Қамқорлықтан қағажу қалмаса жетімдердің де жетіліп кетері анық

Газетіміздің биылғы жылғы №11, 14-20 наурыз күнгі санында «Жетімін жаутаңдатбаған ел едік…» деген тақырыппен жетім балаларды шетелдіктерге асырауға беру мәселесі және оның зардабы туралы мақала жариялаған едік. Бүгінгі таңда елімізде 40 мыңға жуық бала жетім деп танылса, олардың 10 мыңға жуығы шетелдіктерге берілгені жөнінде статистикалық дерек бар. Әрине, шетелде тәрбиеленіп өскен баланың қазақ болуы былай тұрсын Қазақстанның азаматы болуы да неғайбыл екенін осы мақалада жан-жақты дәлелдеуге тырысқан едік. Ал шет елге жөнелтілмей елімізде бағылып, өсіріліп жатқан жетімдердің жағдайы қандай? Статистикалық деректерге жүгінсек 40 мыңдай жетім балалардың 11 мыңға жуығы интернаттық мекемелердегі 196 ұйымда, нақты айтқанда денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау мекемелерінде тәрбиелеуге алынған. Ал кейбір деректерге қарағанда 2 мың жетім бала патронаттық тәрбиеде екен. Ал қалғаны қайда? Бұл жөнінде деректер жоқ. Демек 40 мыңға жуық баланың басым көпшілігі көрінгеннің босағасын сығалып күн көріп жүр деуге болады. Сондай-ақ түрлі діни ұйымдар ашқан мекемелерде де жетім балалар бағылып тәрбиеленіп жатыр. Олар қандай тәлім-тәрбие алады? Болашақта қандай азамат болады? Бұл мәселе де ешкімді ойландырмайтынға ұқсайды. Осындай деректерге ой жүгіртсек елімізде жетім балалар қамқорлықтан тыс қалғанын ұғыну қиын емес. 

Осындай бей-берекетсіздікті пайдаланған кейбір ұйымдар жалпы балалар үйін жауып, жетімдерді түгелдей қанғытып жіберу жөнінде мәселе қозғай бастағаны да жасырын емес. Мәселен, биыл ақпан айының соңғы күндері Астанада «Балалар отбасында болуы тиіс» деген ұранмен арнайы форум өткізілді. Бұл форумға Ресейдегі жетім балаларды шетелдіктерге асырауға берумен шұғылданатын ұйымдар басшылары, патронаттық тәрбиеге алушылар белсене қатысып жетім балалар үйін жауып, балаларды жаппай асырауға беру жөнінде ақыл-кеңес айтумен болды. Сөйтіп Қазақстандағы мұндай ұсынысты қолдаушылар «Жетім балалар үйлері болуы – Қазақстан үшін ұят, елдің беделіне нұқсан келтіреді» деп ұрандатып, ақпарат құралдарында үгіт-насихат таратумен әуестеніп алғаны қазір айқын байқалуда. Сондағы сылтауы: «Балалар үйінде жетімдер дұрыс тәрбие алмайды. Олардың бәрі дерлік қоғамға зиянды болып өседі». Мұны статистикалық мәлімет жинаушылар да қуаттай түседі. Олардың деректеріне қарағанда жетім балалардың есейген кезінде тек 10 пайызы ғана ел қатарлы азамат болып шығады, 70 пайызы қылмыстық жолға түседі, ал қыздардың 60 пайызы жезөкшелікпен шұғылданады. Бұл жөнінде өзімізді қосқанда «Дала мен қала», «Алаш айнасы», «Түркістан», «Айқын» секілді қазақ газеттері қынжыла жазумен үн көтеріп-ақ келеді. Алайда қазақ басылымдарының үнін ешкім естімейтін секілді.
Жетім балаларға қамқорлық мәселесі қозғалған кезде оларды тәрбиелеуге жұмсалған шығын есептеліп, интернат ашу қымбатқа түсетіні дәлелденеді. Демек, жетім балаларға қамқорлық жасау мәселесі қаржыға тіреледі деуге болады. Мәселен, «Дала мен қала» газетінің биылғы 25 ақпандағы санында Бас прокуратураның мынандай дерегі келтіріліпті: Баланы қамқорлыққа алушыларға үкімет әр балаға 17 мың теңге, патронат тәрбиелеушілерге 27 мың теңге, ал интернаттың бір тәрбиленушісіне 70 мың теңге қаржы шығындалады екен. Сөйтіп, небәрі 11 мың баланы интернатта тәрбиелеу үшін үкімет жылына 8133 млн. теңге жұмсайды екен. Демек, мұның өзі мемлекет үшін аса қомақты қаржы деп дәлелдейтіндер де бар. Бұл Қазақстан үшін көп пе, аз ба? Статистикалық деректерге қарағанда елімізде жыл сайын бюджет қаржысының 70-80 млрд. теңгесі игерілмей қалып жатады екен. Мәселен, 2012 жылы 72,6 млрд. теңге игерілмей қалыпты. («Егемен Қазақстан» газеті 07.06.2013 ж.) Ал осынша қаржының жартысы 40 мыңдай жетімекті тәрбиелейтін балалар үйлерін ұстауға бағытталса да жетіп артылар еді. Алайда Парламент депутаттары мен шенеуніктер өзге салаларға қаржы бөлуде көңілдері көл болып жатса да жетімектерге келгенде көңілдері шөл болып, шық бермес Шығайбайдың күйін кешетінін түсіну қиын. Жалпы жетімектер ғана емес, мүгедектер мен жалғызбасты аналардың, тұрмысы ауыр, табысы аз отбасылардың балаларының әр біріне бір жастан асқаннан кейін бір жарым мың теңге ғана көмек тағайындалатыны да естір құлаққа, айтар ауызға ұят емес пе? Бір жарым мың теңге дегеніміз бір отбасының бір күндік тамағына әзер жететін қаржы ғой. Үкімет тарапынан жетім балаларды асырауға қаржы бөлінбегендіктен Сара Назарбаева «Бөбек» қорын, «Үміт» үйін ашып «Балалар ауылын» жасап жетімдерді қамқорлыққа алғаны баршаға белгілі. Сонымен қатар Әмина Нұғыманова секілді ондаған жетім балаларды қамқорлыққа алып тәрбиелеп жүрген аналар да бар. Осы секілді жүрек жылуы мол ата-аналардың қамқорлыққа алған балалар санын көбейтіп, мемлекеттік балалар үйлеріне айналдырып, ал өздерін соның басшысы етіп тағайындаса деген де ұсыныстарды естіп жүрміз.
Ал балаларға қамқорлық, демография­лық өсім, ел экономикасының қарыштап дамуы жөнінде шенеуніктер мен депутаттар мақтана айтумен келеді. Сөйте тұра жетім балаларға қамқорлық жасаудың амал-айласын таба алмағаны да таңдандырады. Бұл арада жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті шамалы. Кеңес Одағы заманын есімізге түсірейікші. Көшеде қаңғып жүрген, көрінгеннің босағасын сығалап жаутаңдап жүрген, «еліміздің жағдайы нашар» деп шетелге жөнелтілген бірде-бір бала болды ма? Мұндайды құлағымыз естіп, көзіміз көрген емес. Кеңес заманындағы қалыптасқан тәжірибені қазір неге қолданбаймыз? Сірә, қазіргі тиісті органның жауапты қызметкерлері орыстың ұлы педагогы А.С.Макаренконың «Ұстаздық дастан» деген кітабын оқымаған болса керек. Бұл кітап 60-шы жылдары қазақ тіліне де аударылған еді. Қазір бұл еңбектен шенеуніктерді былай қойып, қазақ жастарының баршасы бейхабар болса керек. Осы кітапта А.С.Макаренконың балалар үйінің басшысы болып жетімдерді қалай тәрбиелеп ел қатарына қосқаны егжей-тегжейлі баяндалған. Балалар үйіне үкімет қажет қамқорлықтың бәрін жасаған. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары елді ашаршылық, жоқшылық, қайыршылық жайлаған кезде көшеде қаңғырып, бұзақылық жолға түскен жетім балалардың барлығы осындай үйлерде бағылып, қағылып, тәрбиеленіп ел азаматы болып шыққаны тарихтан белгілі. Осындай ауыр кезеңде үкімет тарапынан жетімдерге қандай қомқорлық, қалай жасалғаны қазір үлгі-өнеге болуға лайық емес пе?! Өкінішке орай, мұндай тәжірибеге көз жұма қарап балалардың білімі мен тәрбиесіне келгенде Батыстың, Американың өнегесін ұстанғысы келетіндердің пиғылын да түсіну қиын.
Еліміз тәуелсіздік алмай тұрғанда қазақ халқы азшылыққа айналғаны мәлім. Тәуелсіздік алғаннан кейін халық санын арттыру қажеттігі туындағаны және белгілі. Құзырлы органдар халық саны қалай өсіп келе жатқаны, соның ішінде қазақтардың саны артқаны туралы мәліметтерді мақтана хабарлайтынын естіп жүрміз. Жуықта оңтүстік өңірдегі Қазығұрт ауданында 11 миллионыншы қазақ баласы дүниеге келгені жөнінде БАҚ-тар сүйінші сұрағандай болып жарыса жазды. Жаңа туған сәбиге тіпті машина сыйланып, есімі Мұхтар деп қойылғаны да жария болды. Әрине, қуанарлық жайт. Өмірге егіз бала келсе де, үшем келсе де БАҚ-тар сүйінші сұрағандай болып жарыса хабарлап жатады. Мұның бәрі жөн ғой. Халық саны, қазақ саны артқаны жақсылық емес пе? Алайда осы жайтқа қарама-қарсы келеңсіз құбылыс та барған сайын асқына түскенін жасыруға болмас. «Қазақ өсіп жатыр» деп өмірге сәби келсе алақайлаймыз. Сөйте тұра шет жұрттардағы 5 млн. қазақты атамекенге оралту мәселесін шешуге қауқарымыз жоқ. Сол секілді жетім балаларды жаутаңдатып қамқорлықтан тыс қалдыру да таңдандырады.
Елбасымыздың Жолдауында біздің ең басты байлығымыз адам капиталы екенін, әрбір баланы елдің тірегі болатындай айтулы азамат етіп тәрбиелеп, өсіру мәселесі қозғалып келеді. Әрине, өмірге келген сәбиі азамат болып өсуін ата-анасы тілейді ғой. Ойлана қарасақ, әр сәби тек ата-ананың ғана қуанышы емес, мемлекеттің де қуанышы деуге болады. Елбасымыз айтқандай, еліміздің тірегі, байлығы адам капиталы, яғни ел азаматы. Осы тұрғыдан қарастырсақ, ата-анасы бар сәби ғана ел азаматы болып, ал ата-анасы жоқ тұл жетімдер адам капиталына айнала алмай ма? Осы мәселеге ой жүгіртейікші. Әр сәбидің өзінің ырыздығы болады, оның азамат болып өсуі үшін ата-анасы болмаса олардың орнын мемлекет басады. Тіпті тұл жетім болсын, мейлі ата-анасы болсын әр сәби мемлекеттің байлығы. Кеңес Одағы тұсында осындай саясат жетімдерге қамқорлық жасаудың темірқазығы болды. Жүздеген мың жетім бала елдің айтулы азаматы болып өсті. Балалар үйі олардың ата-аналарының үйі іспеттес болды. Бұған көптеген мысал келтіруге болады. Мәселен, жуықта «Егемен Қазақстан» газетінің 14 маусымындағы санында газеттің тілшісі Оңдасын Елубайдың «Жетім көрсең жебей жүр» деген шағын мақаласы жарияланды. Мұнда былай деп жазылыпты «Елімізде тұңғыш рет өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен балалар үйлері түлектерінің бірінші облыстық слетіне еліміздің түпкір-түпкірінен 450 адам жиналды. Кенді Алтайда тұңғыш балалар үйі 1920 жылы Семей қаласында ашылыпты. Балалар үйі сол бір ашаршылық жылдары өлім мен өмір арасындағы балаларға пана болған… Қазіргі таңда өңірде 14 балалар үйі бар. Енді, міне, тағдырдың тәлкегіне түссе де ар мен намысты жаныған, осыдан 50-60 жыл бұрын балалар үйінде тәрбие алғандар басқосуда ағынан жарылып сол бір кездегі қиындықтар мен қызығы мол жылдар туралы әсерлерін жиналғандармен бөлісті». Осы мақалада балалар үйінің түлегі Галина ­Орсаева былай деп пікірін білдірген: «Балалар үйі мен үшін қашан да ыстық. Мен бұл жерден бүкіл ғұмырыма қажетті нәрсенің бәрін алып шықтым». Жиынға қатысқан өзге түлектердің пікірлері де осындай болды. Ал қазіргі балалар үйінің түлектерінің басым көпшілігі, яғни 70 пайызы қылмыстық жолға түсетінін жоғарыда айтып өттік. Бұған кім кінәлі? Балалар үйінің тәрбиешілері ме? Оларға қажетті жағдайдың бәрін жасамаған құзырлы органдар ма? Осы мәселені ой елегінен өткізген жөн болар. Қазір 40 мың жетім баланың 30 мыңға жуығы балалар үйінен тыс жерде жүр. Мыңдаған бала түрлі діни, күдікті ұйымдардың тәрбиесінде. Оның үстіне жығылғанға жұдырық дегендей, қазір балалар үйін жауып жетімдерді түгелдей асырауға тарату керек деген пікірлер басым бола түсуде. Мұндай пиғыл нені көздейді? Әрине, жетім балаларды шетелге сату немесе ел ішінде құлдық қақпанына түсіру емес пе екен? Әрине, солай екенін аңдауға болады. Біз «Жетімін жаутаңдатпаған ел едік…» деген мақалада жетімдерімізді асырап алған шетелдіктердің күдікті әрекеттерін баян еткен едік. Шетел асқан жетімдердің зорлық-зомбылыққа, қорлыққа ұшырай­тындарын Ресей ақпарат құралдары да жиі жазып жатыр. Сөйтіп, енді ел ішінде асырауға беру жөнінде мәселе қозғаушылар көбейе түсуде. Тіпті кейбір қазақ газеттері де олардың пікіріне қолдау білдіретін хабарлар таратып жүр. Ал бұл мәселеге тереңірек ой жүгіртелікші. Шетелдіктер асырап алған баланы қорлық пен зорлыққа ұшыратқанда еліміздегі жетімдерді асырап алушылар да сондай болуы да әбден мүмкін емес пе?
Жалпы жетім балаларды ешкімнің асырауына бермей, мемлекет өзінің қамқорлығына алуы міндет екенін билік органдарындағы азаматтар сезіне білуі керек қой. Өйткені әр бала мемлекеттің байлығы, мемлекеттің меншігі, елдің болашақ азаматы, тірегі болады. Демек, жетім баланы шетелге де, ел ішінде де асырауға бермей, тек мемлекеттік мекемеде ғана қажетті жағдайдың бәрін жасап, тәрбиелеп жеткізу елдің ең асыл парызы болмақ. Кеңес заманында осындай саясат басшылыққа алынған. Біз осы дәстүрді жаңғыртуымыз керек.
Жетімдер жөнінде тағы да шешілмей келе жатқан мәселе балалар үйінде өсіп шыққан түлектер онан әрі қалай өмір сүретіні жөнінде алуан пікір бар. Қазір жергілікті үкімет орындарындағы шенеу­нік­терден бастап Парламент депутаттарына дейін балалар үйінің түлектерін тұрғын үймен қамту қажет деген ұсынысты жүзеге асыруға қызу кіріскен. Бұл жөнінде арнайы заң да қабылданды. Бірақ қазір елде баспанаға зәрулік асқынып тұрғанда мұндай заңның орындалуы неғайбіл екенін түсіну қиын емес. Мұны жергілікті құзырлы органдар мәлі­меті де растайды. Сонда не істеу керек? Тағы да Кеңес заманындағы үрдісті еске ала­йық­шы. Балалар үйлерінің түлектері жатақ­ханамен қамтамасыз етіледі. Олар­дың жағдайы да ауылдық жерлерден қалаға ағылған сан мыңдаған жастармен бірдей. Сондықтан да елімізде жатақхана жүйе­сін өрістету мәселесін қозғаған жөн. Кеңес заманындағыдай барлық оқу орын­­дары студенттер мен оқушыларды жа­тақ­­ханамен қамтамасыз етуі тиіс. Қазір жоға­ры оқу орындары студенттерінің басым көпшілігі жатақханамен қамтамасыз етіл­­мейді. Мұндайда жетім өскендердің ма­ман­дық алуы неғайбіл. Сонымен қатар жергі­­лікті үкімет органына қарасты жатақ­­хана көптеп салынғаны жөн ғой. Демек, жатақхана жүйесін дамытуды да ойластырған жөн.
Былтыр Елбасының тікелей тапсыр­масымен 100 мектеп, 100 аурухана салы­ну қолға алынды емес пе?! Енді жүз балалар үйі, жүз жатақхана салу секілді міндеттерді де ойластыратын мезгіл жетті. Елбасы бір сөзін­де мектептерді хан сарайын­дай етіп далитпай, қарапайым шағын етіп сал­ған жөн дегендей пікірін білдірген еді. Шынын­да соңғы жылдары салынған көпте­ген мектептер ғимаратында тіпті су бассейні мен сауна, демалатын орын­дар да жасалады. Неге? Бөлінген қаржы­ны игерудің амалы болса керек. Ал еліміз­­де осындай демалуға, білім алуға, тұрақ­ты тұруға арналған қазіргі заманғы жаб­дық­тармен жабдықталған бірде-бір бала­лар үйі салынған емес. Балалар үйлері мен мектептері түгелдей тозып, қаусап тұрға­нын көріп жүрміз. Бұл да жетімдердің қамқор­лық­тан тыс қалғанын ұқтырса керек. Сондай-ақ жетім балаларға отбасын құра­ған­да ғана бірінші кезекте мүгедектер мен жалғыз басты аналар, көп балалы ана­лар секілді кезексіз тұрғын үй алуына жол ашу секілді мәселелер ескерілсе, же­тім өскен балалар ел қатарлы азамат бо­лып теңесіп кетуі әбден мүмкін. Міне, сон­да ғана жетімдер мәселесі айғай-шу шы­ғар­май реттеліп, жұртшылықтың қынжылысы сейілетінін аңғаруға болады.

Қуанбек БОҚАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.