Қанат БОЗЫМБАЕВ, Жамбыл облысының әкімі: Өзге ұлт өкілдерінің ынтасы қуантады

Облыс әкіміне үш сауал 

1. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілгендей, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс. Осы талапты орындауда Сіз басшылық жасайтын облыс көлемінде қандай шаралар қолға алынды?
2. Елбасының биылғы Жолдауындағы қазақ тілін жоғарыда атап өтілген мерзім ішінде білуге байланысты қазақстандықтар алдына қойып отырған жауапты міндетті жүзеге асырудың басты тетігі саналатын «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыруда нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
3. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде не кедергі болып отыр деп ойлайсыз?

1. Мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың міндеті әрі азаматтық борышы. Бүгінде қазақ тілінің абыройы да, беделі де өсіп келеді. Сондықтан қазақ тілін меңгеру – заман талабы. Осы талапқа орай облысымызда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және дамыту бағытындағы атқарылып жатқан шаралар жеткілікті. Олар ең алдымен ұлтаралық келісімді сақтау бағытында жүргізілуде. Әулиеата өңірінде 80-нен астам ұлттар мен ұлыс өкілдері өмір сүруде, 25 этномәдени орталық жұмыс істеуде. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл саясатын жүзеге асыру насихаттау арқылы жүзеге асатын мәселе. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші тіл үйретуді, мемлекеттік тілге деген құрметті ең алдымен әркім өз отбасынан, бала тәрбиесінен, балабақшадан бастау қажет екендігі сөзсіз. Сондай-ақ білім беру жүйесінде қазақ тілінің үлесін одан әрі арттыру басты мақсат деп білемін. Бұл бағытта біздің өңірде ауқымды шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді.
Бүгінде облыстағы жалпы білім беретін 456 мектепте 2011 жылы 4666 өзге ұлттың баласы қазақ сыныбында оқыса, 2012-2013 жылғы оқу жылында олардың саны 5 мыңнан асты. Сондай-ақ өңірдегі 353 балабақша мен шағын орталықтағы қазақ топтарында өткен жылы 1213 өзге ұлт бүлдіршіні тәрбиеленсе, биыл олардың саны 2 мыңға жетіп отыр. Жалпы, республика көлемінде 25 мыңнан аса өзге ұлттың баласы қазақ сыныбында оқыса, оның 18-20%-ға жуығы Жамбыл облысының үлесінде.
Еліміздегі тіл саясатының басты бағыты – мемлекеттік тілді барынша дамыту, оның қолдану аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру, республиканың барша азаматтарының тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық материалдық-техникалық жағдайды жасау екені белгілі. Мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірген кез келген азаматтың тілді тегін үйренуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс орталығында «Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» ашылды. Бүгінгі таңда өзге ұлт өкілдері жиі қоныстанған Қордай, Меркі, Шу, Байзақ аудандары мен Жаңатас, Қаратау қалаларында орталықтың аудандық бөлімшелері жұмыс істейді. Міне, осы орталық пен бөлімшелерде мемлекеттік тілді үйренуге тілек білдіріп, ынта танытып жүрген тіл үйренушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі уақытта орталық пен оның бөлімшелерінде 23 ұлттың өкілін қамтыған 1500 аса тыңдаушы қазақ тілін үйренуде.
Жалпы алғанда, облыстағы 1 миллион­нан аса халықтың 28 пайызы өзге ұлт өкілдері болса, 72 пайызы қазақтар болып отыр. Былтыр облыстағы тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында өткізілген зерттеу қорытындысы бойынша қазақша білетін мемлекеттік қызметшілердің үлесі 95,5 пайызды құраса, ересек тұрғындардың үлесі 90,32 пайыз болғаны анықталды.
2. Өңірде 2011-2020 жылдарға ар­налған мемлекеттік тіл бағдарламасына сәйкес 2011-2013 жылдарға арналып жасалған облыс­тық іс-шаралар жоспары үлкен жауап­кершілікпен жүзеге асырылуда. Жамбыл облысы тілдік орта қалыптасқан қазақи өңір болғандықтан мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылған іс-шаралар жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру, өңірде тіл саясатын насихаттау мақсатында түрлі деңгейдегі байқаулар өткізіліп, үгіт-насихат, ұйымдастыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін арттыру, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының орындалуын қадағалау бағытында да тексеру жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп келеді. Елімізде қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау мақсатында ҚАЗТЕСТ жүйесі енгізілгендігі белгілі. Осы байқау сынағына өткен жылы облыс бойынша 83 мекеменің қызметкерлері қатысты. Жалпы қорытынды нәтиже жақсы деп айта аламын. Сонымен қатар облыс көлемінде өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылығын арттыру, жастарды қазақ тілінде сөйлеуге құлшындыру мақсатында көптеген форумдар мен фес­тивальдар өткізіліп тұрады. Оның ішінде «Бір – Отан, бір – тіл, Тәуелсіз Қазақстан» атты жастар форумы, «Ана тілі – айбыным!» атты Тіл фестивалі секілді көптеген байқауларды ұйымдастыратын болдық.
3. Жалпы, мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту бағытында мемлекет тарапынан қолдау да, талап та бар екені баршаға мәлім. Ендігі кезекте төл тілімізді жаппай қолдану үшін ұлт болып ұйысып, барынша атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Ал мемлекеттік тілдің дамуына, қолдануға өз басым ешқандай кедергі болатын жайттарды ұшырастырған жоқпын.
Қаймағы бұзылмаған қазақи өңірде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде еш кедергі жоқ, болуға да тиіс емес. Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік тұғыры биіктей түскен мына заманда мемлекеттік тілдің жалпыхалықтық сипатқа ие болатынына шүбә келтірмеймін.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Шуақ

    Келісемін. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде еш кедергі болуға тиіс емес.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.