана еніп, құмарымыз қанбай шарлап жүрміз.

Қос мұнармен қауышу
Абай үйінен шыққан соң, қос әулиенің зиратына тарттық. Қыстаудан бір шақырымдай жерде орналасқан бұл бейіт бүгінде символикалық кешенге айналған. Оған барар жолда қос алыпты туған қос ананың қабіріне тоқтап, құран бағыштадық. Зере әжеміз бен Ұлжан анамыздың қасында Шәкәрімнің әкесі Құдайберді жатыр. Әуелде саз балшықтан соғылған қоршаудың бір жақ қабырғасы ғана аман қалыпты. Қалған бөлігі кейініректе ақ кірпішпен қаланып, қайта тұрғызылған екен. Одан беріректе Құнанбай мен Тобықтының талай баласына әліпті үйреткен атақты Ғабитхан молда мен Оспанның малшысы болған Шәукенбай деген кісінің қабірі тұр. Екеуінің де басына тас қойылыпты. Қасиетті Құранның қасиетті аяттары оқылғанда мазардың тастары да бізбен бірге күңіренгендей болды. Ендігі бет алысымыз – Абай мен Шәкәрім.
Алып кеме. Телегей теңіз жазирада жүзіп келе жатқан алып кеме. Ерекше құрылысты бұл кешен қос данышпанның күллі қасиет-киесін, сол өңірдің рухани аясын бойына сіңіріп барып туған ұшқыр қиял мен терең тебіреністің жемісі екені көрініп тұр. Сәулетші Бек Ибраһимнің бұл еңбегі ұлт әлеуетінің тағы бір биігі. Екі қабірге екі алып мұнаралы аппақ кесене орнатылған. Оның өзі биіктігі алты метр, ұзындығы екі жүз қадам болатын алып тақтаның үстінде орналасқан. Аралығы жүз елу қадам қос мұнар бір-біріне сәлем бере асқақтап тұрғандай. Абайдың қасында інісі Оспан, Шәкәрімнің қасында ұлы Ахаттың денесі қойылыпты. Екі күмбездің ортасында төбесі ашық шағын амфи зал бар. Жыл сайын болатын «Абай оқуларының» ақтық сайысы осы кешенде өткізіліп тұрады екен.
Бір арман орындалды. Қазақтың бас ақыны ғұмыр кешкен киелі мекеннің рухын сезініп, топырағын сүйдік. Самалымен сырласып, аспанымен тілдестік. Аруағына Құран бағыштап, дұға оқыдық. Иншалла, ақіретте Алла олардың жүздерін жарық еткей.
Темірлан Жорабай,
қазақ филологиясы мамандығының
ІІ курс студенті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Раушан

    Жақсы сапар болған екен. Ұлы мекенді көру,бару деген әр қазақтың паразы деп ойлаймын. Тек махаббат символы болган «Еңілі-Кебек» пен Құнанбай қажының мәңгі мекені Ақшоқыға барып,құран бағышталса,Құнанбай қажының осы ауылында бұлақтай құдығынан су ішкенде тіпті керемет болар еді.

  2. Раушан

    Жақсы сапар болған екен. Ұлы мекенді көру,бару деген әр қазақтың паразы деп ойлаймын. Тек махаббат символы болган «Еңілік-Кебек» пен Құнанбай қажының мәңгі мекені Ақшоқыға барып,құран бағышталса,Құнанбай қажының осы ауылында бұлақтай құдығынан су ішкенде тіпті керемет болар еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.